«Ел тынышта – биік, мұңым жоқ»

«Ел тынышта – биік, мұңым жоқ»

«Ел тынышта –  биік, мұңым жоқ»
ашық дереккөзі
Ақын. Заман. Мінез. Бұл құбылыстарды бір-бірінен ажырату әсте қисынсыз. Әр ақын – өз заманының шыншыл үні, тірі куәгері, сыншыл шежірешісі. Жырламасқа ақын мінезі шыдас бермес, әсте. Ендеше, ақын, қайраткер Садықбек Хангелдин – өз заманының туындысы. Өткен ғасырдың зұлмат жылдарында дүниеге келіп, советтік дәуірде өмір сүрген, Тәуелсіздікпен көзайым болған тұлға. Халықаралық «Түркістан» газетінің тұрақты авторы ретінде мемлекеттік тіл, мәдениет, руханият тақырыбында талай өзекті мақалалары жарық көрген. Республикалық үлкен қызметтерде жүрсе де, қаламы қолынан түспеген. Тырнақалды «Пернелерінен» бастап, «Шапақты шақ», «Сенім», «Күтемін сені», «Уақыт сазы» сияқты он екі жыр жинағының авторы, сегіз публицистикалық кітабы тағы бар. Бүгінде бақилық болған ақынның жеке мұрағатын ақтарып отырып, бір адамның өсу жолына ғана емес, өткен заманның құбылысын бақылап, кешегі қоғамға саяхат жасағандай күйге түстік. Қаламгердің көбі жан сырын қағазға ғана ақтарып, ішкі арманын күнделікке жайып салатын әдеті белгілі ғой. Садықбек Хангелдин күнделікті  бозбала шағынан жаза  бастаған. Содан алпыс жыл шамасында үзбей жазылған том-том күнделіктер – бүгінде баға жетпес тарихи құжатқа пара-пар дүние, болғанды болғандай ашып айтып,  бүкпесіз сыр шертеді. Бір ақынның қалыптасуына куә болған, парақтары сарғайған дәптерлерден бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық үзіктерді теріп алып, оған әр жылдары жазған жыр жауһарларын қосып, өзгеше жанрда жазылған осы материалды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Бұлар – әрі заман туралы жырлар, әрі өмір туралы толғау, азаматтық туралы ойлар. Ақынды ғана емес – адамды, адамды ғана емес – ол өмір сүрген заманды жақынырақ тануға сеп болар. 12  сәуір, 1957 жыл Бүгін менің туған күнім. Қандай тамаша күн десейші?! Менің дүниеге келгеніме 20 жыл болыпты. Кедейшілік болмаса, той қылып өткізетін күн. Шәрібек, Зараптарға айтқанымда, құттықтай тұрып, ертерек неге айтпадың дегенді айтты. Сонысына рахмет! Драмалық үйірмені басқаратын Жүнісов ағай қазақша хор ұйымдастыра бастаған. Соған пьесаны қосып, 19 сәуір күні Плотина Стройға (қазіргі Тасбөгет – Г.О.) барып, қазақша концерт береміз дейді. Номерлеріміз тамаша, бірақ дайындығымыз қанағаттанғысыз. Сол уақытқа дейін толық игеріп алып, жақсы атқарып келсек, жақсы болар еді-ау.   5 желтоқсан, 1957 жыл Соңғы түндері мен Бомаршені оқып жатқан болатынмын. Бүгін соны бітірдім. Арасында Шоқан мен Саттарды да оқып жатырмын. Саттарды оқыған сайын, менің жүйке тамырларыма қан жүгіргендей болады. Мен Саттарға ғашық бола түсемін. Егер бұл дүниеде бар болса, мен онымен кездеспей дамыл таппаған болар едім. Әттең, мен дүниеге келген жылы, көзімді ашып, жан-жағыма қарап үлгірмей-ақ, ол өте асығыс о дүниеге сапар шегіп кетіпті. Бұған күймегенде неге күйінерсің. Жасаған-ай десейші! Не деген ғажап тұлға! 12 жасында өлең жазып, 22 жасында талант иесі болған. Сұм тағдыр-ай, сондай адамдарды арамыздан асығыс жұлып кетеді де. 1958 жыл Алматыға барғанда менің дүниеге, өмірге деген және қоғамға деген көзқарастарым аз ғана уақыттың ішінде-ақ қарыштап дами түскен еді. Кейбір қоғам қайраткерлерінің назарын аударта бастап едім. Өзімше ғылымның дамуына көңіл аударып, бір келелі іс жөнінде ойланып қойып едім. Қазір ол қасиеттің жоғалғаны былай тұрсын, ойға алғанымды ұмытып қалып, жарыққа шығара алмағаныма өкініп жүрмін. Неге соны қазір істей алмай қалдым? Оның үлкен себебі бар екен. Ол жақта мен осы жолдағы көмекші күштердің ортасында екенмін. Ал қазір айналамда тек көңілді күлкілер мен достық әзілдер ғана бар. Өзім шамалас қуанышты достар бар. Пушкин қалай Пушкин болды десем, оның да себебі бар екен. Ал менің сондай себебімді тағдыр қолдан жұлып кетсе не шара... 5 қаңтар, 1959 жыл Бүкіл әлем, жер үстіндегі бүткіл адамзат күн демей, түн демей, жар құлағы жастыққа тимей бір ғана нәрсені бақылауда, бір ғана нәрсені әңгімелеуде. Бір ғана нәрсеге таңданып отыр адамзат баласы. Дос сүйсініп, дұшпан күйінуде қазір. Ол – советтік бірінші космикалық ракета. 2 январь күні Москвадан Айға қарай тұңғыш рет көп сатылы ракета сапар шекті. Ол Күн жүйесінің орбитасына шықпақшы. Күн жүйесіне жаңа бір кішкене ғана планета келіп қосылды. Бұл – Жер планетасындағы адамзаттың Геркулесі, Совет Одағы жіберген Күн серігі. Бұл ракета адамзат тарихында болмаған ғылымның жаңа бір дәуірін бастап кетті. Шарықта Жердің жұлдызы, Қалықта, Көктің құндызы! Табиғаттың өзіңдей планеталарынан қалыспа аспан әлемінің жас қонағы, Адамзат тудырған Үрдің қызы! ...Кешеден бері радиодан Қазақ әдебиеті мен искусствосының декада қорытындысын хабарлап жатыр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халық. Газеттен өз көзіммен оқып көрмесем де, жақсы лебізге жаным жай тауып, тағы бір қуанышқа кенеліп жатырмын. СССР Жоғарғы советінің қаулысы бойынша: Шәкен Айманов, Роза Жамалова, Ермек Серкебаев, Қалыбек Қуанышбаев, Мұқан Төлебаев және Валентина Варламова жолдастарға СССР Халық артисі деген құрметті атақ берілген. Құтты болсын мәртебелерің, қымбатты бауырларым! 13 адам Ленин орденімен наградталған, 50-ден астам адамға Еңбек Қызыл ту ордені берілген... Соңғы 15 күнде газет-журнал оқу дегеннен қалдық. Бәрі де келмейтін болды. Оқып тұрған газетің келмей, тоқтап қалса, елсіз, сусыз жапан далада жалғыз қалғандай болады екенсің. Немесе сөйлесіп отырған телефоның дыбыс қабылдамай қалса кенеттен, міне, сонда да осындай халде боларсың. Жаңа жылда екі газет, екі журнал келмекші еді. 2 январь күні почтадан соның квитанциясын жаңа адресімізге көшіртіп алдым. Алтыншы январьдан бастап әкеліп тұрады деген еді, ертең – 6-сы. Тезірек келсе екен... 12 наурыз, 1959 жыл Сонымен әзірге ертелі-кеш шетел әдебиетін оқумен болдым. Оқығанымды әзірге жақсы түсініп жатырмын. Сондықтан барған сайын қызығып барамын. Романтизмнің өкілдерін үңіле оқысаң, өзіңе аларлық нәр көп екен. 100-150 жыл бұрын өмір сүріп, асыл мұра қалдырған абзал адамдардың өмірі маған қатты әсер етті. Табиғаттан жарымжан болып туған Байронның жұрт мазағына шыдамай, спортпен айналысуы, Лордтар палатасында халық талабын қорғап жар салуы. Студенттердің мерекелік өміріне жирене қарап, асқақ ойлы адамдарға еліктеген Шеллидің Шотландияға барып, Англияның екі түрлі екенін дәлелдеуі. Он төрт жасынан өлең жазған поэзия магистрі Гюгоның Франция үшін күресі. Міне, осы сияқты адамдардың болғаны қандай жақсы. Гейне мен Шамиссо ше, шіркін, ескі Германияның мақтанышы емес пе?!. Тіпті бұлар туралы айтып тілмен жеткізе алмаймын. Өте алып тұлғалы адамдар. Өмірі өлмейтұғын адамдар.    Адамзатқа Тәтті үмітке енем әр күн,              күтерім де көп алдан, Өздеріңдей менде де бар              таудай талап, көп арман. Сол арманды, көп ойларды                 орындауға асықпын, Кір шалмасын бұл өмірді –          мен өмірге ғашықпын.   Менің де осы жас үнімді          тыңдашы бір, адамзат: Мен тілеймін болмаса        деп бір-біріне адам жат. Бар әлемде баянды боп,         бейбіт күндер орнасын, Ол күндерді күндеушілер,          тілдеушілер болмасын!   Бар адамдар бір-біріне адал                 көңіл сыйласын, Жас сәбидің бал күлкісін  ешқандай күш тыймасын! Есін білген ер азамат жауым                   бар деп ұқпасын, Бейбіт цехтан сом білектер        винтовка ұстап шықпасын!   Балғын гүлдер діріл қағып,              өртенбесін, күймесін, Егістікті танк таптап,        жер солқылдап жүрмесін! Әділдікті мұрат еткен              ұлылықты сүйем мен, Әр елдердің татулығын –           жылылықты сүйем мен.   Сүйемін мен бар адамды,            барламай-ақ түр-түсін, Шабыттана жырға қосам              адамзаттың күлкісін. Шайқалмасын шуақты күн,         бейбіт өмір – тыныштық,   Әкел, адам, құшағыңды –           кеудем менің тым ыстық!

1962 жыл

(1967 жылы шыққан «Пернелер» атты жыр жинағынан)

  19 сәуір, 1965 жыл Хат жазуды мен қашанда өнер деп түсінуші едім. Бірақ Айтекеңнен (балалар жазушысы Айтбай Хангелдин – Г.О.) басқа хат жазысатын адамым болмай, сол хат жазып үйренбегеніме өкінетінмін. Жиі хат жазсам деп армандаушы едім. Қашан сондай мүмкіндік туады деп жүретін едім. Міне, сол мүмкіншілік те туды. Хат жазатын адам жеткілікті. Тек жаза біл. Сондықтан мен әр хатқа кемінде бір сағат отырам. Бірақ неғұрлым жақсылап жазуға тырысқан сайын, соғұрлым нашар шығатын сияқты. Айтайын деген ойым ыдырап, көп ой айтылмай қалады. Ең соңында не жазғанымды кейде өзім де түсінбеймін. Оқып шығып, «осылай жазу керек пе еді өзі?» деп отырғаным.   25 сәуір, 1965 жыл Менің өмірім – жазылмаған роман. Оның өз қызығы, өз қуанышы, өз сәулесі, өз көлеңкесі, шым-шытырық ашылмаған сыры бар. Соның бәрін қоса есептегенде менің өмірім өзімді өңдеу жолындағы күрес, бүкіл кемшілігіме қарсы, кіршіксіз болу жолындағы қиян-кескі күрес. Бұл өмір – шынар шыңды көксеген, тек ізгілікті мұрат еткен, игілікті іске ғана ұмтылған, өзіндік романтикасы бар өмір. Қазақ тілі Өзі жатық, өзі әрлі, өзі майда. Тұра алмайды дөп тауып                          төзіп айла. Қан майданда алдаспан,                      қылыш болып, Бітім айтар қазақтың                        сөзі жәй ма?   Осы тілде мен алғаш                                          ана дедім, Осы тілмен сөйлейді Дала, Белім. Осы тілде жүректің сырын                                  айтып, Жанарына сәулемнің қарап едім. Осы тілден шайлығып жат                             жүректер, Осы тілмен сан сыннан                         таптық өткел. Осы тілде ыстықтау ықыластар, Осы тілде әдемі ақ тілектер.   Осы тілде сұлулап жер-көкті кең, Сипаттаған сахилар сергек кілең. Осы тілде әзілдер айшықтылау, Осы тілде өлеңдер өрнектілеу.   Осы тілді тыңдап ап күлу көрік, Сезімдер де бұл тілде сұлу                               деп ұқ. Қай қияға қиялым қанат қақса, Ана тілім тұрады жылу беріп.

               1984 жыл

(1985 жылы шыққан «Сенім» жыр жинағынан)

Көтерсем деп ел жүгін... Ел тынышта – еңсем биік,                         мұңым жоқ, Ел тынысын сезінбеген                            күнім жоқ. Қайтсем соның үдесінен                           шығам деп, менің титтей жүрегімде                           тыным жоқ.   Әркім алып жүре алады                          бір басын, Міндетім көп елім сеніп                            тұрғасын, Бос күйбеңге қалай қиям                               уақытты Арда жерде азамат боп туғасын.   Елің үшін нұр төкпесе отты күн кімге керек сенің аман,                          тоқтығың? От басының қамын ғана                            көздесең – шұғыласыз, қасиетсіз өтті күн.   Онда сенің Отан үшін құның жоқ, Қызықтырмас ешкімді де                          сырың көп. Қара бастың қамын ғана ойлауың қалар бір күн түзей алмас                          мінің боп?..

1984 жыл

(1985 жылы шыққан

«Сенім» жыр жинағынан)

6 сәуір, 2002 жыл Біздің ұрпақ – соғыстан кейін көзін ашқан ұрпақ Ғаниды мақтаныш етеді. Біз бақытты ұрпақ болдық. Өйткені Ғанимен иықтасып жұмыс істеген адамдардың көзін көрдік. Ғани туралы сөз болса, елең етіп, жүзіміз жайнап, ішіміз жылып жүре береді. ...Жуырда бір құрдасымның үйінде оның оныншы сыныпта оқитын немересімен сөйлесіп отырып, әңгіме арасында: «Сен Ғаниды білесің бе?» деп қалдым. «Ол кім?» деп бала маған қарсы сұрақ қойды. Не деуге болады? Әрине, айтарым бар. Таң атқанша айта алам. Еміреніп, екіленіп те айтар мүмкіндігім бар. Көңілге медет сол ғана. Бірақ әлгі бала неге білмеді Ғаниды? Оның өмір жолын, еліне сіңірген еңбегін білмесе де, атын білуі керек емес пе еді? Бұған кінәлі кім? Ау, Алматыда Ғанидың атында көше бар емес пе? Ескерткіші де тұрған жоқ па? Ғани жөнінде әдебиет, оқу құралы не дейді екен? Ғани жөнінде көзқарасымыз қандай өзі? Мүмкін оған біз «комсомолец» – өткен өмірдің өлшемі деп қарайтын шығармыз. Болмаса, бүліншілік белсендісі деген болымсыз ұғымдамыз ба? Сондықтан елегіміз келмейтін шығар? Бұл бейшаралық емес пе? Болашақ ұрпақ Ғаниды неге білмеуі керек? ...Біз Ғаниды қайдан білеміз және оған неге жүгіндік? Әрине, оны біз көзімізбен көре алмадық. Мен туғанда, мысалы, ол отыз беске келіп, ер үстінде ел басқарып жүретін кезі екен. Амал қанша, Алланың әмірімен бақилық болып, жер астына кеткеніне он екі жыл өтіпті. Мен он беске толғанда ел ерінің елу жылдығын атап өтіп жатты. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп дана бабаларымыз тегін айтпаған. Жастармен ширек ғасыр қатар жүргенде, мен Ғаниды көріп, қызметтес болған, оның қамқорлығын көріп, көркейген кейінгі еліміздің ай маңдайлы азаматтарымен талай сырласып, Ғанидың асыл бейнесін жүрегіме түсіріп алғанмын. Содан әлі сақтап келем, ол ешқашан өшірілмейді. Қайта менің жанымды жылытып, қандай да бір ауыр кезді бастан кешсем де қажетті қуат беріп тұрады. Елуінші жылдардың бел ортасында мен институтқа түстім. Сонда бес жыл сүйікті ұстазым, ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтан дәріс алдым. Ол Ғанимен қоян-қолтық қызмет атқарған. «Жас алашты» шығаруға атсалысқан комсомол ардагері. Сол тұста апта сайын ақын Асқар Тоқмағамбетовтің алдына барып, әдеби сәрсенбілікте жас ақындар жарыса өлеңдерімізді оқитынбыз. Сосын азулы ақынның аузына қараймыз. Жылы сөз естісек, желпініп, айдарымыздан жел есетін. Асекең 20 жасында «комсомол ақыны» атанған, Ғанидың шәкірті. Оны Ташкенттегі ауыл шаруашылық техникумына апарып орналастырған да Ғани. Өз ағам Айтбай Хангелдин 1922 жылы Казинпросқа түсіп, сонда комсомол ұйымының хатшысы болған. Ғанимен күн құрғатпай кездесіп тұрған. Кейін екі кітаптан тұратын, «Ғанидың жұлдызы» дейтін роман жазып қалдырды. ...Елдің болашағы әркез жастардың қолында болған. Демек, қоғамның тағдыры жастардың мәселесін түбегейлі шешуге байланысты. Ал біздегі жастардың тағдыры «сен салар да мен салар» болып кеткен жоқ па? Бүйте берсек, олар жүн жеп, жабағы тастап кетпей ме? Сонда елдің ертеңі не болмақ? Әлде, біз кеткен соң бәрібір ме? Ғаниша ойласақ қайтер еді? Қайран, Ғани!..  

(«Керуен» кітабынан)

***

Мен бұдан бұрын «Шапақты шақ» деп аталатын екінші кітабымның (1973 жылы шыққан – Г.О.) қалай әзірленіп, қалай шыққанын айтқанмын. Арасына алты жыл салып шыққан осы екінші жинақ маған тың шабыт қоспады. Өлең жазудан қол суып қалса керек. Жазуды қойғаныма 11 жыл болған. Бұл кешірімі жоқ қылмыс. Енді ештеңе шықпас деген қорытындыға келдім. Тіпті қалам ұстауға батылым жетпеді десе де болады. Жастар бұрқыратып жазып жатыр. Олар менің тұстастарыммен бәсекеде. Ал менің тұстастарым бұл кезде белгілі ақын болып кеткен. Анау Сәкен Иманасов, анау Сабырхан Асанов, анау Тұрсынзада Есімжанов, анау Жақсылық Сәтібеков, анау Жұмекен Нәжімеденовтер мүйізі қарағайдай ақын болып алды. Мен оларға қызығам. Бірақ артта қалдым. Ұзап қалдым. Ендігі ұмтылыста не мән бар? Оның бер жағында Мұзафар ағамның (Әлімбаев) аталы сөзі санамда әлі жаңғырып тұр: – Е, сен мұнда екенсің ғой. Жап-жақсы ақын едің, мен сенің сол қасиетіңді ұнатушы едім. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деуші еді. Мына қызметің құтты болсын! Бірақ абай бол! – деген еді-ау сонда. Мұны қалай ұмытарсың. Бұл қағиданы өзім де білем. Өзімнен-өзім шошынатыным да сол...  

(«Құбыла» кітабынан,  2006 жыл)

 

 Мінез Өзгелерден кем көреді кім өзін, Менің де бар санама сай мінезім. Жақынымның сыйынары, сүйері, Қуанышы, қайғысы мен                          мұңы өзім.   Мәрт болмасаң – мен де                      саған илікпен, Бәтуәсыз іске жөнсіз килікпен. Өзгелерге айта жүріп білгенді, Мен де жүріс үйренемін                           жүйріктен.   Бәрімізді қолдап жүрсе                           сайын күн, Ақ ниетті ән етуге дайынмын. Сертке берік жігіттерге –                            желекпін, Дос сынына мен де сынбас                          қайыңмын.   Балағаттап безгендерді арынан, Жан құлазып кейде мен де                             тарығам. Сеніміңді серік етіп сен келсең – Мен де саған ақ бұлақтай ағылам.   Өсек-аяң іздеп желең жосыған, Екіжүзді сатқындардан                            шошынам. Арыңдай нақ ақ тілекке                          жүк артсаң, Мен де саған қол көтеріп                               қосылам.   Нәсіп үшін қолқа салсаң –                            ұқпаймын. Досың үшін отқа түссең құптаймын. Жасы үлкенге кім болса да                             бас ием. Кішілерге кім болса да                           ықпаймын.   Өзгелерден кем көреді кім өзін, Біреулер бар пір тұтатын бір өзін. «Сіз» дегеннің қайбіріне                              жағайын, Менің де бар ала-құла мінезім.   Күн көреді кісілігін даулап кім? Бәрін жеңіп өтіп жатыр                             заулап күн. Мәртебесін желеу етіп желпінген Шіренген мен ісінгеннен                             аулақпын.   Ұлықтардың көтермедім                           шашбауын. Ел үстінен күн көргендер –                             қас жауым. Сұғанақтық, жемқорлыққа                          жем болмай, Адамдыққа ту орнатсын                             жас қауым.   Тілегім де, мінезім де бұл менің, Теріп келем имандылық гүлдерін. Бұл фәниде өмір сүрсем                           қанша күн, Пәк жүректі пенделермен                              біргемін.  

                         2007 жыл

 

Дайындаған

Гүлбиғаш ОМАР