Юань әлемдік валютаға айналды ма?

Юань әлемдік валютаға айналды ма?

Юань әлемдік валютаға айналды ма?
ашық дереккөзі
Әлемдік нарықта мұнай бағасы тұрақтанбай тұр. Бірақ наурыз айында мұнай экспорттаушы елдер ұйымының Бас хатшысы Мұхаммад Баркиндо биылғы жылы қара алтын бағасы тұрақтануы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның үстіне, Шанхай биржасында мұнайдың юаньмен саудалануы да әлемдік нарыққа өз ықпалын тигізуде. Қытайдың бұл әрекеті шикізат экспорттаушы елдер арасында үлкен қызығушылық туғызуда. Шанхай биржасы мұнайды Қытай валютасымен саудалауды 26 наурызда бастады. Бұл мұнай нарығында айтарлықтай бақталастық туғызғанын айта кеткен абзал. Осылайша, инвесторлар алғаш рет құрлықтық биржа арқылы Қытайдың шикізат нарығына жолдама алды. Қытай ақшасымен келісімшарт жасағандар арасында ірі мұнай трейдерлері Trafigura, Glencore және Freepoint Commodities бар. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қытайдың мұнайды өз валютасымен сатқысы келуі заңды, өйткені ол – әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушы ел. Ал қара алтынды экспорттаушы елдер болса, бұған ешқандай қарсылық танытпайды. Былтыр шығыс көршіміз 610 млн тонна мұнай пайдаланса, соның 420 млн тоннасын сырттан сатып алған. 2017 жылы Қытай АҚШ-ты басып озып, әлемдегі мұнайды тұтынушы ірі мемлекетке айналды. «Қытай шикі мұнайды импорттаушы ірі мемлекет. Мұнай фьючерсін юаньмен саудалау Қытайдың фьючерстік нарығы үшін өзгермелі кезең», – дейді Азия-Тынық мұхиты аймағындағы J. P. Morgan халықаралық клиринг департаментінің жетекшісі Дэвид Мартин. «Шикі мұнайдың қытай ақшасымен сатыла бастауы – оның халықаралық валютаға айналғанын көрсететін маңызды оқиға. Мұнай саудасы тек тұрмыстық тұтынумен ғана шектелмейді, оның астарында саяси, әскери, стратегиялық терең мән жатыр. Бұған дейін шикі мұнай саудасында АҚШ доллары жетекшілік етіп келді. Соның жетегіндегі айырбас жүйесінде жүрдік. Көптеген дамушы мемлекеттердің таңдау құқығы болмады. Енді оған балама табылды», – дейді қаржылық зерттеу институтының сарапшысы Лю Диан. Сарапшылардың айтуынша, бұл келісімшарт инвесторлардың қызығушылығын тудырса, Қытай болашақта мұнай нарығының жаңа орталығына айналуы әбден мүмкін. Оған қоса Қытайдың шикізат фьючерстерін іске қосуда тәжірибесі мол. Мәселен, 2015 жылы никель және алтын келісімшарттары бойынша сауда-саттықты сәтті өткізді. Шанхай халықаралық энергетикалық биржасы мұнай жеткізуді Оман, Катар, Йемен, Ирак және Шығыс Қытайдағы порттар арқылы жүзеге асырады. Ал тасымалданатын қара алтын Чжэцзян, Шаньдун, Гуандун, Ляонин сияқты жағалау мен Шанхай портындағы 7 қоймада сақталады. Қазір әлемдегі ең ірі мұнай бенчмарктері Нью-Йорк қор биржасы мен Лондон биржасы саналады. Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың осы қатардан орын алатын толық мүмкіндігі бар. Wood Mackenzie 2017 жылдан 2023 жылдың соңына дейін Қытайдың мұнайды импорттау көлемі орта есеппен тәулігіне 2,1 млн баррельді құрайтындығын болжап отыр. Шанхай халықаралық энергетикалық биржасындағы сауда-саттықтың алғашқы минутында мұнай баррелі 440,20 юаньға бағаланды. Бұл – 69 доллар 71 цент. Қазір әлемдік нарықта әдеттегі фьючерстердің бағасы да дәл осындай. Нақтырақ айтсақ, әлемдік нарықтағы Brent маркалы қара алтынның 1 баррелі Нью-Йорк және Лондон биржаларында 69 доллардан асып тұр. Ал WTI маркалы мұнай үшін  барреліне 65,55 доллар төлеу қажет. Шанхай биржасындағы мұнайдың юаньмен саудалануы «Бір белдеу, бір жол» жобасының негізгі бөліміне енеді. Бұл жобаның мақсаты – Қытай мен Еуразия елдері арасында тығыз экономикалық байланыс орнату. Қазір батыста Пекиннің мұнай юанін қалыптастыру туралы жоспары бары да сөз болуда. Айта кетейік, 1974 жылы Генри Киссинджер Сауд Арабиясы патша үйімен келісімге келіп, мұнай нарығындағы сауданы тек қана АҚШ валютасымен жүзеге асыруды қолға алған болатын. Мұнай юанін қалыптастыру әлемдік экономиканы долларсыздандыруға мүмкіндік жасамақ. Қытайдың бұл қадамы батыста жалғыз әлемдік резервтік валюта – АҚШ долларына айтарлықтай соққы жасай ала ма? Сауд Арабиясындағы позициясын нығайту мақсатында Пекин акцияларды бастапқы орналастыруға (ІРО) қатысуға да дайын. Оның үстіне, қытайлық PetroChina және Sinopec компаниялары батыстық биржа алаңдарының бірінде өтетін ІРО-ға дейін саудтық мұнай компаниясы акцияларының 5 пайызын сатып алуға ұсыныс білдірді. Бұл өз кезегінде Эр-Риядтың мұнайды қытай юанімен сатуына себеп болуы ықтимал. Мұндай жағдай орын алса, Эр-Рияд пен Бейжің арасындағы энергетикалық саладағы серіктестік жандана түсетіні сөзсіз. Тіпті, сарапшылар Қытайдың америкалықтарды да юаньмен қорқытуы мүмкін деп отыр. Қазір Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дефициті үшін алаңдаулы. Сондықтан америкалық компаниялар қытай нарығына шығатын мұнай мен төмен байытылған газдың жеткізілімін күрт арттыруды жоспарлауда. Десек те, Пекин әлі де ішкі нарығын Америка валютасымен сатып алуға мәжбүр болып отырған энергия тасымалдаушылармен толықтыруы тиіс. ҚХР кеденінің деректері бойынша, елдегі мұнай импорты 2017 жылы тәулігіне 8,4 млн баррельді құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10,1 пайызға артық. Сондай-ақ, мемлекеттің жан-жақты қолдауына қарамастан, өткен жылы меншікті табыс төмендеп, тәулігіне 3,85 млн баррельді құрады. Сондықтан Қытайдың шетелден мұнай тасымалдау деңгейі тұрақты түрде өсіп келеді. Қазірдің өзінде Пекиннің мұнай импортына тәуелділігі 60 пайыздан асып отыр. Қазіргі уақытта Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мохаммед бин Салманның әр қадамын әлемдік нарық мұқият қадағалап отыр. Дегенмен Ресей және Сауд Арабиясы арасындағы мұнай өндіруді бақылау жөніндегі ұзақмерзімді келісімнің жасалып жатқанына қарамастан, мұнай бағасы құлдырап барады. Айта кетейік, Ресей мен мұнай экспорттаушы елдер (ОПЕК) арасындағы мұнай өндіруді қысқарту туралы келісім 2016 жылы қабылданған. Содан бері келісімнің мерзімі үш рет ұзартылды. Нарықтан күнделікті өндірістің 1,8 млн баррелін алып тастауға келіскен мұнай экспорттаушылардың басты мақсаты – бағаны тұрақтандыру болатын. Бұл келісім әлі де бірнеше онжылдыққа жалғасатын түрі бар. Бұған АҚШ-тағы мұнайдың коммерциялық қорының артуы да себеп болып отыр. Өткен аптада АҚШ-тағы мұнайдың коммерциялық қоры 5,3 млн баррельге артып, 430,6 млн баррельге жетті. Бұл туралы Америка мұнай институтының деректерінен мәлім болды. «Біз инвентаризацияның ресми деректерінің қалай болатынын бақылайтын боламыз. Дәл қазір WTI және Brent маркалары тығырыққа тірелді», – деп мәлімдеді AxiTrader брокерлігі фьючерстік нарығының бас стратегі Грег МакКенна. Шанхай биржасындағы мұнай бағасы да төмендеуде. Өткен сәрсенбіде мұнай бағасы барреліне 4,4 пайыз, яғни 407,5 юаньға дейін арзандады. Айта кетейік, мұнай бағасының қазіргі жағдайына Таяу Шығыс елдеріндегі геосаяси тұрақсыздық себеп болып отыр. Наурыз мерекесі қарсаңында шикізат жеткізу қиындап, тапшылық сезіледі деген сыбыс тараған. Қара алтынның құны шарықтап шыға келген. Оның үстіне, сол уақытта әлемдік сарапшылар да АҚШ-тың мұнай өндіруде кедергілерге тап болғанын жарыса жазып жатты. Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмады, өткен аптадан бері әлемдік нарықтағы мұнай бағасы қайта арзандап келеді. Ал мұнай экспорттаушы елдер ұйымының Бас хатшысы Мұхаммад Баркиндоның «биылғы жылы мұнай бағасы тұрақтанады» деген болжамына сенім арту әзірге қиындау болып тұр.