Көк майсаны таптаған, алаңқайды ластаған

Көк майсаны таптаған, алаңқайды ластаған

Көк майсаны таптаған,  алаңқайды ластаған
ашық дереккөзі
Кейбіреулерге құрқылтайдың ұясындай баспана арман болып жүргенде, есесіне, қала дүрегейлері алтын итаяқтан ас ішіп, дүниені дүбірлетіп-ақ жүр. Салыстырмалы түрде айтқанда, «Ит – жеті қазынаның бірі» десек те, олардың жағдайына көптеген қарапайым жандардың өзі де қызығады: жеке жайы, бөлек бөлмесі бар. Ол ол ма, көгалдың үстінде емін-еркін ойнақтап, балалар алаңқайында серуендейтін де солар. 

Ұлыбритания: ТАЗАЛЫҚ үшін – 1000 фунт айыппұл

«Ит – адамның досы». Әрине, оған дау жоқ. Алайда осы төрт аяқты хайуанды көпқабатты тұрғын үйде ұстау қаншалықты дұрыс? Әрі-беріден соң, асыранды иті бар тұрғын үйдің кіреберіс есігінен аттағаннан-ақ, жағымсыз иіс қолқаны қабатыны жасырын емес. Демек, айналасындағы көршілер де зәрезап болған. Тазалық сақталмаған жерде адам денсаулығына зиянкес вирустар қозуы мүмкін. Оның үстіне көрші бөлмеден арпылдаған иттің даусы естілсе, өзіңді үйде емес, итқорада жүргендей сезінесің. Сондықтан да итті жеке ауласы бар жер үйде ұстаған жарасатын сияқты. Ал еркіндікті, кең даланы сүйетін төрт аяқты досты көпқабатты тұрғын үйдің бөлмесіне қамап, асырау – қылмыспен тең. Қылмыс демекші, бір қызығы, дамыған елдердің көшбасында тұрған Ұлыбританияда көшені ластаған иттің иесіне 1 мың фунт айыппұл салынады. Студент кезімде туысымның үйінде тұрдым. Кішкентай екі қызы бар еді. Бала болған соң, ойнайды, жүгіреді. Көршілері  – өзге ұлттың өкілдері.  Балалар кішкене асыр салса болды, дереу есік қағып: «Кішкентайларға қой деп айтпайсыздар ма? Тарсылдатып, төбемді тесіп жібере жаздады, басымды ауыртып бітті», – деп шағым айтып келетін. Сонда кейде кешірім сұрап, кейде үнсіз қалатын үйдегілер. Кейде: «Бала емес пе? Олар «қой» дегенді білмейді ғой», – деп бәйек болып түсіндіретін. Қазір ойлаймын, әлгілер ит асырап, арпылдатып, үйінде үргізіп қойғанда неге үнсіз қалдық? Біздің: «Ұйықтап жатқан баланы шошытты. Итіңіздің аузын жабасыз ба, жоқ па?!» деуге неге дәтіміз жетпеді? Тіпті, «Сіздің бөлмеден шығатын жағымсыз иіс балаларымның денсаулығына зиян тигізуде...» деуге де болар еді ғой. Өкінішке қарай, жұмған аузымызды ашпаймыз. Қазақы әдет-ғұрып бойынша, көрші-қолаңмен арадағы қарым-қатынасты бұзып алудан қашамыз. Бірақ оны түсініп жатқан көрші болса, қанекей?!

«Балалар ойнайтын  жер қалмады»

Көпқабатты тұрғын үйде тұратын қожайын төрт аяқты «досына» баласынан кем қарамайды. Зоодүкеннен сатып алынған арнайы тамақпен қоректендіреді. Үш мезгіл таза ауаға шығарады. Олар қайда серуендейді дейсіз бе? Көз сүйсіндіретін көк майсаның үстін емін-еркін жайпап жүреді. Қаланың асыранды иті жәй ғана серуендесе мейлі ғой, олар сайран салған жүрісі әрі нәжісімен көгалды ластап кететінін қайтерсіз? Бес баланың анасы Гүлвира Оңдасынқызының айтуынша, аулаларында балалар ойнайтын жер қалмаған. «Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты Саин көшесіндегі 14-үйде тұрамыз. Балаларды үйде қамап қоймай, бір уақыт далаға шығарғым келеді. Таңғы сағат 7-де алаңқайда балалар емес, асыранды иттер сейіл құрып жүреді. Одан қалса, көгалдың үстінде қожайынымен бірге доп қуалап ойнайды. Балалар емін-еркін жүре алмайды. Шамалы көзден таса қылсаң, иттің нәжісін басып кетеді. Содан кейін жиіркеніп, тіпті, далаға да шыға алмай қалдық. Көктем келіп, қар еріді. Қылтиып шығып келе жатқан көктің беті – иттің нәжісі. Әр талдың түбіне сарып кеткені былай тұрсын, тым болмаса қожайындары қадірлі иттерінің қиын тазалап жүруге болмай ма?! Төрт аяқты жануар жүрген жерді бала-шаға да басады. Бұған арнайы заң жоқ па? Амал жоқ, сауда үйлеріндегі балалар ойнайтын орынға барамыз. Ал Ресейдің Кемер қаласындағы қайғылы жағдайдан кейін көңілде күдік көп. Егер балалар ойнайтын алаңқайды қоршап, жарақтандырып берсе, қуанатын едік», – дейді көпбалалы ана. Сондай-ақ, ашынған ана: «Бірінші қабатта тұратын көршім бір жылдан бері үйінде ит асырайды. Онысы түнімен арпылдап шығады. Қабырғадан бәрі естіледі. Өзі тайыншадай. Босанып кетсе, балалар тұрмақ, ересек адамдарға да қауіп туғызуы мүмкін. Бір жылдан бері көзжұмбайлыққа салынып, үндемей келдік. Көрші ретінде бірнеше рет зілсіз ескерту жасадық. Есік алдына итін байлап қоятын жекеменшік үй емес, көпқабатты тұрғын үй ғой», – дейді зығырданы қайнап. Біз де әлгі ит асырайтын пәтердің иесімен аз-кем тілдесуді жөн санадық. Шынында да, итін көше жақтағы есігінің алдына байлап қойыпты. Жағы сембей, әрі-бері өткен кісілерге арпылдап тұр. Саин көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жүрудің өзі қорқынышты. Аузын арандай ашқан иттің түрін көргенде тұла бойың дірілдеп қоя береді. Иті арпылдап, үріп жатса да, қожайыны далаға шығуға асығар емес. Бірер сәттен соң есік алдына шыққан орыстілді әйелге: «Көпқабатты тұрғын үйде тайыншадай итті асырауға қандай қажеттілік туындады?» деген сұрақты төтесінен қойғанда: «Біріншіден, бірінші қабатта тұрамын. Ит асырасам да, ешкімге аса зияным тиген емес. Екіншіден, осыдан біраз уақыт бұрын үйіме ұры түсті. Сондықтан итімді есік алдына байлап қоюға тура келді. Ал өткен-кеткен адамдарға үрсе, ол енді хайуан ғой»,  – деді еш қысылмастан. Әрі қарайғы әңгіме дауға ұласуға шақ қалды. Біз де қалыспадық. «Айтыңызшы, итіңіз дәретке үйде отыра ма, әлде түзде ме? Далаға шығарғанда тазалықты қаншалықты сақтайсыз?» дегенімізде, не айтарын білмей, әбден састы. «Итінің қиын жинап жүрген кімді көрдіңіз? Сіз әбден күлкімді келтірдіңіз ғой...», – деп сылқылдап күлгенде айтарға сөзім таусылды. Әрине, ит тұрмақ, қарапайым қарым-қатынас мәдениетінен мақұрым қоғамда, шындық үшін шырқыраған даусың кімге жетсін?

Көршілер де наразы

Жақында алматылық көпқабатты үйдің тұрғындары ит ұстаған көршілеріне наразылығын білдірді. «Орбита» шағын ауданындағы тұрғындар далаға шығудан қалғанын, тіпті түн баласы тыныш ұйықтау да мұң болғанын айтып, ақпарат құралдарына шағымданды. Тәулік бойы жағы сембей үретін ит даусынан жүйкесі жұқарған тұрғындардың айтуынша, үйдің кіреберісі нәжіске толған, иттер серуендеген балалар алаңы тазалықтан жұрдай. «Ит ұстау ережесін сақтаңыздар!» деген ескертуге иттің иелері пысқырып та қарамайтын көрінеді. Ал Бостандық ауданы әкімдігі «Бұл мәселе тек ішкі істер қызметінің құзырында» деген шарасыздықтан әрі аса алмады. «Олар таңсәріден кеш қарайғанға дейін алыпсоқтарын тұмылдырықсыз далада алып жүреді. Ал балалар ойнайтын алаңқайда төрт аяқтылардың нәжісінен аяқ алып жүре алмаймыз. Сондықтан иттердің қожайындары жазасын алса деймін. Ит 24 сағат үретін жануар. Кішкентай сәбилерді шошытады. Әсіресе, жаздыңгүні өте қиын. Терезелері ашық тұрады. Үріп, аузын жаппайды. Бірдеңе десең «итімді қоя беремін» деп қорқытады. Меніңше, ит асырайтындарға аямай салық салу керек», – деді қала тұрғыны Балтабек Сайытов. «Орбита» ықшам ауданының ендігі бір тұрғыны Бақтолла Теміржанов: «Қожайындары «қаппайды, қорықпаңыз», – дейді. Бірақ біз немерелеріміз үшін алаңдаймыз. Ауланың тазалығы туралы сөз айту артық. Балалар алаңқайында басатын таза жер таппайсың. Мысалы, шетелде мұндай нәрсе жоқ. Төрт аяқтының иесі өзімен бірге жұқа қалта мен  қоқыс жинайтын қалақшасын алып жүреді. Сондай мәдениетті. Бізде мүлде басқаша жағдай», – дейді. Кейбір ит асыраушылар тұрғындардың жанайқайын түсінгендей кейіп танытса да, басым бөлігі қолын бір сілтеп кете береді. Ал арыз-шағымды қабылдаумен ғана шектелетін әкімдіктегілердің қауқары түсіндірме жұмысын жүргізуге ғана жететін сияқты. Нақты шара қолдануға құзыреті жоқ. Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Бекдат Данияров: «Жалпы, иттерді үйде ұстау мен серуендетуге қатысты арнайы заң жоқ. Алматы қалалық мәслихаты бекіткен төрт аяқтыларды ұстау ережесі бар. Иттердің қожайындарын әкімшілік жауапкершілікке тек Ішкі істер органдары ғана тарта алады. Біз өз тарапымыздан түсіндірме жұмысын ғана жүргізе аламыз», – дегенді айтты.

        Ереже бар, бағыну жоқ

Алматы қаласында иттерді және мысықтарды ұстау және серуендету  ережесі Қазақстан Республикасының 2014 жылдың 5 шілдесіндегі «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексіне және 2002 жылдың 10 шілдесіндегі «Ветеринария туралы» заңдарына сәйкес әзірленген. Бұл ереже Алматы қаласында иттер немесе мысықтарды ұстау және серуендету тәртібін реттейді. Алматы қаласының аумағында тұратын барлық иттер мен мысықтар сәйкестендірудің бірыңғай базасына міндетті түрде тіркеуге енеді. Оларды көпшілік тұратын жерлерде (жатақханаларда) ұстауға тыйым салынады. Иттерді немесе мысықтарды бірнеше отбасы тұратын тұрғын үй бөлмелерінде тек қана өзінің тұрғын ауданында ұстауға (жатақхана бойынша тұратын көршілерінің жазбаша келісімі бойынша) құқылы; итті кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің, азаматтардың бау-бақша және саябақты коммерциялық емес бірлестіктерінде, демалу базаларында байлап ұстауға (әрі иттің суға және тамаққа еркін жете алатын мүмкіндігі болуы қажет, байлауы жануардың қалыпты мұқтаждарына кедергі келтірмеуі тиіс немесе жабық металл торда) болады. Сондай-ақ, иттерді немесе мысықтарды көпшілік қолданатын орындарда (алаңдарда, жертөлелерде, шатырдың астында, іргелес балкондар немесе лоджияларда, көпшілік қолданатын басқа қоймалық бөлмелерде); үйдің маңындағы аймақтарда (жеке тұрғын үйлердің үй маңы аймақтарынан басқа); жатақхана ас үйінде және дәліздерінде ұстауға рұқсат жоқ. Аймақта иттің бар екені туралы «Ит күзетеді» деген жазуы бар мөлшері 20х30 сантиметрден кем емес тақтайша мен ескерту болуы тиіс. Иттерді және мысықтарды серуендету кезінде иелері келесі талаптарды сақтауы қажет: 1) иттерді және мысықтарды еркін серуендету орындарын аудандық жергілікті атқарушы органдар анықтайды; 2) кез келген тұқымдағы иттерді серуендету тыйым салынған белгімен белгіленбеген жерлерде тұмылдырықсыз ұзындығы бақыланатын қарғыбауда рұқсат етіледі, әрі жануардың иесінде өзімен бірге тұмылдырық болуы қажет, ол қажеттілігі кезінде шұғыл түрде кигізілуі тиіс; 3)  жағдайға байланысты итке уақтылы тұмылдырық кигізу және қарғыбауының сәйкес ұзындығын реттеу үшін жауаптылық иттің иесіне  жүктеледі; 4)  қаланың аумағында иттерді еркін серуендету арнайы бөлінген жерлерде рұқсат етіледі; 5) алаңдардан тыс аймақтарда иттерді еркін серуендету  қызметтік тапсырмаларды орындайтын төрт аяқтыларға ғана рұқсат етілген; 6) иттің немесе мысықтың иесі болмаса оны серуендетуді жүзеге асыратын адам өзімен бірге нәжістерін жинауға арналған ыдысы болса, айналасындағыларға кедергі және мазасыздық тудырмай жануарды серуендетуді жүзеге асырады. Сол сияқты  иттерді және мысықтарды қоршалған балалар және спорт алаңдарында, балалардың мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің, емдеу мекемелерінің аумақтарында,  тыйым салынған белгілер орнатылған жерлерде серуендетуге тыйым салынады. Үй жануарына қызығып, оларды асырағысы келетіндер шаһарда көп-ақ. Әйтсе де, қаладағы жеке үйлер мен пәтерлерде ит пен мысық ұстаудың өз қағидалары бар екенін бірі білсе, енді бірі хабарсыз. Яғни, қожайын үй жануарларын байлап ұстау, асырау және тұмылдырық кигізіп серуендету қағидасына сәйкес әрекет етуі қажет. Ережеге бағынбаған жағдайда  3 және 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Алайда арнайы ережеге бағынып жатқан ешкім жоқ.

Ит түрмеге неге жабылады?

  Шетелде жап-жасыл көгалдың үстіне кез келген адам жайғасып, демалуға болады. Тіпті, балалардың бәрі аунап-қунап ойнай алады. Тап-таза. Қобырап жатқан қоқыс таппайсыз. Демалушылар бәрін жинап кетуге дағдыланған. Ал итін қыдыртам десе, қожайыны артық дорба алып жүреді. Егер ойда-жоқта иті нәжіс бөлсе, тазалап алуға міндетті. Онсыз қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр. Мәселен, Аустралияда үй жануарына деген қарым-қатынас ерекше жолға қойылған. Мұнда «қаңғыбас ит» деген түсінік жоқ. Оларды серуендететін орын көп. Бірақ соңында ешқандай «із» қалмауы керек. Ал Израильде қожайын белгілі бір себептермен итін баға алмаса, ит асырайтын мекемеге немесе қайырымды жандарға береді. Тіпті, мұнда төрт аяқтылардың түрмесі бар. Егер ит адамға залалын тигізсе, ол түрмеге жабылады. Бір қызығы, бұл елде иттің  жүнін қиятын арнайы салондар жетерлік. Сондай-ақ, Францияда «бала мен иттің бәріне құқығы бар» деген ұғым қалыптасқан. Ит иесімен бірге таксиге отыра алады. Ол ол ма, мейрамханаға, дүкенге кіруіне рұқсат берілген. Ал еңбекқор жапон халқының итке қарауға уақыты жоқ. Мұнда бұл жануарды тұрмысы төмен отбасы ғана асырайды. Алайда серуенге шыққанда көшені ластамауы қажет. Егер ит қараусыз қалса, оны алып қояды. Германия мен Ирландияда да солай.   Мұнда итті көбінесе жекеменшік үй иелері асырайды. Ұлыбританияда көшеге шыққан иттің аяғында чип болады. Онда иттің қожайыны, салынған екпесі, т.б. туралы дерек бар. Тіпті үй иттері мен мысықтарды көшеге қаңғытып жібергендерге де қатаң жаза қарастырылған. Айталық, Германияда үй жануарын көшеде қараусыз қалдырғаны үшін 25 мың еуро айыппұл төлесе, Италияда 1 жылға дейін түрмеге отырғызады. Қазақстанда да жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң бар. Бұл заңның аясында 100-200 АЕК шамасында айыппұл салынуы мүмкін.  P.S. Алматы қаласының кейбір тұрғындары асыранды иттердің қожайынын тәртіпке келтіре алмай жүргенде, басқа облыс орталықтары қаңғыбас иттермен күресіп әлек. Былтыр Атырау облысында қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою үшін жергілікті бюджеттен 50 млн теңге шамасында қаржы бөлген. Бір жылда 14 мың 397 ит пен 3 мың 587 мысық ауланып, инсинератор пештерінде өртелген. Ал  Алматы қалалық Ауыл шаруашылы­ғы және ветеринария басқармасының басшысы Айдын Керімбектің айтуынша, биылдан бастап үй жануарларын тіркеу базасы енгізілді. «2017 жылы «Жақсы қала» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 7 мың ит пен мысық сатып алынған және 10 мың ит пен мысықты зарарсыздандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Республикада тұңғыш рет Алматы қаласында жеке ветеринариялық клиникалар ашылып, кастрация және зарарсыздандыру рәсімдерінен өткен үй жануарларын тіркеу туралы электрондық дерек базасы әзірленді», – деді ол.