Мың күдік һәм бір сенім

Мың күдік һәм бір сенім

Мың күдік һәм бір сенім
ашық дереккөзі
ҚР Ұлттық банкі 2015 жылғы сәуірде қабылданған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына енген өзгерістер мен толықтыруларды бекітті. Бағдарлама бойынша, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін доллармен берілген ипотекалық несиелер Ұлттық банктің 2015 жылдың 18 тамызындағы доллар бағамы бойынша қайта қаржыландырылады. Мәселен, қарыз алушы АҚШ долларымен несие алса, оның қарызы 188 теңге 35 тиын бағамымен есептеледі. Осылайша, шетелдік валютамен ипотекалық несие алған 21 мыңнан астам адамның несиесін өтеуіне жеңілдік жасалмақ. Бір кездері доллармен несие алғандардың көпшілігі – төл теңгеміздің болашағына сенбегендер. Олар отандық нарықта ұлттық валютаның үстемдік құратынына күмәнмен қараса да, мемлекет қарызын төлей алмай сергелдеңге түскендерді қиын жағдайда қалдырған жоқ, қол ұшын созды. Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, жеңілдіктен құр қалмау үшін долларлық ипотекасы бар азаматтар тез арада өзінің кредитор-банкіне барып, несиені осы бағдарлама аясында қайта қаржыландыру туралы өтініш беруі қажет. Бағдарламаға енген өзгерістер мен толықтырулар екі блоктан тұрады. Бірінші блок Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банкке берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Ұлттық банкке халыққа 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарға байланысты түйткілдерді түпкілікті шешуді тапсырған болатын. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде іс жүзінде жеке тұлғалардың баспанамен және өзге жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген барлық валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылады. Данияр Ақышевтің айтуынша, бағдарламаға енгізілген өзгерістердің екінші блогы 2004 – 2009 жылдардағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған. «Бұл бағдарлама шегінде бүгінгі күні 23 мыңнан астам қарыз алушыға көмек көрсетілді. Олар өздерінің жалғыз баспаналарын сақтап, ипотекалық қарыздары бойынша төлемдерін жеңілдете алды. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескерсек, қайта қаржыландырылған қарыздар саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болады деп болжанып отыр», ‒ деп атап өтті Ұлттық банк басшысы. Бүгінде Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушыларға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларға көмек көрсетудің үшінші кезеңіне кіріскен. «Біз мемлекеттік қолдауға халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылардың ерекше мұқтаж екенін көріп отырмыз. Олардың көпшілігінің жалғыз табыс көзі – мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар. Олар кредиттерін төлеу үшін банктерге беруге мәжбүр. Қазір Ұлттық банк маңызды заңнамалық бастама жасады. Оның мәні: қарыз алушының ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты бағдарлама шеңберінде банктерге өндіріп алу арқылы олардың меншігіне өткен тұрғын үйді жалға тапсыру құқығы берілді. Осы түзету қарыз алушыға оған бұрын тиесілі болған тұрғын үйді өз меншігіне қайтарып алу мүмкіндігін береді», ‒ деді Д.Ақышев. Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы 2015 жылы қолға алынған. Содан бері 2004-2009 жылдары ипотекалық қарыз алған 23 мыңнан астам азамат несиеге алған жалғыз баспаналарын сақтап, ай сайынғы төлемдерін жеңілдетуге мүмкіндік алды. 2017 жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сәйкес, 20630 өтініш, яғни негізгі борыштың 116,6 млрд теңгесі қайта қаржыландырылған. 2015 жылдың сәуірінен 2017 жылдың 1 қарашасы аралығында бағдарлама бойынша барлығы 141 млрд теңгенің 23028 өтініші мақұлданған. Бұл ретте аталған аралықта жалпы сомасы 214,7 млрд теңгені қайта қаржыландыру үшін банктерге 29216 өтініш түскен. Бағдарлама қабылданған 2015 жылы оны жүзеге асыруға бар-жоғы 130 млрд теңге бөлінген болатын. Қаржы көлеміндегі айырмашылықты түсіндірген ҚР Ұлттық банкі қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Александр Терентьевтің айтуынша, бағдарлама қаржысын игеру жаңартпалы механизм бойынша жүзеге асырылады екен. Яғни, қарызды қайта қаржыландыру бұған дейін қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түскен қаржы есебінен банктерге бастапқы қаржы орналастырылған күннен бастап 10 жыл ішінде жүзеге асырылады. «Біз әу баста бөлінген 130 млрд теңгеге 25 мың қарыз алушыны қамтуды жоспарлаған едік. Енді жаңартпалы сипатта 40 мың қарыз алушыны қамтымақшымыз. Оның шамамен 12 мыңы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады», – деді Александр Терентьев.  Оның айтуынша, қазіргі таңда 20 мыңнан астам отбасы ипотекалық несиелерін ойдағыдай төлеп, өз баспаналарында қалыпты жағдайда өмір сүруде. Александр Терентьевтің сөзінен ұққанымыз, 2009, 2014, 2015 жылдары ұлттық валютаның бағамына түзету енгізудің нәтижесінде шетелдік валютамен қарыз алушылардың теңгедегі борыштық жүктемесі орташа есеппен 2,7 есеге артқан. Бұл көрсеткіш айтар ауызға айтарлықтай көп болып көрінбесе де, қарыз алушыға едәуір салмақ салатыны түсінікті. Валюта бағамындағы өзгерістерге байланысты қарыз алушылардың қосымша міндеттемелерінің артуынан олардың кепілдікке қойылған мүлкінің бағасы айтарлықтай төмендеген. Ұлттық банктегілердің айтуынша, соңғы 10 жылда доллар эквивалентіндегі баспаналар өз құнының шамамен 55 пайызын жоғалтқан. Осының салдарынан кепілдікке қойылған мүлік шетелдік валютамен қарыз алған адамдардың міндеттемелерін толық көлемде жаба алмайды. Ұлттық банк өкілінің айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінде қарызды қасақана төлемеушілердің көп бөлігін жалғыз басты аналар құрайды. «Біз бағдарламаны бастаған кезде банктерге халықтың әлеуметтік осал топтарының бірде-біреуін кепілдікке қойылған мүлкінен қуып шығуға жол бермейміз деп ресми түрде хабарладық. Себебі біз бұл топқа жататындардың көпбалалы отбасылар, жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған аналар екенін жақсы білеміз. Біз жүргізген сараптаманың қорытындысына сәйкес, ер адамдардың әлдеқайда әлсіз екеніне көзіміз жетті. Отбасында қандай да бір дағдарыс орын алған жағдайда олар бала-шағасын тастап кетеді. Ипотека қарызына байланысты мәселе туындаған отбасылардың 60 пайызында осындай жағдай қайталанған. Өкініштісі, мұндай жауапкершіліктің бәрі жалғызбасты аналардың иығына түскен. Сондықтан біз адамдардың мұндай тобын әрдайым назарда ұстап, қорғайтын боламыз», – деді Александр Терентьев.

«7-20-25» һәм әлемдік  тәжірибе

Елбасының бес бастамасының алғашқысы, яғни қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтуды көздейтін «7-20-25» бағдарламасы да үй-күйсіз жүрген көп отбасының қолайлы шарттармен несие алып, баспаналы болуына жол ашпақ. Бағдарлама бойынша жұмыс істейтін әрбір қазақстандық  жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан, бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспайтын ипотекалық несиені 25 жылға дейінгі мерзімге ала алады. Өткен жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – бұған дейін болмаған рекордтық көрсеткіш. «Дегенмен бұл жеткіліксіз. Әлі күнге дейін меншікті баспанасы  жоқ отбасы аз емес. Бұл тек қана әлеуметтік маңызы бар проблема. Оны шешу үшін барлық жағдай жасап, жалпы бұқара үшін тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру қажет», ‒ деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде Ұлттық банк бағдарламаны іске қосу тетіктерін қамдауға кіріскен.   «Қазіргі кезде банктермен өлшемшарттар пысықталуда. Мысалы, тұрғын үйдің құны 7 миллион теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды, бұл жалпы алғанда, жұмыс істейтін қазақстандықтардың көпшілігі үшін қолайлы. Тұрғын үй құны әртүрлі болғандықтан, ірі қалалар мен өңірлер бойынша баспана құны сараланады», ‒  дейді банк төрағасы. «7-20-25» бағдарламасы  үйлі  болғысы келетін талайлардың үмітін оятқаны анық. Алайда 7 пайыздың өзін көпсініп, өзге елдердің тәжірибесін алға тартатындар да бар.  Бүгінде әлем бойынша ипотекалық пайызы төмен елдердің бестігіне Жапония (1,16 пайыз), Швейцария (1,44 пайыз), Финляндия (1,47 пайыз), Германия (1,88 пайыз) және Швеция (1,90 пайыз) кіреді. Төлем мөлшерлерінің аз болуы бұл елдердегі инфляция деңгейінің төмендігіне және несиелеудің жоғарылығына байланысты. Алайда аталған елдерде баспана құны өте қымбат. «Эксперт» балама орталығының мәліметі бойынша, Жапонияда баспананың бір шаршы метрі – 800 мың доллар, Швейцарияда – 10 мың еуро, Германия мен Швецияда – 8 мың еуро, Финляндияда – 2,5 мың еуро. Қазақстандағы инфляция деңгейін (2017 жылы 7,1 пайыз) және салыстырмалы түрде баспананың арзандығын ескерсек, 7 пайыздық төлем  –  айтарлықтай тиімді ұсыныс. Бағдарламада ұсынылған бастапқы жарна көлемі Швейцария мен Германиядағы шарттарға сай келеді. Швейцарияда бастапқы жарнаның 10 пайыздан аспайтын сомасын зейнетақы жинағы есебінен төлеуге болады. Баспана бағасы қымбат болғандықтан бұл елде ипотекалық несиелер ұзақ мерзімге беріледі. Жапонияда кредит алған адам ипотеканы тірісінде төлеп біте алмаса, қарызы балаларына өтеді. Швеция мен Швейцарияда да дәл солай. Егер адамдар ата-анасынан қалған қарызды төлеуден бас тартса, онда банк баспананы нарық бағасымен өз меншігіне алады. Төмен пайыздық ипотека – халықты баспанамен қамтамасыз етудің бір жолы. Бұл тәсіл көптеген елдерде, әсіресе экономикасы дамыған және тұрақты дамушы мемлекеттерде сұранысқа ие болды. Әлемде жылжымайтын мүліктің 80 пайызы қарызға сатып алынады. Мамандардың айтуынша, елімізде қолға алынатын жаңа бағдарлама қазақстандықтар үшін баспананың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қосымша тағы екі әлеуметтік міндетті шешеді: құрылыс қарқыны артып, жаңа жұмыс орындары ашылады және елде орта тап өкілдерінің саны артады.