Күн тәртібінен түспейтін тасқын

Күн тәртібінен түспейтін тасқын

Күн тәртібінен түспейтін тасқын
ашық дереккөзі
Соңғы кездері ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтетін   Үкімет отырысы қоғамды алаңдатып отырған су тасқыны мәселесіне соқпай кетпейтін болған. Әсіресе, қарғын судың ортасында қалған Шығыс Қазақстандағы елді мекендердің ахуалы басты назарда. Осыған орай, ел Үкіметі өңірге қосымша 2 млрд теңге бөлгенін мәлімдеді.   Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев су басып жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайды жеке қарады. Ол бұған дейінгі Үкімет отырысында да аталған өңірдегі су тасқыны мәселесі қаралып, жағдайды бақылауда ұстау және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсету туралы тапсырма берілгенін еске салды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәліметінше, қазір бүкіл Қазақстан бойынша 50 елді мекендегі 1500-ден астам үйді су басқан. 3800-ден астам адам эвакуацияланды. Су тасқынының себептері ретінде «күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның нормасынан 3 есеге артық жаууы» аталды. Қабылданған шаралар арқасында су құрсауынан 1100 үй босатылып, 2700-ден астам адам үйлеріне қайта оралыпты. – Шығыс Қазақстан облысында күрделі жағдай болды. Бүгінде ол жақта 396 үй және 185 аула су астында қалған. Осыған байланысты Семей, Аягөз, Зырянов және Шемонайхада жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 1000-нан астам адам, 200 техника, 96 мотопомпа және 8 қайық жіберілді, – деді Қ.Қасымов. Мемлекеттік материалдық қордан ШҚО-ға 8 техника мен жылжымалы электр стансасы жіберілген. Министрдің айтуынша, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстары да су тасқыны бойынша күрделі жағдайға тап болған. Осыған байланысты Ішкі істер министрі жергілікті атқарушы органдардың жедел іс-қимылдарға дайын болуы керектігін ескертті. Ал өңірдегі су тасқынының жай-күйі туралы баяндаған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов: «Бүгінгі таңда Аягөз, Глубокое, Шемонайха, Зырян аудандарында және Семей қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Жағдайды жеке бақылауыма алдым», – дей келе, су тасқынының қаупін жоюға 570 бірлік техника, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға 3107 адам тартылғанын жеткізді.

Үш жылдық  бюджеттің жайы

Сондай-ақ, отырыста Үкімет мүшелері еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және оған сәйкес, қолданыстағы үшжылдық республикалық бюджетті нақтылады. Мұнымен қоса, Үкімет Білім беру мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын өткен жылы іске асырудың қорытындыларын шығарса, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік, денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын қайта қараған үкімет мүшелері бұрын бекітілген 2018-2022 жылдар бюджетіне түзетулер енгізді. Биыл қол жеткізу көзделіп отырған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет параметрлері туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Бас экономист 2017 жылы еліміздің атаулы ЖІӨ-сі 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланғанын атап өтті. Шынында, ол 558 млрд теңгеге артық болып шықты. ЖІӨ-нің нақты өсімі былтыр  4 пайызды құраған. 2018 жылғы қаңтар-ақпанда да экономикалық өсім 4 пайыз болып отыр. Сондай-ақ, ел Үкіметі 2018 жылы 1 баррель мұнайдың болжамды бағасын 45 доллардан 55 долларға дейін жоғарылатты. – 2018 жылы атаулы ЖІӨ 57,2 трлн теңге көлемінде болады деп болжанады. Бұл былтыр тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Осы жылы еліміздің нақты ЖІӨ-сінің өсімі 3,8 пайыз деңгейінде күтілуде. Бұған дейін ол 3,1 пайыз көлемінде тұспалданған. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 мың 200 долларға дейін артады, – деді Т.Сүлейменов. Бұдан өзге өнеркәсіптің өсу болжамы да қайта қаралып, енді 3,3 пайызға дейін арттырылды. Сонымен бірге, Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2018 жылы республикада 87 млн тонна мұнай өндірілмек. Мұнайдың әлемдік бағасының қымбаттауын және экономиканың өсімін ескере отырып, Қазақстан экспортының болжамы биыл 54 млрд долларға, ал импорты 34 млрд долларға көтерілді. Инфляция бұған дейін бекітілген 5-7 пайыз дәлізінде ұсталады. Түзетілген макроболжам негізінде республикалық бюджет параметрлерінің болжамы да нақтыланды. Биылғы жыл бюджетінің нақтыланған жобасы алда Мәжіліске енгізіледі. – Оған сәйкес, бюджет кірістері 2018 жылы 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланады. Бұл бекітілген жоспарға қарағанда, 190 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қорға құйылатын түсімдер болжамы 546 млрд теңгеге ұлғайып, 2,6 трлн теңгеге жетті, – деді Тимур Мұратұлы. Жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 58,3 миллиард долларды құрайды деп болжанып отыр. Бұл ЖІӨ-ге шаққанда, 34,7 пайызға тең. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, нақтыланған республикалық бюджет шығыстары 417 млрд теңгеге артып, 9 трлн 643 млрд теңгені құрамақ. Бұл қаражаттан 292,5 млрд теңге Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларын іске асыруға бағытталады.

Мұғалімдер жалақысы өседі

Үкімет отырысында мұғалімдер жалақысын 30-дан 50 пайызға көтеруге 61,8 млрд теңге жұмсалатыны мәлім болды. Одан бөлек білім беру тапсырысын 20 мың грантқа көбейтуге 5 млрд теңге қарастырылған. Мүгедектер күтімімен айналысатын адамдарға жаңа жәрдемақы беруге – 2,7 млрд теңге, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша 30,9 млрд теңге бөлінген. Ал бюджет жобасында Президенттің тапсырмалары мен бұрын қабылданған міндеттемелер бойынша жалпы сомасы 99,4 млрд теңге шығыстар ескерілді. Ол қаржы Астана (25 млрд теңге) және Алматы (10,7 млрд) қалаларын одан әрі дамыту, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету (18,7 млрд) бойынша іс-шаралар мен жобаларға бағытталады. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің айтуынша, 2017 жылы жалпы саны 64,4 мың орынды 849 мектепке дейінгі мекеме (балабақша) ашылды, оның 717-сі – жекеменшік. 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақша кезегі өткен жылмен салыстырғанда 25,3 пайызға азайып, бүгінде 125,2 мың адамды құрады. 2017 жылы еліміздегі балабақшалардың орта есеппен 15 пайызы инклюзивті білім беруге жағдай жасаған. Орта білім беру саласында жаңартылған білім мазмұнына көшу жалғасуда. 2017-2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7-сыныптар жаңа жүйеге ауысты. 5 күндік оқу аптасы енгізілді. 2019 жылдан бастап, 10,11-сыныптарда жаратылыстану бағытының «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» пәндерін ағылшын тілінде оқытуға даярлық жүргізілуде. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру саласында оның сапасын, қолжетім-ділігін және тартымдылығын арттырудың жаңа тәсілдері әзірленді. 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап, 260 біліктілік бойынша жаңа модульдік бағдарламалар енгізіле бастады, онда мамандықтың 3 біліктілігін игеру қарастырылған. Жоғары білім беру саласында ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту үшін тиісті заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізілген. QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтінгісіне 2017 жылы қазақстандық 8 университет кірді. – Ғылым мен экономиканың нақты секторының өзара байланысын күшейту және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың гранттық қаржыландыруы аясында 12 жоба іске асырылды, – деді Е.Сағадиев. Жиынды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев бүгінде Жолдауды және Президенттің бес бастамасын іске асыруға байланысты білім беру жүйесіне өте маңызды міндеттер жүктелгенін нықтады. Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне мемлекеттік бағдарламаны жандандыру, жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың жатақханадағы жағдайларын жақсарту бойынша бес әлеуметтік бастаманы іске асыруды жеделдетуді тапсырды.