Жаңалықтар

«Теңізшевройлға» – 25 жыл: Мерекелік шараға Елбасы қатысты

ашық дереккөзі

«Теңізшевройлға» – 25 жыл: Мерекелік шараға Елбасы қатысты

Елбасы «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты,  деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде «Теңізшевройл» жобасы туралы келісімге қол қойылған сәттен бері тура ширек ғасыр өткенін айтты. «25 жыл ішінде «Теңізшевройл» мұнай-газ нарығында көшбасшыға айналды. Жоба іске қосылғаннан бері мұнай өндіру көлемі 30 есе өсіп, тарихи меже - үш миллиард баррельге жетті», - деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев бұл кәсіпорынның ел экономикасына зор үлес қосып отырғанына тоқталып, Қазақстанда өндірілетін мұнай көлемінің үштен бір бөлігінен астамы «Теңізшевройл» компаниясына тиесілі екеніне назар аударды. «Теңізшевройл» компаниясы экономиканың машина жасау, мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету, көлік және құрылыс сияқты салаларында жұмыс істейтін мыңдаған қазақстандық кәсіпорынның дамуына жол ашты. Бұл дегеніміз салықтар, дивидендтер, Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу. Бүгінде жоба аясында 30 мыңнан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған, ал жобаның барлық шығынының 32 пайызынан астамы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесіне тиесілі», - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Үшінші жаңғыруы және Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жағдайында өндірістің өнімділігі мен тиімділігін арттыратын заманауи цифрлық технологияларды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті. «Мұнай мен газ бағасының құбылмалылығына және баламалы технологиялардың дамуына байланысты мұнай мен газды кең көлемде қайта өңдеу мәселесі туындайды. Қазақстан да бұл мәселеге қызығушылық білдіреді. Үкімет компаниямен бірлесе отырып қайта өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесін қарастыруға және бұл туралы баяндауға тиіс. Қайта өңдеу саласында бірінші орында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі тұр.  Шеврон компаниясы бұл мәселеге қолдау білдіреді деп сенемін», - Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы «Теңізшевройл» компаниясының бүгінгі жетістіктерге еңбеккерлерінің терең білімі мен мол тәжірибесінің арқасында қол жеткізгенін атап өтті.