Министр республика бойынша су астында қалған үй санын жариялады
Министр республика бойынша су астында қалған үй санын жариялады
Биыл Қазақстанның 50 елді мекеніндегі 1,5 мыңнан астам үйді қызыл су астында қалған. Әсіресе Шығыс Қазақстандағы жағдай күрделі. Аймақтағы жағдай туралы Үкімет отырысында есеп берген Ішкі істер министрі баяндады.
Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, республика бойынша қауіпті аймақтардан қазір 4 мыңға тарта адам көшірілген. Бірақ Шығыс Қазақстанда әлі күнге дейін 396 үй мен 185 аула су астында қалып отыр. Сондықтан Семей қаласында, Аягөз, Зырян және Шемонаиха аудандарында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланған.
Аймақ басшысының айтуынша, Зырянда соңғы 60 жылда мұндай су тасқыны болмаған. Бұқтырма өзенінде мұздың қалыңдығы қазір 2 метрге жетіпті. Енді облыстағы жағдайды реттеу үшін Даниал Ахметов 2 миллиард теңге бөлуді сұрап отыр. Үкімет басшысы Қаржы министріне шұғыл түрде тиісті шешім шығаруды тапсырды.