Су тасқынын жоюға 800 млн теңге бөлінбек

Су тасқынын жоюға 800 млн теңге бөлінбек

Су тасқынын жоюға 800 млн теңге бөлінбек
ашық дереккөзі
Наурыз айында ШҚО бойынша 3 мыңға жуық адам тасқынның зардабын шеккен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазіргі таңда Өскемен қаласы мен Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Катонқарағай аудандарында жағдай тұрақталып келеді. 1914 адам өз үйлеріне қайтқан. Аягөз ауданында 16 отбасы, Катонқарағай ауданында 4 отбасы қираған үйлерінің орнына жаңа баспана алды. Ал Зырян ауданында Бұқтырма өзенінің деңгейі баяу түсуіне байланысты 308 үй су құрсауында қалып отыр. «Су кірген үйлердің 83-і қалпына келместей болып қирағаны анықталды. Өскеменде 7 үй, Аягөзде 35 үй, Глубокое ауданында 21 үй, Шемонаиха ауданында 16 үй, Катонқарағайда 4 үй қатты бүлінген. Бұл тек тексеруден өткен үйлер. Сондықтан бұл сан әлі өсуі мүмкін» - делінген төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметте. Тасқынмен күреске жалпы жиыны 407 техника жұмылдырылып, су қайтқан аулалардың тазалауға 3100 ерікті қатысқан екен. Жергілікті әкімдіктер тасқын зардабын тартқан тұрғындарға үзбей көмек беруде. Облыс әкімінің резервінен тасқын салдарын жоюға 689,2 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл соманың 195 млн теңгесі бүгінге дейін бөлініп, баспана сатып алу және елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалды. Оның 80 млн теңгесін Аягөз ауданы, 40 млн теңгесін Шемонаиха ауданы, 75 млн теңгесін Глубокое ауданы игерді. Ал облыстық «Парыз» қорына үй және өзге керек-жарақтар сатып алу үшін және 150 млн теңге бөлінген. Тасқын болған аудан, қалалардың өзінде де жергілікті қорлар арқылы ақшалай және материалдық көмектер жиналуда. Мұндай ізгі шарадан өзге өңірлер де шет қалған жоқ. Астана, Павлодар, Алматы, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан көмек келіп түсуде.