ТАРИХИ УАҚЫТТЫ ТЕККЕ ЖІБЕРМЕЙІК

ТАРИХИ УАҚЫТТЫ ТЕККЕ ЖІБЕРМЕЙІК

ТАРИХИ  УАҚЫТТЫ ТЕККЕ ЖІБЕРМЕЙІК
ашық дереккөзі

Қай елде, қай заманда болмасын, белгілі бір уақыт кезеңі тудыратын күрмеуі қиын күрделі мәселелер болады. Оларды ортаға салып талқылайтын алқа, кеңес дегендер тағы болады. «Түркістанның» сондай алқа, кеңесі – «Нұр-Отан» Халықтық демократиялық партиясы мен «Нұр-Медиа» холдингінің тікелей қолдауымен дүниеге келген – «Алдаспан» пікірсайыс клубы. Бұл клубтың бүгінгі бірінші пікірсайысында ортаға салар әңгімесі – қазіргі кирилл қарпінен латын әліпбиіне көшу мәселесі.

Шәмшидин Паттеев: Құрметті әріптестер, «Нұр Отан» ХДП мен «НұрМедиа» холдингі «Түркістан» газетінің жанынан «Алдас­пан» ашық пікірсайыс клубын құру туралы шешім қабылдаған болатын. Елімізде болып жатқан қоғамдық, рухани, саяси, экономикалық мәселелер осы ашық пікірсайыс клубында көтеріліп, талқыға салынып отырады. Отырысымыздың алғашқы тақырыбы – Латын әліпбиіне көшуге арналып отыр. Елбасы өзінің стратегиялық Жолдауында латын әліпбиіне көшу туралы дайындықты бастау керек деді. Қазірдің өзінде ақпарат құралдарында көптеген пікірлер жариялануда. Қолдайтындары да, қарсы шығатындары да бар. Сондықтан латын қарпіне өту мәселесі тек қана тілдік, лингвистикалық мәселе емес, мұның қазақ қоғамының өсуіне, қалыптасуына, бірігуіне әсері зор. Бұл – Қазақстандағы басты саяси мәселе. Осыдан он шақты жыл бұрын түркі халықтарының көбі латын әліпбиіне көшіп кетті. Қазақстан латын әліпбиіне көшкен кезде сол мемлекеттер жіберген кемшіліктердің қайталанбауына күш салуы керек. Сонымен, алғашқы отырысты ашық деп жариялаймын. Болашақта да ашық пікірсайыс клубында қоғамдағы кез келген мәселе талқыға салынады. Экономика, қаржы, саясат мәселелері жөнінде де әңгіме қозғайтын боламыз. Сөз кезегі өздеріңізде. Жақан Молдабеков: Бәрімізді ойландырып, толғандыратын, тілге тиек ететін ортақ мәселе бар. Латын қарпіне көшу мәселесінде этнолингвистикалық бағыт бар. Бұл мамандардың алдында тұрған өзекті мәселе. Латын қарпіне көшу әңгімесінің төркіні әріде жатқанын білеміз. Президент өзінің жолдауында мұның қажеттілігін шегелеп айтты. Осы тұрғыда үш мәселеге көңіл аударғым келеді. Біріншіден, түркітілдес халықтардың тарихи мұражайын ортақ мәдени мұраға айналдыруға мүмкіндікті арттыру мәселесі, екінші – төте жолмен әлемдік информациялық коммуникативті кеңістікке ену, үшінші – болашақта қазақ мемлекетін қалыптастыру тетігін бірден іске қосу мәселесі. Бетбұрыс, шын мәнісінде күрделі, жауапты іс. Бұл этнолингвистикалық бағыт ғана емес, өз ұлтына адалмын деген барлық мамандардың кәсіби сауаттылығын, қоғамдық қолдауды, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді қажет ететін іргелі іс-шара. Осы үш жүйені үйлестіру мәселесі үлкен шара. Біріншіден, ұлттық мүдде мен халықаралық деңгейдегі тәжірибені үйлестіру мәселесі тұр. Қазірдің өзінде мамандардың арасында қолдайтын, қолдамайтын және бей-жай пікірде жүргендері бар. Негізгі мәселе бұл емес. Мемлекеттік саясаттың өзекті мәселесі ретінде қойылған тақырыпқа қоғамдық қолдауды арттыру керек. Жаңа әліпбиге көшуге байланысты ғылыми стратегиялық негіз қалыптастыру керек. Әйтпесе көп олқылыққа тап боламыз. Маңызды мәселеде кем-кетік аз болса, қиыншылықты жеңудің жаңа бір жүйелі тәсілдерін қолдану жолы табылса дейміз. Егер стратегиялық негіз қалыптасса, қоғамдық күдік азая бас­тайды. Ғылыми негізде әр нәрсені іске асыру тетігі, бағыты белгіленуі тиіс. Сонда әр адамда сенімділік туындай бастайды. Екінші нәрсе – осындай кешенді көзқарас кәсіби деңгейде жалғасын табатын болса, онда біз нақты мәселені шешудің мүмкіндігін айқындаған болған едік. Бұл – ұлттық саясаттың мәселесі, екінші, мәдени саясаттың, үшінші, мемлекеттік саясаттың мәселесі. Үш салиқалы бағыттағы жұмыстарды бір-бірімен ұштастырсақ, ісіміз сатылы деңгейде жүзеге асады. Әлеуметтік эксперимент деген нәрсеге мүмкіндігінше бара бермеуіміз керек. Қазір онсыз да эксперименттің түрі көбейіп кетті. Көлбай Адырбекұлы: Үкімет мемлекеттік құжат қабылдады. Оны қалай ұйымдастыру керек? Қалай жұрттың санасына сіңіру керек? Кейбір мамандар латын қарпіне 2025 жылға дейін-ақ көшсек дейді, ал тағы бір топ 2017 жылы ЭКСПО көрмесін латын қарпімен қарсы алсақ дегенді айтып жүр. Дос мырза, осы тұрғыда ойыңыз қандай? Дос Көшім: Өзім жалпы латын әліпбиіне көшуді қызу қолдайтын адамның қатарында емеспін. Егер латын қарпіне көшеміз десе, міндетті түрде көшеміз. Елбасы осы мәселені 1990 жылдары да, 2006 жылы да айтқан болатын. Бұл белгілі бір саяси мақсатпен айтылғаны анық. Жалпы, реформаны кез келген жағдайы жақсы, төрт құбыласы түгел кезде жасаған дұрыс. Тіпті, шегінерге жол жоқ, енді не істейміз деген уақытта жасалған реформа нәтижелі болмайды. Бұл сол баяғы 1990 жылдары ақшаны ауыстырған уақыттағы сияқты. Керек десеңіз, американдықтар доллардың бетіндегі суретін валютасы шарықтап тұрған кезде жасады. Меніңше, алдымен бүкіл Қазақстанның қазақ тілін білуі және қазақ тілінің қоғамның барлық саласында жұмыс істеу деңгейіне жеткеннен кейін бастау керек сияқты. Біз оған жетпей бастайын деп жатқан сияқтымыз. Маған салса кейінірек, яғни 2025 жылы көшсек деген пікірге қосыламын. Әрине, бұл үш-төрт жылдан кейін бастала беретін шығар. Бүгінде қазақ тілі мемлекеттік тіл қатарына қосыла ма, жоқ па деген екіұдай пікірде жүрміз. Тілдер туралы Заңның өзі қостілді дамытатын, сақтайтын заң. Әліпби ауыстырсақ, қоғамдық, саяси жағдайға әсер етеді. 1991 жылы Стамбулда жиналған тіл ғалымдары ортақ түрік тілін жасау туралы мәселе көтерді. Сонда 34 әріп бекітілді. Бұл бастама түрік тілшілерінен шықты. Бірақ, өкінішке қарай, сол жылдары көшуді бастаған әзірбайжан, түркімендер, өзбектердің әрқайсысы түрік әліпбиіне негізделген әліпби жасады. Айырмашылық он екі әріпте көрінеді. Ал жалпы ортақ әліпбиге көшуді Қазақстан алғаш болып қолға алса, екі қолымды қоса көтеремін. Себебі, 200 миллион түрік дүниесі Америка мен Ресейден кем деңгейде болмайды. Сонда жалпы түріктің 29 әрпіне бес әріп қосылды. Бірақ кейіннен әркім өзімен кетті. Жалпы түркі әлеміндегі әліпби бір-біріне ұқсас болғандықтан қиындық келтірмейді. Біз өзіміз жеке әліпби жасасақ, ол түрікменнің, өзбектің, түріктің әліпбиіне ұқсамаса, тағы екі жұмыс жасаймыз ба деп қорқамын. Түрік әлемі біріккен сайын бұл мәселе көтеріле береді. Көлбай Адырбекұлы: Қазір қоғамда бірнеше пікір бар. Зиялы қауым өкілдері талай рухани дүниемізді, мұрамызды кириллицамен жасадық дейді. Енді кириллица әліпбиінен ұлттық үнімізге келмейтін 9 әріпті алып тастасақ дегенді айтып жүр. Бұған не айтар едіңіздер... Дос Көшім: Біз жүз жылдың ішінде үш рет операцияға түстік. Біз қазір төртінші операцияға түсейін деп жатырмыз. Сондықтан оның арасында аралық операция – тоғыз әріпті алып тастау деген бар. Ол тәжірибе жағынан дұрыс шығар. Шындығында, біз орыс бодандығынан қалған еш нәрсені жақсы қабылдамаймыз. Ол – кириллица. Бірақ өзім аралық операцияға қарсымын. Көшеміз бе, көшуіміз керек. Ортақ түрік тілі деген мәселе 1990 жылдары басталып еді, неге тоқтап қалғанын түсінбеймін. Осы бағытта жұмыстар жасалғаны дұрыс. Көлбай Адырбекұлы: Латын әліпбиінің нұсқасын бір-екі жылдың ішінде мемлекет деңгейінде бекітіп, балабақшаға, бас­тауыш сыныпқа енгізсек қалай болады? 2025 жылға дейін кириллицамен жазған құндылықтарымызды аударып, дайындасақ, әрі қарай латын әрпімен жүрсек деген пікір бар. Айдос мырза,бұған не дейсіз? Айдос Сарым: Бұл әңгіме бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. ХХ ғасырдың ортасынан бері талқыға түсіп келеді. Бүгінгі биліктің бұл тақырыпқа аяқ басуы әсіресе қоғамның, жас буынның талап-тілегі, керек болса қысымының арқасында пайда болған дүние. Екіншіден, бұл жерде ең бастысы саяси мәселе бар. Бұл бодандықтан құтылу, оның іздерін азайту, келесі буынды мүмкіндігінше құлдық санадан арылатындай жағдайда тәрбиелеу. Екінші, геосаяси мәселе. Біз өз көкжиегімізді, өркениетімізді анықтау үстіндеміз. Оның бір бөлігі түрік халықтарымен бірігіп, ортақ дәулет құру. Ол үшін бұған өзіміз жақындасуымыз керек. Біздің шеттегі диаспораларымыздың көбі латын қарпінде жазып, оқып жатыр. Осы жағынан келгенде сөзсіз қажет екені анық. Бұл қабылданған стратегиялық жоба. Мұны бұдан ерте бастауға да болатын еді. Латын әліпбиіне әрі кеткенде бес, жеті жылдың ішінде толық өтуге болады. Дос мырзаның пікіріне айтарым мынау. Кез келген реформа бейбіт, тоқ заманда өтпеген. Бүгінде екі мәселе бар. Бұл орыс тілінің, орыстілді азаматтардың, басқа диаспора өкілдерінің де құқығын таптамайды. Бұл қазақ тілінің ішкі мәселесі. Тіпті, қазақ тілінің, өркениетінің, символикалық кеңістігінің жаңару мәселесі. Екінші, мұны қазақ тілінің даму дәрежесімен байланыстырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік тілді латын қарпінде сақтасаң да, қазіргі кириллмен сақтасаң да бәрібір сияқты. Бүкіл қазақ сайттары өздеріне сәйкестендіргіш қойса деген талап бар. Кирилл­мен қалай жазса, латынды да солай қолданса екен. Оған мемлекеттік қолдаудың қажеті жоқ. Көптеген азаматтар кириллден аулақ болайық деп латынмен жазуға тырысып жүр. Аса қиындық жоқ. 1991 жылы қабылданған нұсқа бар, жақында ғана Түркі кеңесі мамандары дайындаған екінші жоба жарияланды. Оның ішінде қазақтың дауысына, үндестігіне келетін әріптер бар. Сол жүйеге негізделу керек. Біз «Фэйсбук» желісінен мыңнан астам қатысатын «Латын қарпін қолдаймыз!» деген топ құрдық. Соның ішінде жиырмадан астам жоба бар. Мұны тек тіл мамандарының ғана ықпалына бермеу керек. Бұл саяси мәселе. Яғни саясат ырық бергеннен кейін бәріміз дайындалуымыз керек. Мұра мәселесіне келсек, кезінде Орхон түркі әліпбиінде, одан кейін араб әліпбиінде болдық. Одан соң латын әліпбиіне көштік. Ал оның алдындағы мұра қаз-қалпында ауыс­ты ма? Жоқ. Мәселе – қоғамның талғамында. Егер біз осындай мұраларды бірінші кезекте аударуымыз керек деген меже қойсақ ше? Кезіндегі араб қарпіндегі дүниелер Әдебиет, Тіл институтында жатыр. Олардың көпшілігі әлі күнге кирилл қарпіне аударылған жоқ. Кезінде әжелеріміз латын қарпімен хат жазатын. Бірақ олар осыдан сауатсыз болды деу қиын. Белгілі бір нәрседен ажырайтынымыз, ортақ символикалық кеңістіктен түсіп қалуымыз да ықтимал. Бірақ бәрінің жағдайын қамтамасыз ететін тарихи уақытымыз да жоқ сияқты. Егер біз шындап кіріссек, бес-жеті жыл мерзім қажет, ал көшсек ұлт ретінде бәріміз партаға отыруымыз керек. Негізгі ұлт бірден көшуі керек. Сол кезде бұл іс нәтижелі болады. Дос Көшім: Латын әліпбиіне көшкеннен кейін барлық дүниенің латыншаға аударылмайтыны айдан анық. Бұл жерде електен өтеді. Қажеті жоқ 70 пайыз дүниелер ысырылып қалады. Тек өміршеңдігін сақтайтын ұлттық бағыттағы ұлы шығармалар аударылады. Айдос Сарым: Әрине, латынға көшсек, барлық қоқысты алып кетпейміз. Тек қажетін ғана алуымыз керек. Нұртөре Жүсіп: Түркі халықтарының тіл бірлігі мүддесіне «Түркістан» газетінің бастама болып, басқосу өткізіп жатқанына қуаныштымыз. Латын қарпіне көшуге байланысты бірнеше пікірім бар. Ең бірінші, бұл мемлекеттің саясатының негізгі мәселесі. Латын әліпбиіне көшу туралы талай талқыға салынды, ұсыныстар да болды. Өзім де бір кезде Ассамблеяның бір жиналысында ұсыныстарыммен шыққан едім. Латынға тездетіп көшіп, соның бүкіл жүйесін жасап, механизмдерін енгізуге қолдау білдіруге болады. Бірақ саяси мәселе дегеннің екінші жағы бар. Қоғамда латын қарпіне тек қазақ ұлты ғана көшуі тиіс деген пікір бар. Ал тек қана қазақ ұлты көшсе, бұл тілдік реформаның, бұл саясаттың ешқандай мәні қалмайды. Сондықтан бір ту, бір мемлекет, бір тіл, бір әліпби – біздің өзекті тақырыбымыз болуы керек. Бұл біздің ортақ ұстаным. Ал біздің кейбір әріптестеріміз, мемлекеттік шенеуніктер «орыстілділер кириллицада қала береді, ал қазақтілділер латын қарпіне көшеді» деген пікірді ұстанады. Бұл қазақ халқын белгілі бір уақытқа кері ысырып тастайды. Шерағаң айтқандай, қазір онсыз да «Қазақ халқы екі айыртілді ұлт» болып отыр. Демек, қазақтың жартысы кириллде, жартысы латында қалады деген сөз. Біз ұлттың, мемлекеттің, халықтың бірлігін қамтамасыз етеміз десек, онда әріптің бірлігі болуы керек. Мәселен, латын әліпбиіне өтсек, «Егемен Қазақстан» газетімен қатар «Казахстанская правда» газеті де латын қарпінде шығуы керек. Айдос Сарым: Бұл жерде әдістемелік мәселе бар. Қазақстанда бір ғана ұлт бар. Ол – қазақ ұлты. Нұртөре Жүсіп: Одан бөлек 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бар. Бірақ олар өздерін қазақ ұлтымын деп отыр ма? Құдай қаласа, алдағы уақытта солай болар. Бірақ қоғамда күдік бар деген мәселе осында жатыр. Латын қарпіне көшуге қарсылығым жоқ. Бірақ айыртілді күйінде өтуді қолдамаймын. Түркі халықтарының басын біріктіруде іс бірлігі байқалмайды. Қаншама құжат қабылданды. Ниет бар, әрекет бірлігі жоқ. Қырғыз бен қазақтан басқа кириллде отырған түркітілдес халықтың саны шамалы. Осындай жағдайда тағы да кереғар саясаттың қатпарына түсіп кетсек, қазақ ұлтын қиын жағдайда қалдырамыз. Асықпау керек, айқындап алу қажет. Керек мұра қалады. Бірде Бекболат Тілеуханнан «Аяқ астынан өрт шықса, өзіңізбен бірге үйден қандай кітап алып шығасыз?» деп едім, «Құран мен Абайдың кітабын алып шығам» деп жауап берген еді. Демек, латынға көшсек, кітапхана сөресінде тұрған советтендіру кезінде шыққан кітаптардан тазаруға болады. Оның үстіне елімізде Елбасының тапсырмасымен электронды кітапхана деген үлкен жоба қолға алынды. Міне, осыны латын қарпінің негізінде жасаса, келешек ұрпақ байлығын бір күнде жинап алатын еді. Ал латын қарпіне қатысты жобаға келсек, жаңа бір пікірден 20 жоба бар дегенді естідім, менің білуімше 100-ден астам жоба бар екен. Қазір ерінбеген қазақтың бәрі жоба жасауға дайын. Әр жобаның кем-кетігін тізіп, дау-дамайға ұластырсақ, тағы да негізгі мақсатымыздан ауытқимыз. Сондықтан да бәрін сараптап, салмақтап алған дұрыс. Айдос Сарым: Бұл принципті мәселе сияқты. Меніңше, Қазақстандағы орыстарды өз әрпінен айырып, латын қарпіне көшірудің қажеті жоқ. Мәселен, Америкада жүрген қытай, кәріс, тағы басқа ұлт өз арасында қандай тілде жазады, өзі біледі. Ал ресми деңгейге келгенде тұрып жатқан мемлекеттің тілін қолдануға мәжбүр. Егер мемлекет қазақтікі болса, онда кез келген адам сөзсіз қазақ тілін қолданып, жазуы керек. Ал өз үйімде қай тілде жазамын, ол өзімнің шаруам. Латын қарпіне көшетін ниет дұрыс шығар, бірақ алдымен қандай мемлекет, атауы қандай деген мәселелерге жауап таба алмадық. Басқа ұлт өкілдері біздің елде диаспора. Олар өз арасында қай тілде оқыса, өз ісі. Бірақ мемлекеттік дәрежеде осы елді мойындағаны рас болса, осы мемлекеттің заңдарын сыйласа, онда сөзсіз қазақ тілінде және латын әрпімен жазуға мәжбүр болады. Бұл болашақта ерте ме, кеш пе болатын шаруа. Көлбай Адырбекұлы: Жазушы Герольд Бельгер «қазақтың латынға қашан көшетін күнін білемін. Орыс қашан көшеді, ертесіне қазақ та көшеді» депті. Қамшылап айтқаны ғой. Осыдан екі-үш жыл бұрын Санкт-Петербургте Ресейдің тіл ғалымдары осы мәселені көтергенде, Путин басып тастаған еді. Осы жөнінде не айтасыздар? Бақытжан Хасанұлы: Осы тақырыпқа келгенде мүлдем басқаша пікірдемін. Қазір бос сөз көп, бұл әлі жалғаса береді. Осындай кереғар пікірдің небіріне тап боламыз. Он адамнан үлкен еңбек ұжымын құрып, оның басында социолингвист тұруы керек. Себебі, тіл мен қоғамды зерттейтін осы сала маманы. Сосын адам мен тілдің қолдануын зерттейтін психолингвист болуы керек. Үшінші, экономист тұруы қажет. Ол экономикалық пайда мен зиянды анықтау тиіс. Ал осы топтан құрған ұжым табанды түрде еңбек етуі керек. Өзімнің еңбегімде 1400 жылдан бергі қарай бүкіл әлем тілдерінің даму заңдылығын зерттедім. Осы заңдылықтар жыл бойы зерттеліп келеді. Осы арада философ қатысуы керек, экономист қаржы жағын, социолингвист қоғамдық мәселені зерттейді. Сосын латын әліпбиіне көшсек, бәріміз көшеміз. Бұл бір мемлекеттің халқы, қоғамның мүшесі. Бәрі де тілдік қолданушы. Бұл тек Тіл білімі институтына қарап отырған жоқ. Егер орысты тастап кетсең, неге оның құқығы шектеледі? Олар да қоғамның мүшесі. Ал ортақ тіл деген мәселені қазір айтудың керегі жоқ. Қазақтың өсуі мықты, жағдайы жақсы. Бірақ 1960 жылдардағыдай өсу жағдайы жоқ. 9 әріпті қысқарту керек. Бар пәле тоғыз әріпте, яғни, тоғыз әріп пен біздің белгілеуімізде болып тұр. Орыс тілінің мұнда еш кінәсі жоқ. Бірақ орыс әрпімен, кириллицамен белгілеген кезде, осы тоғыз әріптің кесірі бар. Өзбек содан құрып отыр. Әзірбайжан керісінше күшейіп кетті. Оларда Байсалов деген жақсы фонетист бар. Ол барлық жағдайды дұрыстап, түсіндіріп беріп отыр. Қателеспесем, өзбектер төрт-бес рет «Қалай шешеміз?» деп комиссия шақырып, талқылады. Баяғы Байтұрсыновтың қанша дыбыс бар дегенін қолданады қазір. Латын қарпіне көшу бұл саяси мәселе де емес, философиялық мәселе де емес, бұл әлеуметтік мәселе. Бүкіл әлеуметтік топтың бәрі қатысатындықтан, солай болып отыр. Сондықтан, жай лингвист алып келудің қажеті жоқ. Тездетеміз десек, он адам жиналып, жақсылап тұрып, жобаны ұсыну қажет. Сол он адам біздің қазақ тілінің тағдырына жауап беретіндей болу керек. Әрі олар нақты шешімдер жасап, оны үкімет басына жібергені абзал. Мәселен, бұрын бізде араб жазуы деген болған жоқ. Бірақ сол араб жазуында Мұқаң, Сәбеңдер жазды. Сондықтан мен ойлаймын, кириллица да жүре бергені дұрыс. Ал ресми түрде біреуіне ғана тоқтауымыз қажет. Нұртөре Жүсіп: Былтыр «Мінбер» сайты ма екен, Астанада үлкен бір жиын өткізді. Соған IT мамандары да қатысты. Олардың арасында Қытайдан келген бір жас жігіт болды. Сол жігіт компьютерде арнайы бағдарлама жасаған екен. Оның бағдарламасы бойынша, компьютерді басып отырып, кириллицадан төте жазуға, төте жазудан латынға еркін ауыстыра беруге болады. Бұл қазір «Егемен Қазақстан», «Қазақпарат» сайттарында балама түрде жүр. Егер осындай жетілдірілген бағдарламалар болса, бұл өте тиімді нәрсе болар еді. Мысалы, шеттегі қандастарымыз, өзіне қолайлы кез келген әліпбидегі компьютер тілін пайдаланар еді. Мұны мен ойтамызық болсын деп айтып отырмын. Бақытжан Хасанов: Кешіріңіз, Нұреке! Мұны жай ғана өз ішімізде әңгіме ретінде айтуымыз керек. Әйтпесе, ананы мойындамай қоюы мүмкін. Көлбай Адырбекұлы: «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Қазақта сондай сөз бар. Біз латын қарпін негіздеп алуымыз керек. Онда барлық күш Тіл білімі институтына түседі. Осыған дейін кириллицамен талай ғылыми еңбектерге қол жеткіздік. Тіл мәдениет жасады. Латынды қабылдасақ, күрт өзгеріс болуы мүмкін. Осыған Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының қандай дайындығы бар? Анар Фазылжанова: Ең алдымен, осындай өзекті мәселеге арнап, талқылауды ұйымдастырып отырған «Түркістан» газетінің жанынан құрылған «Алдаспан» пікірталас алаңын ұйымдастырушыларға, газет редакторына, қатысушыларға алғыс айтқым келеді. Тіл білімі институты атынан сөйлейін. Естеріңізде болса, 2006 жылдың жазында Елбасы тарапынан осы мәселе туралы саяси хабарлама жасалды. Бұл туралы Қазақстан Халықтары ассамблеясының 16 қазандағы кезекті сессиясында айтылды. «Латынға көшудің алғышарттарын, басқа елдердің тәжірибелерін зерттеп қарау керек» деген еді Елбасы. Біз оны сипап салды деп қараған жоқпыз. Шынын айту керек, институттың барлық қызметкерлері, соның ішінде, барлық тілтанушы ғалымдар бұл хабарды қуанышпен қабылдады. Өйткені, 90 жылдардың басында түркі мемлекеттері латын қарпіне көше бастағанда, Қазақстанда да сондай идея жаңғырған еді. «Бұл идея бұрыннан бар» деп, жаңа Айдос мырза жақсы айтты. Сол идея 90-жылдардың басында қайта жаңғырды. Оның қайта жаңғыртушысы, яғни себепшісі Тіл білімі институтының академигі Әбдуәли Хайдар ағамыз болды. Ол кісі 1992 жылы ұсыныс жасаған. Сол ұсыныстың қазір жүзеге асып жатқанына қуанып отырмыз. Неліктен? Кеңестік кеңістіктегі түркі елдерінің латын қарпіне көшу мәселесіне қарап отырсақ, кейбір кемшіліктер тілдік дағдарысқа алып келген. Оларда ойланбай істеген тәжірибесіздік басым. Қазір олардың бәрі түзелді. Бүгінгідей компьютерлік технология дамыған уақытта, өзіміздің оң-солымызды танып, етек-жеңімізді жинаған заманда біздің мемлекеттің латынға көшуі қиындықсыз өтетін сияқты. Оған біздің ғалымдардың да көзі жетіп отыр. Сонымен бірге, 90-жылдары латын қарпіне көшкен мемлекеттерге барған едік. Латын қарпін зерттеуге арналған арнайы көшпелі экспедиция болды. Сол көшпелі экспедицияның құрамында мен де болдым. Латын әліпбиіне ауысқан мемлекеттердің латын қарпіне көшуге құрылған үкіметтік комиссиясы және лингвистік комиссия мүшелерімен, латын графикасын жасаған ғалымдармен, осы тәжірибені оңды-солды зерттеген ғалымдармен кездестік. Сол жолы Өзбекстан мен Әзірбайжан ғалымдарының бізге айтқаны мынадай. Латын қарпіне көшкен кезде ол елдерде ешқандай дайындық болмаған екен. Латын қарпін қабылдау процесінде де, латын әліпбиіне көшудегі бүкіл әлеуметтік, мемлекеттік процесстердің барлығына қатысқандар – функционерлер. Яғни, негізгі рөлді солар атқарған. Сондықтан, көптеген қателіктер кетті. Әрі халықтың арасында да түрлі түсінбеушіліктер болды. Сауатсыздық саны артып кетті. Ғылымда кешеуілдеу пайда болды. Міне, сондықтан олардың бізге айтқаны: «Сіздер алдымен ғылыми негіздеме жасап алыңыздар», – деді. Шынын айту керек, 2007 жылдың басынан соңына дейін бір жыл бойы біздің институтымыздың басшылығы ғылым академиясының қоғамдық гуманитарлық институтының ғалымдарымен біріге отырып, үлкен кешенді зерттеу жүргізді. Мұны сіздер құлағдар болу үшін айтып отырмын. Сол зерттеулердің нәтижесінде Тіл білімі институтының басшылығымен бес түрлі ең тиімді деген қазақ әліпбиінің жобасы дайындалды. Жобаның авторы «мына кісі, ана кісі» деп айтпаймыз. Себебі, жобаның авторы болғанымен, ол барлық ғалымдардың талқылауынан, қырнауынан өтті. Талай жылдар ой елегінен өтті. Бұл жобалардың бірі интернет қолданысқа арналған. Осы бес түрлі жобаның бәрінің негізінде қазақ тілінің ұлттық дыбыстық орны сақталған. Қазақ тілінің ұлттық бейнесін сақтау – негізгі принцип болып алынды. Мұны мен неге сіздерге ерекше айтып отырмын?! Мәселен, Өзбекстанда латын қарпіне көшу тәжірибесі 90-жылдары бас­талды да, 2010 жылға дейін созылды. Яғни, жиырма жыл жүргізілді. Біз Өзбекстанның академиктерімен кездестік. Олар латын қарпіне көшу процесінде үш рет реформаның болғанын айтады. Себебі, олар әліпбиді алуда интернетке икемді болу принципін басшылыққа алған екен. Сондықтан, интернетке икемді болу принципі тілдің ұлттық принципімен кейде келісе бермейді. Мысалы, бір дыбыс­ты екі таңбамен берген. Ал жазылуда ол мүлдем басқаша болуы мүмкін. Сол себепті ұлттық принципті көрсете алмаған тұстары көп кездеседі. Сондықтан біз осы нәрсені қатаң ескердік. Мысалы қазір жоба ұсынбайтын адам жоқ. Электронды поштама күніне ондаған хаттар келіп түседі. Тіпті, еріккеннің ермегіне айналды десем де болады. Бұл жобаны ұсыну әркімнің құзырына ұсыныла бермейді. Тілде грамматология деген сала бар. Грамматология дыбыс пен әріптің қатынасын тиімді жазудың жүйесін зерттейтін үлкен бір сала. Сол үшін мұны граммотолог ғалымдардың еншісіне беру керек. Сонан кейін бірнеше рет ғылыми талқылаулардан өту керек. Сонымен бірге, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркия мемлекеттерінің латынға көшу үрдісі толықтай болмаса да, талқыланып зерттелді. Тек қана қысқа-қысқа ерекшеліктерін айтып өтейін. Мысалы, Түркияның латынға көшу процесі сегіз-тоғыз айға ғана созылған екен. Мұстафа Кемал Ататүрік 1928 жылдың маусымында бұйрық шығарады да, сол жылдың қарашасында бүкіл Түркия латын қарпіне көшіп кетеді. Бұл процесстің тез болуының себебі неде? Олар бұл процесті жүзеге асырған функционерлер деп айтқан еді. «Бұған ғылыми күштер де араласты» дейді. Әрі саяси топтар да араласқан екен. Негізінен «биліктің басында отырған саяси элита жүзеге асырды» дейді. Барлығы бірден қабылдай қойған жоқ. Қарсылықтар да болыпты. Мұның бәрі әкімшілік әдіспен жүзеге асырылды. Өзбекстанмен салыстырғанда, Әзірбайжанда бұл процесс жеңілірек өтті. Жеңілдеу өткен себебі, әліпби жобасын ұсынғанда, олар біріншіден бірнеше жобаны ұсынған. Екіншіден, Әзірбайжанның негізгі бөлігі әзірбайжан тілінде сөйлейді. Әзірбайжан тілі элиталық тіл болып саналып, орыс ұлтының өкілдері сол тілде сөйлеуге мәжбүр болған. Сондықтан олар да латын қарпіне көшуде өзбектердегідей бірнеше реформа болмаған. Бәрі ың-шыңсыз өткен. Өзбекстанда біршама қиындау өтті. Өзбек тілінің стандартталмағанында. Өзбектің жазба тілін зерттеген көбінесе орыс түркологтары. Ал қазақ тілінде бізде ұлы тұлға бар. Ол – Ахмет Байтұрсынов. Біздің мақтанатынымыз – Ахмет Байтұрсы­нов өзінің заманында араб тілінің әсерімен келген қазақ тіліндегі әртүрлі элементті қосып, жалпы халықтық тілді алған. Сол жалпы халықтық тілдің негізінде ұлттық әліпби жасаған. Сол кісінің ұлттық әліпби жасау принциптерін қазақ ғалымдары латын қарпінде де қолданды. Қазіргі кириллицада да қолданды. «Біздің кирилл жазуы қолайсыз», – дейді. Біз осыған тәжірибе жасап көрдік. Кирилл жазуыменен қазақтарға диктант жазғыздық, сосын осы әліпбимен орыстарға жазғызып көрдік. Орыстар әлдеқайда сауатсыз, қате жазады. Себебі, жаңағы біз айтқан Ахмет Байтұрсыновтың принциптерімен құрылған бұл әліпби. Латын қарпіне көшу дейсіздер. Латын әліпбиі деген тіл жоқ. Шәмшидин Паттеев: Сізге мынадай бір сұрақ қойсам, бола ма? Анар Фазылжанова: Қойыңыз. Шәмшидин Паттеев: Алғаш рет 1929 жылы көшті ғой латын әліпбиіне. Сол әліпбимен қазір сіздер жасаған әліпбидің арасында үлкен айырмашылық бар ма? Анар Фазылжанова: Айырмашылық бар. Бірақ ол айырма оншалықты үлкен емес. Екеуі де бір грамматикалық жүйенің ішінде ғой. Бірақ айырмашылық бар. Өйткені одан бері тіл талай дамыды. Шәмшидин Паттеев: Мысалы, біз сол кездегі жазылған кітаптарды қиындықсыз оқи береміз. Кейбір сөздерін байқамай қаласың, бірақ сондайлық оқу қиын емес. Айдос Сарым: Анар, сізге екі сауал қойсам бола ма? Біріншісі, өткенде Түркі кеңесі жоба деп қабылдаған жобаны көрдіңіз бе? Бес жобаның қайсысы соған жақын? Екіншісі, сол жобаларды қашан жариялайсыздар немесе қалай танысуға болады? Анар Фазылжанова: Біздің зерттеулер 2007 жылғы жазылған дүниелер. Ол 200 даналық таралыммен шыққан. Интернетке салуға бізге рұқсат берген жоқ. Екі жүз данамен орыс және қазақ тілінде брошюра болып шықты. Жаппай жариялаған жоқпыз. Сіз жаңа «фейсбукте жарияланған бірнеше жобалар бар» деп айтып отырсыз. «Сізге жоба жасамаңыз» деп айту біздің құзырымызда жоқ. Ешкімнің еркін шығармашылығына кедергі жасай алмаймыз Жанашырлық танытып, жұмыс жасағандары жақсы үрдіс. Бірақ мен бірнәрсені атап айтқым келеді. Мысалы, атомды физиктер зерттегені сияқты, тіл білімін де тіл лингвистеріне бергені дұрыс сияқты. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірді соған қарай бұру керек. «Егер менің жобамды жарияламасаңыз, мен сол жоба үшін күресетін боламын», – деп жазып жіберетіндер де болады. Осындай ойды кішкене жөндеу керек. Біздің институт ұсынған бес жобаның біреуі интернет желісіне икемделгенін айттым. Ол тура Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуымен жасалған. Бірақ мысалы, жазу ретінде біздің ғалымдар оны ала алмайды. Өйткені араб графикасының элементі басым. Тіл ғылымына қойылатын басты принцип, басқа тілдің элементін алмау керек. Өзінің ішкі жүйесінің элементтерінен құрылғаны жөн. Ал қалған төрт жобаның біреуі Әбдуәли ағайдың жобасы. Ол кісі 90-жылдардың басында осы әліпбидің идеясын жұртқа таныстыра жүріп, сол жобаны жасаған. Бірақ өзімнің көзқарасым бойынша, екі жүз миллион түркі халқы біріксе, мүмкін, бір жасанды жоба жасайтын шығар. Шын мәнінде жаппай қолданысқа түсіп кететін, жаппай бүкіл түркі тілдес халықтар қолданатын әліпби жасау мүмкін емес. Өйткені олардың әрқайсысы өз алдына жеке-жеке ұлттық тілге айналған. Олардың әрқайсысының ұлттық дыбыстық қорлары бар. Өзбек тіліндегі ең үлкен мәселе сонда, олар өздерінің жалпы халықтық тілін әдеби тілдің стандартына сала алмайды. Оларда басқа тілдің әсерлері де әдеби тілге кіріп кетті, парсының ықпалы да жетерлік болды. Ал біздің бес жоба дейтін себебіміз, «бір жобаны ұсынбаңыздар, әртүрлі пікірлер болсын» деген соң, осылай дайындап отырмыз. Жақан Молдабеков: Маман ретінде сізге тағы бір сұрақ. Лингвист ретінде сіздер дайынбыз деп есептейсіздер ме? Анар Фазылжанова: Латын қарпіне көшу қолға алынатын болса, қай жерде проблема болады деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Ғылыми негіздерінен меніңше проблема болмайды. Өйткені сол алдындағы зерттеулерде біраз бастама баршылық. Ал қоғамдық пікірлер сан-саққа кетіп, жік-жікке бөлінушілік болып кете ме деген қауіп бар. Басқа жағынан проблема жоқ. Шәмшидин Паттеев: Бұдан он жыл бұрын өту қиындау болатын сияқты еді. Қазіргінің бір жеңілдігі бар: жастардың 80-90 пайызы интернертті меңгерген, компьютердің тілін жетік біледі. Нұртөре Жүсіп: Бұл талқылау жақсы бас­тама, жақсы ниет. Оның бәрі оңынан болсын. Кейде жас ұрпақ біздің алдымызды орап кететін сияқты болып көрінеді және солай болсын деп тілеймін. Телефон, айпат, айфон... Қаншама құралдар шықты. Біз өкінішке қарай, осының бәрін өз игілімізге, ұлтымыздың игілігіне пайдалана алмай отырмыз. Мұның бәрі әріптің мәселесіне байланысты. Осында жастар отыр. Кез келген дүниені тез жасайтын тілді білетін жастар. Біз ескінің адамымыз. Сондықтан, Мағжан ақын айтқандай, мен де осы жастарға сенемін. Құтмағанбет Қонысбай: Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, мәселе баспасөз құралдарына келіп тіреліп тұр. Латынға өту туралы пікірімді сұраған еді менен жақында бір кісі. Мен оған латынға көшудің басты себебі, ол сана тәуелсіздігіне жол ашады деген едім. Осы тұрғыдан келгенде, біз журналистер осыны сана тәуелсіздігіне бастайтын жол деп түсіндіргеніміз абзал. Алдымен экономика, сосын саясат деген пікірді көп айтамыз. Бірақ қоғам да күрделі көлік сияқты. Егер оның бір деталі жұмыс істемесе, машина жүрмей қалады. Сондықтан біз кешенді түрде жұмыс істеуіміз қажет. Ұлттық идеология неге ақсап жатыр? Өйткені экономиканы алға шығарып жібердік. Оның себебі осында. Кешеуілдетпей барлық нәрсені дер уақытында жасағанымыз дұрыс. Анар Фазылжанова: Баспасөз құралдары болған соң, айтқым келіп отыр. Бұл саяси мәселе, мемлекеттік мәселе деп айтып отырсыздар. Ең алдымен, басты мәселе тілдік фактор. Егер біз кирилл жазуында қала беретін болсақ, қазақ тілінің өзін-өзі сақтау иммунитеті жойыла береді, жойыла береді. Ақырында түбіне жетеді. Иммунитет деп отырғанымыз – жай абстрактілі нәрсе емес. Кез келген тілден енген сөздерді игеру механизмдері болады. Ол механизмдердің біріне сөзді аудару жатады. Егер ол механизмдер жоқ болса, келесі бір жолы бар. Өзге тілден енген сөздердің дыбысталу жүйесін өзінің артикулияциялық базасына салып, өзінше алу. Сондай жолмен біздің тіліміз көптеген тұрмыстық заттық атаулармен байыды. Мәселен, резеңке, бәтіңке, бөрене, әмірхан. Солардың бәрі қазір ешбір орыс танымайтындай өзгерген. Енді бір қызығы, жетпіс жыл бойы осы механизм жұмыс істемеді. Неге? Кирилл графикасы біздің санамызда орыс жазуын орыс тілінде жаз деген мықты стереотип қалыптастырды. Егер біз латынға көшсек, тіл танушылардың көмегімен, жаңағы механизмдерді жаңғыртамыз. Қазір қараңыздар, қазақ тілінің орфографиясын ашсаңыздар, жарты сөзі қазақ орфографиясының ережесіне үйретеді де, жарты сөзі орыс орфографиясының ережесін үйретеді. Ешбір тілде ондай жоқ. Ең бірінші нәрсе, осы мәселе болу керек. Осыны бұқаралық ақпарат құралдары халыққа жеткізуі керек. Серік Нұғман: Латын қарпіне көшетін болсақ, тездетуіміз керек. Себебі, қазір қазақ тілі қайтадан жасарып жатыр. Өзіндік мол қорымен бірге, шет елден мыңдаған сөздер келіп жатыр. Ол енгенде түзу, есі дұрыс күйінде емес, көзі шығып, басы жарылып, сол күйінде еніп жатыр. Мәселен, мынадай бір қызық жағдайлар бар. Орыс тілінде ң әрпі жоқ. Ағылшын тілінде жазылған «ң» мен «жиді» бөледі. Сондықтан көшетін болсақ, шет елдік атаулардың заңдылығы жасалуы тиіс. Әрине, шет елдерден алғанда, оның да қиыншылығы бар. Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай, шошқа деп жазып, ит деп оқиды. Соның дыбысталуы бойынша аламыз ба, жазылуы бойынша аламыз ба деген мәселе туындайды. Тездеп көшуіміз керек. Бізге келіп жатқан мыңдаған атаулардың бәрі орысша еніп жатыр. Мұның ережелерін бекітуіміз керек. Біз оны қалай аламыз? Соны анықтағанымыз жөн. Он жылдан кейін көшетін болсақ, мыңдаған атауларды қайтадан дұрыстауға тура келеді бізге. Бақытжан Хасанов: Осыны көшіретін, ұйымдастыратын адам болуы қажет. Ол тек қана білім министрлігі болмау керек. Ол министрлер кабинеті болғаны жөн. Дұрыс ұйымдастырылмаса, әркім өзінше кетеді. Жалғас Ертай: Интернетте жүргеніме біраз уақыт болды. Менің ойымша, латынға көшуде бірнеше стереотиптік пікірлер бар. Мәселен айтайық, «қазақ тілі интернетке жарамайды» дейді. Бұл мүлдем қате пікір. Себебі, қазір қазақ тілі интернетке толығымен жарайды. Қазіргі қазақ тілін латынға ауыстыру барысында, тек «қазақ тілі интернетке ғана жарамайды екен, сол үшін ғана ауысамыз» десек, онда бұл мүлдем қате пікір деп есептеймін өз басым. Бұл жерде тілдің өзіндік грамматикалық ерекшеліктері бар. Қажетсіз дыбыстардан құтылу, артық әріптерден, сәйкесінше, сол әріптердің жанында пайда болған ережелерден құтылу үшін латынға ауысу керек деп есептеймін. Екіншіден, кириллицмен қазақ тілді ортада қатесіз жазады деген түсінік қате деп есептеймін. Интернетте қазақ тілі толығымен қате пайдаланылады. Қазақ тілінің төл әріптері ешқандай рөл ойнамайды. Бір ғана мысал. «Майл. ру»-дың барлық қызметін пайдаланатын қолданушылар осы уақытқа дейін қазақ тілінің әріптерін өз орнында пайдаланған емес. Бұл қазақ тілінің негізгі түйткілі. Қазіргі жас ұрпақ екі тілді оңай пайдалануға және латын графикасына және одан кирил