САЙЛАНҒАН ӘКІМДІ ЕЛ СЫЙЛАЙДЫ
САЙЛАНҒАН ӘКІМДІ ЕЛ СЫЙЛАЙДЫ
Бұған әлемдік тәжірибе дәлел
Саяси партиялар тағы бір мәрте жарысатын болды. Биылғы жылы елімізде әкімдер сайлауы өтпек. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл сайлаудың бұрынғы сайлаудан өзгеше болатын түрі бар. Бұл жолы әкімдерімізді демократиялық жолмен сайламақпыз. Биылдан бастап мәслихат арқылы ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енбек. Бүкіл Қазақстан бойынша барлығы 2533 әкімді сайлайтын боламыз. Бұл барлық әкімдердің 91,7 пайызы. Яғни, ауыл, округ, кент, аудандық деңгейдегі қалалардың басшыларын жергілікті мәслихат депутаттары таңдайды. Бұл туралы Елбасының биылғы Жолдауында айтылды. «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Н.Назарбаев осы шаруаны атқаруға жол ашатын қажетті заңдық құжаттарды Үкімет пен Президент әкімшілігіне бірлесіп әзірлеуді тапсырған еді. Ал әкімдерін сайлауға ауыл халқы дайын ба? Сайланған әкім қандай талаптарға сай болуы керек? Жалпы, әкімдерді сайлаудан тәжірибеміз аз емес. Осы орайда қазақ тарихындағы дала демократиясының үлгісімен өткен болыс сайлаулары еске түседі. Тарихқа көз жүгіртсеңіз, қазақ халқы қаншама ауылнай, болыс сайлауларын бастан өткізді. Дала демократиясының заңдылығымен сайланған болыстар мен ауылнайларға қатысты тарихи деректерді қазақ тарихын ақтарып көрсеңіз, көптеп кездестіруге болады. Жарайды, болыстық сайлаулар былай тұрсын. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері де бірнеше рет әкім сайлауын өткізіп үлгеріппіз. Тіпті, бір жылдары әкім сайлап та көрді. Ауылдың емес, аудан әкімдерін сайлау тәжірибесі де қалыптасқан еді. Бір кездері бұл жәй тәжірибе жүзінде секілді болып көрінгенмен, сол сайлаудың өзі қоғамды бір шыңдап алғаны рас. Сайлау өткен ауданның әкімі өзіне шын бәсекелес болатын үміткерлердің де табылатынын анық сезінген еді. Бастысы, әкімдердің көбі халыққа қай кезде де жақын болып, белсенділікті жоғалтпау қажеттігін түсінгені күмәнсіз. Сонымен, әкім сайлау қалай басталды? Естеріңізде болса, 2001 жылы 28 әкімшілік аумақта әкімдерді сайлаудың жанама түрі енгізіліп, 2005 жылы 12 тамызда төрт ауданда сайлау өткені белгілі. Бұдан соң, 2006 жылы 20 қазанда 49 аудан мен 10 қала халқы әкім сайлауына қатысты. Бірақ қоғам өз әкімін таңдауға ол кезде толық дайын деу қиын еді еді. Сайлау тақырыбы айтыла бастаған шақта ауыл әкімдерін сайлап қою қалай өтер екен деген сауал көп жұртты алаңдата бастағаны анық. Сондай-ақ, сайлау айтыла бастағаннан бері талай әкімдердің де көңілі күпті болып жүр. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені сайлаудың ережесі бойынша, кім мықты болса, жеңіс сонікі болатыны анық. Ал болашақ әкімдердің барлық жағынан мықты болуды ойлағаны да жөн шығар. Мұның бәрі уақыттың еншісіндегі дүние. Қазіргі мәселе, жұртшылықтың да көкейіндегісі: әкімдерді сайлау қалай жүзеге асады? Бұл жөнінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек баспасөз беттерінің бірінде берген сұхбатында егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысыпты. Сонымен... «Ауыл әкімдерін сайлау 2013 жылдың ортасынан басталады. Сайлау тәртібі былай: аудандық мәслихатқа аудан әкімі кемінде екі үміткерді ұсынған соң, халық атынан өкілдік ететін депутаттар дауыс беру арқылы білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті мен бағдарламасына қарап сайлайды. Осындай жобаны дайындау кезінде бірқатар мемлекеттердің тәжірибесін қарап, шетелдік мамандармен де кеңестік. Мәселен, көрші Ресейде губернаторларды сайлау кезінде мемлекеттік басқару ісінен мүлдем бейхабар, іскерлік қабілеті, қаржылық сауаты төмен адамдар түрлі жолдармен жеңіп шығып, жұмысты ақсатқаны жайында хабардармыз. Ешкімге есеп бермей, бүкіл істі шиеленістірген басшыларды шақыртып, өкілеттіліктен айыру амалы жоққа тән. Ал, бізде керісінше, егер сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе округтегі тұрғындар оның мәселе шешуге қабілетсіз екендігін айтып шағымданса, аудан әкімі Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес оны өкілеттілігінен айыру жөнінде шаралар қабылдай алады». Ең бастысы, әкім халқына жақын болуы шарт. Елдің тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын бес саусағындай білетін, әрі шебер ұйымдастырушы ғана бұл орынға лайық. Өркениетті елдердің көпшілігінде жергілікті басқарушыларды сайлау арқылы қызметке тағайындау әу бастан енгізілгені белгілі. Демократиялық жолмен сайлаймыз деп, ақсақалдар кеңесі ғана ұсынған кадрлерін жаппай тағайындаудың тағы жөні болмас. Ақсақалдар кеңесі демекші, осыған орай мынадай бір күлкілі әңгімені естіген едік. Ақсақалдар (оның көбі бір кездері билікте болған жандар) өздеріне ұнаған жас жігітті ауыл әкіміне тағайындап қойып, кейінірек оны қол бала ретінде жұмсайтын көрінеді. Әлгі жас әкімнің қызметі көбінде той-томалақта ақсақалдардың қолына су құюдан аспайды екен. Бұл не?! Бұл да демократиялық жолмен жасалған сайлаудың көрінісі ме? Әрі халықтың өзі таңдасын дегенде, ақсақалдар кеңесінің ғана немесе басқаның шешімімен жасалу керек деген сөз болмауы тиіс. Әкімдерге ғана тән (дұрысы, бүгінгі күнге дейін тән болып келген) нәрсе, жылы кабинетте отырып алып, іс-қағаздарын толтыру мен түрлі «шешімдер» шығарудан арыға аспайтын еді. Әрі оған жыл сайын өткізілетін бірсарынды есеп берулерді қосыңыз. Бұл жолғы сайлау осындай ежелгі «әдеттерден» арылтатын сайлау болмақ. Бұл жолғы сайлауда ауыл, округ, кент, аудандық деңгейдегі басшыларды жергілікті мәслихат депутаттары таңдайтын болады. Яғни, негізгі жүк мәслихат депутаттарына түсері белгілі. Бірақ мәслихат депутаттары ауыл әкімдерін таңдауда қаншалықты «әділ» шешім шығара алады. Мәселе осында?! Әлгінде ғана өзіміз сөз еткен болыс сайлауларында жергілікті байлардың болыс болу үшін қаншалықты шығынға батып жататынын тарихтан талай оқыдық та. Тіпті хакім Абайдың өзі: «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап...» деуі де тегін емес. Ендеше бар малын шығындап, әкім болғысы келетіндердің құлағына алтын сырға. Бұл жолғы сайлауда «мал шығындап, болыс болуға ұмтылатындардың» күні өтсе екен дейміз. Есесінде, таза демократиялық жолмен әділ сайлау өткізудің артықшылығы да көп болмақ. Әкім мен халық арасын жақындастыру жергілікті басқару арқылы жүзеге асырылатын болады. Тек бір ескерілетіндігі, әкім сайлауына жүрдім-бардым емес, үлкен дайындықпен келгеніміз абзал. Әрі бұл сайлауда бағы мен бабы қатар шапқан әкімдердің өз ісіне ғана емес, қазақ тіліне де жетік болғаны абзал. Елге жаққан мықты кадрдың жерде қалмайтыны тағы белгілі. Әрі ауыл әкімдерін сайлау арқылы билікті орталықтан жергілікті жерге беріп, бақылауға халықтың өзін тарту да алдыңғы мақсатта тұр. Жалпы, 2,5 мыңнан астам ауыл әкімін жергілікті халықтың тікелей араласуымен қызметке қою, өңірлердегі талай мәселенің орталықтардағы кабинеттерде емес, сол жердің өзінде шешуге зор мүмкіндіктер туғызары сөзсіз. Ол үшін жергілікті басқаруды, яғни ауылдың әкімдерін халықтың өзі сайлауы тиіс. Халықтық жолмен сайланған әкімдердің мемлекеттік қызметке деген жауапкершілігі артпақ. Құзыреті де кеңейіп, әрі құрығы да ұзарады. Әрі бюрократияның шекпені шешіліп, халықпен ашық араласу жанданатын болады.Гүлзина Бектасова