ҰБТ – ЖАРТЫ САҒАТҚА СОЗЫЛАДЫ
ҰБТ – ЖАРТЫ САҒАТҚА СОЗЫЛАДЫ
Ұлттық бiрыңғай тестiлеу үрдiсi елiмiздiң бiлiм жүйесiне енгелi берi түрлi өзгерiстер мен толықтыруларға ұшырап келедi. Жыл сайын науқан басталып, нәтижесi қорытындыланған кезде әдеттегiдей кемшiн тұстары көзге түрпiдей көрiнiп, ауызға iлiгiп жатады. Бүгiнге дейiн құрақ-құрақ жамауы бүтiнделмеген ҰБТ сынағынан кейiн көпшiлiк ата-ана мен талапкердiң ұлардай шулайтыны сондықтан.
Оқу жылы басталғаннан-ақ, мектеп табалдырығымен қоштасатын түлектердiң көңiлi күптi. Оларды күнi-түнi мазалайтын бiр-ақ нәрсе бар, ол — бақ пен баптың сынағы — ұлттық бiрыңғай тестiлеуден жоғары балл жинау және қалаған жоғары оқу орнына түсу. Алайда, жылда енгiзiлетiн өзгерiстерге етi үйренiп қалған үмiткерлер мен ата-аналар оқу жылының жартысы қырдан аса бергеннен-ақ құлақтарын түрiк жүруге машықтанған. Естерiңiзде болса, былтырғы жылы Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев: «ҰБТ кезiнде ешқандай сыбайластыққа жол берiлмейдi, тест жауаптары арнайы реестерге тiркелiп, сыртқа шығарылмайды» десе де, “ауру қалса да, әдет қалмайдыға басқан” министрлiктiң өз адамдары жауапты сатып жiберген. Дегенмен, қатаңдатылған тәртiптiң орнағанынан ба, елiмiздегi мектеп түлектерi төмен көрсеткiш бердi. Тiптi, “Алтын белгiден” үмiткер талапкерлердiң көбi бұл үдеден шыға алмады да. Мұнымен қоса, былтыр ҰБТ бағдарламасына мемлекеттiк тiл және орыс тiлiнен тест тапсыру мiндеттелген болатын. “Мектептi қазақ тiлiнде бiтiрiп жатқан түлектерге орыс тiлiнен тест тапсырудың қажеттiгi қаншалықты?” деп наразылығын естiрткен жұрттың шулағаны ел есiнде.
Сонымен, биылғы талапкерлердi қандай тосын сый күтiп тұр? Бiлiм және ғылым министрлiгi ҰБТ-ға тағы да қандай өзгерiс енгiздi? “ҰБТ — Қазақстанның бiлiм жүйесiн жақсартуда өзiн-өзi ақтады” деген тоқтамға келген Бiлiм және ғылым вице-министрi Күләш Шәмшидинова биылғы ҰБТ бойынша тест тапсырмаларының базасы әр пән бойынша 20 пайыз, ал емтихан тапсыру уақыты 210 минутқа дейiн ұзартылатындығын жеткiздi. Яғни, бұрынғымен салыстырғанда жарты сағатқа ұзартылды деген сөз. Алайда, ҰБТ талаптары сол күйi өзгерiссiз қалды. ҰБТ-ға қатысуға ниет бiлдiрген талапкерлер наурыздың 10-ы мен сәуiрдiң 25-i күндерi аралығында құжаттарын тапсырулары қажет. Ал маусым айының 1-10 аралығында 154 тестiлеу пунктiнде өтетiн сынақта талапкер әдеттегiдей 5 пән бойынша (әр пәннен 25 сұрақ) 125 сұраққа жауап берiп, кем дегенде 45 балл жинауы тиiс. Межелi баллды жинай алмағандар емтиханды қайта тапсыруға жiберiлмейдi. Сондай-ақ, апелляциялық коммиссияға шағымдану тест нәтижесi жарияланған уақыттан бастап, келесi күнгi сағат 13.00-ге дейiн жүргiзiледi. Талапкер өз өтiнiшiн сұрақтың мазмұнына немесе әртүрлi техникалық ақауларға байланысты беруiне құқы бар. Апелляциялық комиссия шағым түсiрген талапкерлермен жеке жұмыс iстейдi. Егер комиссия өтiнiштiң қисындылығын анықтап, балл қосатындай жағдай туындаса, iс республикалық апелляциялық комиссияға жiберiледi. Өтiнiштiң дұрыс, я бұрыстығын сол жерде анықтап, тиiстi шешiм қабылданады. Мемлекет биыл 34 мың орынға грант бөлiп отыр. Бiр айта кетерлiгi, былтыр жалпы тест сұрақтарының 0,6 пайызы апелляциялық комиссиямен қисынсыз деп танылып, барлығы тест iшiнен алынып тасталды. Ендi тест сұрақтарына қатысты туындайтын кемшiлiктердi азайту үшiн тест мәтiнiмен республикалық сарапшылар комиссиясы жұмыс iстейтiн болады. Десек те, “Бұл өзi дүние жүзiнде қабылданған өлшем болғандықтан, бiр пайызға дейiн кемшiлiк орын алуы мүмкiн. Тiптi, мұндай сұрақтар болған жағдайда тестке қатысып отырған баланың пайдасына шешемiз” деген Күләш Шәмшидинова тестiлеу әдiсiн әлемнiң көптеген елдерi қолданылатындығын және оның нәтижесiнде жылдан-жылға оқушылардың бiлiм деңгейi артып келетiндiгiн тiлге тиек еттi. “Биыл сұрақтардың базасы жабық тәртiпке көштi. Техникалық жағынан бәрiн қарастырып шықтық. Бұл жұмысқа тартылатын адамдардың барлығы тексеруден өттi. Дұрыс сұрақтардың жауабы Қазақстан Республикасының Құпия заңына енгiзiлiп, мемлекеттiк құпияда сақталады. Бiреу таратса, заңды түрде жауапқа тартылады” — дедi ол тәртiп пен талаптың күшейтiлгенiн ескертiп.
Былтыр Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев тестiлеудi қадағалау қиын екендiгiн айтып, келесi жылдан бастап, екi қайтара сынақ өтедi деген болатын. Осы сөзi үшiн де Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтен сөз естiген де едi. Сондықтан әзiрге бұл жүйенiң енгiзiлмейтiн түрi бар.
Айтпақшы, Ресейде де мұғалiмдер мен талапкерлер тарапынан ЕГЭ-ге қарсылық танытып жатқандар көп екен. Дәлiрегiнде, олар ЕГЭ-нiң өзiн емес, оны енгiзу технологиясын сынға алуда. Әйтсе де, төрт пәннен тест қабылдайтын жергiлiктi бiлiм басшылары оқу орнына түсетiн үмiткерлерге ЕГЭ тапсыруды мiндеттеп отыр. Бiр кездерi “ЕГЭ-нiң қажетi жоқ, керiсiнше аулақ болу керек” деп дүрлiккен Ресей билiгi ендiгi жерде мұны дұрыс шешiм деп қабылдап жатқан сияқты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ