“БТА БАНК” АКЦИЯСЫ ҮКIМЕТТЕ

“БТА БАНК” АКЦИЯСЫ ҮКIМЕТТЕ

“БТА БАНК” АКЦИЯСЫ ҮКIМЕТТЕ
ашық дереккөзі

Үкiмет экономикалық қаржы дағдарысының алдын алу үшiн маңызды қадамдарға барып отыр. “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры арқылы “БТА” коммерциялық банкiне 251 млрд. теңге қосымша қаржы бөлiндi. Яғни, “БТА”-ның 78,14 пайыз қарапайым акциясын сатып алу арқылы Үкiмет коммерциялық банктiң тығырықтан шығуына қолұшын бермек. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң айтуынша, аталған шаралар банктердiң салымшыларын құтқару үшiн жасалуда.

“Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры акционерлiк қоғамы басқармасының төрағасы Қайрат Келiмбетов: “Үкiмет пен АФН шешiмiне сәйкес, “БТА Банкiнiң” акционерi атанады. Осы бойынша бiз 1 млрд. 750 млн. долларды “БТА Банкiне” саламыз” дедi. “БТА Банкi” бөлiнген қаражат арқылы қаржылай әлеуетiн сақтап, салымшылар мен инвесторларды тартпақ. Бұл Үкiмет коммерциялық банктiң акциясын сатып алып, оны мемлекеттiк еттi деген сөз емес, керiсiнше, банктiң аяғынан тұрып, тығырықтан шыққанынша берiлетiн көмек деп түсiнген дұрыс – дейдi, “БТА Банк” Директорлар кеңесiнiң төрағасы қызметiне тағайындалған Арман Дунаев. Сол сияқты “БТА Банк”-ның басқарма құрамына “Астана-финанс” АҚ Директорлар кеңесiн басқарған Садуақас Мәмештегi мен “Самұырық-Қазына” ҰӘҚ өкiлi Сейтқали Рахимов та кiрдi.

Естерiңiзде болса, Үкiмет отырысында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Қазақстанның Қаржылық мекемелер және қаржы нарығын бақылау мен реттеу агенттiгiнiң шешiмiмен “БТА Банк” акционерлiк қоғамы директорлар кеңесiнiң төрағасы Мұхтар Әблязов пен басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары Жақсылық Жәрiмбетов атқарған қызметiнен босатылғандығын мәлiмдеген едi. Ал Ұлттық банкiнiң бұрынғы төрағасы Әнуар Сәйденов әзiрге “БТА Банктiң” басқарма төрағасының кеңесшi қызметi орынтағына отырды.

“БТА Банк” АҚ Басқарма төрағасы Роман Солодченко: “Бұл бiзге дер кезiнде көрсетiлген көмек. Осы қаржылай қолдаудың арқасында банктiң имиджiн көтерiп, тұтынушылардың сенiмiн арттыруға қол жеткiземiз. Бұдан кейiн күмән тудырған салымшылар депозиттерi үшiн еш алаңдамаса болады” дегендi айтты. Ал, Қазақстан Ұлттық банкiнiң төрағасы Григорий Марченко болса, Қазақстанда мемлекеттiк коммерциялық банктердi ұзақ мерзiмге құруға қарсы. Оның пiкiрiнше, бұл жағдайлар акционерлердiң шамасы жетпеген соң, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан төтенше шара.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ