“АЛАШ АЙНАСЫ” – БҮКIЛ АЛАШТЫҢ ҮНI БОЛСЫН!
“АЛАШ АЙНАСЫ” – БҮКIЛ АЛАШТЫҢ ҮНI БОЛСЫН!
Елiмiздiң ақпарат кеңiстiгi тағы бiр басылыммен толықты. Кеше, яғни, қаңтардың 28-i күнi бүгiнгi қазақ қоғамында орын алып жатқан мәселелерге күнделiктi ой салатын “Алаш айнасы” республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газетiнiң алғашқы саны жарық көрдi.
Әрине, “Газет – халықтың көзi, құлағы һәм тiлi” деп айтқан белгiлi публицист, ғалым Ахмет Байтұрсынов сол заманда-ақ қазақ тiлiн, қазақ мәселесiн көтеретiн, қазақтың мүддесiн қорғайтын қазақтiлдi басылымдардың көбеюiн мұрат тұтты. Құдайға шүкiр, бүгiнгi таңда Ахмет Байтұрсыновтың бұл асқақ арманына да бiртiндеп қол жеткiзiп жатқандаймыз. Алайда, әлi күнге ақпараттық кеңiстiгiмiзге ресейлiк газет-журналдар әмiрiн жүргiзiп жатқан қоғамда мемлекеттiк тiлдегi газеттердiң ақпарат айдынына енiп, өзiндiк қолтаңбасын қалыптастыруы қуанарлық жайт.
Сонымен, алғашқы және соңғы бетi түрлi-түстi қағазбен жарық көрген “Алаш айнасы” республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газетi тұңғыш нөмiрiн аты айтып тұрғандай, қоғамдық-саяси мәселелердi арқау еткен тақырыптарға арнапты. Қысқа әрi нақтылыққа бейiмделген газет тiлшiлерi сөздiң бiсмiлләсiн Елбасының Үндiстан елiне жасаған сапары мен белгiлi саясаттанушы Әзiмбай Ғалимен жүргiзген сұхбатпен бастапты. “Нарық”, “Саяси бюро”, “Қоғам”, “Өркениет”, “Дода” сияқты айдарларды қамтитын “Алаш айнасы” газетi А-2 пiшiнде, 8 бет көлемiнде тұсауын кестi.
Газет ұжымына Жаңа жылда бастаған игi жұмыстарыңыз жемiстi, шығармашылықтарыңыз табысты болсын деген тiлек айтамыз. Iске сәт қазақ тiлiн қару еткен қазақтың азаматтары!
“Түркiстандықтар”