Жаңалықтар

МИНИСТР АЛМАТЫДАҒЫ ӨНЕР ОРДАЛАРЫНДА

ашық дереккөзі

МИНИСТР АЛМАТЫДАҒЫ ӨНЕР ОРДАЛАРЫНДА

Мәдени шаһарға ат басын тiреген Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед үш-төрт күн бойы Алматыдағы бiрқатар өнер ордаларын аралады.

Әуелгi бас сұққаны Абай атындағы Опера және балет театрының шаңырағы болды. Театрға жаңа ұжым басшысын таныстырған министр мұнда жаңа балеттiң премьерасын көрерменмен бiрге тамашалады. Өнер ордасының жай-күйiмен танысып, ұжымның талап-тiлектерiне құлақ түрдi. Министр биылғы жылы аталмыш өнер ордасының 75 жылдығына орай, Германияға гастрольдiк сапармен баратынын да жеткiздi. Бұл сапар Германияда өтетiн Қазақстанның мәдениет күндерiне орай өтетiн болады.

Одан соң, министр Әбiлхан Қастеев атындағы Өнер мұражайына келдi. Мұражай құрылғаннан бергi отыз жылда онда күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлмеген екен. Өткен жылы ғана жөндеуге 260,3 миллион теңге бөлiнсе, биыл 167,2 миллион теңге бөлiнетiн болыпты. Мұражай ғимаратын өз көзiмен көрiп аралап шыққан министр: “Қаржы дағдарысына қарамастан мұражай ғимаратының күрделi жөндеу жұмыстарына бөлiнген қаржы қысқартылмайды. Биылғы жылы 2008 жылмен салыстырғанда мұражайды сақтауға бөлiнген қаржы көлемi ұлғайды. Қазiргi кезде тек жөндеу, қалпына келтiру жұмыстарына ғана 700 миллион теңге бөлiндi”,-деп қадап айтты.

Сонымен қатар, биылғы жылы мұражайдың картиналары Дрезден галереясында, Бiрiккен Араб Әмiрлiгiндегi мәдениет күндерi аясында да көрмеге қойылатындығын да айта кеттi.

Сондай-ақ, министр “Асыл мұра” гуманитарлық жобасы аясында көрнектi композитор Мұқан Төлебаевтың шығармалары енген DVD дисктiң таныстырылымында болды. Мұқан Төлебаевтың мұрағатта сақталған мұралары топтастырылған жаңа альбомымен игiлiктi жобаның алғашқы кезеңi аяқталды. Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза бұл жобаның мемлекет есебiнен әлi де жалғасын табатындығын жеткiздi.

– Жайшылықта екi қазақтың басы қосыла бермейдi, ал бүгiн төрт министр бiрiгiп, үлкен жобаның бiрiншi кезеңiн аяқтап отырмыз. Жобаның жетекшiсi – Жексенбек Еркiнбеков ағамыз. Ол кiсi ұзақ жылдар бойы Мәдениет министрлiгiн басқарып, Есетжанды, Дүйсендi және менi де тәрбиелеп, ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. Ал идеяны жүзеге асырушы – Есетжан Қосыбаев. Оның бастамасын жалғастырған – Дүйсен Қасейiнов. Менiң үлесiме “Асыл мұраның” алғашқы кезеңiн аяқтау тиiптi. Яғни, бұл төрт министр атқарған шаруа. Ұлттық мәдениетiмiздiң асыл мұраларын тарихтың қойнауынан алып шығып, халыққа жеткiзуге тырыстық, – дедi Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Алғашқы кезеңi аяқталғанымен, бұл жоба жалғасын табуы тиiс. Өйткенi, “Асыл мұра” асылдарымызды жинақтайтын, асылдарымызды ардақтайтын жоба. Күләш Байсейiтова, Амангелдi Сембин, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Жаманова орындаған әндер мен күйлердi бүгiнге жеткiзушi, ертеңгi ұрпаққа жалғаушы жоба.

Гүлзина Бектасова