Жаңалықтар

БАЛАБАҚША АҚЫСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

ашық дереккөзі

БАЛАБАҚША АҚЫСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Әр жерден “демографиямызды көтеру керек, халықтың санын 20-25 миллионға жеткiзу қажет” деген ұранды сөздер жиi естiлiп жүр. Әйтеуiр Үкiмет тарапынан берiлiп жатқан жөргекпұл мен жәрдемақыны мiсе тұтқан қазақтың алтын құрсақты аналары өмiрге ұрпақ әкелуге бел буа кiрiсiп-ақ кеткен. Тiптi, ауылдың бала тууға қабiлеттi аналары басқа басқа, ең әуелi күнкөрiстiң қамы жәрдемақы үшiн қарадомалақтар тасқынын молайтуға атсалысып жүрсе, бұл үрдiс қаланың бiр-екi баладан асыра қоймайтын аналарына да жұққан сияқты. Байқасаңыз, қазiр қалада тұратын көптеген жас отбасы бала санын кемiнде төртеуге жеткiзетiн болыпты. Әрине, бұл қуанарлық әрi құптарлық жайт.

Алайда, мәселенiң екiншi жағы бар. Ауылдың қара баласының топыраққа аунап өскенi бiзге таңсық емес. Таңертең көзiн тырнап ашып тамағын iшедi де, өз бетiмен ойнауға кетедi. Өзiмен тетелес аға-әпкелерi жетектеп, бiрiн-бiрi бағады. Қасиеттi мекеннiң таза саф ауасымен тыныстаған бала сергек әрi шапшаң өседi. Ал қалада туылған бала ше? Қалада қам-қарекет жасап, жұмыс iстемесең аш қаласың. Ананың басты мiндетi – өмiрге ұрпақ әкелу болса да, бұл заманда қаланың әйелi төрт қабырғаға байланып отыра алмайды. Оның үстiне отағасының тапқаны төрт баланы асырауға жетпейдi. Ендi қайтпек? Бұл кезде ата-ана балаларын балабақшаға берiп, екi жақтап жұмыс iстеуге бел буады. Бiрақ балабақшаның өзiне әрқайсысынан кемiнде жетi мың теңгеден алса, айына 30 мыңның о жақ бұ жағы кетедi. Егер балаң бес жасқа толмаса,онда айына он бес, он алты мың теңге құйып отыруың керек. Ал, жекеменшiк балабақшаға берсең, ай сайын 40-50 мың теңге желге ұшады дей бер. Дегенмен, дағдарыс екi бүйiрден қыспаққа алған уақытта 40 мың түгiлi 10-15 мың теңгенiң өзiн қалай және қайтiп төлеуге болады?

“Кiшкентай қызым Әуезов ауданына қарасты, Ақсай-1 шағын ауданындағы, №28 балабақшаға үшiншi жыл қатарынан барып жүр. Әуелгiде жасы бес жасқа толмағандықтан шаруашылық есеп негiзiнде он екi мың теңгенiң айналасында төледiк. Одан төлемақысы бес жасқа толған соң бюджеттiк белгiленген сома, яғни, 6-7 мың теңге шамасында болды. Қазiр мектепте даярлық тобына барып жүрсе де, түбiртекте “10 мың теңге төлейсiз” деп көрсетiлiптi. Бiз былтырдың өзiнде 7-8 мың төледiк қой, неге бұл қымбат?” деп балабақшаның шаруашылық есеп жөнiндегi бухгалтерiнен сұрасам: “Қараша айынан бастап балабақша ақысы қымбаттады. Ендi бес жасқа толмаған бүлдiршiндер 15-16 мың теңге, ал 5 жастан асқандар 10 мың теңге төлейтiн болады деп жауап бердi” деген ата-ана балабақша ақысының қымбаттағанына сенiңкiремейдi.

“Үкiмет керiсiнше, қымбатшылыққа жол бермеуге, жұмыссыздарды қысқартуға, азық-түлiк бағасын тұрақтандыруға күшiн салып жатқанда, мемлекеттiк мекемелер өз төлемақыларын неге шарықтатып жатыр?” деген сұрақ мазалады. Бiр қызығы, дәл осындай басқа да мектепке дейiнгi тәрбие беретiн балабақшаларға баласын берiп жүрген ата-аналардан сұрағанымда, әр балабақшаның бағасы әр түрлi екенiн бiлдiм. Бiрi балам беске толған едi, 6 мың төлеп жатырмыз десе, ендiгi бiрi 7 мың дейдi, тағы бiреуi 8 мың теңге беремiз дейдi. Бiрақ баласы ересектер тобына баратын бiрде-бiр ата-ана 10 мың теңгенi ауызға алған жоқ. Бiз қаржы дағдарысы белең алып жатқанда балабақша ақысының кенеттен қымбаттауын түсiне алмай, Алматы қаласы Бiлiм департаментiнiң мектепке дейiнгi және интернат мекемелерiнiң бөлiм бастығы Людмила Сейiловаға хабарластық. Ол болса, “Ата-ана баласы бес жасқа келгенше, балабақшаның коммуналдық қызметтерiне, қызметкерлердiң жалақысына және баласының тамағына төлейдi. Қазiр қала бойынша балабақшаға бару құны орта есеппен – 15-16 мың теңге. Ал баласы 5 жасқа толған ата-ана тек азық-түлiкке күнiне 350 теңгеден ғана төлейдi, бұл шамамен 6-7 мың теңгенi құрайды. Негiзi балабақшаның бағасын жергiлiктi ауданның бiлiм бөлiмi тоқсан сайын бекiтуi керек. Олар осы бекiтiлiп, мөр мен қол қойылған қағазды әр балабақшаға бередi. Онда бес жасқа дейiнгi бала төлейтiн ақшаға не кiретiнi, бес жастан асқаннан кейiнгi баланың төлемақысына не кiрмейтiндiгi анық жазылады. Жалпы, есептегенде кiшкентай бүлдiршiндер 15-16 мың теңге, ересек тобындағылар 6-7 мың теңге төлейдi екен. Дегенмен, әр балабақшаның төлем ақшасы оның алып жатқан аумағына да, балалардың санына да байланысты. Яғни, әр балабақша өзi санап, есептейдi. Бiрақ, ересек тобына баратын баланың ақшасы әрi кетсе 7 мың теңге болуы керек” дегендi алға тартты.

Бұл қалай? Балабақша қызметкерлерi ата-анаға “балабақша ақысы қымбаттады” десе, Алматы қаласы Бiлiм департаментiнiң мектепке дейiнгi және интернат мекемелерiнiң бөлiм бастығы Людмила Сейiлованың пiкiрi жоғарыдағыдай. Кiмге сенемiз? Сонда қазiр баласы бес жасқа толған ата-ана 7 мың теңгенiң орнына 10 мың теңге төлеп жүргенi ме? 10 мың теңге тұрмақ, 1 мың теңге табу мұң болған отбасы бұл ақшаны қалай төлемек?

Қазiргi кезде мектепке дейiнгi мекемеге баласын бергiсi келетiндердiң тiзiмi екi-үш мыңнан асып жығылады. Осыны бiлетiн ата-ана бұл ұзын-сонар өшiретке баласы өмiрге келе салысымен-ақ тұрып қояды екен. Ал егер балаңды тiке апарсаң, әжептәуiр “пара” беруге мәжбүр боласың. Жақында бiр танысым аяқ астынан жұмысқа шығатын боп, баласын балабақшаға беруге құлшына кiрiстi. Сөйтсе, бiр балабақшаның меңгерушiсi: “Бiз сiздiң балаңызды өшiретсiз қабылдаймыз. Ол үшiн балабақшаға өз еркiңiзбен 50 мың теңге сыйақы, жөндеу жұмысына 20 мың теңге, тағы да керек-жарақты заттарға 5-10 мың теңге бересiз” деп кесiп айтыпты. Есептесеңiз, шарасыз ата-ана бiр баласын балабақшаға беру үшiн шамамен 80 мың теңге көлемiнде шығындалуы керек екен. Не деген масқара?! Бәлкiм, тығырықтан шығудың басқа жолын таппаған ата-ана осындай соманы берiп баласын кiргiзiп жатқан болар, кiм бiлсiн? Олай етпейiн десе, баласы мектепке барар кезде келетiн алыстағы кезектi ұзақ сарылып күтуiне тура келедi.

Кезiнде жекешелiндiрудiң құрбанына айналып, мардымсыз ақшаға сатылып кеткен балабақшалар қайтадан өз қалпына келiп, мемлекет қарамағына қайтарылып жатыр. Бүгiнде, Алматы қаласында балабақша саны 159-ға жетсе, оның 132-сi мемлекеттiк. 38-сi қазақ тiлiнде, 56-сы орыс тiлiнде, қалғаны аралас. Алматы қаласы Бiлiм департаментiнiң мектепке дейiнгi және интернат мекемелерiнiң бөлiм бастығы Людмила Сейiлованың айтуынша, биылғы жылы 7 балабақша салу жоспарға iлiккен. Оның төртеуi ағымдағы жылдың бiрiншi жартыжылдығында берiледi деп күтiлуде. Ал 2011 жылға дейiн салынатын балабақшаның саны – 11. “Қазiр қазақ тiлiне деген сұраныс ұлғайып келедi, басқа ұлт өкiлдерi баласын қазақ балабақшасына берiп жатыр. Сол себептен төрт балабақшаның бәрi қазақ тiлiнде ашылатын шығар деп отырмыз” десе де, орыстiлдi және аралас балабақшаны бiртiлдiлiкке бағыттау жағы ескерусiз қалып жатқан сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ