Жаңалықтар

ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒАР ЖОЛ

ашық дереккөзі

ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒАР ЖОЛ

“Үстiмiздегi жылы қазақстандық компаниялардың барлығы буйволдардың үйiрi секiлдi буырқанып жатқан өзенге қойып кетедi. Ал 2010 жылы қайсысы арғы жағаға өте алады, қайсысын ағыс әкететiнiн көремiз”. Журналистермен ұйымдастырылған бейресми кездесуде осылайша мәлiмдеме жасаған kaspi bank жетекшiсi Михаил Ломтадзе 2009 жылдың түрдi бизнес-тәжiрибелер мен қателiктер үшiн тамаша мүмкiндiк беретiнiн айтты.

Қазақстандық жылжымайтын мүлiк нарығының бүгiнгi жағдайы, отандық және әлемдiк қаржылық құрылымдардың атқарып жатқан дағдарысқа қарсы шаралары, ҚР Үкiметiнiң, Қаржылық қадағалау агенттiгiнiң және Ұлттық банктiң дағдарыстан шығу жолдары, теңгенiң құнсыздануы, қазақстандық банктердiң сыртқы қарызы, отандық шағын және орта кәсiпкерлiктiң бүгiнгi ахуалы мен басқа да маңызды мәселелер туралы қойылған сұрақтарға кеңiнен жауап беруге талпынған kaspi bankтiң Басқарма төрағасы келешекке бекiтiлген жоспарларымен де бөлiстi.

Бүгiнгi таңда kaspi bank ай сайын 20 мыңға жуық несие беруде. Ломтадзенiң айтуынша, таратылған несиелердiң саны жағынан алғанда, kaspi bank – тұтынушылық несиелеуде ең iрi ойыншылардың қатарында. Кiрiсi тұрақтыклиенттерге арналған “Қолма-қол несие” мен бiрнеше артықшылықтарға ие несие карточкасы банктiң қызметiне иек артатын клиенттердi көптеп тартуда. “Қолма қол несие” бойынша, екi айдың Iшiнде 2 мыңға жуық азамат банктен қарыз алған. Негiзi kaspi bank екi iрi сала: бөлшектi (шағын және орта кәсiпкерлiк) және корпоративтi бизнестi несиелейдi. Банкке тиесiлi несиелiк қоржынның 60 пайызға жуығы – бөлшектi, ал қалған 40 пайызы корпоративтi бизнестiң үлесiнде. Айта кетерлiгi, 60 пайыздық бөлшектi бизнестiң 40 пайызы – шағын және орта кәсiпкерлiкке, 20 пайызы тұтынушылық несиелерге арналған. Сонымен қатар kaspi bank “Даму” қорымен тiзе қоса отырып, кәсiпкерлер қауымымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Михаил Ломтадзенiң пiкiрiнше, 2009 жылы банктерге қойылатын талаптар өзгерiссiз сақталады. Бiр жағынан алғанда, қаражатты басқару, екiншi жағынан алғанда, несиелiк тәуекелдiктi басқару: “Қазiргi кезде несиелiк тәуекелдiкке баса назар аудару тұрғысынан қарастырсақ, банктердiң барлығы қарыз алушылардың қарымын шынайы бағалауға ұмтылады. Бұл – бүгiнгi күннiң талабы. Былтыр бiз жыл бойы kaspi bankтегi тәуекелдi-менеджмент саласында көптеген шараларды атқардық. Жүйенi дұрыс қалыптасрудың арқасында, көптеген шешiмдi бiрнеше сағаттың iшiнде қабылдай аламыз”.

Әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен кезiндегi арзан әрi мол қаражаттан қағылған қазақстандық банктер бүгiнде iшкi қаржы көздерiне, әсiресе, салымшылардың депозиттерiнен түсетiн кiрiске көбiрек арқа сүйейдi. Бұл орайда да, kaspi bankтiң жетiстiгi жетерлiк. Мысалы, банкке депозиттерден жыл сайын түсетiн пайда 2-3 млрд. доллардың көлемiнде. М.Ломтадзенiң пiкiрiнше, көршiлес елдердiң қаржылық құрылымдарына қарағанда, қазақстандық банктердiң жағдайы көшiлгерi. Мысалы, Ресейдегi тек қағаз жүзiнде жұмыс iстеп келген екi мыңға жуық ресейлiк банктердiң дағдарыс алқымнан алғанда, банкротқа ұшырауы тегiн емес. Даму бағыты мен әрекет ету тұрғысынан алғанда, отандық банктер қаржылық қиындықтардан құтылуға қауқарлы. “Ал “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорына келсек, мемлекеттiң банктер қызметiне араласуын кешендi түрде қарастыру қажет. Қазақстандағы дағдарысқа қарсы күрес – ерекшелiк ретiнде бағаланатын құбылыс емес. Дағдарыстар әр 6-7 жылда қайталанып отырады. Тек бұл дағдарыс Қазақстанды алғаш рет кең ауқымда қамтыды” деп мәлiмдеген ол дағдарысқа қарсы күрестiң бiрнеше жолдарын көрсеттi: бiрiншiден, шағын және орта кәсiпкерлiк пен ипотеканы қолдауға арналған мемлекеттiк мақсатты бағдарламалар бар; екiншiден, Ұлттық банк арқылы берiлетiн кепiлдiк тетiктер мен несие беру тiзiмiн кеңейту; үшiншiден, қаражатты банк капиталына тiкелей жеткiзу.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ