Жаңалықтар

ҚОС КIТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРI

ашық дереккөзі

ҚОС КIТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРI

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң 75 жылдығына орай университетте Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң күндерi өттi.

Шара барысында қос iрi оқу орнының қызметi мен жетiстiктерiне арналған көрме ұйымдастырылып, Қазақ ұлттық университетiнiң түлегi болған Еуразия ұлттық университетiнiң сегiз профессорына ҚазҰУ-дың күмiс медалi тапсырылды. Сондай-ақ, Еуразия ұлттық университетiнiң үздiк түлектерiне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң магистратурасының бес гранты тапсырылды.

Сонымен бiрге шара шеңберiнде ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сейдiмбектiң “Қазақтың ауызша тарихы” атты кiтабының және тарихшы қаламгер Қойшығара Салғариннiң “Ұлы қағанат” атты кiтабының тұсаукесер рәсiмi өттi. Қазақ тарихына өзiндiк серпiлiс әкелетiн аталмыш екi кiтаптың тұсаукесерiне елiмiздiң белдi тарихшылары мен беделдi жазушылары қатысты. Жазушы Ақселеу Сейдiмбектiң “Қазақтың ауызша тарихы” қазақ тарих зерттеулерiндегi соны серпiлiс. Бұл кiтап қазақ халқының тарихының тереңiнен сыр шерткен шежiре мағлұматтарымен зерделенген. Сонымен қатар кiтап жеңiл, түсiнiктi, жатық тiлде жазылған. Ал қаламгер тарихшы Қойшығара Салғариннiң “Ұлы қағанатында” Қытайдың бiздiң халқымызға қатысты деректерi қазақ тiлiне аударылған. Ғалымдар қазақ тарихына өзiндiк үлесiн қосатын қос еңбекке “ата тарих” деп баға бердi. Мiне, осылай екi кiтап қазақ тарихынан сусындағысы келетiн қалың оқырман қауымға жол тартты.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ