Жаңалықтар

ЖОСПАР МЕН ЖАУАПКЕРШIЛIК

ашық дереккөзі

ЖОСПАР МЕН ЖАУАПКЕРШIЛIК

ҚР Үкiметi, Қаржылық қадағалау агенттiгi мен ҚР Ұлттық банк жетекшiлерiмен кездескен ҚР Президентi елдегi қаржылық дағдарысқа қарсы күрес шараларын тиiмдi жүргiзуге, мемлекеттiк қазынадан бөлiнетiн млрд.-таған қаражаттың тағы да ысырап етiлмей, мақсатты түрде жұмсалуын қадағалауға пәрмен бердi. Былтыр бюджеттен бөлiнген 4 млрд. доллардың “орнын сипап” қалған бiздiң билiк Ұлттық қордан бөлiнетiн 10 млрд. доллардың тағдырына жауапкершiлiкпен қарай ала ма?

Аптаның алғашқы күнi ҚР Президентi Министрлер кабинетiнiң жетекшiсiн, Қаржылық қадағалау агенттiгiнiң басшысын және елiмiздегi бiрқатар iрi банктер төрағаларын қабылдады. 2008 жылдың қарашасында Үкiмет тарапынан қабылданған Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын жан-жақты талқылау барысында Н.Назарбаев: “Мен бүгiн экономика мен қаржылық саланы тұрақтандыруға бағытталған шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ұлттық қорынан бөлiнетiн қаражаттың заңды, тиiмдi әрi мақсатты түрде жұмсалуын қадағалау мен мониторинг жүргiзетiн жұмыс тобын құру туралы шешiмге қол қойдым. Құқық қорғау органдарының жетекшiлерiнен тұратын жұмыс тобын Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды қадағалау және реттеу жөнiндегi агенттiгiнiң төрайымы Елена Бахмутова басқарады. Қаражатты пайдалану халыққа ашық, жария және түсiнiктi болуы тиiс” дедi.

Президенттiң мемлекеттiк қаржының жұмсалуын қадағалауды күшейту тегiн емес. 2007 жылдың соңында әлемдiк қаржылық дағдарыстың алғашқы сатыларында отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi, құрылыс саласы мен банк жүйесiн дағдарыстан аман алып қалу мақсатында бөлiнген 4 млрд. долларға жуық қаржының қайда кеткенiн Үкiмет те, Қаржылық қадағалау агенттiгi де бiлмейдi. Билiк пен банктер кiнәнi бiр-бiрiне жауып отыр. Министрлер кабинетi “бөлiнген қыруар қаржы уақытылы игерiлген жоқ” десе, банктер “қаражатты алу қиынның қиыны болды, билiк бюрократизмге жол бердi” деп ақталып әлек. Әрине, қаржылық құрылымдардың пайда табуға келгенде “жұмыртқадан жүн қырқатынын” ескерсек, жекеменшiк банктер 4 млрд. долларды ала салысымен, отандық экономиканы дамытуға бағыттайды деп үмiттену – аңғалдық. Осы себептi, ақшаның жұмсалуын, мақсатты игерiлуiн бақылауға алу қажет едi. Өкiнiшке қарай, қарапайым халықтың қалтасынан шыққан қыруар қаражаттың тағдырына алаңдаған билiк болмады: 4 млрд. доллардан отандық кәсiпкерлер қауымының басым бөлiгi шет қалды, құрылыс саласындағы қиындықтар шешiмiн тапқан жоқ, банктер қаражат қолдарына тиiсiмен, елге несие беруге, анығында, халықтың өз ақшасын өзiне таратуға мүдделi болмады. Демек, дүйсенбi күнi Президенттiң Үкiмет пен тиiстi органдарды жинап алып, жұмыс тобын құруы бұған дейiн жол берiлген кемшiлiктердiң қайталанбауын ескерту екендiгi анық.

Назарбаевтың қабылдауынан шыға салысымен, Министрлер кабинетi “күлтөбенiң” басына жиналды: сейсенбi күнi Үкiмет, Ұлттық банк пен Қаржылық қадағалау агенттiгi 2009 жылға арналған экономикалық саясаттың басым бағыттарын айқындады. “Бiз дайындаған шаралар жоспары мемлекет басшысының тапсыруымен орындалады және бiздiң 2009 жылды қиындықсыз өткiзуiмiзге мүмкiндiк бередi” деп ағынан жарылған Мәсiмов басты мақсат ретiнде жүзеге асырылатын отандық экономика мен қаржылық жүйенi тұрақтандыру бағытындағы 2009-2010 жылдарға арналған үшжақты Қарарды атады. Үкiметтiк жоспар қазақстандық қаржылық жүйенi, шағын және орта кәсiпкерлiктi, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды, жылжымайтын мүлiк нарығын реттеудi, көмiрсутегiлерден түсетiн кiрiске тәуелдi боп отырған қазақстандық экономиканы дербестендiрудi, жұмыссыздықпен күрестi және халықты әлеуметтiк тұрғыда қолдауды қамтиды. ҚР Ұлттық банкi елiмiздегi екiншi деңгейлi банктердiң түрлi несие берушiлер алдындағы мiндеттерiн орындауға қатысты кепiлдiк жүйесiн дайындап, оны енгiзудi мақсат етiп отыр. Ал Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды қадағалау және реттеу жөнiндегi агенттiгi отандық қаржылық құрылымдар қызметiн қадағалауды күшейте түспек. Әсiресе, қаржылық ұйымдарға тиесiлi капитал жетiмдiлiгiн бағалаудың тәсiлдерi жетiлдiрiлiп, қаржылық компаниялардың тәуекелдiк мендежментiне қойылатын талаптар күшейтiледi. Сонымен қатар Агенттiк Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн акционерлерге артылатын жауапкершiлiк жүгi арттыра отырып, салымшылардың мүддесiн қорғауды қамтамасыз ететiн жаңа тетiктерiн ойлап таппақ. Сөз жүзiнде, бәрi – керемет. Тек iсi мен сөзi жиi қабыспайтын Үкiмет қысқа мерзiм iшiнде Қазақстанды ғана емес, бүкiл әлемдi алқымнан алған дағдарысқа қарсы шараны жүйелi әрi жедел ұйымдастырса, жақсы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ