Жаңалықтар

МIНЕЗ

ашық дереккөзі

МIНЕЗ

“Сырт көз сыншы” деген рас қой, әдетте бiр ортада араласып немесе ұжымда әрiптес болып, тiптi жай бақылап жүрiп те жиi көрiп жүрген, кейде жүздесе қалған адам туралы өзiндiк ой түйесiң. Профессор Байынқол Қалиевтi көп зерттеудiң қажетi шамалы.

Өйткенi ашық, ақ жарқын әзiлқойлығы да шамалы, өзi бiртоға, үнемi бiр қалыпты жүретiн, сыпайы сөйлейтiн, нық, кейде бетке тiк айтып, шындықтың бетiне тура қарап отыратын адам. Мұнысын бiреулер принципшiл, өз дегенiнен қайтпайтын адам деп бағаласа, ендi бiреулерi мiнезi қиын деп, кейде әлiптiң артын баға сөйлейдi.

Қалай десе де, бұл кiсi де мiнез бар. Әдетте үйреншiктi күйкi тiршiлiкте адамдардың бiтiм-болмысында уақыт өткен сайын дағдылары құбылып, тiптi қасаң тартып, көзi үйренiп немесе етi өлiп кететiн тұстарда кейбiр адамдар бiр бiтiммен ғана жүрiп тұрады. Бұл кiсi осы санаттан.

Табанының бүдiрi бар, демек ешкiмге қарайламай ақ, өзi бағыт алған жолына, дiттеген жерiне тура тартады. Сүрiнбейтiнiне де сенедi, өйткенi өмiрiнiң соқпағын ешкiмнiң көмегiнсiз өзi тапқан. Ғылым жолында алған атақтарына да қайтпайтын қайсар мiнезiмен көрiнген еңбектiң арқасында жеткен.

Байынқол Қалиұлының тәрбиесiне сiңiп, бiрге келген жақсы қасиеттер студенттiң өмiрдiң ең қызықты шақтарын ерiнбей оқу, iздену, мақсатқа жету, өзгелерге ұқсамау сияқты қарапайым қағидалардан көрiндi. Соның нәтижесi 1962 ж. Душанбеде өткен Орта Азия мен Қазақстан студенттерiнiң ғылыми конференциясында “Қазақ тiлiндегi түстi бiлдiретiн сын есiмдер” тақырыбында жасаған баяндамасымен ұстаздарының есiнде қалды. Ал келесi 1963ж. Алматы қаласында өткен Орта Азия мен Қазақстан студенттерiнiң ғылыми конференциясында “Қазақ тiлiнде қырық санының қолданылу ерекшелiктерi” деген баяндамасы ғылыми көпшiлiктiң назарына iлiндi. Баяндама Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетi мен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң Мақтау қағазымен марапатталды. Қазiргi күнмен айтсақ, студент кезiнен мұндай халықаралық конференцияларға қатысу, марапат алу үлкен мәртебе, абырой әрi болашақтың бастауы. Бұл бастау С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетi жалпы тiл бiлiмi кафедрасының аспиранты болуымен үлкен ағысқа жалғасты.

Ғылым деген әлемге алаңсыз бет бұруы үшiн ғалымның өз бағыты мен жолын айқындауға негiз болатын кезеңдер болады.

Еңбек жолын Ұлттық ғылым академиясында бастағандар әдетте ғылымға көзқарасын жан-жақты жетiлдiрiп, сан-салалы бағыттардың iшiнен бiр биiктi бағындыру үшiн өз соқпағын, өз сүрлеуiн салуы тиiс. Б.Қалиұлы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң аспирантурасын 1966 жылы бiтiрген соң, Академияның Тiл бiлiмi институтында кандидаттық диссертациясын академик Iсмет Кеңесбаевтың жетекшiлiгiмен қорғауы, (1967 ж.) кейiн 1991 ж. тiлi бiлiмiнiң докторы атануы бәрi осы үлкен ғылым ордасындағы тiлi бiлiмi ақсақалдарының аялы алақандарының жылуын сезе жүрiп, өсуi, қалыптасуы өз ғылыми зерттеу бағытын саралауға негiз болды.

Адам туралы жақсы сөз, оң баға тегiн айтылмайды. Академик Әбдуәли аға Қайдар бiр сөзiнде “бiздiң Байынқол еңбектiң торысы ғой” деп едi. Мұнысы ертеден қара кешке дейiн және аптадан айларға, айлардан жылдарға жылжыған ғұмырын тек еңбекке арнап, қоғамына, айналасына сiңiрген еңбегiн, iстеген жұмысын ешбiр бұлдамай, осылай болу керек деп қана бастаған iстi аяқтамайынша тыным көрмейтiн жанның әрекетi. Бұл профессор Б.Қалиевтiң А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институында ұзақ жылдары (1974-1986) он томдық “Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгiн” жасаушылармен бiрге бас алмай сөзтiзбемен жұмыс iстеудiң бiр кiсiдей қиындығын бастан кешiрген сәтi едi. Осы Сөздiк үшiн үкiмет марапатына ие болып, 1988ж. Қазақ ССР Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты атағын алды.

1995-96 жылдары қазiргi Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тiлдерi университетiнiң қазақ және шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушiсi болды. Әрине, әлем тiлдерi университетi атына сай болуы үшiн, алдымен мемлекеттiк тiл мәселелерiн алдыңғы орынға қояды. Қазақ филологиясы кафедрасы бөлiнiп шығып, оның ғылыми педагогикалық жұмысы ендi профессор Байынқол Қалиұлының құзырында 2002 жылға дейiн болды. Кафедра меңгерушiсi осы жылдар iшiнде қазақ филологиясы кафедрасына филология ғылымының кандидаты деген ғылыми дәрежесi бар бiлiктi жас мамандарды жұмысқа алды. Солардың iшiнде жас ғалымдар Сәбит Суатай, Кенже Күркебаев, Әлия Хазимова т.б. бар. Ал кандидаттық жұмыс жазу үшiн университет аспирантурасында оқуға қаншама жастарды жiбердi. Былайғы iзденушiлердiң де ғылыми жұмыстарын қорғап, нағыз маман болуына Б.Қалиұлының қамқорлығы себеп болғанын жұрт бiледi, риза көңiлмен әрiптестерi мен шәкiрттерi де айтып жүр.

Осы Университет қабырғасында жүрiп, Б.Қалиұлы көптеген оқулықтар мен оқу құралдарын жарыққа шығарды. “Жалпы тiл бiлiмi” (2000), “Сөз мағыналарының негiздерi”, (2002) “Қазiргi қазақ тiлi” (2006), “Қазақ тiл бiлiмiнiң ғылыми бейнесi” (2008), “Танымдық қазақ тiлi” (2009) сияқты еңбектерi ЖОО-дағы қазақ тiлi оқулықтар сериясына қосқан тың мазмұн мен жаңа әдiстемелiк бағытты меңгертетiн кiтаптар.

Ал қазақ сөзiн қорғайтын қынаптан қылыш суырғандай әсер ететiн баспасөз беттерiндегi “Жат сөз жағадан алмасын”, “Термин жасау – саяси мәселе” сияқты т.б. айқайлап, атойлаған мақалалары бiр бөлек әңгiме. Қазақ тiлiнде арам шөптей қаптап кеткен шетелдiк және орыс тiлi сөздерiн осылар осыншалықты керек пе, қазақ тiлi бай тiл деп даурығамыз, сол байлықты ендi неге игермеске деп, әсiресе, терминология үшiн жаны ауырған ғалымның терминжасау, қазақ сөздерiнiң терминденуi сияқты терминологияның қиын да күрделi тұстарын батыл сынап, өзi де бiраз жаңа термин сөздер жасап, еңбек сiңiрдi. Олай болуы заңды да.

Өйткенi көпшiлiк оқырман осы кiсiнiң өсiмдiк атауларына қатысты сөздiгiн iздеп, сұрап жүрiп оқиды. Қазақ тiлiндегi өсiмдiк атауларының баспасөзде болсын, ауызекi сөйлеуде болсын оңды-солды бiрде орысша, бiрде қазақша аралас қолданылуы тiптi сорақылық едi. Қазақстандағы алты мыңнан астам өсетiн өсiмдiк түрлерiне ежелден ата-бабамыз ат қойып, айдар тағып кеткенi рас. Тiптi қазаққа таныс өсiмдiктердiң қазақша атаулары ұмытыла бастады. Қазақтар өсiмдiк атауларын орысша айтқанда тәуiр көредi. Өйткенi аузына түсе қоймайды. Оның үстiне базардағы, бақшадағы гүл, дәрiлiк шөптер тек орыс тiлдiлердiң еншiсiнде болғандай, көп атауларды солар таныстырады. Раушан, қызғалдақ, түймедақ дегеннен бұрын роза, тюльпан, ромашка дегендi жылдам айтамыз. Дәрiлiк шөптердiң түрлерiн дәрi-дәрмек алғанда iшiндегi нұсқаулықтан қазақшасын оқып, апырай, мынадай да сөз бар екен деп таңданатынымыз бар. Ал осы атауларды бiр жүйеге түсiрiп, ғылыми талдаулар жасаған тiлшiнiң еңбегi зор ақ…

Мiне, салақтық деймiз бе, әлде өз мәдениетiмiзге мән бермеу деймiз бе, әйтеуiр осы ұяттан құтқарған ғалым Байынқол Қалиұлы. Ол кiсiнiң “Қазақ тiлiндегi өсiмдiк атауларының лексика семантикалық және морфологиялық құрылымы” деген ғылыми еңбегi арқылы көптеген өсiмдiк атаулары қазақи атына қайта оралып, өз тiлiмiзде тұрақталды. Үлкен ғылыми еңбектiң жемiс ретiнде, (40 жыл бойы Қазақстанның барлық жерiн аралап жүрiп және архивтер мен экспедиция материалдарын жинаған ) осы зерттеу арқылы қазақ жерiндегi өсiмдiктер атаулары қазақша түгенделдi. Бұған дейiн биологтардың зерттеулерi мен ботаниктердiң лабораторияларында салалық терминдер қатарында орысшасымен танылатын өсiмдiк атаулары тiлiмiздегi қазақшалары жиналып, жоғының баламалары жасалып, (оның өзi 3550) сөздiкке ендi. Егер түрлi ғылым саласында жүрген әр қазақ өз саласы бойынша басқа тiлден енiп жатқан сөздерге мыңдап емес, жүздеп қана балама сөз енгiзiп жүрсе, туған тiлiне ұлт перзентi ретiнде қаншама еңбек сiңiрер едi. Алғаш рет 1993 және 2005 жылы екiншi рет басылған “Өсiмдiк атауларының орысша-қазақша сөздiгiн” жұртшылық қазiр емге таба алмайды.

Мiнез… Қазақтар бұл сөзге көп астар берiп сөйлейдi. Дұрысы таныған, бiлген адам туралы ғана көпшiлiк белгiлi бiр пiкiр түйедi. Сол пiкiрлерiне сүйене жүрiп, әлгi адам туралы образ қалыптастырады. Адам о баста қандай қасиетiмен, мiнезiмен айналасына танылды, өзiн көрсеттi сол ерекшелiгiмен бағаланады. Байынқол Қалиұлы өз ойының дұрыстығына ден беретiн, талап қойғыштығы, принципшiлдiгiмен, iске, жұмысқа деген тыңғылықтылығымен көрiндi, сол күйiнде танылды.

Тағы да бiр өзгеше мiнездерi еске түседi. Әдетте жас ғалымдардың алғашқы тырнақалды зерттеулерiн бiлiмi мол басқа үлкен ғалымдар оқып шығып, пiкiр айтуы дәстүрге айналған. Мұндайда ондай жұмыс Байынқол Қалиұлының қолына түссе, әлгi жұмыстың да, жұмыс иесiнiң де бағының шындап жанғаны. Өйткенi ол бастан аяқ оқып шығып, шын жанашырлықпен мақала ма немесе диссретациялық жұмыс па, бәрiбiр көл көсiр ескертулермен, идея қосатын бағыттармен талдап, қолына жазып тұрып ұстатады. Ғылымда iзденумен жүрген жас ғалымдарға қамқорлықты осылай көрсетедi, жетектейдi. Ал профессор Б.Қалиевтiң өзi 20 шақты ғылым кандидатын, екi докторды дайындап қорғатты. Ғылыми ортада ғалымдардың да пенделiктерi кездеседi. Тiптi жұмысты оқымай пiкiр айтатындар көсемсiп кеткенде, “ғылым, қайда барасың” деп, жағыңды тiреп, Роденнiң ойшылындай күй кешесiң. Сондай сәтте Байынқол Қалиұлындай азамат ғалымдардың болғаны көңiлге үлкен демеу. Өйткенi ондай адамдар басқа жасанды мiнез көрсете алмайды.

Туған жердiң ауасы мен дауасы ғалымның өзге кiтаптарына арқау болған. Соның бiрi – “Бiз – Таушелектенбiз” деп аталады. (2001). Жалпы Б.Қалиұлы туған жерi мен елiне перзенттiк борышын барынша адал атқарған жан. “Қызылбөрiктер” (2004), “Бiздiң әулет” (2009) деген кiтаптары “өзi болған қыз төркiнiн танымас” емес, кiндiгi байланған таулы аймағын барынша биiкке көтере басқаларға танытқан.

Мiне, сөйтiп жүрiп, жетпiске де келiп қалыпты.

“Менiң өткен жылдарым – менiң байлығым” деген өлең жолдарындағыдай, байлықты әркiм әртүрлi жинайды. Бiз бiлетiн ғалымдардың байлығы – үйiндегi кiтаптары, шаң басып жатқан, тастауға болмайтын, көз майын тауысып жазған қолжазбалары, баспадан шыққан пәлен кiтаптары, баспасөзде жарияланып жүрген мақалалары, отбасы, балалары, немерелерi, ғылыми ортадағы ұжымы, шәкiрттерi және ғылыми атақтары. Осының бәрi профессор Байынқол Қалиевта бар. Ғалымдарда жоқ басы артық жылжымайтын мүлiк – бiрнеше қымбат пәтер, тау бөктерiндегi көздiң жауын алатын саяжай, банктерде сүрленiп жатқан ақша, сатып ала алмайтын денсаулық, күн көрiс үшiн киетiн бетперде бұл кiсiде де жоқ!

Шүкiр, қалған жылдарға тиесiлi байлықтың негiзi қаланған. Тек Сiзге Алла тағала, өмiр берсiн! Өзгермейтiн Мiнез адамдықтың басты өлшемi шығар…

Гүлдархан Смағұлова, әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дiң, профессоры