Жаңалықтар

ГАЗ ДАУЫ: ТҮЙIНДЕР МЕН ТҮЙТКIЛДЕР

ашық дереккөзі

ГАЗ ДАУЫ: ТҮЙIНДЕР МЕН ТҮЙТКIЛДЕР

“Сақал сұраймын деп жүрiп, мүйiзден айырылыптының” керiн келтiрген украиндар мың текше метр газды орыстардан 360 долларға сатып алатын болды. Былтыр дау басталмай тұрып, 250 долларға келiспеген Киев транзиттiк ақыны өзгерiссiз қалдырды: 10 шақырымға тасымалданатын 100 текше метр газға – 1,7 доллар. Ал орташажылдық бағамның 228,8 доллар екендiгiн көлденең тартқан Тимошенко “газды арзанға алатын болдық” деп өзiн-өзi жұбатып әлек.

2008 жылдың 19 қаңтары күнi Киев пен Мәскеу арасындағы газ дауы шешiмiн тапты. Тараптар көмiрсутегiлердi тасымалдауда 10 жылға дейiн қиындықтар орын алмайтынын айтады. Алайда, “екi түйенiң ортасындағы шыбынның” кебiн киген кәрi құрлық ресейлiк газға қайта қол жеткiзгенмен, ЕО-ның Украина мен Ресейге деген сенiмiне сызат түстi. Еуропалық Одақ Түркиямен бiрiгiп, энергетикалық қорларды еуропалық нарыққа Ресейдiң қатысуынсыз тасымалдауға қауқарлы балама жолдарды табуға шындап кiрiстi. Бiр емес, бiрнеше рет газ дауы, баға саясаты мен саяси ықпал жолындағы текетiрестiң құрбаны болған Еуропа басты назарды Каспий жағалауындағы орталықазиялық елдерге аударып отыр. Ең алдымен Словакияға жеткiзiлген “көгiлдiр отын” еуропалық тұтынушыларды толығымен қамтыды. Өткен аптада дауласқан екi тарапты Халықаралық сотқа беруге оқталған Еуропалық Комиссияның жетекшiсi Жозе Мануэл Баррозу Батысқа бағытталған энергоқорды тасымалдау қызметi қалыпты жұмыс iстеуге көшкенiн мәлiмдедi. “Газпром” таратқан деректерге сүйенсек, 10 жылға бекiтiлген екiжақты келiсiмге сәйкес, Украина 2009 жылдың 1 тоқсанында мың текше метр газды 360 доллардан сатып алатын болған. Былтыр бұл көрсеткiш 179,5 доллар едi. Транзиттiк ақыны өзгерiссiз қалдырған (жүз шақырымға мың текше метрi – 1,7 доллар) орыстар украиндарға еуропалық бағамен емес, 20 пайызға жеңiлдiкпен (360 доллар) сатуға келiскен. 2008 жылы дау басталмай тұрып, 250 долларды қанағат тұтпаған Киев Мәскеу бекiткен бағамен келiсуге мәжбүр. Путинмен келiссөздер жүргiзген украиндардың премьерi Ю.Тимошенко өз елiне тасымалданатын ресейлiк газдың 2009 жылға арналған орташажылдық бағамы 228,8 долларға теңгерiлетiнiн мәлiмдедi: (Қосымша құн салығынсыз, тасымал мен рәсiмдеу шығындарынсыз мың текше метрге – 228,8 доллар (шекараға дейiн).

Тасымал мәселесi шешiлгенмен, тараптар арасында түйiндi түйткiлдер жетерлiк. Мысалы, “Газпром” “Украинаның тасымалдауды тоқтатуының кесiрiнен Ресей 1 млрд. доллардан астам қаржыға шығын шектi. Шығынды өндiрiп алуға құқылымыз” деп отыр. Еуропалық Комиссияның энергетика жөнiндегi комиссары Андрис Пиебалгис украиндарға ресейлiктер тарапынан тағылған газ ұрлығына қатысты айыпты растайтын деректердiң жоқтығын мәлiмдегенiне қарамастан, Мәскеу алған бетiнен қайтар емес.

Украинадағы ширығып тұрған iшкi саяси ахуал газ дауының тез арада шешiмiн табуына кедергi болды. “Жалқынсары төңкерiстен” кейiн басты қарсыластарға айналған Ющенко мен Тимошенконың тiзе қоса отырып әрекет етуiне мүмкiндiк бермедi. Киев пен Мәскеу арасындағы газ тасымалына байланысты келiсiмдi украиндардың жеңiлiсi ретiнде бағалаған Ющенко 23 қаңтар күнi Ұлттық қауiпсiздiк пен Қорғаныс кеңесiнiң жабық есiк жағдайында өтетiн кеңесiнде талқылауды көздеп отыр. Еуроодаққа бағытталатын газ бағасы әртүрлi (кейбiр елдерге – 460 доллар, кейбiрiне – 403 доллар) екендiгiн ескерткен украиндардың президентi венгрлерге бекiтiлген 403 доллармен есептегенде, “Нафтогаз” мың текше метр газдың 199 доллардан келетiнiн, ал транзиттiк ақы 1,7 доллар емес, 3,2 долларға (100 шақырымға) теңгерiлетiнiн айтады. Наразылықтарға қарамастан, Виктор Ющенконың Тимошенко қабылдаған келiсiмдi жоққа шығара алмауы, газ тасымалдау мәселесiн шешу құқығы “Нафтогаз” бен оның құрылтайшысына тиесiлi болғандықтан. Ал “Нафтогаздың” басты қожайыны – Үкiмет.

РФ премьерi Путин 2010 жылдан бастап “Газпром” да, “Нафтогаз” да еуропалық нарық стандарттарына сәйкес әрекет етуге көшетiнiн жеткiздi. Киев болса, орыстарға кеткен есенi үстiмiздегi жылдың I тоқсанында еуропалық тұтынушылардың есебiнен қайтарып алуды (қайта экспорттауды) көздейдi. Басқаша айтқанда, көктемге дейiн Украинаға “көгiлдiр отын” аса қажет емес, iшкi нарықты қолдағы қормен қамтамасыз ете алады. Ал қайта экспорттаудың арқасында, 2009 жылдың екiншi тоқсаннан бастап, кәрi құрлыққа арналған 1000 текше метр газ бағасы бұрынғысынша, 320 долларға тең болады. Есесiне, биылдан бастап “Нафтогаз” бен “Газпром” делдалдарсыз әрекет етедi. Бұған дейiн пайдаға шаш-етектен кенелiп келген швейцариялық Rosukrenergo (акциялардың 50 пайызы – “Газпромдiкi”, 50 пайызы – кәсiпкерлер Дмитрий Фирташ пен Иван Фурсиндiкi) делдалдық қызмет көрсетпейдi. Ресми деректерге сүйенсек, Rosukrenergo 2007 жылы делдалдықтың арқасында 10 млрд. доллар кiрiс түсiрген көрiнедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ