Жаңалықтар

Айдос САРЫМ: МЕМЛЕКЕТТIҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАЗАҚ БОЛУ КЕРЕК

ашық дереккөзі

Айдос САРЫМ: МЕМЛЕКЕТТIҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАЗАҚ БОЛУ КЕРЕК

Ұлт патриоттарының үнiне құлақ асылды, Алдан Смайыл, Бекболат Тiлеухан сынды депутаттардың ащы сыны Үкiметке әсер еттi. Биометриялық төлқұжатта “ұлты” деген баған сақталып, кәдiмгi төлқұжаттағы секiлдi елдегi ұлт өкiлдерiнiң қай ұлттан екендiгi тайға таңба басқандай жазылатын болды.

Бiз газетiмiздiң өткен санында осы мәселеге орай “Төлқұжатта ұлтты анықтамау: ұлтты жоюға әкеле ме, жоқ интеграцияға бастай ма?” деген мақала жариялаған едiк. Аталған мақалаға орай, көптеген оқырман хабарласып, “биометриялық төлқұжат дегенiмiз не және төлқұжатта ұлтын анықтауға қатысты халықаралық тәжiрибеден хабардар етсеңiздер” деген өтiнiш бiлдiруде. Осыған орай, бiз саясаттанушы Айдос Сарыммен әңгiменi назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Айдос мырза, Ұлт патриоттарының үндеуiне сiз де қол қойған екенсiз? Жалпы, осы бiр нәзiк те күрмеуi қиын ұлт мәселесiнiң қоғамды дүрлiктiрген себебi не деп ойлайсыз? Сiздiңше қалай, төлқұжатта ұлтты анықтамау: ұлтты жоюға әкеле ме, жоқ интеграцияға бастай ма?

— Баспасөз беттерiнде жарияланған бiр топ зиялы қауым өкiлдерi мен қоғам қайраткерлерiнiң үндеуiнiң пайда болуы тосын жағдай емес. Жалпы алғанда бiз бейуақта, ваккумда өмiр сүрiп жатқан сияқтымыз. Бiзде бұқара бар да, өз күнiн өзi көрiп, өз болашағына өзi жауап бере алатын шын мәнiндегi азаматтық қоғам жоқ! Бiзде мемлекет бар, алайда оны құрайтын ұлт жоқ! Бiзде үлкен, әлемнiң тоғыздан бiрiн алып жатқан, бабаларымыздың батырлығының арқасында қол жеткiзген кең байтақ территория бар, алайда бiрегей, баршаға ортақ ұлттық кеңiстiк қалыптаспаған! Бiздiң Тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, мемлекеттiгiмiздi қайта түлеткенiмiзге жиырма жылға таяп келедi. Алайда осы уақыт iшiнде ұлттық саясатымыздың бағыт-бағдары, даму жолдары әлi айқындалмай келедi. Керек десеңiз осы мемлекеттi құраушы, сақтаушы, тiреушi ұлт қандай болуы керек, оның негiзiн кiм құрайды деген даулар әлi бәсеңдей қойған жоқ, қайта қыза түсуде. Бүгiнгi “қазақ ұлты” мен “қазақстандық ұлт” арасындағы текетiрес соның айқын көрiнiсi, дәлелi. Бiз айтып отырған Үндеу “қазақ ұлтын” жақтаушылардың, жоқтаушылардың қарымта шабуылы деп түсiнген дұрыс шығар.

Бiзде көптен берi келе жатқан “алдымен экономика, содан соң саясат” деген жалған қағида бар. Сол қағиданың кесiрiн әлi көрiп келемiз. Жиырма жылда өз мемлекетiмiзде отырып, осы мемлекеттiң дiңгегi, ұйытқысы бола отырып, ең көп қиындық көрiп келе жатқан — өз ағайындарымыз. Билiкте отырғандар да папуастар не болмаса қытайлар емес: өз қазағымыз. Алайда осыған қарамастан, қазақстандықтардың алпыс пайызын құрап отырған бiздер қаналған, қиналған көпшiлiк кебiн киiп келемiз. Осыған дейiн жүргiзiлiп келген “ұлтаралық келiсiм” саясаты ұлттық мемлекеттi құру, тiлiмiздi дамыту, төл мәдениетiмiздi өркендету сияқты негiзгi мәселелердi кейiнге қалдыру, алдыға ысыра беру саясатына айналып кеттi. Бүгiнгi саясат “барша диаспоралардың келiсiмi, татулығы минус қазақ ұлты” формуласына айналып бiттi. Елiмiзде Қазақстан халқы Ассамблеясы деген бар. Арасында барлық ұлыстардың өкiлдерi бар. Кеше ғана интернеттен оқыдым: оның құрамына Қызылжардағы “Горькая линия” казактарының ұйымы да мүше болыпты. Ал егер осы ұйым “ұлтаралық келiсiм” мәселесiмен айналысатын ұйым десе, ол туралы арнайы заң қабылданып жатса, соның iшiнде қазақтың ұлттық патриоттық, мәдени ұйымдарының өкiлдерi неге жоқ? Сонда қазақ ұйымдары тоқалдан туған ба, әлде қалай? Бiртұтас ұлтты (тiптi “қазақстандық” дегеннiң өзiнде) қалыптастырып жатыр десе, онда “ұлтаралық” дегенiмiз не сөз? Яғни жаңа қалыптасып келе жатқан ұлтты ең бiрiншi болып жiктеп, бөлiп-жарып келе жатқан билiктiң өзi ғой!

Рас, тоқсаныншы жылдардың басында ұлтаралық жанжалдардың өршу қаупi, сепаратистiк бағыттағы күштердiң мемлекеттi бөлу қаупi күштi болатын. Ол кезде “ұлтаралық келiсiм” саясаты орынды және заңды болатын. Ал бүгiн сол саясатты қайта қарайтын уақыт жеткен сияқты. Жалпы алғанда басты қателiк — кешегi не бүгiнгi күндi бұлжымас, айнымас, қатып қалған субстанция деп қабылдау. Бiз уақытымыз зымырап, кеңiстiгiмiз тарылып келе жатқан заманда өмiр сүрiп келемiз. Жердiң өзi бұрынғыдан тезiрек айналып келе жатқанын көрiп отырмыз. Олай болатын болса, кешегiнiң қағидалары, догмалары бүгiнгi күн мен келер күннiң азығы болмасы заңды. Бiздiң билiктегiлер өткен ғасырдың сексенiншi жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдардың басындағы жағдай мәңгi бақи тұра бередi, сақтала бередi деп келедi. Алайда заман да, қоғам да ол кездерден берi күрт өзгергенiн өз көзiмiзбен көрiп отырған жоқпыз ба? Соңғы уақытта орын алған жанжалдар мен қақтығыстардың барлығына қатысып, түрткi болғандардың бәрi өз қазағымыз емес пе? Кез келген митинг, наразылық акциясына қатысушылардың тоқсан пайызы қазақтар емес пе? Билiк бүгiнгi күннен бастап таразының бiр басына алпыс пайыз қазақты, ал екiншi басына кезек-кезек орыс, шешен, күрд, немiс, кәрiс сияқты диаспораларды қойып көрсiн. Қайсысы үлкен? Қайсысының дүмпуi күштi, қауiптiрек болмақ? Тағы жиырма-отыз жылдан соң қазақтың саны сексен пайыз, қырық жылдан соң тоқсан пайыз болуы ықтимал. Бүгiнгi күнi жиырма пайыздан сәл асқан орыс диаспорасы жиырма жылдан кейiн шамамен бес-алты пайыз, отыз жылдан соң үш-төрт пайызға дейiн азаюы ғажап емес. Сол кездерi, өзбек, ұйғыр ағайындардың елiмiздегi үлес салмағы орыстармен теңеседi. Бұл табиғи, демографиялық заңдылық. Сол кездерi де бүгiнгi саясат, бүгiнгi үштiлдiлiк, еуразияшылдық сияқты мифтердi, қате мен күнәға толы химераларды азық қылып жүре беремiз бе?

Осының барлығын таразыласақ, бағамдасақ, сол Ассамблеяның өзiнде ашық талқы жүргiзу керек. Ащы да болса, шындықтың дауысы шығып тұрғаны абзал. “Болашағымыз — жарқын, билiгiмiз — дархан” деп өзiмiздi өзiмiз алдап, бiр бiрiмiздi семiрте бергенiмiзбен iс бiте ме? “Елiмiз он, жиырма жылдан кейiн қандай болады?” деген мәселелер әрине маңызды. Алайда, “елiмiз елу жылдан соң не болады?” деген мәселе де маңызды емес пе? Бүгiнгi күннен аман өтсек тәуба, ертең аштан өлмесек тәуба деп жүре берсек, ұлт бола алмаймыз! Тәубешiлдiктен тәуекелшiлдiкке өтер кез келген сияқты! Менiңше, бүгiнгi күнi әсiресе тiл мәселесiндегi қайраткерлiк пен белсендiлiк кем дегенде екi есе артуы тиiс. Мемлекетiмiздi сыйлаған, оның азаматы болып қаламыз деген әрбiр азамат оның тiлiн бiлуi — заң. Бүгiнгi күнi мектепке барған балалардың барлығы қазақ тiлiнде емтихан тапсыруы тиiс. Мемлекеттiк қызметте, қызмет көрсету саласында жүргендердiң барлығы қазақ тiлiнде еркiн сөйлеп, iс-қағаздарды жүргiзе бiлуi — заң.

— Демек, ұлтты анықтамау iсi әзiрге ерте дейсiз ғой?

— Өзiмiз көрiп отырмыз, солтүстiктегi және шығыстағы көршiлерiмiзден қайыр жоқ. Аю мен айдаһар сүйкенсе, шыбын түгiлi, барыс та, қасқыр да өлетiн түрi бар. Бiздер осы кезден бастап тәу еткен тәуелсiздiгiмiздi баянды ететiн жобаларды қарастырып, оларды iске асыруға көшуiмiз керек. Болашақта, бәлкiм жиырма-отыз жылдан соң болар, түркi халықтарының конфедерациясы құрылуы керек. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бiрақ бұның бәрi орасан зор саяси, экономикалық, мәдени, рухани астары бар табиғи процесс, заңдылық. Отыз жылдан кейiн, мәселен, жиырма миллион қазақтың сөзi өтiмдi бола ма, әлде ортақ нарығы мен ортақ сыртқы саясаты бар, ортақ парламентi мен ортақ валютасы бар, ортақ әлiпбиi мен ортақ мәдениетi бар, шамамен екi жүз елу миллионға жететiн түркi конфедерциясының сөзi өтiмдi бола ма? Осындай конфедерацияның жобасын бүгiнгi Еуроодақтан көрiп отырған жоқпыз ба? Бұл өз мәдениетiмiздi, тiлiмiздi, басқа де ерекше қасиеттерiмiздi ұмыту деген сөз емес! Бұл жиырма бiрiншi ғасырдаға қазақ ұлтын сақтаудың, өркендетудiң алғышарты, кепiлi! Жоғарыда аталған Еуроодақтағы ешбiр ел төл мәдениетi мен тiлiн ұмытып отырған жоқ қой. Сол сияқты түркi халықтары да ауызбiршiлiк танытып, аға-iнi, үлкен-кiшi емес, терезесi тең, тегi бiр, түбi бiр түркi өркениетiн жасау жиырма бiрiншi ғасырдағы елеулi оқиғаға, ең iрi әлемдiк геосаяси жобаға айналуы тиiс.

— Бiрақ, түркi мемлекеттерi бұған мойынсұна бермейтiн секiлдi…

— Кезiнде бабаларымыз түркi ағайындармен шағатай тiлiнде емiн-еркiн сөйлесiп, түсiнiсiп өткен. Тiптi жиырмасыншы ғасыр басындағы Алаш көсемдерi өз әрiптестерiмен еркiн тiлдескен. Егер бүгiнгi күнгi үрдiстер сақтала берсе, отыз-қырық жылдан соң туыс түркi елдерi тек ағылшын тiлi арқылы тiлдесетiн жағдайға тап болуы ықтимал. Осы бiр кауiптi процестерге төтеп берер жолдар бар. Ең алдымен дәл бүгiнгi күнi қазақ әлiпбиiн латын графикасына ауыстыру жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаны қабылдау керек. Бәлкiм, бұл процесс он жылда, он бес жылда өтуi керек шығар. Бiрақ өтуi керек. Әлiпбидi өзгерту — тағдырымызды өзгертумен тең! Рухани құлдықтан, отаршылдықтан арылумен тең! Бүгiнгi күнi қазақ, қырғыз, татардан басқа iрi түркi ұлттар мен мемлекеттердiң барлығы латын графикасына көштi. Бiздер солтүстiктегi көршiмiз не дер екен деп жалтақтай берсек, өз ағайындарымыздың өзiнен қалып қаламыз. Ақыры атқарылар шаруа болғандықтан, осы мәселенi бүгiннен бастап дайындап, артық-кемiмiздi түгендей бергенiмiз жөн. Тағы бiр бағыт — түркi халықтарының Тiл институтын құрып, оның әр елдегi ұлттық бөлiмшелерiн құру керек. Бұл институттың жұмысының басты мақсаты түркi тiлдерiнiң ортақ Сөздiгiн жасақтау. Осы арқылы әр ел мен ұлт өз тiлдерiн модернизациялауға, дамытуға мүмкiндiк алады. Тiлiмiздiң сөздiк қорын дамыту, жаңа сөздердi, баламаларды iздеу, оларды тiлiмiзге енгiзу үшiн түркi тiлдерiнен артық қай тiл бар? Әр түркi елдерi өзiндiк ерекшелiктерiн сақтай отырып, жаңа шағатай тiлiн не болмаса жаңа түркi эсперантосын дайындауы да қажет болуы мүмкiн. Бәлкiм, жаңа шағатай тiлiн ортатүрк деп атау тиiс шығар. Түркi елдерiнiң латын графикасына негiзделген әлiпбилерiнiң бiрiздiлiгiн, бiрнегiздiлiгiн қамтамасыз ету керек.

— Жалпы, “ұлты” деген бағанға Батыс Еуропадағыдай барлық ұлтты “қазақ” (яғни, мемлекетке атау берген ұлттың атымен) деп атаған жөн бе?

— Ерте ме, кеш пе, бiздiң елiмiздiң атынан “стан” деген тiркеу алынуы қажет деп санаймын. Яғни елiмiздiң аты — Қазақ республикасы болуы заңды. Ұлтымыз — “қазақ ұлты”. Бүгiннiң өзiнде орыстың не болмаса шетелдiң басылымдарын қараңызшы. Екiнiң бiрiнде “қазақ спортшысы Ильин”, “қазақ министрi Школьник”, “қазақ бизнесменi Машкевич” деп жазып отырады. Қызығы бүкiл әлем осылай деп жатқан кезде, бiздер оларды орыс, еврей тағы басқа деп жатамыз. Осы үрдiске салсақ, Герольд Бельгер ағамыз — “немiс тектi қазақ”, Клара Хан апамыз — “кәрiс тектi қазақ”, Асылы Осман апамыз — “әзiрбайжан тектi қазақ” деп кете бергенi абзал.

Егер бүгiнгi күнi елiмiздiң ең басты һәм күрделi мәселесi — “қазақ мәселесi” шешiлген болса, ешкiм де шулап, үндеу қабылдап жатпас едi. Бiздiң билiктiң де ойлау қабiлетi, шешiм қабылдау деңгейi таңғалдырады, қайран қалдырады. Үндемей, ешкiммен ақылдаспай, санаспай, жөнi түзу “дөңгелек үстел” өткiзбей жатып, осындай шешiмдердi оңды-солды қабылдай бередi. Өз басына бәленi өздерi тiлеп алып отыр. Бұл тек ұлт мәселесi емес, кез келген мәселе бойынша. Кеше ғана автокөлiк иелерi талон сатып алуы керек деп, барлығын қойдай маңыратып, кезекке тұрғызып, дүрлiктiрiп алып, кеше “талондар заңсыз екен”, “оларды атымен жою керек екен” деп, түк болмағандай бола қалатыны қай сасқаны?

Биометриялық төлқұжаттарды енгiзу қажет екенi сөзсiз. Бiрақ, сол Бәлиеваның қызметкерлерiнiң бар iстi тындырып алып, артынан “ұлты” деген бағанды қалдырсақ, iсiмiз оңбайды, ИКАО-ның стандарты қатал, мүшелiктен айрыламыз” деп сес көрсетуi не сандырақ? Мен сол ИКАО-ның құжаттарын ерiнбей қарап шықтым. Биометриялық төлқұжаттарға деген белгiлi бiр талаптар бар, алайда онда дәл осылай етпесеңдер, бастарыңды аламыз, есiгiмiзден қаратпаймыз деген әңгiме жоқ. Оның үстiне, төлқұжаттардың барлығы да мемлекеттiң және азаматтың меншiгi! Төлқұжат бiр беттен тұратын қатырма қағаз емес. Бiрiншi бетiне болмаса, екiншi бетiне “ұлты қазақ” не “ұлты чукча”, “ұлты шүршiт” деген сөздi жазудың еш қиындығы жоқ. Ақыры үкiметтiң қаулысын дайындаған Бәлиева да, оған қол қойған Мәсiмов та “сасқан үйрек артымен жүзедiнiң” кебiн киiп отыр. Халықтың барлығын ақымақ қылып, дүрбелеңге салып, үндеу жазғызып, бүлiкке итерiп алып, үкiметiмiз райынан қайтты, қабылданған шешiмнiң күшiн бұзды. Сонда осындай ысырап пен абыройсыздық үшiн кiм жауап бередi? Босқа кеткен салық төлеушiлердiң қаржысынан құралған бюджеттiң ақшасын кiм өтейдi? Әттең жөнi түзу демократиялы елде өмiр сүрiп жатқан жоқпыз! Басқа елде бiздiкiндей жағдай болса, депутаттары мен баспасөзi “күнәһар” министрлердi түтiп, оларды саясатқа оралмайтындай етер едi, прокуроры мен соты миллиондаған шығындарды шенеунiктерден сығып алар едi. Бiздер болсақ, “әттең”, “әкең” деймiз де қоямыз…

— Демек, бiз “қазақ” терминiн де, “қазақстандық” терминiн де қолдануға дайын емеспiз ғой?

— Осы орайда мынаны айтпасақ болмас. Бiзде “ұлт”, “ұлтшылдық” деген ұғымдарға деген көзқарасымыз мүлдем дұрыс емес. Олардың түсiнiктерi, пайымы, коннотациялары кеңестiк заманда қалыптасып қалған. Негiзiнен жағымсыз ұғымға саяды. Өз ағайындарымыздың “шолақ белсендiлiгiнен” туындаған бұл үрдiстi атымен жою қажет-ау. Әлi күнге дейiн “ұлтшыл” деген сөз бiр түрлi ерсi естiледi. Оған қоса Желтоқсанның сызы, “отыз жетiнiң” үрейi сезiледi. Бұл дұрыс емес. Мен Батыс Еуропаның “ұлт”, “ұлтшылдық” феноменiн зерттеген ең мықты деген ғалымдары мен философтарын оқып шыққам. Олардың барлығы дерлiк “ұлтты ұлтшылдық емес, керiсiнше ұлтшылдық ұлтты қалыптастырады”, “мемлекеттi қалыптастырудың ең озық және тиiмдi түрi — ұлттық мемлекет (нация — государство)” деп түсiндiредi. Олай болса бiздiң идеологсымақтарымыз бен философсымақтарымызды тыңдай берудiң қажетi шамалы. Бiздiң билiктегiлер, зиялы қауымның бiразы сол кеңестiң заманның “продуктiлерi”, “жемiстерi”. Оларға бiр сөзбен, орысша айтсақ, “совок” деп баға беруге болады. Өкiнiшке орай, осы “совоктың” қазақша баламасы жоқ екен. Жаңа неологизм, жаңа сөз керек болса, соларды қазақыландырып, “кеңесек” деп атайық. Сол “кеңесектердiң” нағыз өзi.

— Жалпы, биометриялық төлқұжат кiмнiң тәжiрибесiне сүйенiп жасалып отыр?

— Биометриялық төлқұжат деген әлемдiк үрдiс. Олардың қажеттiлiгi АҚШ-тағы 2001 жылғы атышулы лаңкестiк актiлерден кейiн пайда болды. АҚШ, Еуропа елдерi бастап, оларды БҰҰ қостап, жаңа заманға сай, технологиялардың жетiстiктерiн ескеретiн төлқұжаттар керек деп ұйғарылды. Бүгiнгi күнi әлем елдерiнде биометриялық құжаттар миллиондап берiлiп жатыр. Көршiлес Ресейдiң өзiнде осындай төлқұжаттарды иеленушiлердiң саны бiр миллион адамға жақындап қалды. Бiзде бұндайлардың саны әзiрге үш мыңға да жеткен жоқ. Кешегi премьер-министрдiң тапсырмасынан кейiн олардың да күшi жойылатын болар.

Биометриялық төлқұжат дегенiмiз — электронды тетiгi (чипы) енгiзiлген төлқұжат. Сол “тетiктiң” iшiнде әрбiр азаматтың жеке басына қатысты деректерi (аты-жөнi, тегi, азаматтығы т.с.с.) және бетiнiң сандық фотографиясы сақталады. Мамандардың айтуына қарағанда, адамның бетi мен көзiнiң қарашығы ешқашан өзгерiске түспейдi екен. Адамдар өзiнiң қолсаусақтарының суретiн өшiру үшiн талай әрекет жасай алса (өшiру, қышқылмен не химиялық коспалармен күйдiру т.б), көзiн ойып алмайды ғой! Оның үстiне адамның бетiнiң электрондық сандық суретi жүздеген “нүктелерден” тұрады. Адам семiрсе де, арықтаса да, сау болса да, мас болса да жаңағы “нүктелердiң” көбiсi сақталып отырады. Биометриялық төлқұжаты бар адам шекарадан өткен кезде оның бетi автоматты түрде суретке түсiрiлiп, ол сурет құжатындағы электронды сандық фотографиямен салыстырылады. Егер сол адам мен оның құжаты толығымен сәйкес келсе, ол еш қиындықсыз өте бередi. “Электродны төлқұжаттың” қарапайым төлқұжаттан артықшылығы, оның iшiне барынша көп ақпаратты сиғызуға болады. Болашақта оған көптеген деректердi, адамның ұлты түгiлi он жетi атасының тiзiмi, атқарған қызметтерi мен қылмыстары, таныстары мен туыстарының тiзiмi толық сияды.

Әр елдiң өз төлқұжаты, өз заңнамасы, өз талабы бар. Мысалы, араб елдерiнiң бiразында азаматтардың дiнi туралы да ақпарат болады, ал Еуропа елдерi үшiн адамның дiни көзқарастары аса маңызды емес. Бiр елде құжатта азаматтың туған ауылына дейiнгi ақпарат тұрады, ал шетелдiктер үшiн сенiң “Қызылжарың” мен “Георгиевкаңның” қажетi шамалы, келген елiңнiң аты да жетедi. Осы себептi БҰҰ-ның тапсырысымен Халықаралық стандарттау ұйымы мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) бiрiгiп биометриялық төлқұжаттарды дайындау жөнiндегi ең қажеттi “минимум-талаптар” тiзiмiн жасап шыққан. Ол талаптар негiзiнен барлық елдерге бiрдей техника мен жабдықтар, төлқұжаттағы “тетiктердiң” бiркелкi болуына қатысты. Олардың басты талабы — Қазақстанда жасалған төлқұжаттағы “электронды тетiк (чип)” Қытайдың болсын, Мексиканың болсын әуежайындағы компьютер арқылы “оқылуы”. Сол тетiкте “сақталатын” ақпараттың ең қажеттi, ең маңызды “минимум-көлемi” ғана. Ал сол төлқұжаттың түсi, түрi, өрнегi, жазуы т.б. қаситеттерi әр мемлекеттiң жеке шаруасы. Электронды құжатта белгiлi бiр ақпараттардың көлемi көрсетiлсе, компьютерге жетiп жатыр. Ал құжатыңның “қағаздық” нұсқасындағы ақпараттардың кiмге зияны бар? Сондықтан, тағы да қайталайын, бiздiң Әдiлет министрлiгiмiз жоқ жерден дау туғызып, онсыз да ашынып жүрген халықты әуреге салды.

— Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ