“АЮ” ҰЙҚЫСЫНАН ОЯНДЫ
“АЮ” ҰЙҚЫСЫНАН ОЯНДЫ
Ұлы Орыс қоғамы құрылып жатыр
Газетiмiздiң 9 қаңтар күнгi санында “Екiбасты самұрықтың сипаты …” атты мақала жарық көрдi (авт. Ж.Шағатай). Мақала көптiң көңiлiнде жүрген ойды қозғады. Аңдап қарағанға iргемiздегi алып елдiң жүрек соғысы өзгерiп, iшкi өмiрiнде әлдебiр қозғалыс барын байқау қиын емес. Әрi бұл өзгерiс кешелi-бүгiнгiнiң үлесiнде емес, бiраз жылдар бұрын басталғаны анық. Кей белгiлерi қазiр ғана көзге түсiп, анықтала бастаса да, нақты нәтижесi түгел бiлiнген жоқ. Тамырымыз бөлек болғанымен, тағдырымыз ортақ көршiмiздiң ауласына тағы да көз жүгiртудiң ретi келiп тұр.
Тышқан жылы көршiмiз Ресей үшiн оңай жыл болмады. Патшасы ауысып, таққа әлi ауызданбаған жас тарлан отырды. Ельцин кетiп, Путин келгелi қайта оянған орыс империалистiк рухы айналасына өз пәрменiн тезiрек орнатуға құштар болды. Әуелi Украинамен, сосын Грузиямен арасы ушықты. Қарыз ақшасын төлеудi талап етiп, көршiлерiн бiр ықтырып алған соң, жер жүзiне орыс қандастарды қолдайтынын хабарлап, “орыс картасын” жариялады. Сонда да орыс амбициясы сабасына түсе қойған жоқ. Кешегi әлемдiк экономикалық дағдарыс салдарын саралай келiп, Медведев оған тiкелей АҚШ әкiмшiлiгiнiң жауапсыздығы кiнәлi екенiн өз мiнберiнен мәнерлеп тұрып айтты. Ресейдiң ендiгi көздегенi не? Әлемдiк аренада ұзақ уақыт бойы жалғыз өзi үстемдiк құрған АҚШ экономикалық қиыншылыққа шырмалған тұста, сахнаға шығар жаңа ойыншылар құрамына ену, енгенде, басым түсу.
Ресейдiң империалистiк амбициясы мемлекеттiк басқару аппаратынан қарапайым халыққа дейiн астыртын тұспал, жасырын насихат арқылы жеткiзiлiп отыр. Көкөрiм қазақ жастарын өлiмге қиған қандықол қылмыскерлерiн, көккөздiлерден өзгеше кескiндiлердi тапа-талтүсте жәбiрлеп, кейбiреуiн шiмiрiкпестен өлтiрiп кетiп жүрген тақырбастарын тыймай отырғандығы да содан. Көше кезген тақырбастардың “Ресей тек орыстар үшiн!” деп ұран тастауы мен Кремльдiң “Дүние жүзiндегi әрбiр орыс Ресейдiң қамқорлығында!” деп ресми түрде жар салуының арасында қатар түскен пойыз рельстерiндей ұқсастық, болмаса бiрiздiлiк жоқ па?
Ресей федеративтi мемлекет болғандықтан, онда өмiр сүретiн түрлi халықтар арасында ұлттар достығын сақтау – саясаттың күн тәртiбiнен түспес мiндетi болса керек-тi. Әрине, “бiз көпұлтты мемлекетпiз” деп мәлiмдеме жасағанды жақсы көретiн Кремль басшылары “ұлтаралық татулықты сақтау мемлекеттi күшейтетiн бiрден бiр жол” екенiн жоғары мiнберлерден көп айтады. Бiрақ сол Медведевтiң өзi Федералдық жиын мүшелерiне жасаған тұңғыш Жолдауында “ұлтаралық татулыққа әлеуметтiк жағдай әсер етедi” деп мәлiмдеме жасағанын не деп түсiнесiз? Былтырғы бiр жаздың өзiнде скинхедтерден 70 адам зәбiр-жапа шеккен, оның 9-ы қайтыс болған. Ресейдiң “Эксперт” басылымы 9-желтоқсанда қазақ жiгiтiнiң қаза болуына шектен шыққан ұлтшылдық кiнәлi деп жазды. Осындай жағдайда ел басшысының қоғамда мұндай құбылыс мүлдем жоқ сияқты ол туралы ләм-мим деп сөз қатпауы… ойлантады. “Ұлтаралық бейбiтшiлiк – бiздiң басты құндылықтарымыздың бiрi” дейдi Медведев, сөйтедi де “…этносаралық, конфессияаралық қарым-қатынасты ушықтыратын мәселелер баршылық. Олардың iшiнде жұмыссыздық (әсiресе, еңбек адамдары тығыз орналасқан аймақтарда), жер қатынастарының құқықтық реттелмеуi, заңсыз миграция және тағы басқалар” деп жақауратып санамалап өтедi. Ал “скинхедтердiң” соңғы жылдардағы әрекеттерi немесе шетелдiк азаматтардың Мәскеу көшелерiнде жүйелi түрде белгiсiз бiр топтар тарапынан “шабуылға” ұшырауына қатысты жұмған аузын ашпайды. Жоғарыда аталған мәселелердiң астарын Медведев әлеуметтiк-экономикалық себептерден көредi. Тақырбастар қазақ қыз-жiгiттерiн тонау мақсатында өлтiрiп жүрген болды ғой сонда?!
“Кремль КСРО-дан тек зымыран қуатын, қарыздары мен әскери нысандарын ғана емес, Америкаға деген бiтпес бақталастығын да “мұрагерлiкке” алған ба?” деп қаласың. Шешенстандағы екi соғыстың кезiнде “бiздiң территориялық бiртұтастығымызға нұқсан келтiрушi болмаңдар, бұл бiздiң iшкi мәселемiз” деп сес көрсеткен Кремль Грузияның конституциялық территориясынан Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның бөлiнiп шығып, тәуелсiз мемлекет болуына көмектестi. Сөйте отырып, Грузиямен болған әскери қақтығысқа да АҚШ кiнәлi деп мәлiмдедi. Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiз ел болуына көмектесуiн Ресей аз халықтарды қорғау түрiнде қарастырып, өз құндылықтарына жатқызады. Осының өзi Кремль амбициясының жер жүзiне социалистiк жүйенi күштеп болса да ендiрмек болған Коммунистiк партияның амбициясына пара-пар екендiгiн аңғартады…
АҚШ-тың экономикалық қиыншылыққа тап болуы оның әлемдiк саясаттағы ықпалының азаюына әкеледi деген тұжырым былтырдан берi айтылып жүр. Американың үстемдiгiн мойындайтын елдер бұл көзқарасты бос пiкiр деп бiлсе де, ресейлiктер бұған қуанбаса, ренжи қоймас. Тiптi, ендiгi ғасырда әлемдi АҚШ емес, Ресей билейдi дегенге саятын пiкiр айтады.
Кремль көршiлерiн ықтырып алуда экономикалық тетiктердi де пайдаланатындығын ашық байқатып жүр. Бұл жөнiндегi Ющенконың мәлiмдемелерi көбiне құр байбаламға ұқсағанымен, астарында шындық бар екенiн байқау қиын емес. Ресей мен Украина арасындағы Еуропаға газ тасымалына қатысты ушыққан мәселенi ресейлiк баспасөз “газ соғысы” деп атап та кеттi. Құдайға шүкiр, iс насырға шаппай тұрғанда екi ел ымыраға келiп, ресейлiк газ Еуропаға кiдiрiссiз өте бастады.
Кремль қаржылық дағдарыс салдарларымен күресуде барлық мүмкiндiктi сарқымақ. Дмитрий Медведев өз Жолдауында: “экономикалық дағдарыстың көкесi әлi алда” деп мәлiмдедi. Ол Үкiметтiң дағдарыспен күресу бағдарламаларын тезiрек қолға алу керектiгiн баса айтып, дағдарыстың шығуына басты кiнәлi АҚШ деп мәлiмдеме жасады. Ал оның президенттiк билiк мерзiмiн алты жылға ұзартуға байланысты Конституцияға өзгерту енгiзу туралы ұсынысының өзi Ресейде жуық арада айтулы саяси оқиғалардың болуы мүмкiн екендiгiне меңзейдi. Қызметiне ендi кiрiскен президент өз аузымен өкiлеттiк мерзiмдi аттай екi жылға созуды сұрап тұрса, мұның тегiн емес екенi түсiнiктi емес пе? Алдағы онжылдықта Кремль күштi президенттiк билiктiң бағы таймауын қалап отыр деген сөз.
Экономикалық дағдарыстың туындауына АҚШ-ты кiнәлап отырса да, Кремль бұл құбылысты өз қуатын арттыру үшiн пайдалануға асық. Кремльдiң стратегиялық мiндеттерiнiң бiрi – әлем экономикасында пайда болған “бос кеңiстiктердi” жаулау. Алдыңғы қатарлы технологияларды дамытып, жаңа кәсiпорындар ашу. Осының бәрiн орыс ойы ұлттың бәсекелестiкке қабiлетiн арттыру тетiктерi ретiнде қарастырады.
Дағдарысқа қарсы төрт “И” концепциясы ұсынылып отыр: институттар, инвестициялар, инфрақұрылым және инновация. Ендi оған бесiншi “И” – интеллект қосылды.
Медведев жыл сайын Үкiмет Мемлекеттiк дума алдында есеп берiп отыруы керек дедi. Бұл үшiн Федералды жиынның конституциялық құзiреттерiн кеңейту керек. Мемлекеттiк думаның өкiлеттiк мерзiмiн 5 жылға ұзарту да айтылды.
Тамыз оқиғасы кезiнде Ресей өз азаматтарын қорғау үшiн неден болса да тайынбайтынын байқатты. Ұлттық мүдденi бәрiнен жоғары қоятынын аңғартып, халықаралық қауымдастыққа қыр көрсететiн сыңай танытты.
Десе де, Кремль Оңтүстiк Осетия мен Абхазиямен ғана шектелмейдi. Ол Днестр мен Таулы Қарабақ аймақтарында да “реттеушi” ролiн атқармақ. Медведевтiң сөзiмен айтқанда, “…Осыған байланысты бiз халықаралық құқық нормалары негiзiне сәйкес шекарамыз шектесiп жатқан аймақтарда тұрақсыздықты жоюға бағытталған iс-әрекет жасаймыз”.
Жаңа ғасырда Ресей қару-жарақ қуатын жаңартуға күш салатын сияқты. Медведев армия мен флотты заманауи техникамен қамтамасыз ету жөнiнде Үкiметке арнайы тапсырмалар берген. Ресей Қарулы күштерi бiр-екi жылда жаңа реңк, жаңа өңге ие болуы мүмкiн. Америкалық ПРО жүйесiнiң Еуропаға енгiзiлуiне қарсы соған сай әрекет жасап жатқаны ақиқат. Кремль Козельск қаласында әскери кезекшiлiкте тұрған ракета дивизиясының үш полкын таратпауға шешiм қабылдады. Оның үстiне, Калининград облысында “Ескендiр” атты ракеталық кешен орнатылмақ. Осы аймақтан АҚШ ПРО жүйесiнiң нысандарын радиоэлектрондар арқылы тежеу қарастырылған. Бұл Кремль ашық жария еткен жобалар. Ал құпия жобалар қаншама?
Дегенмен де, “үнемi бiздi қорқытқысы келедi” деп Американы кiнәлағанмен, Кремльдiң өзi де әлемдi қоқан-лоққымен уысында ұстауға кет әрi емес. Жоғарыдағы жоспарларды әлемге жайып салудың бiр сыры осы пиғылда жатыр ма деймiз.
Сөйте тұрып, Кремльдiң Ресей-АҚШ қарым-қатынасындағы өзгерiстерге деген жауапкершiлiктi Ақ Үйдiң мойнына артатыны қызық.
Ал өзiнiң әскери қауiпсiздiк мәселелерiнде одақтас ретiнде Ресей, әрине, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiм-шарт ұйымын да пайдалануы әбден мүмкiн. Бұл орайда Мәскеу Достастық мемлекеттерiнiң қолдауынан дәмелi.
Медведев Ресейдiң бүгiнi мен болашағын саралап, ауқымды бағдарламалар қабылдап жатқанда, қазiргi премьер-министр Владимир Путин 19 желтоқсан күнi Кремльде мемлекеттiк қауiпсiздiк органдары қызметкерлерiнiң мерекесiне орай өткiзiлген кеште “Ресейдi әлсiретуге бағытталған кез келген әрекет аяусыз басып-жаншылады” деп мәлiмдедi. Өз стилiне сай қысқа-нұсқа әрi … анық. Путин қауiпсiздiк органдарын, ФСБ, СВР, ФСО-ларға iшкi терроризм мәселесiн бiржола шешудi және Ресейдегi бандалық топтардың сырттан астыртын көмек алуының жолын кесудi мықтап тапсырды.
Орыс ойы сан саланы қамтып, жан-жақты дамып барады. Мұны кино, әдебиет, өнер, ғылым салаларында туып жатқан дүниелерге қарап бағамдауға болады. Орыс ойының ауқымдылығы әрi таң қалдырып, әрi сүйсiнтедi.
Кино саласын алайық. Осыдан бiраз жыл бұрын Мәскеу киностудиясы әртүрлi тақырыптардағы киносценарийлерге байқау жариялады. Осындай байқаудың “НТВ” телеарнасында 2003-2004 жылдары өткенiн байқағанбыз. Ресейдiң түкпiр-түкпiрiнен аты-жөнi белгiсiз жас авторлар осы байқауға түрлi жанр, сан алуан тақырыптағы өз дүниесiн әкелiп тапсырды, оның бәрi сараптаудан өттi, оқшау ойы барлары екшеп алынды. Айналасы төрт-бес жылда Ресей iшкi рынокты да, ТМД рыногын да тың тақырып, соны идеялы, заманауи үлгiде түсiрiлген жаңа телесериалдармен “толтырып тастады”. Қазақстандық көрермен олардың бiрқатарымен таныс. “Алғашқы қарлығаштардың” бiрi “Бедная Настя” кинороманы орыстың кешегi тарихымен қайта қауыштырып, салт-дәстүрiн насихаттап, ұлтқа деген сүйiспеншiлiкке үндейдi. Қазақ телевизия әлемiнде алғаш “есiк ашқан” аргентиналық, бразилиялық телехикаяттардың орнын қазiр ресейлiк кинохикаяттар басқан. Телеэфирдiң көп бөлiгi солардiкi: “Родные люди”, “Тени прошлого” т.б.
Телехикаяттардан бөлек, соңғы жылдары орыс кинематографиясы көптеген iрi жобалар жасады. Жаңа заманның лебiн сездiрген, жаңа дәуiрдi сипаттайтын “Бригада” сериалы, соңғы жылдардағы оқиғаларды дөп беретiн “Олигарх”, Оскар сыйлығын иеленуден дәмелi болған Никита Михалковтың “12”-сi, жерлесiмiз деп мақтаныш тұтқанмен, ресейлiк Тимур Бекмамбетовтың “Ночной дозор”, “Дневной дозор” картиналары, Ауған шындығының шымылдығын түрген “9 рота” – жалпақ әлемге жария болған дүниелер. Бұл кинокартиналар түгелдей дерлiк қазақстандық кинотетрларда аншлагпен көрсетiлдi.
Ал Балтық елдерiнен шетелге жезөкшелiкке сатылатын қыздар туралы аз сериялы кинохикая (болған оқиғаға негiзделген), Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айтылмай жүрген шындықтар туралы “Штрафбат” … орыс ойының әр қиырды шарлап, бiзден әлдеқайда озып кеткендiгiн аңғартады. Тiптi соңғы жылдары бiздiң қоғамның орыс интеллектуалдық ойымен сусындап, әлi де өткен ортақ тарихымызға жаңашыл орыс көзiмен қарап келе жатқанымыз жасырын емес.
Ендi орыстардың Аралдағы “Возрождениенiң” құпиялары туралы, Арал теңiзiнiң тартылуына қатысты гипотезалық шығармаларды, Семей, Капустин Ярдағы ядролық сынақтар пен олардың зардаптары туралы қазiргi заманға сай кино түсiргенiн күтiп жүрмiз бе, осы? Шындығында, полигон туралы деректi фильм болсын, телехабар болсын, осыдан қырық жыл бұрын түсiрiлген бейнекадрларды қайталап көрсетуден жалықпаймыз. Ол кадрлар осы жолдарды жазып отырып та менiң көз алдымда көлбеңдейдi…
Ал мұндай трагедияны орыс бастан кешiрген жоқ.
“Қасiреттен ғана қасиеттi жыр туады” деген ақын сөзi бар. Сонда бiз қасiретiмiздi әлi толық саралай алмай жүрмiз бе…
Кремль мәдениет, өнер, әдебиет, ғылым саласы өкiлдерiне айрықша көңiл бөлiп, үлкен жобалар жасап жатыр. Осының бәрi не үшiн? Әрине, орыс рухын көтеру, асқақтату үшiн. Кешегi КСРО тарихында “Ұлы Отан соғысы” деп жазылған 1941-1945 жылдардағы соғыс кезiнде совет халқының рухын көтерiп, соғыста үстем болуға ұмтылдыру үшiн ғажап әндер шығарылып, патриоттық сезiмдегi сапалы көркем шығармалар жазылған жоқ па?! “Соғыс жылдарындағы” әндердi қазiр тыңдасаң да, әлдеқайдан бойыңда пайда болған қуатты сезiнiп, өршеленiп шыға келесiң. Соғыс пен тылдағы қарапайым адамдардың ерлiкке бергiсiз тiршiлiгiн суреттеген шығармаларды оқығанда, әлi күнге көзiңе жас үйiрiледi. Ал бiз соғыс көрмеген ұрпақпыз ғой…
Қазiргi Ресей әдебиет пен мәдениетке деген қамқорлықты кезiндегi Коммунистiк партиядан кем жасап жатқан жоқ. Мұның жарқын бiр мысалы, биылдан бастап Ресейде жасы әлi 35-ке толмаған буын арасында әдебиет пен мәдениетке сiңiрген ерен еңбегi үшiн мемлекеттiк сыйлық тағайындалды. Төрт адамға берiлетiн әр сыйлықтың ақшалай көлемi – 1,5 миллион рубль.
Әдебиетi те дамудың жаңа сүрлеуiне көшкен. Заман ағымына орай тоқсаныншы жылдардың ортасында криминал, детектив жанрларында жазылған орыс кiтаптары көршiнiң өз рыногын былай қойып, бiздiң де сөрелерге сыймай қалғаны белгiлi. Беллетристика жанры да бiздегiден қарқынды дамып келедi. Кiтап – рухани азық көзi ғана емес, кiтап – күнкөрiстiң, кейбiреулер үшiн – имидж жасаудың құралына айналып, табыс көзiне айналғаны белгiлi. Оксана Робскийдiң кiтаптарын осыған жатқызуға болады.
Дегенмен де орыс халқы қағазы қалың, бетi жылтыр кiтаптармен әуестенуге бiржола ауа қойған жоқ. Орыстың ойлы көркем әдебиетi де жетiстiксiз емес.
Әдебиеттiң өсуiне баспа iсiнiң қарыштап дамуы, заманауи өзгерiстерге түскенi де әсер еткен шығар. Бiздiң жазушылар “кiтап оқылмайды” деп баспасөз бетiнде пiкiр айтып жүргенде, орыс полиграфтары кешегi-бүгiнгi авторлардың сан саланы қамтыған еңбектерiн мыңдаған тиражбен басып жатты. Көп ұзамай көркем әдебиеттен бастап, оқулықтарға дейiн, саяси әдебиеттен энциклопедиялық жинақтарға дейiн, ғылыми кiтаптардан балаларға арналған кiтапшаларға дейiн… қаптады да кеттi. Қазiр Алматыдағы iрiлi-ұсақты кiтап дүкендерiнен орыс кiтаптарынан аяқ алып жүре алмайсыз.
Кез келген сала бойынша қажет еткен кiтабыңызды қазақша таба алмауыңыз мүмкiн, ал орысшасы оңай қолға түседi. Мұның өзi тiл қолдану аясын кеңiте ме, кемiте ме?!
Қаламгерлер қауымына деген мемлекеттiк қамқорлықты әдеби саладағы мемлекеттiк сыйлықты 5 миллион рубль етiп тағайындағанынан-ақ көруге болады. Өз iшiнде бұл сыйлықты “ресейлiк Нобель сыйлығы” деп те атайды. Былтыр осы сыйлықтың бiрi 2007 жыл қорытындысы бойынша гуманитарлық саладағы қайраткерлiгi үшiн Францияның бұрынғы президентi Жак Ширакқа берiлген.
Ең маңыздысы, Кремль басшылығы орыс әдебиетi мен орыс тiлiнiң дамуын құстың қос қанатындай ажырағысыз тұрғыда қарастыратындығында. Советтiк дәуiрдегi орыс әдебиетiнiң кең құлаш жаюы орыс тiлiнiң КСРО аумағында халықаралық “достық” тiлi мәртебесiне ие болғанынан екенiн естен шығармаған бүгiнгi Ресей басшылары әдебиеттi орыс тiлiн қазiргi үстем қалпынан айрылып қалмауы үшiн пайдаланудан кет әрi емес. Дүниеде 80 мемлекетте шамамен 300000000 адам орыс тiлiнде сөйлейдi екен. Ал Қазақстанның 15 миллион халқының қанша пайызы орыс тiлiнде сөйлейдi? Жоғарыдағы статистиканы түзгендер он бес миллион халқымызды “орыс тiлiнде қарым-қатынас жасайтын” 300 миллионға “қосып жiбергенiне” күмәнiмiз жоқ. Белгiлi бiр деңгейде ақиқатқа жақын шындық болса да, ең бастысы Кремльдiң Қазақстанға ұстанған саясатының астарында “осылай болса” деген пиғыл жатыр ма деймiз…
Кремльдiң ендiгi мақсаты орыс әдебиетiнiң өркендеп дамуына, кең таралуына жағдай жасау арқылы орыс тiлiнiң тым құрыса ТМД аумағы iшiнде ресми қарым-қатынас тiлi ретiндегi үстемдiгiн сақтау. Ал кейбiр мемлекеттерде орыс тiлiнiң мемлекеттiк мәртебеге ие болуына түрткi болудан да қашпайды. Былтыр Орыс баспасөзiнiң әлемдiк конгресi өткiзiлдi. Осы жиында сөз сөйлеген Дмитрий Медведев орыс тiлiнiң қолданысын алыс және жақын шетелде кеңейте түсу қажеттiгiне, ал қаламгер қауым осы мақсатта мемлекетке қолдау көрсетуi керектiгiн баса айтты.
Путиннiң келiншегi президенттiң зайыбы ретiнде “Орыс тiлiн қорғау” қорын басқарғаны белгiлi. Медведевтiң әйелi бұл бастаманы жалғастыра ма жоқ па, бiзге беймәлiм. Дегенмен, онсыз да орыс тiлiн қорғау iсi ақсап қалмасы сөзсiз.
Дiнi мемлекеттен бөлек болса да, оның тiршiлiгi, ұстанған идеясы жағынан мемлекеттiк басқарумен бiрге. Мысалы, президенттiк қызметтi қабылдап алу рәсiмiнiң ресми бөлiгi аяқталысымен, Медведев елдiң жаңа басшысы ретiнде Шiркеуге барып, Алексий Екiншiнiң ақ батасын алды. Ресейдi барлық президенттерi өткен рәсiм бұл. Сол күнi түстен кейiн мемлекеттiң жаңа президентiнiң құрметiне арнайы дұға оқылды. Осының өзi қоғамдағы мемлекеттiк дiннiң қаншалықты маңызы бар екенiн көрсетсе керек.
Ал Қазақстан Православие дiнi өкiлдiгi Мәскеу Православие шiркеуi тарапынан басқарылады. Орыс ұлты өкiлдерiнiң денi осы дiндi ұстанатындықтан, Исламнан кейiнгi Қазақстандағы iрi дiни бiрлестiктердiң бiрi – Православие. Есiңiзде болса, марқұм папа Екiншi Иоанн Павелдiң ел аралаған сапарында Қазақстанға да соқпақшы болған ниетiне наразылық бiлдiрiп, бiздiң елге келуiне ашық қарсылық бiлдiргендер де осы дiннiң өкiлдерi болатын. Кремль гуманистiк ойларымен талайларды тәнтi еткен Иоанн Павелдi дiн өкiлi ретiнде емес, саяси қайраткер ретiнде де өз елiнде қабылдаудан бас тартқанын ескерсек, желдiң қай бағыттан соғып тұрғанын аңдау қиын емес.
Яғни, ресми статистикалық есеп бойынша, сенiм-наным адамдарының 25-30 пайызын құрайтын православтардың бас билiгi сонау Мәскеуде. Православ дiнi өкiлдерiнiң қоғамдағы ролi айтарлықтай екенiн ескерсек, Кремль қолында Қазақстанға ықпал етудiң тағы бiр тетiгi дайын тұрғаны айдан анық көрiнедi.
Орыс қазiргi музыканы дамытуда да алдына жан салғысы келмейдi. Идеология үшiн бос кеңiстiк деген ұғым болмайтыны аян. Қай жерде кетiк болса, сол жерде өз ұлтының үлгiсiн тығындап жатқаны. Тiптi бiздiң жергiлiктi радио-телевидениеден күндiз-түнi толастамайтын қазiргi заманғы поп-музыкаңыздың көбi – орыстiкi. Ал қазiргi эстраданың өзiн дамытуда бiз ресейлiк “өнерге” жалтақпыз. Алла Борисовна мен Киркоровты былай қойыңыз, Мәскеу көгiнде жаңадан жарқырап шыға келген “жұлдыз” да жыл айналмай-ай қазақ сахнасында, немесе төрiнде. Теледидардан күндiз-түнi түспей қойған соң, төрiмiзде болмай, қайда болсын?
Ендi ТМД аумағындағы сахна мен телевидениеден жерiп, халықаралық аренада орыс әнiнiң әсемдiгiмен тамсандырмақ.
Былтыр “Евровидение” байқауында жас әншi Дима Билан бас жүлденi жеңiп алған кезде, ел президентi Медведевтiң өзi сол сәтте-ақ телефон соғып, құттықтауы да – саясат. Орыстың атын асқақтатқандарды Отаны да әспеттейдi деген сөз бұл.
Спорт қай заманда да рухты өрлетiп, көңiлдi көкке көтеретiн сауық түрiнде пайдаланылып келдi емес пе? Спорты жақсы дамыған халықтың денi сау, адамдары салауатты деген сөз. Қазiргi олимпиадалық ойындар мемлекетаралық бәсекеге, ұлтаралық бақталастыққа ұласқандай. Орыс ұлтының кемел имиджiн қалыптастыру үстiнде Кремль осы ойындарда Ресейдiң мерейi үстем болуына қатты көңiл бөлiп келедi. Былтырғы олимпиадалық ойындар кезiнде ресейлiктердiң алдыңғы қатарлы үздiктер сапынан көрiнуi – осының дәлелi. Әрбiр спортшының жеңiсiн тұтас мемлекетiнiң “қырғи-қабақ соғыс” кезiндегi жеңiстей қабылдаған күй байқалды. Қайткенде де, Пекин олимпиадасы орыс рухын бiр серпiлтiп тастағаны анық.
Медведев те өз Жолдауында орыс халқының рухын серпiлтуге арналған бiрталай сөздер айтты: “… мыңдаған жылдық тарихы бар, аса iрi аумақты игерiп, оған өркениет әкелген … Қайталанбас мәдениет жасаған… Күштi экономикалық және әскери қуаты бар… Ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтар мен идеалдар негiзiнде тiрлiк жасайтын халық…”. Жаңа заман орысының бүгiнгi бет-бейнесi осы…
Одан әрi “…Бiздiң халық рухани бай. Бiз ненi жақсы көремiз, ненi қорғаймыз, не нәрсеге ұмтылатынымызды анық бiлемiз. Сондықтан да бiз Кавказда керi шегiнбеймiз. Сондықтан да бiз әлемдiк экономикалық дағдарыс салдарларын жеңiп шығамыз да, бұдан да күштi боламыз”. Бұл – ХХI ғасырда орыс өзiне қойып отырған мiндеттердiң бiр парасы ғана.
Кремль басшылығы Ресейдi ұлы мемлекетке айналдыру үшiн жаңа заманның жаңа адамын “жасап шығаруды” ойлаған секiлдi. “Адамдардың интеллектуалдық қуаты, шығармашылық күшi – ұлттың басты байлығы” деп мәлiмдеген Медведев Ресейдi қарыштап дамуға жетелеу үшiн “алтын бастарды” шетелден де әкелуге даяр екенiн айтып өттi. Ол ғылымда, жаңа технологияларды қолданысқа енгiзуде талантты жастарды iске тарту мәселесiне баса назар аударып отыр. “Жаңа” Ресейдiң кiрпiшiн қалайтын мықты жас буынды мемлекеттiк басқару аппаратына, аймақтық басқармаларға, бизнеске тарту, шығармашылық дарынды адамдардың қабiлетiн ел игiлiгiне жұмсау – Кремль белгiлеген мiндеттер. Кадр дайындау мәселесiне шұқшиған президент бiлiм беру саласын да мықтап қолға алатын сияқты.
ХХI ғасырда Орыс ендi өзi ғана өзгерiп қоймайды, ол әлемдi де өзгертпек. Өзгерткенде, өз ыңғайына қарай ойыстырмақ. Кремль БҰҰ-ын реформалау жобасын жасап жатқан көрiнедi. “Бiз әлемнiң бұдан гөрi әдiлеттiрек, бұдан гөрi қауiпсiздеу болуы үшiн бәрiн де жасаймыз” дейдi Медведев сөзбе-сөз аударғанда. Ал бұған Кремль қандай тәсiлдермен қол жеткiзбек? Украина, Грузия сабақтары еске түскенде, көңiл алаңдайды. Қазақша айтқанда, “әлiптiң артын бағамыз да”…
P.S. Ресейдегi iшкi өзгерiстерге бiздегi кейбiр топтардың айрықша “әсерленетiн” мiнезi бар. Құдайға шүкiр, олардың пiкiрi әзiрге ат төбелiндей шоғырдың ғана пiкiрi болып қалып отыр. Кезiнде “солтүстiк аймақтар Ресейге қосылғысы келедi” дегендi шығарған да, “шығыс аймақта автономия құрамыз” деп бүйректен сирақ шығарған да, “Қазақстанда емге орыс қалмады” деп байбалам салған да, “орыс тiлiнiң халi мүшкiл” деп даурығып жүрген де – солар. Дегенмен, бiздiң қоғам үшiн де өз құндылықтарын айқындап, ашық мәлiмдеме жасайтын уақыт жеттi ме деймiз…
Гүлбиғаш Омарова