КОММЕРЦИЯЛЫҚ РАДИОЛАР ТҮНДЕ ҚАЗАҚША САЙРАЙДЫ

КОММЕРЦИЯЛЫҚ РАДИОЛАР ТҮНДЕ ҚАЗАҚША САЙРАЙДЫ

КОММЕРЦИЯЛЫҚ РАДИОЛАР ТҮНДЕ ҚАЗАҚША САЙРАЙДЫ
ашық дереккөзі

РАДИО — ақпаратты шапшаң, жылдам таратудың таптырмас құралы. Ол арқылы ақпаратты кез келген уақытта, кез келген жерде, яғни жеңiл көлiктiң iшiнде де, жолаушылар тасымалдайтын транспортта да тыңдауға мүмкiндiгiңiз бар. Тыңдарманның радиоға деген сұранысының жоғары болатындығы да сондықтан. Бiрақ, қазақстандық радиолар бүгiнгi ақпараттық кеңiстiкте қалай жұмыс iстеп жатыр? Мәселе осында…

Бүгiнде алматылықтар үшiн бiр емес, бiрнеше радио желiлерi жұмыс iстейдi. Оған қосымша “Би-Би-Си” мен “Азаттық” радиосын қосыңыз. Жалпы, саны онға жетiп жығылатын қазақстандық радиолардың көбiнiң бiрiншi мiндетi – ақпаратты жеткiзу болып табылады. Күндiгiне сағат сайын бiрнеше минуттарда қазақша ақпарат тарататын радиолардың көп пайдаланатын үлгiсi – ақпарат агенттiктерiмен келiсiмшартқа отырып, болмаса сiлтеме көрсету арқылы, солардың интернеттегi веб сайттарын пайдалану болып табылады. Күнделiктi бiр бiрiнен аумайтын жаңалықтарды көбiне бiр мезгiлде, бiр уақытта таратуға жаны құмар радиолардың (бұл коммерциялық радиоларға қатысты) қазақ тiлiнде ұсынатын дүниелерi де осы. Одан өзге қазақ әндерiнен күнiнен бiр екеуiн берiп қойып қана тыңдарманынын алдауқыратады. Одан өзге уақыттардың көбiнде батыстың әуендерi, орыс тiлiндегi бағдарламалар. Сенбесеңiз, күнделiктi радио желiден қазақ тiлiндегi бағдарламаны өзiңiз де iздеп көруiңiзге болады.

“FM” желiсiнде хабар тарататын радиолардың қазақ тiлiнде ұсынатыны негiзiнен ақпарат десек, оның өзiн халыққа ұғынықты жеткiзе бiлу де үлкен өнер. Бұл үшiн үлкен жауапкершiлiк журналистiң немесе жүргiзушiнiң қабiлетi мен дауыс ырғағына да тiкелей байланысты. Радио желiде ең бiрiншi кезекке дауыс ырғағының шығатынын да ескеруiмiз керек, одан кейiн ақпараттың тартымды, нанымды жеткiзiлуi. Тiкелей әуе толқынынан берiлетiн жаңалықтар легiнiң өзiнiң айрықша тiлi болады. Бiзде көбiне судыратып, ақпаратты оқып берумен шектелiп жатамыз. Өйткенi, жаңалықты дайындап берушi жауапты редактор мен жинақтаушы редакторлардың көбi тиянақты мықты болғанымен, жүргiзушi олар әзiрлеген өнiмдi тыңдарманға жеткiзуде шеберлiк, кәсiбилiк танытпаса, өз аудиториясына жаңалық та жағымды болып жетпейдi. Радиодағы да жаңалықтар сонылығымен ерекшеленедi. Оның басты мақсаты да осы – тыңдарманның сағат сайын жаңалықты күтуiнде. Жарайды, ақпараттың жөнi бiр бөлек. Жалпы, қазақ тiлiндегi бағдарламалардың жағдайы қалай?

Қазақ тiлiндегi бағдарламалар деп, ауыз толтырып айтатын бағдарлама коммерциялық арналарда бар ма? Тiптi, бағдарлама деймiз-ау, жалпы, коммерциялық радиоларда қазақ редакциясы жұмыс iстей ме? Гәп қайда жатыр… Осыны бiлу мақсатымен, бiрқатар коммерциялық арналарға телефон шалып көрдiк. Бiлуiмiзше, барлық коммерциялық арналарда қазақша жаңалықтар бар. Демек, қазақ редакциясы да жұмыс iстеуi керек. Осы оймен қоңырау шалғанымызда байқағанымыз, радиодағы қазақ тiлiндегi ақпаратты ұйымдастыратындардың саны бiр-екi адамнан аспайды екен. Оның өзi ақпаратты дайындаушы мен жүргiзушi ғана.

Биылдан бастап, “НС” радиосында қазақ редакциясы ашылыпты. Оның жұмыс iстей бастағаны да ендi ғана. Демек, бұл “НС” радиосында қазақша бағдарламалардың ашылу мүмкiндiгi бар деген сөз. “НС” радиосында бұрында да қазақша бағдарламалар болған. Не себеп болғанын қайдам, кейiнiрек, әлгi бағдарламалар жабылып қалыпты. Жаңадан ашылған қазақ редакциясы бұл олқылықтың орнын толтырар деген сенiмдемiз. Әйтпесе, таңертеңнен кешке дейiн, тiптi кейде тәулiк бойы ресми тiлде хабар тыңдаудың да мәнi болмайды. Өз кезегiнде, радиолар да жергiлiктi халықтың, қазақ дейтiн ұлттың заңнамасын сақтауы қажет.

“Ретрода” тек қана қазақ әндерiн беретiн жақсы хабар бар. Ол тек қана кешегi, бүгiнгi қазақ әндерiн беруден бiр жалықпайды. Әрi тыңдағанда сiздiң де жалықпайтыныңызға сенiмiмiз мол. Бiрақ, әлгi хабар қай кезде таралатынын бiлесiз бе? Түнгi сағат 10-нан таңертеңгi 7-ге дейiн. Бiр ауыз орысша қосылмайды. Қазақ әндерiнiң ретросы дейсiз бе, халыққа әлi жете қоймаған жаңа әндер дейсiз бе, кез келген жақсы әндi осы уақытта тыңдауға мүмкiндiгiңiз бар, тек ұйықтап қалмасаңыз болғаны…

“Ретроға” хабарласып, қазақ редакциясына қосуын өтiнген едiк. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қазақ редакциясы емес, қазақша хабар таратудың бар екендiгiн, оның кешкiсiн ғана хабарласып, бiле алатынымызды айтты. Тек қана оннан кейiн жұмыс iстейтiндiктен, олармен хабарласудың да сәтi сағат 10-нан кейiн түсетiн сияқты.

“Русское радиода” сағат сайын берiлетiн жаңалықтардан бөлек, қазақ тiлiнде жүргiзетiн жүргiзушiлер де бар. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi, әлгi жүргiзушiлер қазақша сөйлегенiмен, қазақша ән бермейдi. Жалпы, “Русское радио-Қазақстанның” мақсаты да – Ресей әншiлерiнiң жаңалығымен бөлiсу. Тәулiгiне 24 сағат хабар тарататын радиодан батыстың әндерiн табу мүмкiн емес. Бұл да “Русское радионың” патриоттығы шығар кiм бiлсiн?!

“Европа плюс”, “Авторадио” сияқты радиолардың да негiзгi беретiнi – жаңалықтар ғана. Одан бөлек, түн ауған шақтағы қазақ музыкасын тыңдау мүмкiндiгi. Күндiзгi мезгiлде қазақша әндер берсе, радионың рейтингiсi көтерiлмей қалатын сияқты. Одан қала бердi, екi-үш жүргiзушiнiң тiкелей радиода жүргiзетiн “Сто заказов” сияқты бағдарламаларымен уақытты толтырады.

Рейтинг демекшi, радиолардың көбi рейтингпен ғана жұмыс iстейтiн көрiнедi. Рейтинг болу үшiн жақсы музыка болу керек. Музыка тiлге, ұлтқа бөлiнбейдi дейтiн болсақ, онда неге бiржақты батыстың музыкасын берумен шектелiп қоямыз? Қазақтың да көңiлге қонатын жақсы әндерiн күндiзгi уақытта неге бермеске? Жақсы музыка – жанға азық… Көңiлiңдi марқайтатын, жаныңа шуақ ұялататын батыстың классикалық музыкаларын тыңдаудан бiз де бас тартпаймыз ғой. Ендеше коммерциялық арналар қазақтың рухани дүниесiн, қазақтың ұлттық музыкасын беруден неге қашады?!

Бiзде радиоларда бағдарламаларды беру механизмi жетiспейдi. Мәселен, әуендердi iрiктеу, классикалық дүниелердi беру, ойын-сауықтық бағдарламаларды белгiлi бiр уақытқа мөлшерлеу деген сияқты жүйе қажет. Сонда кез келген уақытта берiлiп жататын, батыстың кейбiр тарсыл-гүрсiлге толы музыкаларына шектеу, тосқауыл қойылар едi.

Жоғарыда “Рейтинг” дегендi алға тарттық. Шын мәнiнде радионың рейтингiсi тыңдарманға да байланысты емес пе? Ал радионы тыңдайтындардың көбi көлiк жүргiзетiндер екенi даусыз. Ендеше жауапты сол тыңдарманның өзi айтсын:

Бағым, ұстаз:

– Мен коммерциялық радиоларды тыңдамаймын. Менiң көбiне тыңдайтыным “Қазақ радиосы”. Өзге радиоларды тыңдасам, өңкей шуылдақ әндерден құлағым тұнып кетедi де, сосын “Қазақ радиосына” ауыстырып жiберем.

Ержан, кәсiпкер:

– Сiз коммерциялық радиоларды тыңдайсыз ба?

– Анда-санда “Хит FM” мен “НС” тыңдайтыным бар. Көбiнде “Қазақ радиосын” тыңдаймын. Кешкiлiк көлiк жүргiзсем, онда да сағат 10-нан кейiн “Ретроны” қосам. Онда жақсы қазақша әндер бередi.

Қанат, жүргiзушi:

– Мен өзге радиоларды қосып көрмеппiн. Менiң көлiгiмде тек қана “Қазақ радиосы” қосылып тұрады. Кейде бiреулердi отырғызсам, олар маған: “Аға, өзге радиоға бұраңызшы” деп жатады. Сондай кездерi ашуланып қалам.

Жадыра, студент:

– Радио туралы сөз қозғағанда бiр проблемаға назар аудармасақ болмас. Ол эфир жүргiзушiлерiнiң сауаттылығы мен үн тазалығы. Мәселен, кейбiр радиоларда тiлi мүкiс дикторлар көсемденiп, ақыл айтады. Оларды қаншама тыңдарман тыңдап отырса да, жауапсыздық басым. Менiң радионы тыңдамауымның бiрден-бiр себебi осы. Яғни, бiлiмсiз дикторларға қарның ашып кетедi.

Қараңыз, көпшiлiктiң қалауы көбiнде — “Қазақ радиосына” түсiп отыр. Демек, “Қазақ радиосын” тыңдау деген сөз, қазақша әндердi, қазақы дүниелердi тыңдау деген сөз. Орыс тiлiнде екi-үш жүргiзушi бiрiгiп алып, тiкелей эфирден ұсынатын дүниелердi тыңдайтындардан гөрi, салиқалы, сындарлы, ұлтқа жақын дүниелердi тыңдайтын тыңдарман көбiрек. Әрi оның ешқандай рейтингiнi төмендетiп жатқанын байқамайсың. Демек, қазақ тiлiндегi бағдарламалардың ауқымы артса, МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕГI коммерциялық арналардың да сұранысы артады деген сөз. Мемлекеттiк тiлде бағдарламаларды көптеп беру дегенiмiз, өзгелердiң музыкасынан мүлдем бас тарту деген әңгiме емес. Түндегi қазақша бағдарламаларды күндiзгi уақытқа көшiрудiң уақыты жеткен сияқты. Осыны коммерциялық радио желiлердiң ескергенi жөн шығар.

Гүлзина Бектасова