Жаңалықтар

ЖАҚСЫНЫ IСIНЕН ТАНЫ

ашық дереккөзі

ЖАҚСЫНЫ IСIНЕН ТАНЫ

Елiмiздiң рухани астанасы болып саналатын Түркiстанды орны бөлек, қасиеттi қаланың бiрегейi десек қателеспеймiз.

Түркiстан — шежiре, ескiнiң көзi, жәдiгер, сонау ғасырлар қойнауынан жеткен тiрi тарих! Мағжан дәл тауып,бейнелеп айтқандай:

“Түркiстан — екi дүние есiгi ғой,

Түркiстан — ер түрiктiң бесiгi ғой!..” демекшi, бұл көне қаланың халқы да ерекше қасиетке ие,ер намысын бермейтiн, иман жүздi болып келетiнi табиғатынан белгiлi.

Мұнда өзгелерге үлгi боларлықтай жоғары адамгершiлiк қасиет пен сауапты iстердiң иелерi, абзал жандар көптеп табылады. Солардың қатарына бүгiнде үлкен iстердiң ұйымдастырушысы, жетiм көрсе жебеп жүретiн асыл тектi азамат, осы елдiң төл перзентi Жұмабай Сембекұлы Есжановты жатқызуға болады. Көп балалы темiржолшы отбасында туып өскен Жұмабай Сембекұлы жастайынан еңбекқор да ынталы, сезiмтал болып өсiптi. Әкесi Сембек сұрасаңыз астындағы атын түсiп беретiн, аузын ашса жүрегi көрiнетiн жан болған екен. “Балалық шағымда көбiнесе әкемнiң жанында жүрдiм, менiң болашағым үшiн айтқан оның алтынға теңдессiз асыл тәрбиелiк, өсиет сөздерiн құлағыма құйып өстiм” — деп сөзiн бастады өткендi есiне түсiрiп, терең ойға шомған Жұмекең бiзбен әңгiмесiнде. Ол қандай сөз дейсiз ғой: “Адамдарға қолыңнан келгенше жақсылық жаса, артық болса бер, жарықты ұрлама, өсiмге ақша берме!” Сонда жетi-сегiз жастағы баламын ғой. “Өсiм дегенiңiз не?” — деп сұрағанымда: “Ол сенiң заманыңда болады”, — деп жауап берген едi. Шынында да айтқаны келдi ғой. Бүгiнде қай жердi қарамаңыз “процентке ақша” бередi, ақша алады. Барып тұрған күнә емес пе!?.

— “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пiшер”, жеке кәсiпкер, мақта өндiрiсiмен айналысатын Жұмабай Сембекұлының жұрт үшiн жасаған қайырымды iстерi елдiң аузында жиi айтылуда.

Әсiресе, Түркiстан қаласындағы мектептерде бiлiм алатын 120 әлеуметтiк жағдайы нашар, тұл жетiм және жартылай жетiм балаларды өз баласындай көрiп, қанатының астына алып, бiрнеше жылдан берi өз қаржысына жазғы-қысқы киiм-кешек және қажеттi оқу-құралдарымен үзбей қамтамасыз етiп келуiнiң өзi бiр бөлек әңгiме. Одан қала бердi, Құмтүйiн аулындағы тұрмысы нашар 5 отбасыға қыстан қысылмай шығуына 5 тоннадан көмiр түсiрiп берсе,қатары жыл сайын кемiп келе жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерiне 9 — мамыр Жеңiс күнiне орай ақшалай сыйлық жасап, ақ дастарқан жайып, құрмет көрсетудi қай уақытта да ұмытпай, әдетке айналдырған Жұмабай Сембекұлына көңiлi дария қариялардың алғысы шексiз. Жаны жабырқап, көңiлi күйзелген, тұрмысы нашар жан көрсе, оған лезде көмек қолын созуға асығатын әдетi — сол кеңпейiл, дархан көңiл әкесi Сембек ата мен жайсаң жүрек, мейiрiмi мол анасы Замқария апаның тәлiм-тәрбиесiнiң арқасы екенiне күмән жоқ, әрине. Қала көлемiнде өткен қандай да бiр игiлiктi iс-шара болсын, қайрымдылық акциясы болсын сол жерде Жұмекеңнiң қарасы алғашқылардың бiрi болып көрiнедi. 2004 жылы балаларға арналған қайырымдылық акциясында қаладағы көмекке мұқтаж бүлдiршiн оқушыларды 1 млн.теңгеге киiндiрсе,2005 жылы Қарашық аулындағы 4 мектептiң асыраушысы жоқ 22 оқушысына 500 мың теңгенiң көлемiнде заттай көмек көрсетiп, сол ауылдың “Тұран” орта мектебiне 200 мың теңгеге терезе -әйнектерiн салғызып, қысқа дайындығына көмектесiп, оқушылардың алғысына бөленгенi 2007 жылы су апатынан зардап шеккен аудандардағы отбасылар үшiн өткiзiлген “Жақыныңа жәрдемдес” қайырымдылық акциясына жеке басы 100 000 теңге нақтылай ақша құйған екен. 2008 жылы Түркiстан қаласының гүлденiп, өсiп-өркендеуiне үлес қосу мақсатында айналма жол салу құрылысына 400 мың теңге қаражат бөлумен шектелмей, “Нұр Отан” партиясының форумына демеушiлiк жасап, сәттi өткiзуге сүбелi үлесiн қосқан.

Бiлiм ошақтарын үнемi назарынан тыс қалдырмайтын Жұмабай Есжанов Т.Бигелдинов мектебiне 170 мың теңгеге кешендi музыкалық аппараттарын тарту етiп, “ХХI ғасырға есiрткiсiз” акциясын өткiзуге мұрындық жасады. Жас ұрпақтың дұрыс тәрбие алуын өз тарапынан ерекше алаңдаушылық танытатынын ұстаздар қауымы да ерекше тiлге алады. Соның iшiнде 2004 жылдан бастап Некрасов орта мектебiн қамқорлығына алғаннан берi мектеп бөлмелерiн жаңа заманға сай Еуропа үлгiсiнде жабдықтап жиһаздармен, теледидар, жаңа моделдегi компьютерлермен қамтамасыз етуге жыл сайын қомақты қаржы бөлiп жүрген Жұмекеңнiң еңселi еңбегiн ерекше тiлге алғанымыз да тектен-тек емес, әрине. Оның осы секiлдi меценаттық игi жұмыстарын тiзбектей берсек ұзақ тiзiм жасау керек. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” — дегендей, осындай аптал азаматтың тiрлiгiне сүйсiнумен бiрге, үлгi-өнеге тұтсақ дұрыс болар едi, ағайын!

“Ер жiгiттiң әйелi оңбай, iсi оңбайды” — демекшi осы отбасының береке-бiрлiгiн сүттей ұйытып отырған ана, Қазақстан Республикасының бiлiм беру iсiнiң үздiгi, көп жылдар бойы, Түркiстан гуманитарлық-техникалық колледжiнде еңбек еткен ұлағатты ұстаз Тұрсын Мәжитқызының да орны ерекше. Оның жайсаң мiнезi, қонақжайлылығы, адамды өзiне баурап алатын бауырмалдылығы тура қайын енесi Замқария ападан аумайтын сияқты. Осы мақаланы жазу барысында Жұмабай жомартпен көп әңгiмелестiк.

— Жеке өмiрiңiзде өкiнiш-ренiш жоқ сияқты. Дегенмен, бүгiнде сiзге не жетпейдi,не алаңдатады? – деген сауалымызға:

— Уақыт — дедi ол. – Алтын уақытты босқа өткiзгендердi көргенде таң қаламын. Маған жетпейтiнi тек қана уақыт. Ал, алаңдайтыным — дүниеқоңыздық, алармандық, қанағатсыздық, көрсеқызарлық, өзiмшiлдiк деген пәлелер. Бұл жиiркенiштi құбылыстардың кесiрiнен адамгершiлiк сұлулығына нұқсан келетiнi сөзсiз. Адам адамгершiлiк сезiмiнен айырылған жерде бәрiнен жұрдай болары анық, — деп қысқа қайырды.

Өткен 2008 жылда Оңтүстiк Қазақстан облысының бiр топ азаматтары “Алтын жүрек” жүлдесiне ие болды. Олардың қатарында бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiз — жомартжүрек Жұмабай да болды. Иә, жомарт деп ел қойған атқа Жұмекең қай жағынан болса да лайықты екен. Ел есiндегi есiмдер қатарынан орынды орын алып келе жатқан Жұмабай Сембекұлы бүгiнде Нұр-Отан ХДП-ның саяси кеңес мүшесi,Түркiстан қаласының “Құрметтi азаматы”, “Сауап”, “Еңбек Даңқы” медальдерiнiң иегерi, ОҚО бойынша “Ең үздiк демеушi” номинациясының жүлдегерi саналады. Әрине, оның алатын асулары әлi алда, дегенмен өз халқының құрметiнен биiк мәртебе ол үшiн жоқ сияқты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын, жеке кәсiпкерлiкке деген сенiмiн адал атқарып, оның сара саясатын қолдап келетiн кәсiпкер Жұмабай Есжановқа адамгершiлiктiң биiк шыңдарынан көрiне беруiн тiлеп, Отан үшiн, Ел үшiн еткен қажырлы еңбегiңiз жемiстi бола берсiн деумен шектелемiз.

Қуанышбек БОТАБЕКОВ