Жаңалықтар

ЫРЫС ПЕН БЕРЕКЕ — МАЛДА

ашық дереккөзі

ЫРЫС ПЕН БЕРЕКЕ — МАЛДА

Қазақ — “Мал-жан аман ба?” деп, амандық-саулықта алдымен малдың жайын сұрайтын халық. Сондықтан да облыс басшысы Серiк Үмбетовтiң жаңа жылдағы алғашқы жұмыс сапары алыс қыстақтардағы малшылардың тұрмыс-тiршiлiгiмен танысудан басталды.

Жұмыс тобы Көксу ауданында асыл тұқымды мал өсiрумен айналысатын “Кереге”, “Шаңырақ”, “Тұрар” шаруа қожалықтарын аралады.

“Кереге” шаруа қожалығы мүйiздi iрi қараның “Әулиекөл” тұқымын оншақты жыл бұрын Қостанайдан әкелген. Бүгiнде сол аздаған бас сиыр табынды құрап отыр.

“Шаңырақ” ЖШС төрт түлiктi — қой, сиыр, жылқы және түйе өсiредi. Малдардың денi асыл тұқымды болып келетiн шаруашылықта алдағы жылдары түлiктердi толығымен асылдандыру жоспарланып отыр. Мұнда 70-ке жуық түйе өсiрiлуде. Түйешi Бақыт Орынбаев серiктестiктiң ойсылқарасымен қатар өзiнiң жеке мал шаруашылығын да дөңгелетiп ұстап отыр.

Шаруашылықтағы асыл тұқымды “Әулиекөл” сиырларының салмақтары орташа есеппен 500-700 келi тартады дейдi мамандар. Олардың iшiнде салмағы 1 тоннаға жуықтайтын бұқалар да бар көрiнедi.

“Шаңырақ” серiктестiгi бiр жыл iшiнде мал тұқымын асылдандыруға байланысты Үкiметтен барлығы 27,5 млн. теңге демеуқаржы алған. Оның 4,2 млн. теңгесi – мүйiздi iрi қара үшiн, 12,8 млн. теңге – қой тұқымын асылдандыру жұмысына берiлген. Серiктестiк малшылары 80 тонна ет өндiрiп, мал бордақылауға жұмсалған құрама жемнiң құнын арзандатуға тағы 10, 5 млн. теңге демеу қаржы алған.

“Шаңырақта” қазақи биязы жүндi асыл тұқымды қойлар 12 мыңға жуық. 2008 жылы әр қойдан 4,3 келiден, барлығы 48 тонна жүн қырқылыпты. Сонымен бiрге, бiр жылда 2600 бас асыл тұқымды тоқты сатып, тағы пайда тапқан.

Тұрғанәлi Сұлтанов, Мырзағали Байболатов, Бауыржан Жақыпов сынды шопандардың серiктестiк қойынан басқа өздерiнiң әрқайсысында 100-300-ден қой мен ешкiсi, 20-30 сиыры мен жылқысы бар. Олардың барлығы бақытын мал шаруашылығынан тапқандықтарын айта келе, өздерiнiң бейнетi мен зейнетi қатар жүретiн еңбегiн бағалап, арнайы атбасын бұрған облыс басшысына разылықтарын бiлдiрiп жатты.

Қазақи жабы асыл тұқымды жылқыны көбейтуге ден қойып отырған шаруашылықтардың бiрi — осы “Шаңырақ” ЖШС. 2008 жылы 100 биеден 97 құлыннан өргiзiп, асыл тұқымды жылқы санын 400-ге жуықтатыпты. Алдағы уақытта аталған бағыттағы шаруаларын одан әрi өрiстете түспек.

“Тұрар” шаруа қожалығының жетекшiсi Сламбай Нұрғалиев ақсақал жасы жетпiстен асса да ата кәсiптен қол үзбей, саны алты жүзден асып жығылатын қойын, азды-көптi жылқысы мен сиырын бағатын малшыларына бас-көз болып, қашан көрсең шапқылап жүредi.

— Құдайға шүкiр, елдiң барлығы дағдарыс деп шуылдап жатқанымен, еңбек ете бiлген, кәсiптiң көзiн таба алған адамға сол дақпыртыңның кесiрi тие қоймайтындай. Көрiп отырсыңдар, жағдайымыз жақсы, табысымызды санап тiрлiк етiп жатырмыз. Ауыл шаруашылығын өркендетуге көп көңiл бөлiп отырған Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз мол. Мен өзiм ғұмыр бойы мал соңында жүрген жанмын. Соңғы жылдары облыс басшылары бiзге ат iзiн салуды ұмытып едi, Серiк Әбiкенұлының кiшiпейiлдiгi мен шаруаға жаны ашығандығы ғой, шалғайда жатсақ та назарын аударып, арнайы келдi. Шынымды айтсам, осыдан жиырма жылға жуық бұрын облыс басшысының алыстағы малды ауылға келгенiн көрген болатынмын. Ендi, мiне, қыстың көзi қырауда хал-жағдайды сұрап жеткен облыс әкiмiнiң ықыласына толқып тұрмын, — деген Сламбай Нұрғалиев ағамыз шын ризашылығын жайып салды.

Облыс басшысы Серiк Әбiкенұлы iссапарын қорытындылай келе, Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың ауыл шаруашылығына, оның iшiнде мал шаруашылығына барлық қолдауларды жасауға көп көңiл бөлiп отырғанына тоқталды.

Жадыра СЕРIКҚЫЗЫ