Жаңалықтар

“ДАҒДАРЫС” ДЕП АДАСЫП, СЕКТАЛАРМЕН ШАТАСЫП...

ашық дереккөзі

“ДАҒДАРЫС” ДЕП АДАСЫП, СЕКТАЛАРМЕН ШАТАСЫП...

Әлемдiк экономикалық қаржы дағдарысы елiмiздi бiраз әбiгерсе салып, әрi-сәрi күй кешкiзсе де, оған қарайтын түрiмiз жоқ. Әйтiп-бүйтiп жаңа – Сиыр жылын да қарсы алдық. “Әншейiнде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас” демекшi, бұл күнi кең дастарқанға барымызды да, нарымызды да салдық. Әйтеуiр табалдырықтан аттаған жылы отбасымыздан молшылық кетпесiн деген ниет қой.

Iлгерiде жаңа жылды кез келген мекеме думандатып тойлайтын. Оған бюджет қазанынан әдейi ақша бөлiнiп, тiптi қызметкерлер сыйақы алып марқайып қалатын. Қазiр мұндай ас та төк, орынсыз мал шашуға тыйым салынды. Яғни, дағдарыс кiм-кiмге де оңай тиген жоқ, керiсiнше әжептәуiр есеңгiретiп тастады. Той тойлағаны былай тұрсын, кейбiр мемлекеттiк, жекеменшiк жұмыс орындары дағдарыстың салдарынан қарамағындағы қызметкерлерiн қысқартуға мәжбүр болуда. Тiптi, “ақшаға көмiлiп жатқан” қаржы, банк саласының өзi осы таз кепештi киiп жатқанда, басқасынан не күтесiз? Айтпақшы, естерiңiзде болса, жақында Елбасының өзi арнайы бұйрық шығарды. Оны Парламент палатасында жария еткен Парламент мәжiлiсiнiң төрағасы О.Мұхамеджанов мырза бұдан былай анау-мынау нәрсенi желеу етiп, конференциялар мен басқосулар өткiзуге, ары-берi орынсыз iссапарға шығуға, тағысын тағы бюджеттiң қаржысын аямай жұмсайтын шараларға тоқтау салатындығын баса айтты. Мұның да дұрыс жағы бар шығар. Шындығында, кейде күлтөбенiң басында күнде өтетiн жиындардың көзбояушылық, яғни, бөлiнген қаржыны игеру мақсатында ғана болатыны тайға таңба басқандай байқалып тұрады. Әйтпесе, басқасын былай қойғанда, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi жырының шешiлетiн уақыты баяғыда келген жоқ па?

Сонау Үкiметтен, Парламенттiң қос палатасынан, министрлiктерден бастап мемлекет қаржысын үнемдеуге көшкенде қарапайым мекеме, ұйым басшылары қайда барады? Тiптi, қазiр қарапайым жұмысшылардың өзi “қысқартуға ұшырап кетпесек болғаны” деп демiн iшiне тартып жүр. Шеттей бала-шағаны әупiрiмдеп асырап жүргенде, бұл дағдарыстың да қыспаққа алғаны тiптен қиын болды. Құдай сақтасын, бастығым “бала-шағасы бар ғой деп қарайласатын шығар” деп үмiтiн де үзгiсi келмейдi. Әрине, әлеуметтiк-материалдық жағдайыңды бiлiп, ескеретiн бастықтар болады. Бiрақ бүгiнде “сынықтан сылтау” iздеп, 10 минөт немесе 5 минөт кешiккен қызметкерлердi жұмыстан босатамын деп қоқан-лоққы көрсетiп жатқан мекеме басшылары бар көрiнедi. Яғни, Үкiметтiң және Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевтың жұмыс орны басшыларына: “Жұмысшыларды қысқартпаңдар!” деген сөзiне пысқырып та қарамағаны ма? Естiр құлақ пен көрер көз болса, ел Үкiметi жұмыссыздар тасқынының шамадан тыс көбейiп кетуiне қарсы шаралар жасап жатыр. Онсыз да ауылдан ағылып жатқан лектi ендi қаланың жұмыссыздары толықтырса не болмақ?

Жақында ауылдан қалаға жұмыс iздеп келген құрбым: “Қарашы, қолымда табақтай екi дипломым бар. Бiраз жерге барып едiм, “Бiзде орын жоқ, керiсiнше қысқарту жүрiп жатыр” деп шығарып салды. Ендi ауылға не бетiммен барарымды бiлмеймiн” деп мұңын шақты. Өзi бiлiмдi, ертеңiнен мол үмiт күткiзетiн құрбымның бас ауруы – жұмыс табу екенiн бiлсем де, құйттай да көмек тигiзетiн дәрменiм жоқ. Қазiр қайда барсаң да, “крыша” керек. Онсыз сенiң бас сұққан жұмысыңда қаншалықты отыратының тағы белгiсiз әрi ертеңгi күнiңдi сенiмсiз алаңдаушылық мазалайды. Яғни, “Бұл бастық маған қашан орныңды босат деп айтады екен” деген ой күндiз күлкiңнен, түнде ұйқыңнан айырады. Өйткенше, бәзбiреулер айтпақшы “болашағы бар мықты жұмысқа тiреп тұрған көкеңнiң арқасында кiрiп, жұмысыңды емiн-еркiн, жайбарақат iстеп жүргенге не жетсiн?! Әй, құрбымда мұндай “крыша” қайдан болсын? Қалаға келгелi берi қаншама есiктi қағып, салы суға кетiп оралды. Оны бiр жағынан аяймын, екiншi жағынан бұл да бiр Аллаһтың берген сабағы шығар. “Егер сандалғаның зая кетпей көп iзденiстiң, еңбектiң арқасында, жақсы жұмыс кезiксе, бәрi де жақсы болады” деп жұбатып қоям. Қанша жерден достық ақылымды айтып, көңiлiн бiр сәтке аулағым келсе де, құрбым жұмыс iздеуден күдерiн бiржола үзе бастады. Қарап жүрмей, анадан-мынадан жұмыс сұрап, жағымды жаңалықпен қуантуға асықтым. Арада бiраз уақыт өттi. Әркiмнен бiр сұраншақтанып жүрiп, бiр жерде хатшылық жұмыс бар екенiн естiдiм. “Бұл хабарды естiсе, төбесi көкке жететiн болды ғой” деп дереу телефонына қоңырау шалдым. Алмады. Көңiлiм су сепкендей басылды. “Неге тұтқаны көтермедi? Бәлкiм, өзi де iздестiрiп жүрiп, екi қолға бiр күрек тауып алған шығар. Егер жұмысқа кiрсе, жүрекжарды қуанышын алдымен менiмен бөлiсетiн едi ғой…” деп әр түрлi ойдың астында қалдым. Бiрақ құрбым сол кеткеннен мол кеттi. Ауылдағы үйiнен де хабар алдым. Бармапты. Тiптi, үй-iшiне телефон соғудан қалыпты…

Кеше жаңажылдық бiр апта демалыстың артынан проваславиелiк христиандар “Рождество” мерекесiн де атап өттi. Бұл күнi елiмiздегi христиан дiнi ағым өкiлдерi шiркеулер мен сыйынатын орындарына барып, Иса мәсiхтi мадақтайды. Сол күнi кешкiсiн Қалқаман елдiмекенiне түсетiн жол бойын жағалап келе жаттым. “Алатау” санаториiнiң жанында орналасқан “Иегова куәгерлерiнiң” зәулiм сарайы анадай жерден көздiң жауын алды. Шамы түгел жанып тұрғандықтан да, айналасын жап-жарық етiп тұр. Үйдiң ауласына түрлi шетелдiк көлiктер ағылып жатыр. Тiптi, дәу қара джип мiнiп келiп, iшке шоқына кiрген қазекемдердi көргенде тұла бойым тiтiркенiп кеттi. Әдейi аяғымды аяңдап басып келемiн. Әлi қараңғылық баса қойған жоқ, келушiлердiң қатарында қазақтардың қаншалықты екендiгiн пайымдайын дедiм. Өз қаракөздерiмiздiң бөгде дiнге бас сұғып кеткенiне iшiм кәдiмгiдей қан жылады. Сол тұрғанда төрт-бес көлiк келiп тоқтады. Оның бiреуiнен басқа ұлт өкiлiнiң үш азаматы, қалған үш көлiктен екi адамнан алты қазақ түстi. Өңкей қымбат көлiктер. Мұндағыларға қаржы дағдарысы титiмдей де салқынын тигiзбеген сияқты. Дағдарыс кезiнде қаншама қазақтың дiни ағымға кiрiп кеткенiне қарағанда қаржылық жағдайы жаман емес көрiндi. Әрине, сол үшiн арнайы қаражат бөлiнетiндiгi де белгiлi…

Бiр сағаттың көлемiнде Иегова куәгерлерiнiң ауласы көлiкке лық толды. Қас қарайып, қараңғылық жамыла бастады. Әдетте, христиандық-баптистiк, евангелиелiк ағымдар мұндай мерекелерде тек кешке қарай бас қосады. Ал негiзгi мейрамы – Иса пайғамбардың туған күнiн ерекше дайындықпен өткiзiп, түнi бойы мадақтау әндер айтады. Ел-жұрттың тыныш ұйқысын бұздым дейтiн олар жоқ, керiсiнше, бар дауыспен тапжылмай шырқатады кеп. Иә, бүгiн олар үшiн бақытты күн. Басқа жұмыстың бәрiн ысырып қойып, Иса мәсiхтi ұлықтайтын күн. Әрi-берi қарап, iшiне кiрсем бе екен деп те оқталдым. Сондағы ойым, осыншама жердi алып жатқан зәулiм үйдiң iшiн, ондағылардың немен айналысатынын көру ғана. Жүрегiм дауаламай тұрғанда тағы бiр зауылдаған көлiк кеп тоқтай қалды. Iшiнен екi ер, бiр әйел адам апыл-ғұпыл асыға шықты. Әлгi әйелдiң жүрiс-тұрысы, сөйлеген дауысы “жоғалтып жүрген” құрбыма қатты ұқсап кеттi. Бiр-екi сөйлегеннен кейiн, нақ соның өзi екенiне көзiм жетiп, артынан атын айтып тұра жүгiрдiм. Ол да жалт бұрылып, маған қарай керi жүрдi. Әуелгiде менi осы жерде жолықтырғанына сенер, не сенбесiн бiлмедi ме, мелшиген күйi қатып тұрып қалды. “Мұнда не iстеп жүрсiң? Неге хабарсыз, iз-түзсiз кеттiң?” деп сұрақтың астына алып жатырмын. Ләм-мим деп тiл қатпады. Бiр түрлi өзгерiп, өңi суалып кеткендей. Ұрсып та, жылап та алдым. Талай жылдан берi айырылмастай бiрге жүрген құрбымның қалаға келiп, дiни ағымның жетегiнде кетiп, басын саудаға салғанына iшiм удай ашыды. Мүлдем басқа адам, өзгерiп сала берген. Сырымды ақтарып, бөлiсетiн, әзiлдесiп қаужалдасатын құрбымның жұрнағы да жоқ. Тек көзiнен моншақтап аққан жасты көрдiм. Өзi де көңiлшек жүрек бұдан кейiн тоқтасын ба, езiлген күйде еңiреп жыладым. Мына жалпақ дүниеде кiмнен көмек сұрайтынымды бiлмедiм. Сөйтiп тұрғанда, әлгi үйден бiреулер қайта-қайта шығып, кешiккен құрбыма алаңдаушылық бiлдiрiп, шақыра бастады. “Соня, болсаңшы тез… мадақтау әнiнен қалып қоясың” деп салды. Азан шақырып қойған атын да өзгертiп алған ол әрi-берi қипақтады да, әңгiменiң ашығына көштi. “Жұмыс iздедiм, таппадым. Өзiң бiлесiң қазiр ешбiр мекеме жұмысқа адам алып жатқан жоқ. Содан қиналып жүргенде, бiр кiсi менi осында алып келдi. Алғашында түсiнбедiм, сөйтсем, “Иегова куәгерлерi” деген дiни ағым екен. Қазiр үш айдай болды, үйренiп қалдым. Бұрынғыдай қиналып жүргенiм жоқ, қарным тоқ, көйлегiм көк. Ендi кетем десем де, шыға алмайтын сияқтымын” деп үрейiмдi сейiлтудiң орнына күшейте бастады. “Саған жұмыс тауып, хабарластым да, жауап бермедiң, тiптi үйдегi ата-анаң, туыстарың да уайымдап жүр. Сұрап қалса, не бетiмдi айтамын, тым болмаса, өзiң бiр рет жағдайларын бiлiп қоймайсың ба? Бұл жерден қазiр кетiп қалайық, қара да тұр, екi дипломыңмен жерде қалмайсың, жұмыс тауып аласың” деп асты-үстiне түсiп, бiрге әкетудiң амалына көштiм. Көнбедi. “Осы жерде жұмыс iстеймiн деп серт бердiм. Сөзiмде тұруым керек. Қорқамын…” деп жылаған күйi тұра жүгiрдi. Артынан баруға аяғым баспады. Мең-зең күй кештiм. Қалай да оны бұл жерден алып шығу керек. Мүмкiн, кештерi бiткенше күтсем бе екен… Бiрақ олар түнiмен отырса ше…

Құрбымды жаудың қолында қалдырып кеткендей өне бойым дiрiлдеп кеттi. Қайта барып, қолынан сүйреп шыққым келдi. Бiрақ менде қандай дүлей күш бар дейсiз, дәтiм бармады. Бар болғаны өзегiм өртенiп, үйге жеткенше өксiп-өксiп жылай бердiм. Екi күннен кейiн, Иегова куәгерлерiнiң ордасына қайта барып, шын атын да, қазiргi “Соня” атын да сұрастырдым. Ешкiм бiлмейтiн боп шықты. Бiр жоғалтып тапқан құрбымнан мүлдем айрылғанымды сездiм. Менi сыртымнан көрсе де, бетпе-бет жүздескiсi келмеген ол өзiн “Жоқ” деп айтқызды. Әрине, кiм досына жамандық тiлейдi? Бар ойым, құрбымның көзiн ашып, бұл жерден құтылудың әлi кеш емес екендiгiн айту ғана едi. Бiрақ… үмiт шоғы тағы да сөндi. Аллаһ Тағаладан құрбымды дұрыс жолға салуын тiледiм.

Қалай дегенмен, мынау қаржы дағдарысы кейбiр мысықтiлеулес ағымдарға қолайлы болған сияқты. Осы бiр ұрымтал сәттi тиiмдi пайдаланған олар қаншама қаракөздердiң санасын улап жатыр. Өзi де жұмыс таппай, қиналып жүрген жастарды қолдың кiрi – ақшамен арбады ма, әлде басқамен бе, ол жағын бiле алмадым. Әйтеуiр, жаныма тiкендей батқаны – онда өзiм сияқты қазақтың қыз-жiгiттерiнiң адасып жүргендiгi…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ