Жаңалықтар

ЖАНЫП ТҰРҒАН ШАММЕН ТЕҢ...

ашық дереккөзі

ЖАНЫП ТҰРҒАН ШАММЕН ТЕҢ...

“Жақсы адам жанып тұрған шаммен тең”, — дептi даналарымыз. Шын мәнiнде жақсы кiсi шам сияқты өз ортасына жарық түсiрiп, айналасына сәуле шаша жарқырап тұратыны сөзсiз. Ол өзi өмiрден өтсе де, оның тiршiлiгiнде iстеген жақсы iстерi, төңiрегiндегiлерге айтқан асыл сөздерi, жазып кеткен өнегелi ойлары үнемi нұрланып тұрады деседi. Белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, абзал азамат болған Шайсұлтан Шаяхметұлы Шаяхметов туралы естелiк жазуға отырғанда маған осындай ойлар ұялады.

Мен өзiм, 1976 жылы, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрген соң, еңбек жолымды Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия институтындағы гербицидтер синтезi зертханасынан бастадым. Лаборант, зертхана инженерi сияқты жолдардан өттiм, ғылыми жұмыспен шұғылдандым. 1985 жылы менi Жоғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгiне қызметке шақыртты. Министрлiктiң жоғары бiлiм беру жөнiндегi оқу-әдiстемелiк басқармасында аға инспектор, басқарма бастығының орынбасары, министрдiң көмекшiсi, шетелдiк студенттермен жұмыс және шетелдермен байланыс бөлiмi, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы сияқты әртүрлi қызметте 10 жылдай қызмет етiп, Республика Министрлер Кабинетiнiң аппаратына ауыстым.

1987 жылы Министр болып Шайсұлтан Шаяхметұлы Шаяхметов келген кезде елiмiздiң бiлiм беру саласындағы түбегейлi өзгерiстер жүзеге асырылып жатқан болатын. Қазақ КСР Оқу министрлiгi, Жоғары және орта арнаулы бiлiм беру министрлiгi және Кәсiптiк-техникалық бiлiм беру жөнiндегi мемлекеттiк комитет бiр министрлiк шаңырағы астына бiрiктiрiлiп, Қазақстанның Халыққа бiлiм беру министрлiгi болып қайта қүрылған. Мiне, осынау ауқымды министрлiкке басшылық ету Шайсұлтан Шаяхметұлы Шаяхметовке сенiп тапсырылды.

Шәкең бұл жұмысқа аса мол өмiрлiк және кәсiптiк дайындықпен келдi. Орта мектептi алтын медальмен бiтiрген соң Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң химия факультетiне түсiп, оны ойдағыдай аяқтаған ол Қазақ мемлекеттiк университетiнде, Мәскеудегi КСРО Ғылым академиясының аспирантурасында ғылыми-педагогикалық зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, химияның сол кездегi жаңа дамып келе жатқан саласының бiрi — полимерлер тақырыбында ғылым кандидаты дәрежесiн қорғап, Қазақ мемлекеттiк университетiнде 10 жыл еңбек еттi. Кiшi ғылыми қызметкерден доценттiкке дейiн өстi. 1972 жылы Жоғары және арнаулы орта бiлiм министрлiгiне аға-инспектор болып барды. Ол бүкiл Кеңес Одағында жоғары оқу орындары көптеп ашылып, бiлiм беру үрдiсi дамып келе жатқан кез едi. Кеңес Одағының орталық қалаларына Қазақстаннан жылына 700-800 бала оқуға жiберiлiп тұратын. Шалғай аудандар туралы Үкiмет қаулысына сәйкес жастарды оқуға қабылдау ережесiне көптеген өзгерiстер енгiзiлдi. Шайсұлтан Шаяхметұлы осы министрлiктiң жоғары оқу орындары Бас басқармасының бастығы лауазымына көтерiлiп, онан кейiн үздiксiз 10 жыл бойы Қазақ КСР Министрлер Кеңесi Iс басқармасының оқу-бiлiм, денсаулық сақтау және әлеуметтiк қамсыздандыру бөлiмiн басқарды. Осы қызметте жүрiп бiлiм беру жүйесiнiң жұмысымен тереңiрек танысуға, тәжiрибе жинақтауға мүмкiндiк алды. Ол кезде осы салалардың барлық құрылымын, кадрларын, жұмыс ерекшелiктерiн, даму жолдарын қадағалап отырған Шайсұлтан Шаяхметұлы кәсiби тәжiрибе жағынан да, рухани жағынан да жан-жақты байыды.

Шайсұлтан Шаяхметұлы келгенде мен сол министрлiкте қызмет iстейтiнмiн. Шәкеңнiң министрлiктiң құрылымын және Республикадағы бүкiл бiлiм беру жүйесiн реформалау, оны уақыт талабына сай жаңа сатыға көтеру жөнiндегi бүкiл игiлiктi iстерiне куә болдым десем артық айтқандығым емес. Бұл Кеңес Одағының iргесi шайқалып, қалт-құлт етiп түрған күрделi кезең. Басқа да әлеуметтiк салалар сияқты бiлiм беру жүйесi де күйзелiстi бастан өткеруде. Соған қарамай бұрынғы үш министрлiктi бiр шаңырақтың астына бiрiктiрудiң барлық ауыртпалығы да, жауапкершiлiгi де Шайсұлтан Шаяхметұлының иығына түстi. Бұрынғы жеке-жеке министрлiк болған жүйелер Қазақ КСР Халыққа бiлiм беру министрлiгiнiң Бас басқармаларына айналды, Ғылым басқармасы, арнаулы орта бiлiм, халықаралық байланыстар, мемлекеттiк емес оқу орындары, мектепке дейiнгi тәрбие, қаржы-экономикалық басқармалары құрылды.

Шәкең — жаңа ой, жаңа идеялардың, тың бастамалардың адамы едi. Әр күнi бiр жаңалық ұсынып отыратын бұл кiсi түнiмен жұмыс iстеп, ұйықтамай шыға ма деп ойлаушы едiм. Елбасының нұсқауымен министрлiктiң тапсырмасы бойынша Моңғолиядағы, Қытайдағы қазақ диаспорасымен тiкелей байланысып, ондағы қазақ балаларын Қазақстанға әкелiп оқытуға мүмкiндiк жасадық. Түркиямен де нық байланыс орнатылды. Алғашқы жылы Түркияға 300-ге тарта қазақ баласы оқуға жiберiлсе, келесi жылы 1200 оқушы жоғары оқу орындарына оқуға жiберiлдi. Министрлiктiң арнайы өкiлдерi Моңғолияның Баянөлгий аймағынан Қазақстанға 600 баланы iрiктеп әкелiп, жоғары және арнаулы орта оқу орындарына орналастырды.

Кеңес Одағы қалт-құлт етiп ыдырауға айналып, елiмiздiң тәуелсiздiгi туралы мәселе сөз болып жатқан кезде Қазақстанға сыртта жүрген қандастарымызды қайтару туралы мәселенi ауызға алғаш алған да осы бiздiң Шәкең едi. “Шетелдiк бауырларымыздың балаларын елге әкелiп оқытайық, төлдерi келсе — туған жерге өздерi келер”, — деп отырар едi жарықтық. Бұл Шәкеңнiң көрегендiгi болар, тоқсаныншы жылдардың басында шетелде жүрген отандастарымыздың туған елге жөңкiлiп көше бастауы осы ойлардың ықпалы едi. Бұл үрдiс көп ұзамай мемлекеттiк саясатқа айналды.

Түркiстан қаласынан университетке байланысты Елбасының тапсырмасын тiкелей iс жүзiне асыруға ықпал еткен де министр Шайсұлтан Шаяхметұлы Шаяхметов болатын. Алғашында: “Бұл университеттi Шымкент қаласында ашу керек, алақандай Түркiстанға университеттiң қажетi қанша, бұл жерге кiм келедi?!”, — деп күмән тудырғандар да аз болмады. Шымкентте жоғары оқу орындары, Құдайға шүкiр, баршылық болатын. Алайда Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстарының шалғай аудандарынан мынадай аумалы-төкпелi кезеңде балалардың Шымкентке барып оқуы оңай емес. Егер Түркiстанда университет ашылатын болса сол маңнан барып оқитындар аз болмауы керек.

Университет ашу көне Түркiстанның мәртебесiн көтере түсетiнi, сөйтiп бүкiл түркi жұртының назарын өзiне аударатыны хақ. Сөйтiп, Түркiстан мемлекеттiк университетi өмiрге келдi.

Көп ұзамай Түркiстан университетiн Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрiк университетiне айналдыруға мұрындық болған да Шәкең. Оқу орнын Қазақ-Түрiк университетi ретiнде қайта ұйымдастыру екi ел арасындағы бауырластық, мәдени-рухани байланысты нығайтудың қайнар көзi болды. Бұл — бiр. Екiншiден, халықаралық университеттiң қаржы-қаражат мәселесiнiң бiр бөлiгiн Түркия мемлекетi өз мойнына алды. Бұл да бiз үшiн үлкен игiлiктi iс болды. Үшiншiден, Халықаралық Қазақ-Түрiк университетiне Қожа Ахмет Яссауи есiмiн беру арқылы ежелден түркi халықтарының бесiгi болған шежiрелi Түркiстанның рухани-мәдени мәртебесiн көтеруге қол жеткiзiлетiнiн Елбасы ескертiп айтқан едi. Қысқасы, Түркiстандағы Қ.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрiк университетiнiң өмiрге келуiнде Шәкең ерекше еңбек еттi. Университет, шын мәнiнде, көне Түркiстанның тұла бойына қан жүгiртiп, оның халықаралық беделiн аспандата түстi. Жаңа ғимараттардың бой көтеруi қаланың салтанатына салтанат қосты.

Шайсұлтан Шаяхметұлының басшылығымен сол жылдары елiмiзде көптеген жоғары оқу орындары ашылды. Мұнда да ең алдымен Елбасының ұсынысы бойынша Астана қаласында бұрынғы Ақмола Педагогика институтының базасында Еуразия университетiн ашуда, оның оқу-материалдық базасын нығайтуда Шәкеңнiң қосқан үлесi өлшеусiз. Америка және Батыс Европа елдерiнiң жоғары оқу орындарымен байланыс орнату, әлемдiк бiлiм беру қауымдастығына ену идеясын алғаш көтерген де Шайсұлтан Шаяхметов болғаны әлi есiмiзде.

Шәкең үнемi республиканың жоғары оқу орындарында бiлiм беру сапасын арттыру үшiн шетелдiк бiлiм мекемелерiнiң тәжiрибесiн, әдiстемелерiн зерттеп, талдап, онан ой қорытып жүретiнi жадымызда. Бiлiмдi бағалаудың шетелдердегi тестiк жүйесi туралы Шәкең көп толғанды, министрлiктiң алқа мәжiлiстерiнде бұл мәселенi талай рет талқылады. Ақырында бiлiмдi бағалаудың тестiк жүйесi өмiрге ендi, министрлiк құрамында тестiлеу бөлiмi құрылып, бүгiнде ол Ұлттық тестiлеу орталығына айналды.

Шайсұлтан Шаяхметұлы өте ұлтжанды, елiн сүйген патриот адам болатын. Кеңестiк дәуiрде Қазақстандағы жөнсiз жабылып қалған 700 қазақ мектебiн қайта қалпына келтiруге тiкелей өзi басшылық еттi. Елiмiздiң тәуелсiздiк алуына байланысты жоғары оқу орындары мен орта мектептердiң қазақша төл оқу құралдарын жаңадан жаздыруға нұсқау берiп, оның орындалуын үнемi қадағалап отырды. Осы арада Шәкең өзi айтқан мына әңгiме менiң әлi есiмде.

— Желтоқсан оқиғасынан кейiн мынадай бiр жағдай болды, — деген едi Шайсұлтан Шаяхметұлы. — Бүкiл партия, баспасөз органдары болып бiлiм саласын, жоғары оқу орындарының ректорларын жерден алып, жерге салып жатты ғой. “Қайда барсаң, қаптап кеткен қазақтар”, деп. Онда мен Министрлер Кеңесiнiң оқу және денсаулық бөлiмiн басқарамын, осы мәселенi анықтауға атсалысу қажет болды. Арнайы кiрiсiп, талдау жасап, кестелер толтырып, әр аймақтың, әрбiр жоғары оқу орнының, әр мамандықтың барлық деректерiн жинадым. Жүйеге келтiрген соң, сол кездегi басшыларға дәлелдедiм. Шындығында да зерттеп қарасақ, ұлтымызға күйе жағып байбалам салатындай ештеңе жоқ. Мектеп бiтiрушiлердiң 60 пайызы қазақ балалары, олардың iшiнен оқуға түсетiндердiң де 60 пайызы қазақтар. Он қазақ баласы оқуға түсуге арыз тапсырса, жоғары оқу орнына соның 4-еуi, он орыс баласының 6-уы, басқа ұлттардың 7-8-i түседi екен. Осыны мәлiмдей отырып және бiр жәйтты жаздым. Республикалық жоғары оқу орындарында оқитындар, негiзiнен, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Алматы, Талдықорған облысынан келгендер. Статистикалық талдау бойынша, мектеп бiтiретiн 60 пайыз қазақтың iшiнен 60 пайызы да осы аталған бес облыстың үлесiнде екен. Ал Солтүстiк облыстарда тұратын қазақ, орыс түлектерiнiң бiразы Ресейге барып оқиды екен. Олардың да есебiн алдық. Сонда бұл жерде ешқандай кереғарлық, жымысқы саясат жоқ, бәрi өзiнiң орнында болғаны байқалды.

Сол уақыттарда қызыл саясаттың екпiнi болар, қазақ тiлiн үйретемiз, өркендетемiз деп жиi-жиi қаулылар шығарылды. Министр ретiнде қай жиналысқа барсам да, Орталық Комитет пе, Жоғарғы Кеңес пе, Жоспарлау комитетi ме, Халықтық бақылау комитетi ме, бәрiнде де айтатыны: “Бiз қазақ тiлiн үйренейiк десек мұғалiмдер жоқ, аудармашылар, стенографистер жоқ, қазақша жазу машинкасы жоқ. Хатшылар, iс жүргiзушiлер тiл бiлмейдi” — деседi. Содан кейiн бүкiл ректорларды, облыстық бiлiм бөлiмдерiнiң бастықтарын жинап, Үкiметтiң алдына мәселе қойдық. Қаулы шықты да, қазақ тiлiнiң маманы, аудармашы, iс жүргiзушi, машинистка, стенографист мамандықтарына даярлайтын екi жылдық жеделдетiлген факультеттер ашылды. Бiрақ, жиналыстарда “керек, керек” дегендер iс жүзiнде тапсырыс бермейдi, кадр iздемейдi екен. Бүгiнгi күнi ол факультеттер жабылған, ал сол кадрлар әлi жетiспейдi…

Осы әңгiмеден кейiн Шәкеңнiң шынайы патриот, ұлтжанды азамат, үлкен қайраткер екенiне көзiм анық жеткен едi.

Мен Шайсұлтан Шаяхметұлын тiлi өрнектi, ойы кемел дарынды ақын ретiнде де ерекше бағалаймын. Қат-қабат, ұшы-қиыры жоқ таусылмайтын тiршiлiктiң арасында жүрсе де ол кiсi ара-арасында, шабытты шақтарында бұрқыратып өлең жазып тастайтыны есiмде. Бiр өлең шығарған ақын бiр отар қой айдағандай көңiлi көтерiлiп, табан астында байып шыға келгендей алқып-шалқыған күй кешетiнi бар. Осындай көңiлi көлдей тасып отырғанда Шәкең менi шақырып алып:

— Бүгiн бiр өлең жаздым. Сен тыңда. Мен оқып көрейiн, — деп шабыттана оқи жөнелдi.

— Ой, Шәке, мынауыңыз керемет өлең ғой, — деймiн ол кiсi өлеңiн оқып болған соң ойымды жасыра алмай. Ақын деген бала сияқты ақкөңiл, аңғал, ақжарқын халық емес пе, Шәкең менiң әлгi сөзiме әжептәуiр қуанып, мәз-мейрам болып қалатын. Көзiне мақтағаным емес, ол кiсiнiң өлеңдерiне шынымен-ақ сүйсiнетiн едiм. Сол кездегi беделдi қазақ басылымдарында жыр топтамалары жиi жарияланатын, өлеңдерi бiрнеше рет жинақ болып шыққан химик-лирик Шайсұлтан Шаяхметұлының қазақ поэзиясында өз орны барын сол кезде-ақ мойындағандай болдым. Қайран Шәкеңнiң қай өнегелi iсiн айтып тауысасың, мұндай ойлар оқта-текте ол кiсiнi еске алғанда осылайша түйдектеле шығып жататыны заңды құбылыс қой.

Жырымен де, сырымен де, елге iстеген iзгiлiктi iстерiмен де жанып тұрған шамдай жарқырап өткен Шәкеңнiң сәулесi әлi де ел-жұртының жүрегiн нұрландырып тұра бермек. Ол сәуле ешқашан сөнбек емес.

Серiк ПIРӘЛИЕВ