Жаңалықтар

ШАРАСЫЗ ШАРАНА

ашық дереккөзі

ШАРАСЫЗ ШАРАНА

Жыл сайын Қазақстанда 170 мың шарана анасының құрсағында тұншығады. Жасанды түсiктiң кесiрiнен. Мамандар қауымы қаржылық дағдарыстың дауылына төтеп беруге жүйкелерi шыдамайтын әйелдердiң қатары көбейiп, жасанды түсiк жасатуға жүгiнетiндер саны артуы мүмкiн деп алаңдайды. Бұл бiздiң елiмiзге ғана емес, бүкiл әлемге тән құбылыс. Өкiнiшке қарай, әрине.

Әлемдiк қаржылық дағдарыс адамдардың қалтасына ғана емес, жүйкесiне де салмақ салуда. Жұмыссыздық, қымбатшылық, бұлыңғыр тартқан болашақ, күннен күнге қиындап бара жатқан күнкөрiс сияқты экономикалық қиындықтардан туындайтын проблемалар адамдардың арманын, келешекке деген жоспарларын, тiптi, қыз-келiншектердiң бала табуға деген белсендiлiгiн шектеп отыр. Сорақысы сол, кезiнде ауыр қылмыс саналған жасанды түсiкке бүгiнде әйелдер қауымы көбiнесе саналы түрде барады. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының деректерiне сүйенсек, Жер шарының түкпiр-түкпiрiнде жыл сайын 46 млн. жасанды түсiк жасалынады. 70 мыңға жуық әйел жасырын жасалынған түсiктiң сапасыздығының кесiрiнен көз жұмады. Ал 5 миллион келiншек сапасыз жасанды түсiктiң құрбаны – олар жазылмас дертке шалдыққан. Медициналық орталықтарда немесе ауруханалардағы жағдай бiр басқа. Жасанды түсiктiң басым бөлiгi дамушы елдер үлесiнде – 35 миллион. Қазiргi кезде дүние жүзi бойынша әрбiр бесiншi жүктiлiктiң соңы жасанды түсiкпен аяқталады.

Түрлi әлеуметтiк жеңiлдiктер мен жәрдемақылар қоғамдағы бала тууға деген қызығушылықты оятуға сеп болды: 2001 жылы дүниеге 222 мың сәби келсе, 2003 жылы – 247 мың, 2004-2005 жылдары – 270 мыңнан, 2006 жылы – 300 мың, 2007 жылы 239 мың. Жағдайымыз бұрынғыға қарағанда, көш iлгерi десек те, демографиялық ахуалы ақсап отырған Қазақстан үшiн аталған көрсеткiштер жеткiлiксiз. “Жығылғанға – жұдырық”, туылған баланың санынан туыла алмай кеткен сәбилер саны басым. Мамандар пiкiрiнше, жасанды түсiктiң алдын алуға мемлекет мүдделi болуы тиiс. Өкiнiшке қарай, жерi – ұлан-ғайыр, ал халқының саны тым аз Қазақстанда демографиялық саясатты жүзеге асыру шаралары ауқымды қарастырылмаған. Ауылды жерлердегi әйелдердiң денсаулығының жиi сыр беретiнi, олардың тұқым қуалайтын дертке шалдығуы жиiлеген. Балалар арасындағы өлiм-жiтiм деңгейi жағынан алғанда да, Қазақстанның жағдайы мәз емес – бүкiл әлем бойынша 61-орында.

Отандық дәрiгерлер қауымы бала тууға қабiлеттi қыз-келiншектер арасында, әсiресе, “ойнап жүрiп от басып қалатын” жас жеткiншек қыздар арасында жасанды түсiктiң келешек тағдырына тигiзер зияны туралы ақпараттар беру жеткiлiксiздiгiн көлденең тартады. Сорақысы сол, сананы тұрмыс билеген заманда құрсағындағы кiп-кiшкентай тiршiлiк иесiн өз қолымен құрбандыққа шалатын қатiгез аналар көбейген. Ресми деректерге сүйенсек, 2003 жылы 300 мың ана жасанды түсiк жасатқан. Ал былтыр бұл көрсеткiш 170 мыңға жуықтапты. Анығында, жарық дүниенi көру бақыты бұйырмаған 170 мың шарана анасының құрсағында тұншықты…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ