Жаңалықтар

“ALAGEUM ELEECTRIC” ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

ашық дереккөзі

“ALAGEUM ELEECTRIC” ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

Қалың қатпары қазба-байлық, қойны тұнған аңыз, кәрi Қаратаудың күнгей бөктерiндегi Кентаудың, аты дүркiн-дүркiн естiле бастаған трансформатор зауытына қарата жолсапарға аттанғанымызда, өтпелi кезең шалғайдағы шағын қалалардың айырықша қиындық көргенi есiмiзге түсiп, екiұдай сезiмде болғанымыз рас.

Ал, қайтар жол, әсем қаланы баяғы даңқына бөлеп үлгерген зауыттың, зеңгiр аспанға құлшына өсiп ұмтылған жас бәйтеректей бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiмен танысқаннан кейiн “Е, жаратқан Ием! Күтпеген жерден килiккен қаржы дағдарысында тәуелсiздiк қарлығашын қақпақылға сала көрме!” деп тiлеуiн тiлеп келе жаттық.

Көпшiлiк, қазiр жаңарып түлеген Кентаудың бүгiнгi келбетiн, елiмiзге ғана емес, таяу шет елдерге мәлiм болған аталмыш зауытпен, оның көшбасшысы “Alageum group” БҚ-ның директорлар кеңесiнiң төрағасы Сейдулла Iлиясұлы Қожабаев есiмiмен байланыстырады.

1997 жылы Сейдулла Iлиясұлы Қожабаев бастап бiр топ кәсiпкер келгенде, зауыттың шығар-шықпас жаны бар, жұмысшыларының жалақысы, несиелiк қарыздары 97 млн. теңге, банкрот табалдырығында тұрған мекеме едi. Қысқара-қысқара саны 250-ге азайған жұмысшылары үш жылдан берi нақты ақша көрмей, зауыт амалдап өндiрген қоларба, су қайнатқыш тәрiздi ұсақ-түйек заттарды жан-жаққа арқалап, сапар шегiп сатып күн көретiн. Сол жылдардың қысы ұмытылмақ емес: қалада жарық жоқ, жылу жоқ. Өндiрiс мұқтаж газ тапшы. Жаңа акционерлердiң үстiн-үстiн кешқұрым жиналып, тығырықтан шығар жол iздеп, ақылдасумен, түннiң бiр уағына қалып, өндiрiсте түнеген кезi аз болмады: Қазақстандағы жалғыз трансформатор зауытын, мамандарды қалайда сақтау керек едi. Үш жыл (отыз алты ай) осылайша алпарыста өттi.

Сейдулла Iлиясұлы Қожабаевтың қайтпас қажырлығы, табандылығы осы сын сағатта бiлiндi. Зауыт қауымының тынысы кеңiп салған тұс 2000-2001 жылдар. Iскер азамат тәуекелге бел буып “Қазтрансойл”, “Қазақойл”, “Интергаз”, “Қазақстан темiр жолы” сияқты атышулы компаниялардың тендерлерiне қаймықпай қатысып, зауыт өнiмiн үзбей жарнамалауға кiрiседi. “Талаптыға нұр жауар” деген, сөйтiп ұзамай алғашкы сұраныс та келе бастайды.

Мiне, кәсiпорынның содан бертiнгi жетi-сегiз жылдағы жетiстiктерiн ертегiге теңесек қателеспеймiз. Әуелi кеңестiк жүйеден қалған көне құрал-жабдық, қондырғылардан арылтып, өндiрiстi Еуропа елдерiнiң заманауи озық технологиясымен жабдықтап, бойды түзеп алып, аттың басын қоя бередi: ендi өнiмдерiн Қазақстан былай тұрсын Ресей, Белорусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан сияқты елдерге ұзатып сата бастайды. Зауыт қауымы 250-ден 1200 адамға өсiп, орташа жалақысы 80 000 теңгенi кұрайды. Ал, 2008 жылы айына қарай зауыт 800-900 млн. теңгенiң өнiмiн шығарып, төлейтiн салығы Кентау қаласы бюджетiнiң 40 пайыз кiрiсiн құрапты.

Ел үшiн еткен еңбектiң елеусiз қалмайтыны белгiлi. 2005 жылдың қараша айында, Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың “Кентау трансформатор зауытына” арнайы келiп, жоғары сапалы отаңдық өнiм өндiрушi кәсiпорын жұмысымен танысып, Сейдулла Iлиясұлының қолын ризашылықпен қысып, көп ұзамай “Құрмет белгiсi” орденiмен марапаттайды.

Таяуда ғана “Кентау трансформатор зауыты” АҚ-ы, 2008 жылдың “өндiрiстiк мақсаттағы үздiк тауарлар” номинациясы бойынша, республикалық “Алтын-сапа” көрме-конкурсының жүлдегерi болып танылып, С.Қожабаев, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолынан марапат қағазын алыпты.

— Ньютон “Мен ұлы болсам, алыптардың иығында тұрғанымнан” деген емес пе? “Ат ауыздығымен су iшкен” кешегi “тар жол тайғақ кешу” жылдары қайыспай өткен қара нардай қазақтардың жiгiттерi бар. Мiне бiздiң байлығымыз! Өлшеу, теңеу жетпес байлығымыз! Өндiрiстiң бiрнеше белдi бас маманына мемлекеттiк марапат көрсетiледi деп үмiттенемiн. Бүгiнгi табыстарымыз, ең әуелi зауыттың инженерлiк қуаты мен жұмысшыларының ерен еңбегiнiң арқасы, — деп жүзi нұрланып отырып, Сейдулла Iлиясұлы әрмен қарай өндiрiс жайын көсiле әңгiмелеп кеттi. — Нарық — асауды аз шығынмен тауар сапасын арттырар, не өнiмiн молайтар жаңа тетiктер ойлап табуға қабiлеттi, я болмаса өзгенiң тапқан жаңалығын “көздi ашып жұмғанша” өндiрiске енгiзе бiлетiндерi ғана құрықтайды. Мамандар бiраз жылда iрiктелдi. Бiздiң өндiрiс қазiрдiң өзiнде ДСҰ-на кiруге дайын. Бiздiң еңбеккерлерiмiз де, өндiрiстiң тұтынушыларымызға ұсынатын өнiмi де бәсекеге қабiлеттi. Бiз ұжымның әр мүшесiнен жаңа идея, жаңа ұсыныс күтемiз. Ешкiм ескерусiз қалмайды. Қажылыққа жiберiп жүрмiз. Заттай, ақшалай сыйлықпен марапатталады. Зауыт еңбеккерлерiнiң тоқсан пайызы қазақтың қара көздерi. Инженер-конструкторларымыздың тең жарымы жастар. Мен осыған қуанамын. “Ат тұяғын тай басар” Қазақстанның болашағы көк байрағымыз жастардың қолында.

Шынында компанияның маман дайындауға, бәсекелестiкке, әлеуметтiк мәселеге, жас ұрпаққа айырықша мән беретiнi қайран қалдырды. Облыс аумағында мектеп бiтiрушi жастарды энергетика саласындағы жоғарғы оқу орындарына түсуге жарнамалауының нәтижесiн көре бастапты. Зауыт ұйтқы болып ХҚТУ-дiң лекторы Лесбек Тәшiмов мырзаның қолдауымен биыл Кентауда энергетика факультетi мен осы салаға байланысты ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, қызу iске кiрiсiптi. Студенттер мен зауыт байланысы нығая түссе келешек бiлiктi мамандардан кенделiк көрмейтiнi анық. Оған, өндiрiсте жергiлiктi халық еңбек етсе екiжақты ұтатынын қосыңыз. Жас мамандарға былтырдан берi 27 пәтер әперiлiптi. Өндiрiстiк практикадан өткен 33 жас маманға қызықтырып 40 мың теңгеден ақша төлеп, Құшата елдiмекенiне кұны 2 млн. 500 мың теңгелiк қуатты трансформатор апарып орнатып, мүмкiншiлiгi шектеулi балаларға арналған арнайы мектепке 2 млн. 400 мың теңге бөлiп, “Жақыныңа жәрдемдес” қайырымдылық қорына 5 млн. теңге көмек, қала ауруханасына “Жедел жәрдем” машинасын сыйға тартыпты. Әрбiр босанған анаға қосымша 50 мың теңге бөлгiзуi, ұрпақ қамын ойлайтын азаматтың қолынан келетiн игiлiктi шара. 8-Наурыз – Әйелдер мерекесiнде, Жаңа жыл, Наурыз мейрамдарында сыйлық беру, Ораза айт, Құрбан айт мерекелерiнде зауыт еңбеккерлерiне құрбан шалып, дастарқан жаю дәстүрге айналған. Зауытта көркем намазхана бар, еңбекшiлер арасында “салауатты өмiр салты” насихатталып, жыл бойына спорттық жарыстар үзiлмей, жеңiмпаз, жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен марапатталады. — “Alageum group” деген атауымызды жұрт алғашқыда тосарқайды, — дедi Сейдулла Iлиясүлы күлiмдей. — “Ерге сүйенсең ергенегiң мықты болар, елге сүйенсең қараша үйiң мықты болар” деген екен аталарымыз. Халқымыздың таңсәрi деген мағынаны бiлдiретiн “алагеуiм” сөзiн қалап, өзiмiздiң логотип, бренд етiп отырмыз. Тәуелсiздiгiмiздi баянды етуге ұмтылған соң, ұлтымыздың арайлы таңнан – алагеуiм шақтан – жақсылық күтуi жақсы ырым. Және “Ерте тұрған ердiң ырысы артық, ерте түрған әйелдiң бiр iсi артық” демей ме?! Әу баста жатсынғанымен, Қазақстанның атын шығару мақсатымыз болған соң, бұл төл сөзiмiздi шетелдiктерге де ерiксiз мойындаттық. “Таңсәрi” деген ғажайып сөзiмiз қазiр ағылшынша, орысша сайрайды. Айтылуы, жазылуы жеңiл, ыңғайлы.

Әлеуметтiк қаржы дағдарысы кезеңiнде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “…Самрұқ-Қазына” қоры, өзге холдингтердiң, сондай-ақ барлық деңгейдегi әкiмдiктердiң жұмысы бiрiншi кезекте “серпiндi” жобаларды жүзеге асыру көрсеткiшi бойынша бағаланады” деп, және “бюджеттiк және отандық өндiрiс өнiмдерiн сатып алуға мiндеттеген “Мемлекеттiк сатып алу” туралы заңнамалық ұсыныстары, Сейдулла Iлиясұлы Қожабаев сынды бизнес өкiлдерiне бiлдiрген сенiм мен қолдау болып бүкiл республикада резонанс тудырды. Және бұл iс-шаралардың өндiрiс қарқынын төмендетпеуге, еңбекшi халқымыздың дағдарыс кезеңi күнкөрiсiнiң кепiлi болатыны анық.

Iргесi 1959 жылы қаланған осынау “Кентау трансформатор зауыты” АҚ-ның және оны жетекке алып XXI ғасырда бәйгеге қосқан басшысы Сейдулла Iлиясұлы Қожабаевтың 2009 жылы елуге толатынын естiп, осынау сәйкестiктiң тегiн еместiгiн ойладық.

Асылы, орта бойлыдан биiктеу, аққұбаша, жазық маңдайлы, қос самайы шұлан тартқан Сейдулла Iлиясұлы, кәсiпкерлiк дарынын елiмiздiң тәуелсiздiгi ашқан тұлға. Әйтпесе, жас уағында суретшi болуды армандап, оқуын тамамдап, бiраз еңбек етiптi. Он балалы отбасыда туып-өсiптi. Туған халқының шынайы рухани құндылықтарынан сусындап өскен жастың жақсылыққа жаны құмар, iздемпаз, жаны жайсаң, табанды болып келетiнi бар-ау.

— Құдай қаласа мерейтойды атап, зауыт еңбеккерлерi мен сүйiктi қаламыз Кентау тұрғындарының көңiлiн бiр көтерiп тастамақ ойда бар. Үкiмет басшыларын да күтемiз, — дедi, Сейдулла Iлиясұлы баяғыша жұмсақ жымиып.

Қоштасарда:

— Сейдулла Iлиясұлы, армансыз адам бола қоймас, сонда-дағы… — дедiм жаттанды сұрағыма күмiлжiңкiреп.

Ойымды емеурiнiмнен оқыған ағамыз шартта қозғалақтап, айнала қарап алып, орнынан түрегелiп кеттi. Әне, ол қабырғаны алған терезеден далаға үнсiз көз салып тұр. Бүгiн 2008 жылдың, желтоқсан айының жиырмасыншы жұлдызы — Кентауға биылдыққа тұңғыш рет тобықтан қар жауып, бүкiл жер — көк аққа оранып, өзгешелеу, сиқырлы бiр леп соғып, күллi әлемдi жадыратқан күн едi.

— Адамда әр жылдары әр түрлi арман ояна бередi екен — Сейдулла Iлиясүлы сәл-пәл кiдiрiп тiл қатты. — Жан сырымды айтқыздың-ау, iнiм. Алла жазса деп тiлеймiн, арманым осы өндiрiстi “General electric”, “Cshnider electric” iспеттес жаһанға танымал компанияға айналдыру! Иә! Тәуелсiз Қазақстанымның абыройын аспандатып, қазағымның, әлемде бiз ғана бармыз деп жүрген ұлттармен терезесi тең, парасаты кем еместiгiн паш етсем?! — Сейдулла Iлиясұлы көзiн қадай сөзiн жалғады. — Ол үшiн бiздегi кейбiр кедергiлерден аялап алып өтiп, мұхит айдынына еркiн жiберетiн өкiмет пәрменi керек. Солай деп жаз.

— Бiздi, сол мезгiл бес қаруы сай, жер тарпыған пырағы — Тайбуырылдың үстiндегi Қобыланды батырдың өзiн көргендей, бойымызды раушан сезiм баурап алып едi.

Қуанышбек БОТАБЕКОВ