Жаңалықтар

САЯСИ САХНАДА – ТАҒЫ ДА ГАЗ ДАУЫ

ашық дереккөзі

САЯСИ САХНАДА – ТАҒЫ ДА ГАЗ ДАУЫ

Саяси сахнаға шыққан көмiрсутегiлер күресi мен мүдделер қақтығысы әлемге билiк ету жолындағы жанталастың кесiрiнен. Бүгiнгi сараптама қазақтың энергоқорын халықаралық нарыққа шығаратын тасымал жолдарын дербестендiру мен әлемдiк саясаттағы экономикалық мүдделерден бастау алатын түйткiлдер туралы.

Киев пен Мәскеу арасындағы баға дауының кесiрiнен Еуропаның 18 мемлекетi ресейлiк табиғи газдан қағылды. Кәрi құрлыққа жеткiзiлетiн көмiрсутегiнiң 80 пайызы Украина арқылы тасымалданатындықтан, Еуроодақ iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қалай қанағаттандырарын бiлмей әлек. Еуропалық аймақтың оңтүстiк-шығыс бөлiгiндегi кейбiр өндiрiс орындары жылу мен жарықтың тапшылығының кесiрiнен жұмыстарын тоқтатты, көптеген елдерде жылу беру процесi жиi сыр беруде. Былтыр жыл соңында “Нафтогаздан” тасымалданатын мың текше метр газға 250 доллар сұраған “Газпром” келiсiмге келе алмағасын, газ құнын алдымен 418 долларға, кейiнiрек 450 долларға бiр-ақ шығандатты. Тараптардың бiр-бiрiне тағып отырған айыптары да жетерлiк. Мысалы, Ресей жағы украиндарды “газды ұрлап алды” деп айыптаса, Киев “ұрлаған жоқпыз, газды бiр құбырдан екiншi құбырға құю үшiн керек болғандықтан, қосымша техникалық газ ретiнде пайдаландық. Ресей газды бiзге әдейi аз беруде” деп ақталады. Бұл уәжге тоқтаған “Газпром” транзиттiк ел техникалық газбен өзiн өзi жабдықтауы тиiс”. Онысымен қоймай, Украинаны Стокгольмдағы Халықаралық арбитраждық сотқа бердi. Айыптаулар мен қоқан-лоққы жасаудан арыға аса алмаған екi тарап Брюссель, Киев, Мәскеу қабылдаған үшжақты келiсiмдi орындауға асығар емес. Көмiрсутегiлердi “Ужгород” стансасы арқылы Словакияға қарай бағыттауды көздейтiн Ресей украиндарға “Суджа” стансасы арқылы тасымалдауды талап етсе, Киев Донецк, Днепропетровск, Одесса газсыз қалатындықтан, орыстардың талабын орындаудан үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытып отыр.

Барлық түйткiл баға саясатына келiп тiрелгенмен, газ дауының астарында саяси сарын жатқаны анық. Ресей газ дауын сылтауратып, халықаралық қауымдастықтың наразылығын тудырған жаңа екi жобаны – Балтық теңiзiнiң түбiнен тартылатын “Солтүстiк ағын” мен Қара теңiздiң түбi арқылы ағатын “Оңтүстiк ағын” газ құбырының құрылысын жүзеге асыруға құлшына кiрiсуге бел буып отыр. Шығын көлемi 100 млрд. доллардан астам қаржыға бағаланып отырған “Оңтүстiк ағын” жыл сайын 30-млрд. текше метр табиғи газды алдымен Грекия мен Болгарияға, сосын Италияға, одан әрi Еуропаның басқа мемлекеттерiне тасымалдамақшы. Құбыр құрылысын салу ресейлiк “Газпром” мен италиялық Eni компаниясының жауапкершiлiгiнде. Кремльдiң көкейiн тескен тағы бiр жоба – Каспий жағалауы құбыры. Жоспар бойынша, қазақ пен түркiменнiң энергоқорын Ресейге жеткiзетiн Каспий жағалауы газ құбырының құрылысы тез арада аяқталуы тиiс. 2008 жылдың 26 желтоқсанында РФ президентi Д.Медведев “Ресей Федерациясы үкiметiнiң Қазақстан Республикасы үкiметi мен Түркiменстан үкiметi арасындағы Каспий жағалауы газ құбырының құрылысына қатысты ынтымақтастық туралы келiсiмдi ратификациялау туралы” заңына қол қойды. Ортақ құбыр тарту туралы келiсiмге Қазақстан, Түркiменстан, Ресей басшылары 2007 жылдың 12 мамырында келген болатын. 2007 жылдың 20 желтоқсанында үш елдiң үкiметтерi келiсiмдi заңдастыратын құжатқа қол қойды. 2008 жылдың 25 шiлдесiнде өткiзiлген келiссөздер нәтижесiнде, “Газпром” Түркiменстан жерiндегi газ саласына қатысты инвестициялық жобаларға қатысуға қол жеткiздi. Келiсiм Каспий жағалауы газ құбырына құйылатын “көгiлдiр отын” көлемiн 30 млрд. текше метрге дейiн көбейтуге мүмкiндiк бередi. Ал қазақтар жағы келiсiм бойынша, Ресейге 10 млрд. текше метр газ жөнелтпек. Қазақтардан – “ҚазМұнайГаз”, ал түркiмендерден “Түркiменгаз” компаниялары жүзеге асыратын құбырдың жалпы ұзындығы 1700 шақырымға созылмақ. Оның 1200 шақырымы Қазақстан жерi арқылы өтсе, 500 шақырымы Түркiменстан арқылы тартылады. Каспий теңiзi мен басқа кен орындарындағы көмiрсутегiлерiн қазақтар мен түркiмендер жерi арқылы орыстардың елiне жеткiзетiн бұл құбыр Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың “Nabucco” жобасына кедергi келтiрерi анық. Түркияның шығыс бөлiгi мен Австрияны жалғастыратын бұл құбыр желiсi iске қосылса, Еуропаға жыл сайын 31 млрд. текше метр газ тасымалдауға қауқарлы. Жалпы құны 7,4 млрд. долларға бағаланған құбырға шикiзат Әзiрбайжан, Қазақстан, Түркiменстан, Иран мен Египеттен тартылмақшы. Былтыр бұл жобаға австриялық OMV AG, венгриялық Mol Nyrt, румындық Transgaz SA, болғарлық Bulgargaz Holding EAD және түрiктердiң мемлекеттiк Botas компаниясына немiстердiң RWE AG компаниясы қосылды. RWE AG – Германиядағы көлемi жағынан алғанда, екiншi тұрған алпауыт кәсiпорын. Алайда, жоба құрылысына қатысуға мүдделiлер саны неғұрлым артқан сайын газды тасымалдау жолын диверсификациялау, энергетикалық қауiпсiздiк қамтамасыз ету соғұрлым қиындай түседi. “Nabucco” жобасының үйлестiрушiсi Джозиас Йохансон ван Аартсен: “Газды тасымалдауда үкiметтер кедергi жасауы мүмкiн. Ондай қауiптердi жою, алдын алу қиынға түсуi мүмкiн” дедi. Оның үстiне, құбырды толтыратын “көгiлдiр отынның” мөлшерi аздық ететiнi айқын. ЕО бұған да бас қатырып отыр. Тегеран мен Ашхабад арасындағы келiспеушiлiктер – “жығылғанға жұдырық”. Былтыр қыста Түркiменстан Иранға бағытталатын табиғи газды тоқтатып тастағанда, ондаған ирандық үсiп өлген болатын. Осы келеңсiздiктен кейiн екi елдiң дипломатиялық қатынасына сызат түстi. Қаһарына мiнген Иран әлi күнге Түркiменстанды Жер бетiнен жойып жiберем деп тiсiн қайраумен келедi. Ашхабад болса, Ресейдiң қолтығына тығылуға мәжбүр. Өйткенi, ядролық бағдарлама мәселесiнде Тегеранды БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң қаһарынан қорғап отырған Мәскеудiң сөзi Иранға өтiмдi болары белгiлi. Есесiне, түркiмендерге саяси тұрғыда салмақ салған Кремль “Газпромды” Түркiменстандағы табиғи газ саласындағы барлық инвестициялық жобаларға қатыстыратын болды. Кәрi құрлықтың байырғы тұрғындарына түркiмендер жерiнен газ құбырын тартуға бiлек сыбана кiрiскен қытайлардың белсендiлiгi де ұнамайды. Өйткенi, Ашхабад үшiн ең басты серiктес Пекин болуы әбден мүмкiн.

Орыстар құбырды Каспий бойын жағалай тартуды көздесе, еуропалықтар мен америкалықтар керiсiнше, орталықазиялық көмiрсутегiлердi батыстық нарыққа Ресейдi айналып өтетiн төте жол – теңiз түбi арқылы тасымалдағысы келедi. “Транскаспийлiк” деп аталатын бұл жоба жоспар бойынша, “Nabucco” құрамына кiретiн Баку – Тбилиси – Ерзұрым құбырына барып тоғысуы тиiс. Алайда, жобаның тым қымбатқа түсетiнi басты кедергiлердiң бiрi болып тұр. ЕО, АҚШ-пен бiрге Орталық Азияның энергоқорларына тәуелдi Түркия бiраз уақыттан берi түркiмендердi “Nabucco”-ға қатысуға көндiре алмай әлек. Түркiменбашының кезiндегiдей емес, қазiргi жас президент Бердiмұхамедов “көгiлдiр отынын” тасымалдау жолдарын дербестендiруге құлшына кiрiскен. Көмiрсутегiлер жолындағы күрес табиғи ресурстарға бай Әзiрбайжанды айналып өтпедi. Былтыр Мәскеу Бакуге әзiрбайжандарға тиесiлi табиғи газ қорын көтере сатып алуға ұсыныс бiлдiрген. Мұндай ұсынысты Грекия, Италия, Швеция, Болгария сияқты Еуропалық Одаққа мүше басқа да елдер, Иран мен Түркия тарапынан да бiлдiрiлген болатын. Алайда, “Шах Дениз” жобасы мен Оңтүстiккавказдық газ құбырының шеңберiнде құрылған жоспарларға сәйкес, көмiрсутегiнi көтере сатудан Баку бас тартты.

Қазақстанға келсек, бiздiң елмен стратегиялық тұрғыда серiктестiк орнатуға Ресей ғана емес, аспанасты елi де белсендi. 2008 жылы Астана мен Пекин 1304,5 шақырымға созылатын құбыр желiсiн тартуға шешiм қабылдады. Құбырдың тиiмдiлiгi – ортада “жұмыртқадан жүн қырқатын” делдалдар жоқ. Қазақ, түркiмен, өзбек, қытай қатысатын бұл жобаға жауаптылар – “ҚазСтройСервис” АҚ мен CPPE (China Petroleum Pipeline Engineering) корпорациясы. Ең маңыздысы, Қытайға бағытталатын құбырдың арқасында Оңтүстiк Қазақстан облысы, Жамбыл, Алматы мен Қызылорда облыстарының белгiлi бiр бөлiктерi табиғи газбен қамтамасыз етiледi. Тағы бiр маңызды жайт, құбыр құрылысын салуға жұмылдырылатын отандастарымыз елiмiздегi жұмыссыздар санын азайтатыны сөзсiз. Түркiмен мен өзбектiң “көгiлдiр отынын” қазақ жерi арқылы өткiзу де экономиалық тұрғыда тиiмдi. Үстiмiздегi жылдың шiлдесiнде басталған құбырды 2010 жылы пайдалануға беру жоспарланып отырғанын бiлетiн Ресей Қазақстанмен арадағы iскерлiк қатынастарды барынша нығайтуға жанталасып жатыр. Бiресе орталықазиялық елдермен және табиғи газ өндiрушi мемлекеттермен бiрiгiп, Энергетикалық хартия құруға талпынған, бiресе Иранмен, Катармен бiрлесiп, газ картелiн құруға жанталасқан Кремль Орталық Азия уысымнан шығып кетпесе деп алаңдайды. Қазақстан-Қытай құбыры iске қосылса, “Газпромның” ықпалы әлсiреп, Батыс Сiбiрден ҚХР-ға дейiн тартылатын “Алтай” газ құбырының жобасы маңызын жоғалтады. Оның үстiне, газ құбырының екiншi бөлiгi Қазақстаннан Түркiменстанға дейiн тартылатындықтан, транзиттiк жол Ресейдi айналып өтедi. Алматыдан Қапшағайға қарай тартылған 42 шақырымдық құбырдың құрылысы 2008 жылдың 9 шiлдесiнде басталған. Жыл сайын 40 млрд. текше метр газ тасымалдау мүмкiндiгiне ие қазақ пен қытайдың құбыры 30 млрд. текше метр – Қытайға, қалған 10 млрд. текше метрi Қазақстанға бұйырмақ. Ресми деректерге сүйенсек, газ құбырының 6 млрд. АҚШ долларына бағаланып отырған алғашқы тармағы 2010 жылдың маусымында пайдалануға берiледi. 2007 жылы “ҚазМұнайГаз” компаниясы румындардың “РомПетрол” компаниясының 75 пайыз акциясын сатып алған болатын. Былтыр Констанца қаласынан мұнай сақтайтын жаңа әрi қазiргi заманға сай терминал салуды қолға алды. Келешекте Констанца қаласынан Италияның Триест қаласына дейiн созылатын мұнай құбырының құрылысы салынуы мүмкiн. Қазiргi кезде Қазақстанның мұнайы мен газын АҚШ Түркiменстан мен Әзiрбайжан арқылы еуропалық нарыққа тасымалдауға ниеттенiп отыр. Бұл көмiрсутегiлер тасымалын дербестендiру жолында Қазақ елi үшiн үлкен сеп болары анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ