Жаңалықтар

ДАFДАРЫС ЖӘНЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

ашық дереккөзі

ДАFДАРЫС ЖӘНЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Соңғы 20 жылда болмаған жағдай: Жер шарындағы жұмыссыздар саны 200 млн.-нан асып түспек. Әсiресе, сiңiрi шыққан кедейлер қатары молая түседi. Ал қазақстандық шенеунiктердiң кейбiрi жұмыссыздықпен күресудiң орнына, оны қолдан жасап отыр.

Халықаралық еңбек бюросының өкiлдерi 2009 жылдың соңына қарай әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен жұмыссыз қалғандардың саны 210 миллионға жететiнiн айтады. Тәулiктiк күнкөрiс деңгейi 1 долларға тең болатын сiңiрi шыққан кедейлер саны – 40 млн., ал 2 долларға теңгерiлетiндер 100 миллионнан асады. Мұндай болжамды Бюро сарапшылары Халықаралық қаржы қоры, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық қауымдастықтың үкiметтерi тарапынан дайындалған баяндамалар негiзiнде жасаған көрiнедi. Сандық көрсеткiштiң одан ары ушықпауы үшiн алдын алу шараларын, яғни, экономикалық көрсеткiштердi жақсарту, өндiрiс деңгейiн өсiру, жалақыны көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әртүрлi кәсiпорындардағы қызметкерлердi қысқарту мәселелерiн тоқтату секiлдi жан-жақты, терең әрi жүйелi түрде жүргiзу қажет. Қаржылық дағдарыстың салқынын әсiресе, құрылыс, автокөлiк саласы, туризм, қаржы, қызмет көрсету мен жылжымайтын мүлiк нарығы айтарлықтай зиян шекпек. Жұмыссыздыққа қатысты жасалған баяндамалар мен мәлiмдемелердiң түгелге жуығы көңiлдi алаңдататын мәлiметтерге толы. Мәселен, қазiргi кезде экономикалық алпауыт – АҚШ-та соңғы 15 жылда болмаған жайт орын алған: Құрама Штаттардағы жұмыссыздық деңгейi 7 пайыз. Халықаралық қаржы қоры еуропалық аймақтағы жұмыссыздық 8,3 пайызға дейiн өсетiнiн көлденең тартады. Осыдан екi ай бұрын 30 мемлекеттен тұратын Экономикалық серiктестiк пен даму ұйымы 2010 жылы ұйымға мүше елдердегi жұмыссыз қалғандар саны 8 млн. адамға өсiп, жалпы көрсеткiш 42 млн.-ға жететiнiн мәлiмдеген болатын. Францияның Ұлттық статистикалық агенттiгi (INSEE) үстiмiздегi жылы ел экономикасында рецессия басталатынын мәлiмдедi. Агенттiктiң хабарлауынша, 2008 жылдың соңғы тоқсанында 0,8 пайызға төмендеген Францияның ЖIӨ деңгейi 2009 жылдың алғашқы тоқсанында 0,4 пайызға тағы азаймақ. Ал бүгiнде 7,7 пайыз төңiрегiндегi жұмыссыздық 8 пайызға көтерiледi. Болжам бойынша, Жапония мен Қытайдағы жұмыссыздық деңгейi 4,4-4,5 пайыз болмақ. Халықаралық нарықтағы қиындықтардың кесiрi әсiресе, Қытайға қатты тидi. Күн сайын жабылып жатқан iрiлi-ұсақты компаниялар, қысқартудың салдарынан күнкөрiсi қиындаған көшелердегi наразы топ Пекиннiң бүгiнгi бас ауруына айналған. Қазiргi кезде 4 пайыздан асып кеткен көрсеткiштiң үстiмiздегi жылдың соңына дейiн бiрнеше есеге өсетiнiн қытайлық билiк жасырмайды. Оның үстiне, ресми билiктiң 10 миллион деген көрсеткiшiн халықаралық сарапшылар жоққа шығаруда. Олардың пiкiрiнше, жұмыссыздар тiзiмiне маусымдық жұмыскерлер енгiзiлмеген және нақты көрсеткiш 150 млн.-нан асып түседi.

Осыдан екi апта бұрын 2008 жылды қорытындылаған Еуропалық Комиссия 2009-2010 жылдары ұйымға мүше 27 мемлекетте жұмыссыздық деңгейi – 0,5 млн. еуропалық аймақтағы көрсеткiш 0,25 млн.-ға өсетiнiн айтады. Демек, 2008 жылы 7 пайызға теңгерiлген жұмыссыздық 2009 жылы – 7,8 пайызға, 2010 жылы 8,1 пайызға жетпек. Ал Бельгия, Германия, Франция, Испания, Греция, Ирландия, Италия, Нидерландтар, Австрия, Люксембург, Португалия, Финляндия, Словения, Мальта, Кипрден тұратын еуропалық аймаққа келсек, 2008 жылы – 7,6 пайыз, 2009 жылы – 8,4 пайыз, 2010 жылы – 8,7 пайыз. Негiзi Шығыс және Орталық Еуропадағы жұмыссыздық деңгейi әртүрлi. Мысалы, ең жоғары көрсеткiш Польшаның үлесiнде – 18,6 пайыз. Одан кейiнгi кезекте Словакия мен Болгария – 18, Чехия мен Словенияда – 5,7 пайыз. Жұмыссыздық мәселесiнде Балтық жағалауы елдерiнiң жолы болды, Латвияда – 11,6 пайыз, Эстонияда – 8,2 пайыз. 2010 жылы Германиядағы жұмыссыздар саны 4 млн.-нан көп болмақ. Бұл мәселеде Ұлыбританиядағы жағдай да аса мәз емес. Былтыр жыл соңында 28 мың қызметкерiн қысқартқан лондондық банктер биыл 34 мыңнан астам қызметкерiн жұмыстан босатуды жоспарлап отыр. Бұған дейiн қаржылық құрылымдардағы дағдарыстың “құрбандығына” шалынғандар саны 134 мыңнан асып түскен едi.

Әлемдiк экономикамен тығыз интеграциялық қатынасқа ден қойған Қазақстанға әлемдiк қаржылық дағдарыстың керi әсер еткенi айқын. ҚР Президентi 2008 жылдың 31 желтоқсанындағы Жаңажылдық құттықтауында елiмiздегi жұмыссыздық деңгейi 2009 жылы төмендетiлетiнiн айтты: “Жұмыссыздыққа қатысты ресми көрсеткiш 7,6 пайыздан 6,5 пайызға дейiн: жұмыссыздық деңгейi одан ары төмендетiледi”. Әрине, Германия, Жапония, Англия секiлдi өзге де алпауыт елдердегi жұмыссыздық деңгейiмен салыстырсақ, халқының саны мен өндiрiстiк қарқыны дамыған елдерге қарағанда әлдеқайда төмен Қазақстан үшiн 7,6-6,5 пайыз дегенiңiз өте жоғары. Қазақстандағы өндiрiс орындарының тұралап қалғаны, тәуелсiздiк алған 17 жылдың iшiнде отандық ауыр және жеңiл өнеркәсiптiң дамытылмағаны, қоғамның саяси және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабiлеттi орташа топтың қалыптастырылмағаны, кәсiпкерлер қауымына жасалатын мемлекеттiк жеңiлдiктер мен жағдайлардың мардымсыздығы және бар. “Жығылғанға – жұдырық”, былтыр республикамыздың көптеген аймақтарында жұмыссыздықты қолдан жасаған жайттар да көптеп кездестi. Мысалы, Ақтөбе облысындағы прокуратура қызметкерлерi аудан орталықтарының бiрiнде тепсе, темiр үзетiн жiгiттердiң жұмыссыздар тiзiмiнде жылдап кезек күткенiн, қоғамдық еңбектермен шектелгенiн, еңбек биржасындағылардың тамыр-таныстарын ғана жалақысы сүбелi жерлерге тағайындағанын анықтады. Жұмыссыздық деңгейi жоғары Шалқар ауданында еңбекпен қамтамасыз ету орталығының қызметкерлерi өздерiнiң таныстарына 1 күннiң iшiнде жақсы жұмыс тауып берсе, кейбiр отандасты 4-5 жыл кезек күттiрген. Шынын айту керек, бүгiнде халықты еңбекпен қамтамасыз ету орталықтарына сенетiндер кемде кем. Көп жағдайда болмашы тиын-тебендi қанағат етудi талап ететiндiктен, олардың 5-7 мың теңгелiк жұмысына азаматтардың келiспеуi заңды, әрине. Ал еңбек биржасындағылар: “Бәрiне кезекте тұрған жұмыссыздардың өздерi кiнәлi, ұсыныстарды қабылдаудан бас тартады” деп тас-талқан. Өкiнiштiсi сол, Ақтөбедегi жұмыссыздықты қолдан жасағандар шенеунiктер заңды белшеден басса да, сөгiспен құтылған. Ал пара алғандар дәлел жоқ болғандықтан, жауапқа тартылмады. Сонымен қатар қазiр елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жұмыстан заңсыз қуылғандардан құрылған наразы топтар қатары да жиiлеп келедi. Былтыр дағдарысқа қарсы бағдарлама дайындаған ҚР Үкiметi республикамыздағы мемлекеттiк және шетелдiк компаниялармен қаржылық дағдарысты сылтауратып, қызметкерлердi жұмыстан шығармау туралы арнайы келiсiмге келгенiн мәлiмдеген болатын. Сiрә, бұл да қағаз жүзiнде болса керек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ