Жаңалықтар

НАFЫЗ ПАРАСАТТАН ШЫНАЙЫ ПАТРИОТТЫҚ ТУЫНДАЙДЫ

ашық дереккөзі

НАFЫЗ ПАРАСАТТАН ШЫНАЙЫ ПАТРИОТТЫҚ ТУЫНДАЙДЫ

Тәуелсiз мемлекеттiң еркiн, бостандық сүйгiш, ой-санасы қасаң қағидаттар мен бұлжымайтын қаулылардан биiк, намысқой, парасатты жастарын қалыптастыру мен мәпелеп тәрбиелеу азаматтық қоғамның деңгейi,адамдардың өз Отанына деген азаматтық сүйiспеншiлiгi және құрметi, кез келген жағдайда Қазақстан мүддесiн қорғауға қабiлеттiлiгi және азаматтық парызын қалтқысыз орындауға дайындығымен сабақтас екенi сөзсiз.

Қазақ елiнiң қасиеттi тәуелсiздiгiмен түйдей құрдастар биыл он сегiзге толмақшы. Он сегiз жас нағыз романтикаға, аппақ армандарға толы ерекше жас. Тәуелсiздiкпен құрдастар биыл алғаш рет Қазақстан Республикасының қастерлi төлқұжатын қолына алып кәмелетке толмақ және бұдан былай елiмiздiң толыққанды азаматтарының қатарына қосылғалы отыр.

Жас ұрпақ – жаңа адам қандай болуға тиiс? Оларға отаншылдық тәрбие беруде назарымыздан тыс қалып отырған соқталы мәселелер жоқ па? Пайымы биiк, парасатты ұрпақ тәрбиелеуде қандай игiлiктi iстер атқарылуға тиiс?

Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментiнiң бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, полковник Бақтияр Қайымұлы Қадырхановпен әңгiмемiз осы мәселелерге орай өрбiдi.

– Бақтияр Қайымұлы, өмiрде, күнделiктi тiршiлiгiмiзде кереғарлық шектен тыс көп-ақ. Сонда да ерекше қисынсыздық, ақылға қонбайтын кереғарлықты айналып өте алмаймыз. Тәуелсiз елiмiзде қазiр патриоттық сезiмдер туралы сөз қозғау жадағайлық, тiптен парықсыздық секiлдi саналатын аса өкiнiштi жайт. Сiздiңше қалай?

– Бiлесiз бе, жалпы алғанда патриотизм дегенiмiз рухани мәндегi абстрактiлi ұғым секiлдi. Бiрақ олай да емес. Өйткенi, тарихтың қай кезеңiн қарастырсақ та әрбiр халықтың бойында белгiлi бiр деңгейде патриоттық болады. Мәселен, өз елiн, кiндiк кескен туған жерiн жатжұрттықтардан қорғап опат болған үндiстер шынайы патриоттар. Ұлан-байтақ қазақ жерiн, қиял түрлi жаулардан қорғау жолында қасық қаны қалғанша айқасып өткен, ақ бiлектiң күшi, ақ найзаның ұшымен қазiргi Қазақстан территориясын болашақ ұрпақтарына аманат еткен өр руһты ата-бабаларымыз – патриотизм мен қаһармандықтың шыңына ту тiккен сайыпқырандар. Тiптi, “қазақ” деген сөздiң өзi де әу баста азат, еркiн деген мағынаны бiлдiрген емес пе?!

Өзiмiз әңгiме етiп отырған жағдайда патриоттық сезiмдi бiлдiру деңгейiн ғана айтып отырмыз деп ойлаймын. Бiр ғажабы, рухани емес, материалдық құндылықтарды басты орынға қоятын, тым прагматик АҚШ-та бұл деңгей анағұрлым биiк. Американдықтардың көпшлiгi өз елiнiң әнұранын жатқа бiледi және түрлi салтанатты жиындарда жан-тәнiмен берiлiп шырқайды. Мемлекеттiк туға да iлтипаттары шексiз: жұлдызды-жолақ ту көптеген мекемелер мен жеке үйлердiң бөлiнбейтiн бөлшегi сияқты. Тiптi, ұлттық рәмiздер бейнеленген отандық бұйымдары үлкен сұранысқа ие және ешбiр азамат туған Отанына, елiне деген сезiмiн жеткiзуден именбейдi.

Қазақстанда жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу белгiлi кезеңге дейiн Жастар саясаты бағдарламасы ауқымында жүзеге асырылып келдi. Аса маңызды әлеуметтiк жобаларды қолдау үшiн түрлi жастар ұйымдарының патриоттық тәрбие саласындағы бiрқатар инициативаларына қомақты қаржы бөлiнуде. Өскелең ұрпақты азат ойлы, отансүйгiш етiп тәрбиелеуде балалар мен жастардың қоғамдық қозғалыстары, ұйымдары мен шығармашылық одақтары ерекше орын алатынын ұмытпауымыз керек. Қазақстан тәуелсiздiгiн баянды ету үшiн жас ұрпақты шынайы патриоттар етiп тәрбиелеудiң мәнi зор екендiгiне дау жоқ. Қазiр жастардың саяси пiкiрталастарды, түрлi парасаттылық ойындарын жиi ұйымдастыратынын байқауға болады. Ең бастысы, осы шараларда олар терең бiлiм мен бiлiктiлiк, дүниетаным кеңдiгi мен iшкi мәдениеттерiнiң биiктiгiн, сындарлы ой-пiкiрлер танытып жүр. Тiптi, жақында қазақ балалары математикаға бейiмдiлiгi жағынан әлемде бесiншi орын алғанын да осы сөздерiме дәлел. Сондықтан қазақстандық жастар отансүйгiш емес дегенге онша келiспеймiз. Әсiлi, нағыз парасатты адамдар ғана туған елiнiң, өз ұлтының шынайы патриоттары бола алмақшы.

– Шыныңызды айтыңызшы, сiздiңше қандай Отан: әлi қалыптасып жатқан ел қымбат па, әлде әбден қалыптасқан, байлығы шалқып-тасыған, гүлденген елдi сүю жеңiл ме?! Отансүйгiштiк бала күннен бойға сiңе ме, әлде тәрбиемен қалыптасатын қасиет пе?

– Қазiргi Қазақстанның қол жеткiзгендерi – ұлттық ерекшелiктерiн сақтау мен тәуелсiздiк мұраттарына қол жеткiзуге ұмтылған барша ұрпақтардың ортақ жеңiсi. Әлбетте, әлi бiздерге де, бiздерден кейiн дүниеге келетiн болашақ ұрпақтарға да көп нәрсенi жүзеге асыруға тура келедi. Бiздiң басты мiндетiмiз – болашақта Қазақстанды даму мен гүлденуге алып баратын жас ұрпақты тәрбиелеу. Тек шынайы патриоттар ғана туған Отанын шексiз сүюге қабiлеттi және солар ғана мемлекетiмiздiң мұраларын сақтап, көбейте алады. Бұл – аксиома!

Жалпы адам өзiнiң ата-анасын таңдай алмайтыны, ол тағдырдың жазуы екенi мәлiм. Сондай-ақ, өзiң туған Отанды да таңдай алмайсың. Яғни, Отан – Ана! Ал өмiрде анасын шын сүйе алмайтын жан адам атын алып жүруге лайықсыз деп ойлаймын. Ешбiр адам өз анасын ажарына, оның жас-кәрiлiгiне қарап сүйiп, бағаламайды. Ананың мiнезiнде кемшiлiгi болуы мүмкiн, бiрақ бұдан балаларының анаға деген құрметi мен махаббатына еш селкеу түспейдi. Сондықтан да әрбiр азамат, қазақтың әр баласы туған Отанын барша жақсылық, кемшiлiктерiмен қоса сүюге тиiс.

Әрине, патриотизмдi жалаң ұрандармен қалыптастыруға болмайды, мұны әркiм-ақ түсiнедi және бұл мүмкiн емес. Ол – адамның iшкi жан-дүниесiнен, жүрегiнен бастау алатын қасиеттi сезiм. Ол үшiн жастардың жалпы ұлттық инициативаларын қоғамдық қызметтiң барлық салаларында қолдауымыз керек. Тiптi, Қызылорда мен жалпы Қазақстанды абаттандыру, жасыл желектендiру жөнiндегi ұмтылыстары қандай да құрметке лайық жобалар. Бiр кездерi белгiлi педагог Макаренко “Отанымыздың әр шаршы метрiн тәрбиелеу керек” деген ұран тастаған. Үстiрт қарағанда, бұл жалаң ұран, биiк пафос сияқты көрiнуi ықтимал. Бiрақ бұдан басқа жол да жоқ. Баланың ұлттық мәдениет пен халықтық салт-дәстүр, құндылықтар негiзiнде өсiп-жетiлуi отбасының тәрбиесiне тiкелей байланысты. Отбасылық және қоғамдық салт-дәстүрлер өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеудегi негiзгi жайттар болып табылады. Яғни, нағыз, шынайы патриотизмнiң дәнi отбасылық тәрбиеден өсiп жөтiледi.

– Полковник мырза, Қазақстанды көпұлтты мемлекет дегенiмiзбен, қоғамды тұтастыратын мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң жағдайы ешбiр саналы азаматты бей-жай қалдыра алмайды. Мемлекеттiк тiлдi бiлу қажеттiлiк пе, парыз ба?

– Патриотизм – мәңгiлiк құбылыс! Қазақстан патриоттары үшiн ең басты оқиға – елiмiздiң тәуелсiздiк алуы деп есептеймiн. Бұл – Қазақстан дамуының жаңа кезеңiнiң бастауы болып табылды. Ал Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев шынайы патриот ретiнде елiмiздiң өзiндiк даму үлгiсiн қалыптастырып, саяси, экономикалық реформалардың табыспен жүзеге асуына мұрындық болуда, демократиялық процесстер өрiстеп келедi. Тiптi, 2010 жылы Қазақстан ОБСЕ-ге төрағалық еткелi отыр, осының өзi-ақ әлемдiк, халықаралық аренада елiмiздiң абыройы асқақ, мәртебесi биiк екендiгiне нақты дәлел емес пе?!

Қазақ тiлiнiң жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын айта кеткенiмiз жөн. Қазiрдiң өзiнде көптеген өзге ұлттар мен ұлыстардың саналы өкiлдерi, жастар мен балалар мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгергендерiн күнделiктi өмiрде көрiп жүрмiз. Бұл – тоқтамайтын құбылыс және үздiксiз жалғаса беруi де қажет. Қазақ тiлiн үйренем деушiлер үшiн курстар мен үйiрмелер көптеп ашылып, мақсатты жұмсалатын қаржыны аямауымыз керек. Әлем елдерiнiң тарихына үстiрт көз жүгiртсек мемлекеттiк тiлдер жөнiндегi талас-тартыс талай трагедияларға ұласқанына ерiксiз куә боламыз. Сондықтан бұл күрделi мәселеде ерекше абай болғанымыз да жөн. Бiрақ, қазақ тiлi ғана мемлекеттiк тiл болып қалатынын баршаға айқын бiлдiруiмiз керек.

– ҚР Төтенше жағдайлар министрлiгi, Қызылорда Облыстық Төтенше жағдайлар департаментiнде мемлекеттiк тiлдiң жағдайы қалай?

– Ел Президентiнiң жарлығымен “2001-2010 жылдар аралығында тiлдердi үйрену және дамыту жөнiндегi Мемлекеттiк бағдарламасы” қолға алынғаны белгiлi. 2000 жылдан бастап Қызылорда облысы әкiмдiгiнiң арнайы шешiмiмен, төтенше жағдайлар департаментiнде iс жүргiзу қағаздарын түгелдей мемлекеттiк тiлде жүргiзiлiп келедi. Әрине, алғашында бұл түрлi қиындықтар туғызғаны да құпия емес. Сол жылдары да, қазiр де қазақ тiлiн бiлетiн мамандар жоғары бағаланып отыр. Қазiргi таңда бiздiң барлық ресми құжаттарымыз мемлекеттiк тiлде сауатты түрде жүргiзiлуде деп мақтанышпен айта аламын. Қызылорда облысы өзге аймақтармен салыстырғанда iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуден алғашқы орында тұрғанын да айтуымыз керек. Әрине, әлi де атқарылар қыруар iстер бар, бiрақ бұл әрбiр азаматтың саналылығы, отансүйгiштiгiне қатысты ұсақ кемшiлiктер. Тарихтың, тағдырдың жазуымен Қазақстан елiмiздiң аумағында тұратын барша ұлт пен ұлыс өкiлдерiне ортақ үй – сүйiктi Отан болып отыр. Сандаған ұлт өкiлдерi үшiн Қазақстанда бейбiтшiлiк, достық пен ұлтаралық татулық басты мұрат-мақсат, ең басты құндылық болып табылады. Өзара сыйластық пен құрмет – түрлi ұлттар өкiлдерiнiң бәрiн ұйыстыратын ең киелi ұғымдар. Бiздiң департаментте түрлi ұлт өкiлдерi қызмет атқарады. Ауыр да аса күрделi қызмет. Күндiз-түнi дайындықты, қырағылықты талап етiп қою жеткiлiксiз, мұнда адамдардың бiр-бiрiне жанашырлығы мен сыйластығы үлкен мәнге ие болады. Құтқарушылар мен өрт сөндiрушiлер ретiнде бiз тұрғындарға ұлтына қарап көмек көрсетпеймiз, тiптен, тiлсiз жаумен аяусыз күрес кезiнде адамның ұлты да, дiни наным-сенiмдерi де екiншi қатарға ысырылады. Бiздiң жауынгерлерiмiз әркез өз өмiрлерiн қауiп-қатерге тiгуге дайын. Сондықтан мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндiрге қысым жасау, олардың құқықтары мен бостандығын шектеу де орынсыз деп санаймын. Қалай десек те, обьективтi жағдаймен де есептесеумiз керек. Өзге ұлт өкiлдерiнiң қазақ тiлiн жетiк үйренуi қысқа, бiр сәттiк мәселе емес, ол бiрнеше жылдарға созылатын күрделi мәселе. Өзiмнiң өзге ұлтты жолдастарым мен жәй ғана таныстарымның арасынан балалар мен немерелерiн қазақ мектептерiне оқуға берiп жатқан мысалдарды көптеп келтiре аламын. Осының өзi-ақ олардың мемлекеттiк тiлдi меңгерудi шындап қолға алғандарының нақты белгiсi ғой. “Сабыр түбi – сары алтын” демей ме ата-бабаларымыз?!

– Қазақстанда саяси тұрақтылықты мызғымастан сақтап тұру үшiн ең әуелi қандай iс-шараларды атқару керек?

– Ең бастысы, қазiргi Қазақстан бiр кездерi КСРО құрамында болған жәй ғана қатардағы республика емес, жаңа тұрпатты, тәуелсiздiгiн толық баянды еткен қуатты мемлекет екенiн ұмытпауымыз керек және бұны әрқашан есте ұстағанымыз жөн. Елiмiздiң қоғамдық өмiрiнде кемшiлiктер бар ма? Әрине, бар. Экономикалық салада да алда атқарылар қыруар iстер күтiп тұр. Дегенмен, қазақ халқы өзiнiң әлемдегi орнын бiржола анықтап алды деп кесiп айтуға болады. Бiр кездерi бiздiң бөлек ел бола алатынымызға, қуатты мемлекетке айналытынымызға күдiкпен, менсiнбей қарағандар қазiр өздерiнiң қателiктерiн iштей мойындап, пұшайман болуда. Әлемнiң iрi державаларының басшылары да Қазақстанмен достық қарым-қатынаста болуға ынталылық танытуда, оны мақтан ететiн күнге де келiп отырмыз. Ондаған таңдаулы университтерi мен түрлi жоғары оқу орындарында қазақ жастары бiлiм алуда. Осыншалық iлгерiлеуiмiз, дамуымызды мойындамайтын кейбiр адамдар – өресi тарлар ғана. Бәсекелестiкке қабiлеттi 50 елдiң қатарына ену талабы жәй ғана жалаң ұран емес, ол бүкiл халықтық, жалпы ұлттық идея болғандықтан осының аясына топтасуымыз қажет. Бұған дейiн бiз үшiн тәуелсiздiк басты жалпы ұлттық идея болса, ендi аталмыш биiк идеяның аясында тәуелсiздiгiмiздi баянды, мәңгiлiк етудiң талаптары орындалуға тиiс. Бейбiт, тұрақты елде ғана жоғарыдай өмiршең талаптар жүзеге асырыла алады. Қазақстандағы достық пен ұлтаралық ынтымақтастық аса қымбат, тiптен ең ұлы игiлiктерiмiздiң бiрi. Оны сақтау және бекiту әрбiрiмiздiң басты парызымыз. “Атадан ұл туса игi, ата жолын қуса игi “ дегендей, азаматтарды, әсiресе жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге әрбiр қазақстандық атсалысуы керек. Тiптi, ол әрбiр азаматтың қасиеттi борышы! Бәлкiм, бұл тым асқақ, жасанды болып естiлуi ықтимал, дегенмен “борыш”, “парыз” деген адами қастерлi, аса қасиеттi ұғымдарды ешкiм тiлдiк лексиконнан алып тастай алмайды. Ал бiздiң әрбiрiмiз туған отанымыз – Қазақстан үшiн шынайы мақтанатын нәрселер жетерлiк деп санаймын.

Бiрiншiден, адам баласы алғаш рет қазақ жерiнен шексiз ғарышқа қадам жасады. Екiншiден, Қазақстан – ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқан алғашқы және бiрден-бiр мемлекет. Үшiншiден, аз ғана жылда Астана сынды ғажайып қала салған жас мемлекет. Төртiншiден… бесiншiден… Айта берсе мұндай себептер мыңдап табылады. Ең басты мақтанышымыз – бiз осы елдiң, Қазақстанның төл ұрпағымыз және келешекке сенiммен қараймыз. Бұл – Ел Президентi, басты патриотымыздың негiзгi саясаты. Ал сiз ше?!.

– Мен соңғы сұрағымды қойғалы отырмын. Адамдарды төтенше апаттардан құтқарушыға отбасының қолдауы, олардың ыстық сүйiспеншiлiгi қажет шығар…

– Жоғарыда айтып өткенiмдей, бiздiң қызмет қиын да күрделi. Ең бастысы, бiз төтенше жағдайға, апатқа ұшыраған адамдардың өмiрiне тiкелей жауаптымыз. Ал адам өмiрi қандай нәзiк әрi қымбат десеңiзшi?! Табан астында төнетiн апаттар , тiлсiз жау – өрт атаулы тылсымдығымен немесе күтпеген тұстан келетiндiгiмен ғана қорқынышты емес, әп-сәтте айналадағыны түгелдей жалмап, тып-типыл ететiн зұлымдығы, қас қағым сәтте адамның барша арман, үмiтiн күл-талқан ететiн зор қуатымен де үрейлi. Сондықтан бiздiң жұмысымызда бейқамдық, енжарлық дегенге мүлдем орын жоқ. Кәсiби бiлiктi мамандар күндiз-түнi, тәулiктiң кез келген минөтiнде мұқият дайындықта, сақадай-сай болуға тиiс. Өйткенi, апат айтып келмейдi.

Бұндайда адам жанына тату-тәттi отбасында артық ештеңе көмектесе алмайтыны сөзсiз. Жұмысыңның күрделi екендiгiн, кейде жүйкең сыр беретiнiн түсiнетiндер жаңына ең жақын адамдар. Сонау 1973 жылы Шымкенттегi химия-технологиялық институтын ауылшаруашылық құрылысы мамандығы бойынша бiтiргелi ұзақ жылдар бойы мемлекеттiк қауiпсiздiк саласында еңбек еттiм. Түрлi жағдайларды бастан кештiк, талай естен кетпес оқиғалар артта қалды. Тағы бiр жоғары бiлiмiм бойынша заңгермiн. Сүйiктi жарым Ботагөз екеуiмiз төрт ұл-қыз: Жандос пен Дәурен және Әсемдi тәрбиелеп, оқытып жүрмiз.

Не айтары бар, қазақ отбасындағыларын мақтай бермейдi ғой. Бәрi де елмен бiрдей. Тек сүт кенжемiз Әсемдi бәрiмiз кейде артықтау еркелетiп жiберемiз-ау деймiн… Қазақ бар үмiтiн балаларынан күтетiн халық қой, солар аман болсын деп тiлейiк әрқашан.

– Бақтияр Қайымұлы, әңгiмеңiзге көп рахмет!

Сұхбатты дайындаған: Қуанышбек БОТАБЕКОВ