Жаңалықтар

ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ ҚҰЛДЫРАЙ БЕРЕ МЕ?..

ашық дереккөзі

ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ ҚҰЛДЫРАЙ БЕРЕ МЕ?..

Әлемдiк экономикалық қаржы дағдарысы тұрғын үй бағасының түсуiне айтарлықтай септiгiн тигiздi. Нәтижесiнде Алматы мен Астана секiлдi елiмiздiң iрi қалаларында сатылатын пәтер құны бiртiндеп түсе бастады. Басқасын қайдам, сарапшылардың пiкiрiнше, қазiр Алматыда 1 бөлмелi пәтер 40 мың, 2 бөлмелi 60-65 мың, 3 бөлмелi пәтер 70-75 мың доллар шамасында көрiнедi.

Бiрақ бұл баға қарапайым халықтың қалтасы көтере ме? Мұнымен қоса, 2005-2007 жылға арналған мемлекеттiк “Тұрғын үй” бағдарламасы аяқталып, 2008-2010 жылдың бағдарламасы басталды. Бұған сәйкес, Алматыда 2009-2010 жылдары 6000 пәтерлiк тұрғын үй салынады. Биылғы жылы Үкiметтiң шешiмiмен “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорынан тұрғын үй құрылысын жүргiзуге 95 млрд. теңге қаржы бөлiндi. Ал қордың өзi екiншi деңгейлi банктер арқылы құрылыс жүргiзушi компанияларға 50,5 млрд. теңге көлемiнде қаржы жұмсады. Әрине, бұл қаржы үлескерлердiң баспаналы болуына мол мүмкiндiк бередi. Яғни, елiмiзде құрылыс компанияларының тұралап қалуы тұрғын үй бағасының едәуiр құлдырауына әкеп соқты. Соның салдарынан көптеген құрылыс компаниялары үлескерлерiне уәде еткен пәтерлерiн салып бiтiре алмай қалды. Соңында Үкiмет құрылыс саласын жандандыруға банктер арқылы ел қазынасынан қаражат бөлуге мәжбүр болды. Осының арқасында қазiр бiрқатар тұралап қалған құрылыс нысандарына жан бiттi.

Алайда, жақында Елбасы Н. Назарбаев елiмiзде тұрғын үй бағасының келер жылы қайта көтерiлетiнiн баса айтып, қаражатты мейлiнше жылжымайтын мүлiкке, оның iшiнде тұрғын үйлерге салған тиiмдi екенiн ескерттi. “Ендi бұл бағадан төмен түспейдi. Халық жаңалық күтiп, қолын қусырып отыра бермеуi керек. Пәтер бағасының құлдырауы көпке созылмайды. Келесi жылы тұрғын үй бағасының көтерiлетiнiне сенiмдiмiн” деп нықтай түстi. Қысқасы, Елбасы жылжымайтын мүлiктiң нарқы қозғалса дейдi.

Бiз тұрғын үй бағасының қаншалықты түскенiн, жалпы, елiмiздегi экономикалық-әлеуметтiк жағдайдың жай-жапсары туралы кеңiрек бiлгiмiз кеп сарапшы-мамандарды әңгiмеге тарттық.

Iзбасар БОЗАЕВ, Алматы Сауда палатасының президентi:

АЛМАТЫДА 1 ШАРШЫ МЕТРI 1000 ДОЛЛАРДАН, АСТАНАДА 800 ДОЛЛАРДАН…

– Тұрғын үй бағасының көтерiлуiне ешқандай негiз жоқ. Бiрiншiден, банктер тарапынан ипотекалық несиенi қаржыландыру тоқтатылды. Екiншiден, тұрғын үй нарығында дәл қазiр үрей бар. Бүгiн Астана мен Алматыда 30 мыңнан астам нарықтағы пәтерлер сатылмай тұр. Ал Алматының өзiнде 15 мыңнан астам пәтер бос. Және әртүрлi дәрежедегi салынып жатқан пәтерлердiң өзi бiр бөлек. Мiне, солардың бәрi ұсыныс нарқын көбейткенмен, сұраныс жоқ болған соң бағаның төмендеуiне әкеп соғады. Бұл әлi қаржы дағдарысының әрi қарай күрделене түседi деген болжамға саяды. Соны естiп отырған ақшасы бар халық асығатын түрi жоқ. Ал бұл тұрғын үй бағасының әрi қарай түсе беруiне ықпал етедi.

– Тұрғын үй бағасы былтырғы жылдың аяғында қанша пайызға түстi?

– Мәселен, өзiмнiң бiр пәтерiмнiң шаршы метрi 2007 жылдың көктемiнде 2 мың доллар едi, қазiр дәл сол пәтердiң құны 60 пайызға дейiн түсiп кеттi. Бәрiмiзге белгiлi, жаңа жыл қарсаңында Үкiмет түрлi бағдарламалар қабылдады. Құрылысы 90 пайыз бiтiп, аяқталмай қалған тұрғын үйлерге “Қазына” даму қоры 1 млрд. қаржы құйып, тезiрек сатудың бiр амалын қарастырды. Яғни, ипотека арқылы сатудың жаңа жобасы жасалды. Бұл әлi жоба күйiнде, жақын арада құрылыс нысандары анықталады, егер даму қорының шартына сәйкес келсе, ақшаны бере бастайды. Сол арқылы құрылыс нысандарының жұмысына қан жүгiрiп, биылғы жылы есебiн табуына мүмкiндiк туып тұр.

– Тұрғын үй, пәтер бағасының арзандауына құрылыс нысандарының тоқтап қалуы айтарлықтай әсерiн тигiзiп отыр ғой…

– Әрине. Бiрақ нарықтың төмендеуiне әсер етiп отырған фактор – бiрiншiден, несиеге ипотека алған көптеген пәтер иелерi банк алдындағы өздерiнiң мiндеттемелерiн мойындай алмай отыр. Көп кәсiпорындар, жұмыс орындары жабылып қалды. Бұрын айлық жалақымен ипотеканы жауып отырған болса, қазiр бұл мүмкiндiктен айрылып қалды. Ал банк сол пәтердi басқаға сатып жiберiп, өз ақшасын қайтарып алуға iс-шаралар жасап жатыр. Яғни, банктердiң кепiлдiкте тұрған пәтерлердi көп көлемде сатуы – нарықтың төмендеуiнен жасап отырған шаруасы. Екiншiден, бiрiншi нарықтағы құрылысы бiтiп қалған үйлер бар. Бұл компаниялардың барлығы дерлiгi екiншi деңгейлi банктерден несие алып, сол құрылысты жүргiзген. Ендi олардың алдында тұрған қауiп – не бұл банктiң меншiгiне өтiп кетедi, не болмаса компаниялар сататын бағасынан жоғары, бiрақ нарықтың бағасынан төмен сатып, сол ақшаны банкке құюға мәжбүрлеп отыр. Сол сияқты пәтерiн жалға беру арқылы қосымша табыс көрiп жүрген меншiк иелерi (екi не үш пәтерi бар) қаржы нарығының дағдарысқа ұшырап, айналымдағы қаржының жоқтығына байланысты сол пәтерлердi сатып жiберiп, бұл ақшаны кәсiбiне айналым ретiнде салуға тура келдi. Бұл да ұсыныстың көбеюiне әкеледi.

– Сiздiңше, экономикалық қаржы дағдарысы қашанға дейiн созылуы мүмкiн?

– Оған әртүрлi пiкiр бар. Бәрi әлемдiк қаржы нарығына байланысты. Өйткенi, бiз де сол алпауыт елдерге алаңдап отырмыз. Қазiр әлемдiк несие көздерiнiң өзi қиындық күй кешуде. Яғни, әлемдiк қаржы нарығы реттелмей, жеке дара бұл тығырықтан шығып кетемiз деу мүмкiн емес. Сарапшылардың болжауынша, алпауыт Америка елi биылғы жылдың соңына қарай өзiнiң қаржылық ахуалын дұрыстайды екен. Бұл болжам орындалып жатса, оның оң ықпалы келесi жылы ғана тиiп қалар.

– Үкiмет тарапынан экономиканы тұрақтандыруға, азық-түлiк бағасын ұстап тұруға байланысты бағдарлама қабылданды. Мұның пайдасы қаншалықты тиiп отыр?

– Үкiмет орасан зор, теңдесi жоқ шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Ұлттық қордағы ақшаны қаржы жүйесiн ұйымдастырушы ретiнде елiмiздегi төрт банктiң капиталына құйды. Сол сияқты шағын және орта бизнестi қолдауға да 1 млрд. доллар бөлдi. Ертең бұлт сейiлiп, ашық күн туған кезде дайын болу үшiн әртүрлi инновациялық, экономикалық-әлеуметтiк мәнi бар жобаларды қаржыландыруға Үкiметтен қомақты қаржы көзделуде. Бұл құптарлық iс.

– Ал “Тұрғын үй” бағдарламасы бұл қиындықтарға қарамастан әрi қарай жалғасын таба бере ме?

– “Тұрғын үй” бағдарламасы Үкiметтiң айтуынша, жалғаса бередi. Бiрақ қарқыны баяулауы мүмкiн. Алайда, Үкiмет бiтпей қалған пәтерлердi, Алматыда 1 шаршы метрiн 1000 доллардан, Астанада 800 доллардан сатып алып жатыр. Мұны “Тұрғын үй” бағдарламасын орындауға бағытталған шара деп айтуға болады. Өйткенi, бұл бағдарламаға лайықты, ақылға сиятын әрi қалта көтеретiн баға. Ең бастысы, “Тұрғын үй” мемлекеттiк бағдарламасы кезегiнде тұрған мұқтаж жандардың тезiрек пәтерге қол жеткiзуiне мол мүмкiндiк бермек.

Тоқтар ЕСIРКЕПОВ, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:

ҮКIМЕТ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕҢ ОСАЛ ЖЕРI – ОНДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ ЕШТЕҢЕ АЙТЫЛМАҒАН

– Қазiр тұрғын үй бағасы әжептәуiр түстi. Әсiресе, Алматы қаласында жаңа құрылыстағы үйлердiң бағасы 17-18 пайыз төмендедi. Ал ескi үйлер 30-40, тiптi 50 пайызға дейiн түстi. Биыл да бұл тенденция жалғасады. Бiрiншiден, құрылыс компаниялары мойнына алған тұрғын үйлер тұралап қалды. Оны қаржыландыру мәселесi тек мемлекет есебiнен, “Қазынадан” жүзеге асып жатыр. Сол арқылы банктер мен ипотекалық несие, мемлекеттiк бағдарламалар жұмыс iстеп тұр. Ал үлескерлер мен жеке құрылыс компанияларының салатын қаржысы қалмады. Екiншiден, экономикалық дағдарыс кезiнде экономиканың дамуы төмендейдi. Мысалы, былтыр IЖӨ 5,7 пайыз бола ма деп едiк, ол 3 пайызға шықты. Ал биыл 1,3 пайыз болады деп жатыр, шамасы одан да төмен боп қалар. Сондықтан құрылыс нарқы дамып кетедi, не қалып кетедi деген үмiт жоқ. Бiрақ баға түсе бередi. Елбасының өзi: “Үйдiң 1 шаршы метрiн 5-6 мың доллардан алып жатқанда бiз үндемедiк, ендi құрылыс компанияларының иелерi, сендер де бөлiсiңдер” дедi. Бұл деген сөз әлi 800, 1000 доллардан түседi деген сөз.

– Бiрақ пәтер бағасы төмендегенмен халықта ақша жоқ қой…

– Әрине, халық үй сатып алмақ түгiл жұмыс таба алмай жүр. Қысқартулар жүрiп, жұмыссыздық белең алуда. Мұндай жағдайда адам үйден бұрын тамақты ойлайды. Не десек те, жердiң, үйдiң бағасының түсуi ең алдымен халыққа тиiмдi. Бәрi сатып алмаса да, белгiлi бiр топтың мүмкiндiгi бар ғой.

– Ал, бiз дағдарыстан қашан құтыламыз өзi?

– Мамандар қаржы дағдарысы 2009 жылы бүкiл дүниежүзiнде жаппай болады деп жатыр. Ал Америка оптимистiк көзқарас танытып, “биылғы жылдың екiншi жартысынан бастап тығырықтан шығамыз” дейдi. Жаңа Президент Барак Обама экономикаға 775 миллиард доллар қосымша қаржы салуды көздедi. Егер сөзiнде тұрып, ақша бөлсе, АҚШ экономикасы 2009 жылдың екiншi жартыжылдығында дағдарыстан шыға бастайды. Бiрақ бұл жел бiзге кемiнде жарты жылдан кейiн келедi.

– Сiздiңше, Үкiмет экономикалық дағдарыстың алдын дер кезiнде алды ма?

– Негiзi ипотекалық дағдарыс әлемде 2007 жылдың көктемiнде басталды. Бiзге күз айының басында келдi. Бiрақ сол кезде баяу қимылдадық. Үкiмет дағдарысқа қарсы бағдарламаны былтыр қараша айында ғана қабылдады. Бұл кеш жасалды. Егер осы амалды былтырғы жылы қолға алғанда бiзге дағдарыс онша әсер етпеген болар едi.

Мұнайдың бағасы 50 доллардың төңiрегiнде тұр, металдар өтпей жатыр. Оны сатып алатын Қытайдың, Батыс Еуропаның экономикасы рецессияда. Яғни, экспорттың тоқтап қалуы бюджетке ауыр тиюде. Тағы бiр жайт, Үкiмет бағдарламасының ең осал жерi – онда жұмыссыздық туралы ештеңе айтылмаған. Ипотека, банк, құрылыстарға қаржы бөлдi, ал жұмыстан босап қалған адамдарға ше? Қанша адам жұмыссыз қалды, олар бала-шағасын қалай асырайды? Мысалы, статистика “Бiзде жұмыссыздық жыл сайын азайып жатыр, 7 пайыз деңгейiнде” дейдi. Оған кiм сенедi? Барлық жерде жұмыссыздық өсiп отырғанда, бiзде қалай түседi? Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев арнайы комиссия құрып, жұмысшыларды қысқартпау керек, жұмыссыздарға жәрдемдесу керек дедi. Ау, ол үшiн ақша керек емес пе? Оларды тiзiмге алып, есебiн алу жағын кiм iстейдi? Былтыр жыл соңында Алматы қаласының әкiмi А.Есiмов Алматының өзiнде құрылыс саласынан 40 мың адам қысқарғанын, қаржы жүйесiнiң 20 пайызға азайғанын айтты. Бұндай мәлiметтi басқа әкiм айтқан жоқ. Ал жұмыссыздар саны бүкiл Қазақстанда қанша? Айталық, Ресей билiгi әр жиналыс сайын “Кәсiпорындар қызметкерлерiн қысқартпасын, жұмыссыздарға қаржы бөлiп, жәрдемақы беру керек…” деп меморандумдарға қол қояды. Ал бiзде үлкен олигархтар, Машкеевич, Миттал сияқты кәсiпорын басшыларымен меморандум жасалады, бiрақ олар әртүрлi жолдармен қызметкерлерiн жұмыстан босатып жатыр. Мұны бақылап, қадағалап отырған комиссия жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ