АҚША ПӘЛСАПАСЫ НЕМЕСЕ 50 000 ДОЛЛАР ДЕГЕН НЕ?
АҚША ПӘЛСАПАСЫ НЕМЕСЕ 50 000 ДОЛЛАР ДЕГЕН НЕ?
Кей адамдар үшiн ақша басты құндылықтардың бiрiне айналған заманда сол ақшаның құны қанша екенiн анықтап көрмекке бел будық. Қазiр бiр-екi экономист маманды шақырып, газет бетiнде сөйлетер болсақ, ақшаның эквивалентiн шығарып, пәлсапасын айтып, көпшiлiкке түсiнiксiз ұзын-сонар әңгiме бастары анық. Одан да қарапайым тiлмен, заттық-материалдық игiлiктермен сөйлеп көрелiк.
Сонымен 50 000 доллар деген не? Ойға келер бiрiншi жауап — ақша. Жауабыңыз дұрыс емес. 50 000 доллар дегенiңiз — түркiмен қалыңдық. Немесе әдебиетке сiңiрген еңбегiңiз үшiн Мемлекеттiк сыйлық. Ендi түсiнiктi ме? Онда басынан бастайық…
Осыдан бiрнеше жыл бұрын Түркменбашы Ниязов түркiмен қыздары басқа елдiң азаматына күйеуге шыққан жағдайда, “шетелдiк” күйеу қалыңдығы үшiн 50 000 доллар “қалыңмал” төлейдi деген заң шығарған. “Қалыңмал” анау-мынау емес, бiрден мемлекет қазынасына құйылады. Бұл уақыттан берi түркiмен қыздардың мемлекет қазынасын қаншалықты байытқанын кiм бiлсiн, дегенмен қалтаңызда осы шамада ақша болып, өзiңiз сүрбойдақ атанып, теңiңiздi таппай жүрсеңiз, Ашхабадқа барып қалыңдық таңдап келуiңiзге болады.
Қазақ кiммен құда болмаған дейсiз, түркiмен түгiлi, ауа-райы да, адамдарының түсi де суық Канадаға да қыз берген. Оның жанында түркiмен — туыстас ел, ал түркiмен қалыңдық шығыс ғұрпын игерген әйел ғой!
Иә, үйленiп алғанмын дейсiз бе? Үйленген соң, үй керек. Қазақтың талай талантты жастары үйленiп алып, бала-шағасымен пәтерден-пәтерге көшiп жүр. Биыл ақпан айында халық санағы басталады, сонда баспанасыздарды да арнайы бағанаға тiркейтiн шығар. Үйсiздер арнайы санаққа алынса, Үкiмет Тұрғын үй бағдарламасын кеңейте түсе ме деген есекдәме ғой…
Сонымен, қалтаңыздағы 50 000 АҚШ долларына Алматыдан ойып тұрып пәтер алуға болады. Егер орталықтан, “еуро” жөндеуден өткен, iшi қазiргi заманғы материалдардан қапталған үйден алғыңыз келсе, бiр бөлмелi пәтердi қанағат тұтасыз. Ал қала сыртына жақын, “советтiк” стильдегi пәтер болса, оқасы жоқ, есесiне бөлме саны көптеу болады.
Ал басыңызда үйiңiз бар делiк, онда сiзге айшылық жерге алты күнде жеткiзетiн жүйрiк көлiк, қазiргi тiлмен айтқанда жеңiл көлiк керек. Мәшиненiң рөлiн айналдырып көргенiм жоқ, сондықтан шетелдiк көлiктердiң қайсысы қымбат, қымбатының қайсысы жақсырақ екенiн айыра алмаймын. Америкалық Esquire журналының жазуынша, екi жыл бұрын бағасы 50 000 долларға жетеғабыл жеңiл көлiктердiң iшiнде ең жақсысы – Lotus Elise маркасы деп бағаланған. Досқа — мақтан, дұшпанға — қызғаныш. Сондай-ақ, Nissan маркалы көлiгiнiң соңғы үлгiсi де 50 000 тұрады. Бiрақ бұл модель әзiрге тек жапондықтарға арналып саудаға шығарылып отыр.
Немесе 50 000 долларға үй де, көлiк те емес, бiр … керует алуға болады. Leggett & Platt компаниясы Starry Night Sleep Technology Bed деп аталатын керует жасап шығарған. Былтырғы жылдың басында саудаға шығарылған төсек-орынның бағасы, аз-кемi жоқ — 50 000 доллар. Ол не деген керует дейсiз ғой? Жастыққа бас қойған соң, қорылға басатындар үшiн таптырмас мүлiк, қорыл бастала салысымен керуеттiң бас жағы қажеттi деңгейге дейiн жоғары көтерiлiп, еркiн тыныс алуға жағдай жасайды. Сондай-ақ, төсекте адамның тыныс алуын, жүрек соғысын үздiксiз бақылап отыратын механизм бар, ол температураны бiрқалыпты ұстап тұруға мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, “ақылды” керует арқылы музыка тыңдауға, тiптi желiсiз интернетке қосылуға болады. Осының бәрi 50 000 доллар тұрмайды деп көрiңiз?..
Осы ақшаға теңдесiз тәж сатып алуға да болады. 2007 жылы “Әлем Аруы” байқауының бас жүлдесiнiң иегерiне кигiзiлетiн тәж 50 000 доллар тұрған. Тәж асыл металдардан жасалып, iнжу-маржанмен безендiрiлген деседi.
Дүниеде бәрi салыстырмалы ғой. Баз бiреуге баспананың құны болған ақша белгiлi адамдардың қолынан өткен бiр жапырақ қағаздың құнына тең. Былтыр Christie’s сауда айналымына белгiлi адамдардың хаттары шығарылды. Олардың iшiнде Невилл Чемберленнiң Адольф Гитлерге 1938 жазған хаты бар. Онда Чемберлен Гитлердi Чехияға соғыс ашудан бас тартуға үндеген. Хат 50 000 долларға бағаланып отыр.
50 000 долларды қалтаға басқанда, қара бастың қамын күйттемей, өзгелерге де пайда келтiруге болады. Мысалы, осы ақшаға жап-жақсы iс бастап, бiраз адам үшiн жұмыс көзiн ашуға болады. Тек жемқорлық жағадан алмасын деңiз. Десе де, жағадан алмақ түгiлi, аяқтан шалғанға да мойымайтын, бастаған iсiн бiтiрмей тынбайтындардың тасы түбi өрге домалайтынын өмiр дәлелдеп те жүр. Ендеше, iс бастаушыға iске сәт!
Қаржылық дағдарыс қос өкпенi қусырып бара жатқанда ақшаны айтты деп ашуланбаңыз. Ақшалылардың айтуынша, ақша да санағанды, өзi туралы айтқанды жақсы көредi. Айта берсек, кiм бiледi, бәлкiм, бiздiң де, сiздiң де қолға сиыр… кешiрiңiз, қарға тышып қалар…
Айтпақшы, 50 000 долларды қайдан аламын деп қиналсаңыз, бiрнеше жолын бiр көрсетейiк. Ақын не жазушы болсаңыз, былтырдан берi әдебиет саласына еңбек сiңiргендерге берiлетiн Мемсыйлықтың “құны” 50 000 долларға көтерiлдi. Бұл бiз үшiн үлкен жаңалық болғанымен, көршiмiз мұндай ақшаны әншi-әртiстерiне жыл сайын таратады. Мысалы, Юрмалада өткiзiлетiн “Новая волна” ән байқауының жеңiмпазына 50 000 АҚШ доллары тарту етiледi. Бұдан бөлек, осы байқауда, Алла Пугачеваның арнайы сыйлығы да бар. Оның көлемi — 50 000 доллар. Ал былтыр жазда Пугачева өз атынан екi бiрдей әншiге 50 000 доллардан берген. Шамасы, әлемдiк экономикалық дағдарыс орыстың поп-жұлдызына зәрредей залал келтiре алмаған сияқты…
Тағы бiр жол — банктен несиеге алуға болады. Бiрақ ол үшiн кепiлге қояр ғимаратыңыз болуы керек. Немесе менiң бiр досым сияқты сатып алатын ғимаратты кепiлге қойып, оны ипотека арқылы алуға болады.
… Немесе әлдебiр байқау, жарыстарға қатысып көрiңiз. Былтыр бiр америкалық студент Нью-Йоркте өткен SMS-хабарлар жiберу жарысынан ең үздiк шыққаны үшiн 50 000 долларлық бас жүлденi жеңiп алыпты. Мүмкiн сiздiң де жолыңыз болып кетер?..
Р.S. Теңгенi емес, долларды айтуымыздың да мәнi бар. Қалталылардың аузы отандiкiн емес, “бөтендiкiн” жақсы көредi. Шетелдiкiн киiнедi, шетелдiкiн мiнедi, шетелдiкiн жұмсайды.
Менiң шешем доллармен “сөйлеудi” үйренбей-ақ қойды. “Бәленбай доллар” деген сөздi естiсе, мiндеттi түрде, “Ол қанша теңге?” деп сұрайды. Курстың бағамын айтып, түсiндiрiп болған соң, әңгiме тағы “бәленбай долларға” аумай ма. Тағы да “Сонда теңгемен санағанда қанша болады?” деп сұрайды. Шетелдiк валютаны санасына сiңiре алмағанына қарағанда, менiң шешем маған қарағанда патриоттау ма деймiн…
Сонымен, долларды “мойындамайтын” адамдар үшiн есептеп көрелiк: 50 000 долларды теңгеге айналдырғанда 6 миллион теңге болады екен. Ендi өзiңiз санай берiңiз. 6 миллион теңгенi қайда жұмсар едiңiз?..
Гүлбиғаш Омарова