Жаңалықтар

КӨРПЕҢЕ ҚАРАЙ КӨСIЛ, ШЕНЕУНIК

ашық дереккөзі

КӨРПЕҢЕ ҚАРАЙ КӨСIЛ, ШЕНЕУНIК

Халықтың қалтасынан шығатын қаражатты шенеунiктер бұрынғыдай оңды-солды шаша алмайды. Жыл сайын ауыстырылатын қымбат шетелдiк көлiктер, жыл сайын жөндеуден өткiзiлетiн кеңселер, жүйелi түрде өзгертiлiп тұратын қымбат жиһаздар, қалаған сәтте мемлекеттiк қаржыға қалған шет мемлекетке iссапарлау ендi көзден бал-бұл ұшпақ. Әрине, егер кейбiр ашкөз әрi жемқор шенеунiктi тезге салып отыруға тиiстi органдар шынымен мүдделi әрi қауқарлы болса ғана.

Қаржылық дағдарыстың кесiрiнен көрпесiне қарай көсiлуге мәжбүр әлем кiрiстердi барынша көбейтiп, есесiне, шығындарды азайтуға күш салуда. Осы себептi, ҚР Президентi Н.Назарбаев 2008 жылдың 30 желтоқсанында мемлекеттiк органдардың 2009 жылға арналған республикалық бюджеттi ысырап етуiне тыйым салатын Бұйрыққа қол қойған болатын. Кеше, ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң спикерi Орал Мұхамеджанов Елбасының тапсырмасын “Нұр Отан” парламенттiк фракциясының қадағалап отыратынын мәлiмдедi. Бұйрыққа орай, мемлекеттiк органдар үстiмiздегi жылы жаңа көлiктердi, өте қымбат тұратын кеңсе жиһаздарын сатып алуға, күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзуге, мемлекеттiк қаражат есебiнен түрлi шаралар мен шет елдерге iссапар жасауға, Астана қаласында семинарлар мен кеңестер өткiзуге тыйым салынады. Әрине, ҚР Үкiметiнiң шешiмiмен ұйымдастырылған шаралар бұл тiзiмге кiрмейдi.

Мұхамеджановтың хабарлауынша, үстiмiздегi жылдың қаңтар айында Үкiмет Қазақстандағы экономикалық және әлеуметтiк ахуалды тұрақтандыру туралы бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы Парламентке есеп беруi тиiс.

Билiк халықтың қалтасына салмақ салатын әрi отандық экономикаға қиындықтар туғызатын келеңсiздiктер мен шығындардың алдын алмақ ниетте. Ол үшiн тиiстi орындар мемлекеттiк органдарға қатаң және жүйелi қадағалау мен бақылауды орнатуы тиiс. Әйтпесе, “ысырап етуге тыйым салу” шарасы да “жемқорлармен күрес” науқанының кебiн киiп, елiмiздiң экономикалық әрi әлеуметтiк тұрғыда келетiн шығындар арта түсерi хақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ