“ЖАҚСЫ ӘУЛЕТТIҢ НӘСIЛI” ЕДI
“ЖАҚСЫ ӘУЛЕТТIҢ НӘСIЛI” ЕДI
Ғұмыр бойы ұлтым-жұртым, елiм-жерiм деп соққан тағы бiр аяулы жүрек тоқтады. Өмiрден Мұхтар Әбдiлдабек өттi… О баста — тарихшы педагок. Кейiн — журналист, аудармашы. Бiздiң газетiмiздiң тұрақты авторы. Және… бәрiнен бұрын — шын мәнiндегi Азамат.
Өмiрден бәрi де өтедi. Мәңгiлiк ешкiм де, ештеме де жоқ. Бұны менiңше, Мұқаңның өзiнен артық жерiне жеткiзiп айтқан тағы ешкiм жоқ. Өткен жылы жазда жарық көрген “Тектiлiк тағылымы” (“Толағай” баспасы, 2008) атты өмiрнамалық кiтабында, ол: “Өмiр-өзен… Сол өзеннiң айдынында, сол өзеннiң ағысымен бiрге өмiр де өтедi. Атамыз қазақтың айтқанындай, “Ұршыққа байланып жiп бiтедi, күнге байланып өмiр бiтедi”… Бiр адамның ғана емес, бiр дәулеттiң, бiр тайпаның, бiр елдiң, бiр ұлттың, бiр халықтың, тiптi адамзаттың да өмiрi өтедi” деген-дi.
Иә, өмiрден кiм өтпеген… және кiм өтпейдi. Бiрақ Абайдың Оспан iнiсiне айтқандай, “Жайнаған туы жығылмай… жау жүрек жомарт құбылмай… Жайдары жүзi жабылмай… жақсы өлген”, — жақсы өткендер сирек қой. Сол сиректiң бiрi — бiз бiлетiн Мұқаң шығар. Ал бiз бiлетiндi бiлетiндер Мұқаңның әруағына бұл сөздi бiр ауыздан қиятын болар.
Абай демекшi, қай заманда, қай жерде болмасын, алқалы топтың арасынан маңдайлары жарқырап көрiнген Мұқаңның арғы аталарының алды Құнанбаймен, кейiнгiлерi Абаймен сыйлас, сыбағалас болған. Олар — (Мұқаңның бесiншi атасынан берi қарай) Ұлтарақ би, Құт Шаянбай, Төгiс, Әбдiлдабек, Мұсылманбек (әкесi) болса, бұлардың қай-қайсысының аттары баяғыда-ақ хатқа түсiп, тарихта таңбаланып қалған. Мәселен, “Бiржан-Сара” айтысында – Сара: “Бұтабай Байжiгiтте – Құт Шаянбай; Сасан би шапты кеше жауға аянбай” десе, одан кейiнгi Төгiстiң ел жақсыларының қатарында, 1873 жыл 7 қаңтарда, Санк-Петербургте Ұлы мәртебелi II Александр патшаның қабылдауында болғаны, кейiн оның ұлы — қазақтың алғашқы драматургi — Көлбай Төгiсовтiң саяси қайраткерлiгi (“Үш жүз” партиясының серкесi), одан кейiнгi Әбдiлдабектiң болыстығы, оның баласы Мұсылманбектiң 1940 жылдары Шығыс Түркiстандағы Алтай аймағының белгiлi де беделдi адамдарының бiрi болғаны… бәрi-бәрi де тарихи құжаттар мен материалдарда тамаша сақталған.
Мұқаң жоғарыда аталған кiтабының “Кiрiспе сөзiнде”: “Жақсы әулеттiң нәсiлiнiң ат меңiндей белгiсi болады” дегендi алға тартқаны бар. Осы қағиданы сөз орайына қарай бұрсақ, Мұқаңдай “жақсы әулеттiң нәсiлiнiң” ат меңiндей ғана емес, хас жүйрiктiң төбелiндей “белгiсi” бары анық-ты. Онымен жиырма жылдай қарым-қатынасымда мен бұны сан рет байқағанмын. Әсiресе, ұлттық құндылықтардың басы саудаға түскен сәттерде… Ал кiмнiң кiм екенiн танытқан мұндай сындарлы сәттер, атам-заманда былай қойғанда, соңғы жиырма жылдың өзiнде аз болды ма! Тiл үшiн, дiн үшiн, ертеңгi қара бала, сары даланың қамы үшiн дегендей. Мұқаңмен де алғаш рет сондай күндерде танысып едiк. Дәлiрегiнде… я 88, я 89-дың күзiнде Алматыдағы Пионерлер сарайында тiл туралы үлкен бiр жиын болып жатқан. Сонда қазақ тiлiнiң хал-ахуалы жөнiнде кең иықты, кесек тұлғалы бiр келiстi азамат күркiреген даусымен қазақша-орысша — екi тiлдi бiрдей татаусыз төгiлте сөйлегенде, залда отырған бiздер аузымызды ашып, көзiмiздi жұмғанбыз. Сөзi – мiрдiң оғындай, логикасы – темiрдей. Осы тiл үшiн менi атсаң ат дегендей жалаңтөстiгi өз алдына. Жанымдағы Ғабиден Құлахметовке бұрылып: “Бұл кiм?” деп едiм, ол: “Мұхтар Әбдiлдабеков. 131-мектептiң бұрынғы директоры. Естуiмше, одан бұрын Москвада бiрнеше жыл шетелдерге хабар тарататын радиокомитетте iстеген көрiнедi. Түбi Қытайдан болса керек” деген. “Орысшасы тым жақсы екен!” дедiм мен таңданып. Бұл таңданысымды кейiн Мұқаңмен әбден жақсы таныс болған кезде өзiне айтқанымда, ол: “Менi қойып әкем Мұсылманбек те Қытайдағы орысшаға жетiктердiң бiрi болған. Сондай әке “балықтың тiлiн бақа түсiнсiн” деп менi де орыс мектебiне берген ғой, — деп кең иығы солқылдап бiр күлiп алған да: — Кейiн совет жерiне өткенде, шекарашылар алдында орысша зыр қаққан мендей казачонкке командирлердiң өзi таң қалған,” — деген тағы.
Сол жылдары Мұқаңның халықаралық “Қазақ тiлi” қоғамында iстегенi де есiмде. Есiмде қалмаудың тiптi жөнi де жоқ. Өйткенi, “Қазақ әдебиетi” газетiнiң тiлшiсi ретiнде тiлге қатысты жиын-жиналыстардың бәрiне мен қатысып тұрамын. Ондай жиындар көбiнде айқай-шу, талас-тартыспен өтедi. Намысшыл, қызба мiнездi, кеудесiн ешкiмге бастаруды бiлмейтiн Мұқаң жағдай сылқылдай-былқылдай бастаған сәтте жұлқынып мiнбеге шыға келедi. Бiзге керегi де осы. Мұқаң сөйлесе, түбiн түсiрiп сөйлейдi. Тiлi удай. Тұздығы тұщымды келедi. Бұған қоса таудай тұлғасы мен күркiреген даусының өзi қарсыластардың мысын басып жiбередi.
“Талант — барлық жерде талант” деген рас қой. Кейiн Мұқаңның журналистiк, қаламгерлiк қарым-қабiлетiне де талай рет тәнтi болғанбыз. Бiрақ ол “шөп те — өлең, шөңге де — өлең” деп, кез келген тақырыпқа талғаусыз бара беретiндердiң санатынан емес-тi, жазбауға жаны шыдап тұра алмайтын жағдайда ғана қолға “қаруын” алып, кiмдi болсын, ненi болсын аямай “тартып” жiберушi едi. Сол жазғандарының атының өзi-ақ, Мұқаңның iшкi жанайқайы мен өз ұлтына деген зор махаббатын анық танытып тұратын. Қараңыз: “Шыдамның да шегi бар” (Қазақ тiлiне қарсыларға қарсы жазылған. “Жас Алаш” 1992); “Қарадомалақтарды шоқындырған кiм?” (“Ана тiлi”, 1990); “Несколько верований. К Добру ли это?” (“Доживем до понедельника”, 1994); “Бұл өзгелердiң тауын аласарту емес!” (О.Сүлейменовтiң қазақ тiлiне деген көзқарасы хақында. “Ана тiлi”, 1992); “Поэтом можешь ты не быть…” (Тағы да О.Сүлейменовтiң ұлттық көзқарастары жөнiнде. “Азия даусы”, 1992); “Аралас неке кiмге пайдалы?” (“Ана тiлi”, 1993) т.б.
Осындай өткiр мақалалардың бiразы бiздiң “Түркiстанда да жарияланған. Редакцияға келген сайын ол бiзбен қазақ мәселесi жөнiнде жан-жақты әңгiме қозғайтын. Көп бiлушi едi. Көп дүниенi уайым да етушi едi. “Әркiм ұлтын осылай сүйсе, бiзде қандай проблема болар едi” деп ойлайтынбыз сонда бiз.
Кешегi қоңыр күздiң бiр күнi Мұқаң менi iздеп редакцияға келген. Өңi сынықтау, бет-әлпетi жұқарып қалыпты.
— Мына бiр дүниемдi оқып, пiкiрiңдi айтшы, — деген маған қолындағы қағазды ұсынып.
“Құмырысқаның илеуi” деп аталатын мақала екен. Оқып шықтым. Сосын туралығыма басып:
— Бұныңыздың жолы ауырлау болар, — дедiм.
— Е, онысы жеңiл болса, саған әкелiп нем бар! — дедi ол әдетiнше қуақыланып. Сосын салмақты түрде:
— Өз басыма ендi бұның түкке де қажетi жоқ. Бәрi де кейiнгi ұрпақ үшiн ғой, — деген де қойған.
Қайран, Мұхтар аға!
Мұнақып ыңғайында жазылған бұл материалдың да ендi Мұқаңа түкке қажетi жоқ. Иә, бәрi де ұрпақ үшiн, ұлт үшiн де, тәйiрi.
Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ