Жаңалықтар

ЗАҢСЫЗ БАСПАНАЛАР ЗАҢДАСТЫРЫЛАТЫН БОЛДЫ

ашық дереккөзі

ЗАҢСЫЗ БАСПАНАЛАР ЗАҢДАСТЫРЫЛАТЫН БОЛДЫ

Тарих қойнауына енiп кеткен Тышқан жылының бүкiл адамзат қоғамы үшiн сынға толы болғаны мәлiм. Әлемдiк қаржы алпауыттары АҚШ-тан басталған дағдарысқа төтеп бере алмай, жүздеген жұмысшысын қысқартып, өнiм өндiрудi тоқтатып, кәдiмгiдей дағдарып қалғаны анық. Бұл дағдарыс қазақ қоғамы үшiн де оңай болған жоқ.

2007 жылы оңды-солды таратылған несие, жоспарлы-жоспарсыз салынған құрылыс тоқтап қалды. Барын, тiрнектеп жиғанын құрылыс компанияларына салған үлескерлердiң 80%-ы санын соғып қалды. “Жығылған үстiне жұдырық” дегендей, қаржы дағдарысымен бiрге құрылыс компаниялары қарапайым үлескерлердiң ақшасын үптеп, өзге мақсатқа жұмсап, табандарын жалтыратты. Тiптi, бүгiнде Парламент Мәжiлiсi секiлдi майлы жiлiктiң басын ұстағандары ептеп-септеп орнынан жылжыды. Бiрақ, қара халықтың мойындарына iлген қарызын қайтарып беруге ешкiм асығар емес.

Бұл жағдаят үлескерлердiң шымбайына қатты батты. “Мал ашуы — жан ашуы” десек те, баспанасын даулаған ашулы үлескерлер әзiрге шешiмдi қадамға бара қойған жоқ. Билiкке, алдап соққан құрылыс компанияларын қанатына алып отырған прокуратураға деген наразылық тек стихиялы түрде орын алуда. Тышқан жылында әлеуметтанушылар тек Алматы мен Астанада баспана зары алаңға алып шыққан 20-дан астам наразылық шерулерiнiң орын алғандығын айтады. Олардың басым көпшiлiгi – үлескерлердiң еншiсiне тисе, ендi бiразы – Алматы мен Астана маңайына үй салып, “жердi заңсыз басып алғандар” атанғандар. Бұлар да негiзiнен алаяқ шенеунiктерге алданып, опық жеп қалған қарапайым көпшiлiк едi. Көбiне тәртiпке бағынатын қазекем ешуақытта өздiгiнен бiреудiң жұртын басып алған емес. Әлгi жердi заңсыз басып алды дейтiндердiң қатарындағылардың көбi бiр жапырақ қағазға, барын берiп сатып алып, алданып қалғандар.

“Шаңырақ” мәселесi қазақтың ең бiр толғағы жеткен, шетiн мәселесi. Тек “Шаңырақ” қана емес, “Шаңырақ” секiлдi жүздеген ауылдың мұңы бұл. Әлеуметтанушылар былтырғы жылдың әлеуметтiк наразылықтарын санай отырып, “биылғы Сиыр жылында әлеуметтiк жарылыс болуы ғажап емес” деген болжам айтқан. Бәлкiм осының алдын алуды ойлады ма, жоқ басқа да iшкi есептерi болды ма екен, Алматы әкiмшiлiгi Сиыр жылы есiк қақпай жатып, Тышқан жылының соңғы күндерiнде бұқарадан сүйiншi сұрады. Алматы қалалық Алатау ауданына қарасты – заңсыз салынды деп есептелiнген 3400 баспана заңдастырылатын болды. Бұл туралы – Алматы қалалық әкiмшiлiгi мен “Нұр Отан пртиясының Алматы қалалық филиалының бiрлескен отырысында Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Виктор Довженко мәлiм еткен.

Жалпы, Алматы қаласында жаңадан құрылған Алатау ауданында 170 мыңдай тұрғын бар. Негiзiнен бұл аудан қала маңындағы ауылдардан тұрады. Ондағы 3,5 мыңдай нысан заңсыз салынды деп есептелiнедi. Аудан әкiмi Бағдат Мәнзоровтiң мәлiметiне сүйенсек: “Заңсыз салынған 3,5 нысанның 870-i құрылыс су қорғау аумағында, 1600 нысан құрылыс салуға болмайтын қызыл жолақтың үстiнде, 66 үй сақ қорғандары аумағында” екен. Былтырғы жылдың 18-шi желтоқсанында Алатау ауданының тұрғындары үй-мүкамалын заңдастыру мәселесiне билiктiң назарын аударту мақсатында Алматы қаласы әкiмдiгiнiң алдында пикет өткiзген едi.

Қалай дегенмен де, билiк әлеуметтiң мұңына құлақ асып, 3400 нысанның заңдастырылуына рұқсат беретiндiктерiн айтты. Жоғарыда Алатау ауданының әкiмi айтқан құрылыс салуға болмайтын жерлердегi үй иелерi бұдан былай тым болмағанда, үйi бұзылса да, белгiлi бiр төлемақыға ие бола алады. Естерiңiзде болса, “Түркiстан” газетiнде осы ауылдардың мәселесi жиi көтерiлiп, оны шешудiң қарапайым жолдары да ұсынылып келген едi. Соның бiрi, алаяқтарға алданып қалтасындағы соңғы қаржысына үй салған тұрғындардың проблемасын бiржақты ету үшiн оларға басқа жерден үй немесе жер телiмiн беру мәселесi болған едi. Билiк көп ойланса да, ақыры бұқараның мұңына құлақ түрдi. 3,5 мың отбасы немесе 10 мыңдай адам баспана зарынан құтылатын болды. Демек, Сиыр жылының алғашқы сүйiншiсi де осы болмақ.

Есенгүл Кәпқызы