Жаңалықтар

СИЫР ЖЫЛЫНАН НЕ КYТЕМIЗ?

ашық дереккөзі

СИЫР ЖЫЛЫНАН НЕ КYТЕМIЗ?

Зымыраған уақыт тарих қойнауына 2008 – тышқан жылын жiберiп, 2009 – сиыр жылын қарсы алды. Өткен жыл бүкiл әлемдiк сахнада болсын, қазақ тарихында болсын, дүрбелең оқиғаларымен есте қалды. Әсiресе, бүкiл әлемдi жаулаған экономикалық дағдарыс бiраз елдi тұралатып кеттi. Қазақ та осы бiр қысылтаяң шақта барынша табандылық пен төзiмдiлiк таныта бiлдi. Екi бүйiрден қысқан дағдарысқа қасқайып қарсы тұра алмаса да, қазаны ортая қоймады. Егер, алда-жалда басымызға күн туса деп сақтап отырған Ұлттық қорға ауыз сап, жиған-тергенiмiздi шөмiштеп төге бастасақ та, болашақтан үмiтiмiз мол. Үш жылдық бюджеттi мұнайдың баррелiн 25 доллардан есептеп, жоспарлап қойдық, бiрақ, әзiрге мұнай 40 доллардан түсе қоймады. Демек, арадағы 15 доллар айырма тағы да Ұлттық қорға түседi деген сөз.

Имене есiк қаққан Сиыр жылы, тышқанның жiберген қателiктерiн түзетiп, кемшiлiктерiн болдырмауы үшiн не iстеу керек? Осы тұрғыда бiз бiрнеше саясаткерге төмендегiдей сауалдар жолдаған едiк.

1. Сiздiңше өткен 2008 жыл несiмен есте қалды?

2. Өтiп кеткен тышқан жылында қаржылық дағдарысқа орай, әлеуметтiк толқулар да, наразылықтар да көп болды. Саусақпен санар болсақ, жиырмаға жуық наразылық шерулерi орын алыпты. Осыған орай, сарапшылар биылғы жылда әлеуметтiк жарылыс болуы мүмкiн деген болжам айтады. Сiз сонымен келiсер ме едiңiз?

3. Ұлтаралық қақтығыстар орын алуы мүмкiн деген болжамдар бар. Оған не дер едiңiз?

4. Экономикадағы дағдарыс өткен жылғыдан да күшейе түседi деген пiкiрлермен келiсесiз бе? Сiздiңше, жалпы қалай өтетiн болады?

5. Алдағы жылдан не күтесiз?

Әлихан Бәйменов, “Ақ жол” партиясының төрағасы:

ҚАЗАҚСТАН АҚПАРАТТЫҚ ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗУI ТИIС

1. 2008 жылғы елеулi оқиғаларды алсақ, ол – әлемдiк қаржы дағдарысы мен Барака Обаманың АҚШ-тың президентi болып сайлануы. Қаржы дағдарысы бүкiл әлемдiк деңгейде қалыптасқан қаржылық инвестициялық, экономикалық жүйенiң едәуiр өзгерiсiне алып келедi деп ойлаймын. Сол себептен де, бұл маңызды оқиға. Барака Обаманың сайлануы Америка қоғамындағы соңғы 40 жылдың iшiндегi орасан зор iшкi мәдени-саяси жұмыстың нәтижесi. Бұл арқылы Америка қоғамының демократиясының, ашықтығының әрi Америка элитасының орасан зор еңбегiнiң арқасында, ескi көзқарастардан арылып, жаңа биiкке көтерiлгендiгiн көрсетiп отыр. Қазiргi адамзат тарихында мемлекеттегi басым нәсiлдiң емес, аз нәсiлдiң өкiлiнiң президент болып сайлануы – Еуропада да, Азияда да мүмкiн емес, тек АҚШ-та ғана мүмкiн болып отыр. Сондықтан, бұл адамзат тарихындағы үлкен оқиға.

Ал, қазақстандық өлшеммен келетiн болсақ. Бiздiң таңдаған жүйе – шикiзат пен шетелден алған несиеге негiзделiп келген экономикалық – даму моделiмiздiң сын сәттерде әлсiздiгiн көрсеткен жыл болды. Көптеген қазақстандықтардың өмiр сүру деңгейi күрт төмендеп, құрылыс саласында басталған дағдарыстың шағын және орта бизнестiң басым көпшiлiгiн, жалпы Қазақстан экономикасын түгелдей шарпып, едәуiр күйзелiске алып келген жыл. Бұл дағдарыстан мемлекет басшысы да, үкiмет те, бизнес элита да, қоғам да тағылым алып, экономикада кеткен қателiктi түзейтiн жолға бастауы керек. Болмаса ол тамырын тереңге жая беруi мүмкiн.

2. Бiрiншiден, 20-ға тарта емес, наразылық акциялары одан да едәуiр көп болды. Бұл тұрғыдан келгенде, бiздегi ақпараттық саясат Қытай Халық Республикасындағы саясатпен пара-пар. Мысалы, Жезқазғандағы кеншiлер шахтадан шықпай наразылық танытып отырған кезде, ол туралы қазақстандықтардың көпшiлiгi бiлмей де қалды. Оны БАҚ-тың басым көпшiлiгi айтқан жоқ. Керiсiнше, сол наразылықтан кейiн Жезқазғандағы сол кенiште Үкiметтiң, Еңбек министрлiгiнiң бастамасымен бiр жиын өтiп, бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiнде сөз болды.

Егер, Үкiмет қазiргi дағдарысқа қарсы шаралары арқылы кейбiр бизнес кластарға көмектесудi жария жүргiзбей, тек қана өздерiне жақын құрылыс компаниялары мен өздерiне тарап банкiлерге ғана көмектесетiн болса, шағын бизнес пен ауыл шаруашылығына нақты экономикаға көмек әдеттегiдей өзiнiң дiттеген жерiне жетпей орта жолдағы әкiм-қаралардың, шенеунiктердiң қалтасында қалып қоятын болса, онда әлеуметтiк наразылық үдей түсетiнi сөзсiз. Сондай-ақ, бiзде инфляция мен жұмыссыздықтың деңгейiн көрсететiн статистикалық көрсеткiштерге саяси қысым бар. Егер, инфляция ауыздықталмаса, жұмыссыздық өрши түсетiн болса, онда әлеуметтiк наразылық жаңа деңгейде көрiнiс беретiн болады. Әлеуметтiк қарсылық танытушыларға жау ретiнде немесе қоғамдық тыныштықты бұзушы ретiнде қарамай, өзiнiң азаматтық құқығын талап етудi үйренiп келе жатқан қоғам өкiлдерi ретiнде оң көзбен қарау керек. Әрi оларға наразылық акцияларын өткiзуге қолайлы жағдай жасай бiлу керек. 10-15 жыл бойына жұмыс берушiге, инвесторға ғана басымдық берiп келдi. Мемлекет ендi жұмысшылардың құқығын қорғауды мойнына алуы керек.

3. Менiңше, ұлтаралық қақтығыстар орын ала қоймайды. Бiрiншiден, қазақ халқы тәубашыл халық. Билiк осыны жақсы бiледi, әрi тиiмдi пайдаланып келедi. Екiншiден, қазақ тәуелсiздiк пен тұрақтылық, тыныштықты бiрiншi орынға қояды. Тәуелсiздiгiмiз баянды болсын, тұрақтылыққа сызат түспесiн деген ұғым әбден санасына сiңген. Сол себептен, бүгiнгi тұрақтылық пен тыныштықтың негiзiнде қазақтың табиғи байсалдылығы мен төзiмпаздығы жатыр. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында қазақ халқының және элиталық саяси күштердiң осы сезiмтал бағыттағы iстерiнде салиқалы жол ұстап, ешқандай арандатуға бой алдырмағаны, әлеуметтiк дағдарыс күшейсе де, бұл бағытта арандатуға жол бермейдi деп ойлаймын.

Бiрақ, бiр нәрсенi есте сақтау керек. Қазақстан ақпараттық дербестiкке қол жеткiзуi тиiс. Бiз қазiр Ресейдiң ұстанып отырған ақпараттық саясатынан шыға алмай отырмыз. Сондықтан, ел iшiнде тыныштық пен тұрақтылық болуы үшiн әлемге де, көршiлерге де, әлемдегi үдерiстерге де Қазақстан Қазақстанның көзiмен, қазақтың көзiмен баға бере бiлуi керек. Бiз өзiмiздiң ақпараттық кеңiстiгiмiздi дербес, тәуелсiз, еркiн қалыптастыра бiлуiмiз керек.

4. Бiздiң экономикамыз әлi де шикiзатқа, шикiзаттың бағасына және шетелдегi ахуалға тәуелдi. Соңғы 8-9 жылдағы шикiзаттың бағасының өсуiн үкiмет экономиканы шартараптандыруға пайдалана алмады. Инвестицияның басым көпшiлiгi тек шикiзат саласына келiп құйылды. Сол себептен де, бүгiнгi киiп отырған киiм, iшiп отырған тамағыңыздың басым көпшiлiгi өзге елдерден әкелiнедi. Бiздiң сыртқа шығарып отырғанымыз шикiзат, сонымен қатар, келешекте бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiмiздi анықтайтын бiлiм саласында жүйелi жұмыс жоғалып кеттi. Бiлiм саласына бiлiктi басшы тағайындалмайтын болды. Осының барлығы бiздiң экономикамыздың биылғы жылғы да ахуалы басқа елдердегi ахуалға байланысты болатындығын көрсетiп отыр. Инвестициялық климат жақсы болып тұрған кезде қаржыны таза ауыз су, таза қоршаған орта, денсаулық сақтау кешендерiн салғанның орнына, ештеңеге қажетсiз ғимараттарға жұмсады. Осы қиын жағдайда экономикамыз дұрыс болу үшiн мемлекет көрпесiне қарап көсiлетiн уақытта бiрiншiден, мемлекет артық шығындарды азайту керек. Қарап отырсаңыз, Президенттiң iс басқармасы, Парламенттiң, министрлiктердiң, ұлттық компаниялардың шығындары олардың мiнiп жүрген көлiктерi мен тұрып жатқан ғимараттарын қарасаңыз, мемлекеттiк компанияларда миллиардтаған теңге артық жұмсалып жатыр. Бiрiншi, осыны ықшамдау керек. Ұлттық компаниялардағы жалақыларды қайта қарап, басқа да артық шығындарын ескерiп, тазалық, әдiл бағаны қамтамасыз ету керек. Мемлекет бүкiл халықтың есебiнен банкiлерге көмектесемiз дейдi. Ал, сол банкiлердiң қожайындары өз ақшаларын шетелде ұстап отыр. Ендеше, банкiлерге, үлескерлерге көмек көрсету керек болса, мемлекет банк қожайындарына табыстарын жариялау жайында талап қоюы керек. Шетелдегi ақшаны елге әкелудi мiндеттеп, содан кейiн ғана қаржылай көмектесетiн болсын. Әйтпесе, олар шетелде яхта, билла сатып алып жатыр, басқа Швейцария мен АҚШ-тың банкiлерiнде ақшасын ұстап отырып, бiздiң мемлекеттен көмек алғысы келедi. Егер, жариялылық, әдiл бәсекелестiк және алпауыттардың қаржысын елге әкеп ел мүддесiне пайдалану шараларын қолға алмаса, онда өкiнiшке орай, биылғы жыл өтiп кеткен жылдан да қиын болады. Осы шаралар iске асқан күннiң өзiнде, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында, керi кетушiлiк орын алады. Ал, ұлттық қорды осы қарқынмен жей беретiн болса, онда екi-үш жылда не қалатынын болжаудың өзi бұлыңғыр.

5. Қазақ халқы тәуелсiздiк және ата-бабалар алдындағы жауапкершiлiгiн сезiнiп, тыныштықты сақтауға, басқа ағымдық қиындықтарын құрбан етiп, тек материалдық ғана емес, рухани мәселелерiнiң барлығы артта қалса да, жаратқанға тәуба айтып отыр. Осы тыныштыққа негiз болады. Осы тәубешiл халықтың кейде тәуекелшiл болатындығын да билiк ұмытпауы керек. Егер, халықтың шыдамымен ойнай беретiн болса, әлi де болса, басшылардың туған-туысқандары мен олигархтардың ғана қалтасын қалыңдататын саясат ұстана берсе, онда келесi жылы бай мен кедейдiң арасы одан сайын алшақтай түседi. Бұл әлеуметтiк тыныштыққа қатер төндiрерi сөзсiз. Сол үшiн саяси және экономикалық реформаларды жүргiзiп, халық ата-бабасынан қалған байлығының игiлiгiн көретiндей жағдай жасауы қажет. Демек, бұл жылдың жақсы өтуi үшiн жауапкершiлiк билiктiң мойнында.

Сейдахмет Құттықадам, “Мысль” журналының бас редакторы:

ЕҢ БАСТЫСЫ – САНА БАЙЛЫҒЫ, ПАРАСАТ БАЙЛЫҒЫ

1. 2008 жыл оңай жыл болған жоқ. Көптеген саяси оқиғалар орын алды. Айталық, Рахат Әлиевтiң iсi, дағдарыс, жемқорлыққа байланысты мәселелер көп көтерiлдi. Бiрақ, сонымен қатар, ел көптеген мәселелердi түсiне бастаған сияқты. Бұған дейiн халық мәселенiң көбiнiң мәнiсiн бiлмей келдi. Қазiр жұрт реалистiк көңiл күйге көштi. Билiк те мәселенi халыққа реалистiк тұрғыдан түсiндiре бастаған секiлдi. Жылдың басында, дағдарыс басталғанда, билiк шындықты бүркемелеп, бәрi жақсы деген ақпармен шектелген едi. Жылдың соңына қарай, дағдарысты мойындап, оған қарсы шара қолдануға кiрiстi. 2008 жылы 2030 стратегиялық жобасы да, “50 елдiң қатарына енемiз” деген ұран да ұмыт бола бастады. Демек, Кеңес одағынан қалған науқаншылдық санасынан бiртiндеп ажырап барамыз.

Менiңше, 2008 жыл жаңа сананың пайда болған жылы секiлдi. 2009 жыл оңай болмайтыны белгiлi. Мұнай, тағы басқа да қазба байлықтарымыздың бәрi материалдық байлық, ең негiзгiсi – сана байлығы, парасат байлығы. Билiк осыны түсiнсе, көптеген дүниенi өзгертуге болады.

Кезiнде өркениеттiң үш кезеңi болған: бiрiншiсi, бiлек күшi; екiншiсi, техника күшi; үшiншiсi, парасат күшi. Оның соңғысы қазiр басымдыққа ие болып келедi. Мың жерден бай, экономикамыз мықты ел болсақ та, бiлiм, ғылым, парасат иесi болмасақ, бәрi бекер. Өз өндiрiсiмiз болмай, ешқашан алға жылжи алмаймыз.

2. Менiң ойымша, әлеуметтiк жарылыстарға негiз бар. Елдiң жағдайы қазi қиындап кеттi. Ауылдың жағдайы өте төмен. Жұмыссыздық дендеп барады. Теңдiк жоқ. Ұрлық жыл асқан сайын асқына түсуде. Инфляция өте жоғары. Инфляцияны мамандар 8-10%-дың көлемiнде деп көрсетедi. Шын мәнiсiнде ол – 80-90%-ға жеттi. Билiк ешқашан шындықты айтпайды. Мәселеге шынайы көзбен қарамай, жұртқа шынайы ақпар бермей, ешнәрсе өзгермейдi. Әлеуметтiк жарылысқа қашан да себеп табылады. Ол – ипотека немесе үлескерлер мәселесi болуы мүмкiн. Халық қажыса, шаршаса кез-келген мәселенi себеп етiп, алаңға шыға бередi. Грецияда бiр баланың өлiмiнен кәдiмгiдей әлеуметтiк жарылыс шықты ғой. Егер, әлеуметтiк жағдайы дұрыс болса, арзымайтын нәрсеге бола, атойлап алаңға шықпас едi. Ал, бiзде қанша адам қайтыс болып жатыр, қанша адам жұмыссыз қалды, қанша адамды құрылыс компаниялары үптеп кеттi, ғұмыр бойғы жиғандарын жалғыз күнде сыпырып алды. Мұндай жағдай жүз мыңдаған адамның басына түстi. Билiк халықты ойламаса, әлеуметтiк жағдайды көтермесе түкке тұрғысыз дүниенi сылтауратып, ереуiлге шығуы мүмкiн.

3. Мен өз басым басқа халықтарды кемсiткiм келмейдi. Бiрақ, Қазақстанда қазақтың жағдайы өте ауыр. Басқа мемлекеттерде жергiлiктi халықтың жағдайы керемет болып, өзгелерге қысым жасайтын болса, бiзде мүлдем керiсiнше. Бiздегi өзге ұлттардың жағдайлары өте жақсы, бәрiнiң бизнесi бар, жеке меншiгi бар. Олар бiздiң қазақтан артық болып, сондай байлыққа ие болып отырған жоқ, бiздiң саясат солай болып тұр. Қазаққа жағдай жасамай отыр. Малайзияны алайық, империяның табанында малай болып қалған малай халқын Мохатхир Мохамед хан көтердi. Сондықтан, бiздегi өзге ұлт өкiлдерi қазақтың жағдайы дұрыс болмай, ешқашан Қазақстанның жағдайы оңалмайды дегендi түсiнуi керек. Себебi, елдiң жердiң иесi – қазақ. Демек, ұлтаралық жағдай дұрыс болуы үшiн, әлеуметтiк жағдай дұрыс болуы үшiн – әлеуметтi, қазақты ойлау керек.

4. Бұның да негiзi бар. Бiздiң бюджетке түсiп жатқан басты түсiм – мұнай саудасынан. Қазiр мұнайдың 1 баррелi 145 доллардан 40 долларға дейiн құлдырады. Яғни, 3,5 есеге төмендедi. Шығындар көбейдi. Ең бастысы, бiзде өндiрiс жоқ. Бiз әлi күнге дейiн шикiзатпен күн көрiп келемiз. Өндiрушi сектор дамымағандықтан, жұмыссыздық күн өткен сайын белең алып барады. Маман дайындау iсi жүйелi түрде жолға қойылмай отыр. Маман болмағаннан кейiн, интеллектуальдық күш кемидi. Демек, 2009 жылы экономикалық құлдырау былтырғыдан да асып түсуi мүмкiн. Бiрақ, бұның алдын алуға болады. Ол үшiн жұмыс орындарын көбiрек ашқан оң.

5. Мынау шығыс күнтiзбесiн – Қытай күнтiзбесi дейдi өзге жұрт. Шын мәнiсiнде бұл аңдар күнтiзбесi – түркi-моңғол күнтiзбесi. Түркi-моңғол түсiнiгi бойынша, сиыр жылы жақсы жыл деп саналады. Молшылық жылы деп пайымдайды. Менiң тiлегiм, биыл ой жағынан молшылық жылы болса екен.

Алдағы жылда осы мәселелердi түсiнiп, жүйелi түрде жұмыс жасасақ, онда бiраз нәрсенiң бетi берi қарауы мүмкiн. Қазақта дарынды азаматтар көп. Мысалы, Ресейдегi Кемерова облысының губернаторы Аман Төлеев, Чехияда Жамила Стерлихова министр болса, Гүлжан Молдасанова бизнес-ледилердiң қатарында 16 орынды иелендi, кино режиссер Тимур Бекмамбетов Голливудты бағындырды. Американың ең мықты бактериологы – қазақ. Осындай дарынды халық өз iшiмiзде бағаланбай жатыр. Талантқа жол ашылса ғана, халық халық бола алады, ол елдiң болашағы да бар. Менiң ойымша, 2009 жылы осы мәселелерге көбiрек ой бөлiнетiн шығар

Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшiсi, саясаттанушы:

ЕҢ ӘУЕЛI – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАСАУ КЕРЕК

1. Өткен жыл негiзiнен қаржы дағдарысы мен АҚШ-тағы президент сайлауымен есте қалды. Осы екi оқиға әлемдiк дамудың архитектоникасын, бағыт-бағдарын, парадигмаларын өзгерткен, әлi де өзгертетiн оқиғалар деп есептеймiн.

2. Шын мәнiнде, өткен жылғы әлеуметтiк толқулар мен наразылықтардың саны 2007 жылмен салыстырғанда алпыс пайызға өскен. Бұл өте қауiптi құбылыс. Билiктi де, қоғамды да алаңдататын шаруа. Қанша жерден мақтансақ та, шынайы өмiрден, қарапайым адамдардың шындығынан аттай алмаймыз. Ашыну, өмiрге самарқау қарау, түңiлу, күйiну артып келедi. Егер халқымыздың бойындағы, жүрегiндегi үмiт отын өшiрiп алсақ, жаңа бағыт, жаңа бағдар, жаңа рухани кеңiстiктердi аша алмасақ, iс насырға шабуы мүмкiн. Әсiресе қазақ қауымы iшiндегi наразылық өсiп келедi. Баяғыда Пушкин “орыс бүлiгiнен қорқу керек” деген екен. Менiңше, қазақ жұмыла көтерiлсе, орыстың бүлiгi далада қалады. Өткен екi-үш жылдың iшiнде орын алған оқиғалар осының айқын куәсi емес пе?

3. Әлеуметтiк толқулар ұлтаралық қақтығыстарға апарады. Себебi этнопсихологияның заңдылықтарына салсақ, ашынған халық ең алдымен сыртқы не iшкi “жау” iздейдi. Ол “жаудың” кiнәсi болмауы да мүмкiн, алайда көпшiлiк бiр этносты, не топты өзiнiң “ата жауы” деп шешсе, ондай жанжалдар ғасырлап созылады. Яғни бүгiнгi күнi билiк, партиялар, баспасөз, зиялы қауым, басқа да қоғам институттары осы мәселе төңiрегiнде мықтап ойлануы жөн. Жаңа рухани уния, ұлтты ұйытатын мәмiле, жаңа қоғамдық келiсiм керек. Осы бағытта жұмысты дәл бүгiн бастамасақ, ертең кеш болып кетуi мүмкiн. Халықты ашындыру қиын емес, райынан қайтару қиын. Ашынған халықты тоқтату, сабасына келтiру арнасынан шыққан, тасыған тау өзенiн тоқтатумен бiрдей. Осыны ұмытпайық.

4. Алдағы жылы экономика саласындағы, әлеуметтiк саладағы қиындықтар артады. Жұмыссыздық өседi. Көптеген кәсiпорындар қызметкерлерiн қысқартып, тиiстi төлемдерiн уақытында төлей алмай қалады. Өнеркәсiп, өндiрiс қарқыны кемидi, инвестициялар азаяды. Бұлардың барлығы, өз кезегiнде, әлеуметтiк саланы әлсiретедi. Осындай кезде қылмыс, ұрлық саны артады. Жұмыссыз қалғандарға ақшалай, рухани, психологиялық қолдау көрсетiлмесе, олардың криминалды ортаға бет бұруы ғажап емес.

5. Сиыр жылы елiмiздi үлкен сын күтiп отыр. Өте қиын жыл болады. Сондықтан бұл жылы керемет бiр саяси өзгерiс болады деу қателiк болар. Экономикалық мәселелердi дер кезiнде шешiп, дағдарыс тудырған қиыншылықтарды уақытында байқап, оларға қарсы орынды шараларды қолдана бiлсек, бәлкiм 2010 жылдың ортасына қарай жағдай дұрыстала бастайды. Осыған орай екi мәселе туралы айтқым келiп тұр. Бiрiншi мәселе – ұлтымыздың, оның iшiнде билiктiң дағдарыс кезiндегi тiршiлiгi. Басты мәселе билiк өз халқымен санасып, бiр тiлде сөйлеуi қажет. Бұрынғыдай, “бiзде барлығы керемет, Қазақстан әлемдi тiреп тұр” деген даңғаза әңгiмелердiң пайдасы шамалы. Ондай далбаса тек ашынған халықты одан да бетер ашындырып, мезi қылады. Менiңше, билiк “имидждiк”, “насихаттық” iс-шараларды, оларға жұмсалатын шығындарды азайтып, үнемдеу, көрпесiне қарай көсiлу жолына түсуi керек. Халық пен билiк бiр тiлде сөйлемей, бiр тiлде түсiнiсу жолына түспесе, болашақта ғасырлар бойы армандап келген мемлекетiмiзден айрылып қалуымыз ғажап емес. Елi мен билiгi бiр-бiрiн түсiнбеген, бұқарасы басшыларын сыйламаған, тiптi жек көретiн, жиiркенетiн мемлекеттердiң болашағы қараң. Ерте ме, кеш пе, бұндай жағдай үлкен саяси әлеуметтiк дүмпуге алып келедi. Оның алдын алу үшiн билiктi күшейте беру, саяси кеңiстiктi тұншықтыра беру, полиция мен армияны қаруландыру әрине жеткiлiксiз. Армия да, полиция да халықтың өкiлдерi емес пе… Екiншi мәселе – рухани салаға қатысты. Дағдарыс тек қана басқа төнген қауiп емес. Ол – белгiлi бiр деңгейдегi мүмкiншiлiк. Яғни осы дағдарыс кезiнде халықтың көзi ашылып, құлағы түрiк жүретiнiн ескеруiмiз қажет. Осы кезде қатып қалған қағидалар мен догмалардан арылып, өнер, мәдениет, кино, театр, тарих, тiл, философия салаларында жаңа үрдiстердi жасап шығу керек. Егер осы дағдарыс кезiнде осындай рухани тiршiлiк жасай алмасақ, бiз өз ұпайымызды жiберiп алғандай боламыз.

Жанұзақ Әкiм, Президент Мәдениет орталығы жетекшiсiнiң орынбасары, саясаттанушы:

МӘСЕЛЕ – ДАҒДАРЫСТА ЕМЕС, ХАЛЫҚТЫҢ БИЛIККЕ ДЕГЕН СЕНIМIНДЕ

1. Өткен жылда алдымен Бейжiң олимпиадасы мен Осетиядағы қақтығыс есте қалды, мұнайдың бiр баррелi 150 доллардан асып рекордтық көрсеткiшке жетiп, одан кейiн 24-25 долларға дейiн түстi, әлемдiк дағдарыстың жалғасуы, қара нәсiлдi адам тұңғыш рет АҚШ-тың Президентi болып сайланды…

2. Ол үй салуға қаржы берiп, соны уақытында қайтара алмай жүргендердiң наразылығы. Ондай наразылықтар болмауы үшiн ондай адамдарға үкiмет адрестi көмек берiп, оның орындалуы мен бөлiнген қаржының тиiмдi пайдалануын қадағалау керек. Прокуратура, қаржы полициясы т.б. тексерушi органдар болар iс болып, ұры-қары iстерiн iстеп болғасын, оны тексерудi әдетке айналдырғандықтан сыбайлас жемқорлықпен жүрiп жатқан олардың iстерi көп жағдайда тиiмсiз болып жатады. Қоғамға ең қауiптiсi некен-саяқ болып тұратын наразылықтар емес, оны жегiдей жеп жатқан осы сыбайлас жемқорлық пен онымен күресе алмай тұрған билiкке деген халықтың сенiмсiздiгi. Осындай дағдарыс кезiнде көп ақиқат анықталады. Мысалы, 1998-1999 жылдардағы дағдарыс кезiнде билiкке толықтай сенiм артқан Оңтүстiк Корея халқы жинаған барлық алтын, күмiс т.б. бағалы дүниелерiн үкiметке тапсырып, ел соның арқасында дағдарыстан тез арада шығып, даму жолына түскенi белгiлi. “Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығару” деген осы болады. Ал, бiздiң халқымыз билiкке олардай сене ала ма? Мәселе дағдарыста емес, осында сияқты. Бұл дағдарыстан тезiрек шығу үшiн үкiмет, парламент, әкiмдермен қатар белгiлi экономист О.Жандосов бастаған “экономистер қауымдастығы”, белгiлi қаржыгер С.Ақанов бастаған “қаржыгерлер қауымдастығы”, М.Әуезов, М.Елеусiзов т.б. ел сенетiн азаматтар бастаған “қоғамдық парламет” сияқты мықты мамандар шоғырланған қоғамдық ұйымдарға сенiп, оларды жұмылдыра бiлу керек. Сонда қоғам ешқандай жарылыссыз дағдарыстан тезiрек шығады және сыбайлас жемқорлықты жеңуге болады. Бұл дағдарыс та өтер, ал сыбайлас жемқорлық болса, елге келесi дағдарыстарды шақыратын болады. Жалпы бiздегi дағдарыстың негiзгi себептерi – бiзге күнделiктi тұтынатын сүт, ет, көкөнiстен бастап, құрылыс материалдары мен күрделi техникаға (оның iшiнде әскери техника) дейiн шеттен келедi. Яғни, бiздiң қоғам негiзiнен өзiмiздiң емес, басқа елдердiң экономикаларын дамытуға қызмет етуде. Шағын бизнес пен өндiрiстi қолға алып, негiзгi тұтынатын тауарларды өзiмiзде шығару керек. Сонда басқа елдердегi дағдарыстардың бiзге әсерi төмендейдi.

3. Қазақстанның iшiнде ұлтаралық қақтығыстар болатындай негiз жоқтың қасы. Бiрақ, өткен жаздағы Қап тауындағы соқтығыстардан кейiн солтүстiктегi көршiмiздiң ел iшiндегi тұзы жеңiл ағайындарды қоғамда әртүрлi наразылық туғызып және оларды өз мүддесiне қолдануға бағытталған кейбiр әрекеттерi, “ел болам десең жаныңда айбалтаң болуы керектiгiн” тағы бiр еске салды.

4. Жалпы әлемдегi дағдарыс кем дегенде 2-3 жылға созылады. Бұл дағдарыстың негiзгi себебi – ол АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыс екенi белгiлi. АҚШ-тағы жұмысқа қабiлеттi адамдардың 10 пайыздайы ғана тауар шығарып қалғандары қамтамасыз ету салаларында (банк, ақпарат т.б.) еңбек етедi. Тұтынатын тауарды шеттен, негiзiнен Қытайдан әкеледi. Ондай экономиканың дағдарысқа ұшырайтыны белгiлi. АҚШ доллары әлемде қолданылатын негiзгi валюта болғандықтан, дағдарыс та әлемге тарады. Сарапшылардың есебi бойынша АҚШ-тағы қаржы дефицитi 43,0 трлн доллар (АҚШ-тың жылдық жалпы iшкi өнiмi 14,0 трлн долларды құрайды). Осы дефициттiң орыны тауармен толғаннан кейiн дағдарыс та бiтер.

5. Көптеген iрi қаржы институттары (банктер, сақтандыру қорлары т.б.) мен компаниялар банкротқа кетiп әлемдiк экономика мен қаржы жүйесi өзгередi. Әлемде жетекшi орынға Қытай шығады деп болжануда. Онда Қазақстан мен Орта Азия республикаларының стратегиялары қандай болмақ? Бiз әлемдегi даму көрсеткiшi АҚШ-тан (18-20 орындар) әрқашан да алда тұрған шағын Канада (1-3 орындар) сияқты саясат ұстана аламыз ба? Бiздiң негiзгi мәселе осы болу керек.

Бұл барлық елдер сияқты дағдарысты басынан өткiзiп жатқан тәуелсiз Қазақстанның қысқа тарихындағы күрделi кезең. Экономиканың даму қарқыны 9-10 пайыздан 5-ке дейiн төмендедi. Тенгриан күнтiзбесi бойынша биылғы 2009 жыл – ол сиыр жылы. Яғни ол молшылық жылы болуы керек. Халқымыз бұдан да қиын кездердi басынан өткерген. Сондықтан қорқып-жалтақтайтын ештеңе жоқ. Тиiмдi пайдалансақ бiзде меңгерiлмей жатқан резервтер жеткiлiктi. Теңiзден жақсы күн райын күткендей, дағдарыс бiзге қашан келер екен деп отыра бермей қарекет ету керек. Қандай уақытта да “қарекетте-берекет” дейдi халқымыз. Алдағы жылдан жақсылық күтемiн.

Дайындаған Есенгүл КӘПҚЫЗЫ