ХАЛЫҚ САНАҒЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
ХАЛЫҚ САНАҒЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
Елiмiзде келер жылдың 25 ақпаны мен 6 наурызы аралығында ұлттық санақ жүргiзiледi. Бүгiнде билiктен бастап осы әлеуметтiк-саяси маңызы бар iс-шараны қандай да бiр кедергiсiз өткiзуге жұмыла кiрiсiп кеттi. Елбасының жарлығымен құрылған республикалық комиссия үшiншi рет бас қосып, он жылда бiр рет өтетiн жалпыхалықтық санаққа дайындық жұмыстарын саралады.
Бұдан бұрынғы санақ 1999 жылы жүргiзiлген болатын. Әрине, тәуелсiздiк алып, есiмiздi жиғаннан кейiнгi сегiз жылдың iшiнде халықтың өсуiнде бiраз серпiлiс болды. Талай уақыттан берi дағдарысқа ұшыраған демографиялық жағдайымызға едәуiр қан жүгiрдi. Одан берi 10жыл! Алайда, ұлан-ғайыр жерiмiзде бар болғаны 16 миллионға жуық халықтың тiршiлiк кешiп жатқаны ойлантады. Егер де бiз тұтас мемлекет ретiнде ұйыған айрандай бiр шаңырақтың астында ұйыспасақ, демографиялық ахуалымызға дүмпу жасамасақ, басты байлығымыз – жерiмiздi сақтап қалу неғайбыл.
Жақында Қазақстан Республикасы Статистика жөнiндегi агенттiгi елiмiздiң БАҚ өкiлдерiне арнап семинар ұйымдастырды. Семинар тақырыбы да сол – ұлттық санаққа байланысты. Алматы қаласындағы Экономикалық зерттеу институтының аға сарапшысы Гүлнәр Атақызы Атақұлова өзiнiң осы бағытта талайдан берi жиған-терген зерттеу жұмыстарының барысымен таныстырды. Журналистер қауымына алда келе жатқан аса маңызды кезең – ұлттық санақ төңiрегiнде қандай мәселелерге ден қою керектiгiне тоқталды. Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегi агенттiгi мен Бiрiккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) тiкелей мұрындық болуымен өткен семинар арқылы елiмiздiң аймақтарынан келген журналистер қажеттi ақпаратқа қанық болып, ұлттық санақтың бей-жай шаруа емес екендiгiне көздерi жеттi. БҰҰ-ның қоғаммен байланыс жөнiндегi үйлестiрушiсi Данияр Серiковтың айтуынша, елiмiздiң БАҚ өкiлдерi әлi күнге демография мәселесiне терең талдау жасауға келгенде тартыншақтайды. “Басқа елдiң тәжiрибесiне үңiлсек, демографияны үлкен мәселе ретiнде қарастырады. Сол арқылы келешекке ұтымды болжам жасайды. Ал бiзде халықтың санын 20, 25 миллионға жеткiзу керек деймiз де, оған жетудiң баспалдақтарын зерттеу жүргiзе отырып қарастырмаймыз” дегендi бiлдiрдi. Ал, Экономикалық зерттеу институтының аға сарапшысы Гүлнәр Атақызы Атақұлованың сөзiне құлақ түрсек, ұлттық санақ жүргiзуде көп мәселеге ден қойылады. Ұлттық санақ сауалдары жас ерекшелiгiне, тұрғылықты жерiне, жұмысбастылығына немесе жұмыссыздығына, табыс көзiне, т.б. топтарына қарай бөлiнiп қарастырылған. Негiзi Қазақстанда халықтың саны 2004 жылдан кейiн өсе бастады. Бұған, әрине, Үкiмет тарапынан көрсетiлiп жатқан жәрдемақы, атаулы көмектiң септiгi тиiп жатқан сияқты. Ең бастысы, елiмiздiң экономикалық жағдайы тұрақтанып, жұмыс көзi табыла бастады. Мiне, осы тезистердiң де демографияға дүмпу әкелетiнi белгiлi” дейдi сарапшы. Айта кеткен жөн, Статистика агенттiгiнiң мәлiметiнше, қазiр елiмiзде 15 713 мың халық тұрады екен.
Ұлттық санақ шарасы Үкiметте де қызу тақырыпқа айналды. Қазiр санаққа қажеттi құжаттар, есепшiнiң құралдары әзiр. Барлық аймақтағы көшелердiң атауы мен олардың ретiн жүйелеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Бұл шаруаларды үйлестiру үшiн барлық облыстарда арнайы комиссия жұмыс iстеп жатқанын тiлге тиек еткен Премьер-министрдiң орынбасары Өмiрзақ Шөкеев алдағы уақытта осы науқан жайлы халықты ақпараттандыру жұмыстарын күшейтудi тапсырды.
Вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев: “Ендiгi жерде бiз бұл жұмыстарды насихаттау жұмыстарына көңiл бөлуiмiз керек. Есепшiлер үйге келгенде олардан қорықпай, оларды үйге кiргiзу мәселелерiн реттеу керек. Өйткенi, бұл өте маңызды мәселе” деп қадап айтты.
Демек, саяси маңызы зор iс-шара – ұлттық санақты өткiзу жұмысында iркiлiс болмауы қажет. Оны насихаттау жұмысына Үкiметтен қосымша қаржы бөлу қажеттiгi де сөз болды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ