Жаңалықтар

БАР ҒҰМЫРЫН ҚАЗАҚТЫ ТАНЫТУҒА АРНАҒАН

ашық дереккөзі

БАР ҒҰМЫРЫН ҚАЗАҚТЫ ТАНЫТУҒА АРНАҒАН

Өткен аптаның аяғында Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесi, жазушы, аудармашы Жамлийхаа Шалұлы бақилық сапарға аттанды.

Жамлийхаа Шалұлы – кезiнде моңғол оқырмандарын қазақтың барлық қасқа жайсаңдарының шығармаларымен таныстыруға мұрындық болған едi. Айталық, М. Әуезовтiң “Абай жолы” эпопеясы, С. Мұқановтың “Ботагөз” романы, I. Есенберлиннiң “Көшпендiлер” трилогиясы, Ғ. Мүсiреповтiң “Қазақ солдаты” романы, Ж. Молдағалиевтiң “Мен – қазақпын” поэмасы, Махамбеттiң, Абайдың өлеңдерi, барлығын дерлiк моңғол тiлiне аударып, қазақ халқының рухани мол мұрасын өзгелерге танытуда ерен еңбек сiңiрген болатын. Сондай-ақ, Моңғолиядағы азғана қазақтың рухани мұрасын да моңғол тiлiне аударуға күш салды. Сол кездегi Моңғолияның заңы бойынша, ол елдiң Жазушылар одағына моңғол тiлiнде 1 кiтабы жарық көрмеген адам мүшелiкке өте алмайтын. Осы бiр мақсаттың үдесiнен шығу үшiн Жамлийхаа Шалұлы Баян-Өлгийдегi ақын-жазушылардың да шығармаларын моңғол тiлiне аударып бастырды. Демек, бүкiл саналы ғұмырын қазақ халқының рухани мұрасын өзге жұртқа танытуға арнады.

1991 жылғы көктемде Моңғолиядан атажұртқа көштiң алғашқы легi бет бұрғанда, Жәкең, Жамлийха ағай алғашқылардың бiрi болып, Қазақстанға жетiп едi. содан берi 17 жыл зымырап өте шықты. Барлық саналы ғұмырында қазақ үшiн еңбек еткен Жәкеңдi атажұрты қалай қарсы алды? Әрине, бiз ол кiсiнiң еңбегiнiң бодауын сұрағалы отырған жоқпыз. Дегенмен, iстелген еңбектiң еленгенi оң болар едi. 1993 жылы Жазушылар одағы Моңғолиядан қоныс аударған бiр топ қаламгердi жылы шыраймен қабылдап, оларды өз қатарына қосып алды. Осы жолы Жазушылар одағы осы мүшелердiң барлығының кiтабын шығарып берудi өз мойнына алатындығын айтты. Содан бергi 15 жылда Жамлийхаа ағаның әлi бiр кiтабы жарық көрмептi. Мен ол кiсiге бiр кездескенiмде 30 баспа табақ көлемдi прозалық жинағын Жазушылар одағына тапсырғандығын айтқан едi. Алайда, 5-6 жыл өтсе, жинағы жарық көрген жоқ.

Жазушы, этнограф ғалым Ақселеу Сейдiмбек ағамыз айтқандай өмiрден елеусiз ғана өте шықты. “Қазақ әдебиетi” газетiнiң 2005 жылғы №3 санында “Бiр өлеңнiң жай-жапсары” атты мақаласында Арғынбай Жұмажанұлының атажұртына келiп, өмiрден елеусiз өте шыққаны жайында айтып едi. Сол кеп Жамлийхаа Шалұлының басына келiп отыр. Бұл тек Жамлийхаа Шалұлы ғана емес, шеттен келген қаламгерлер мен өнер қайраткерлерiнiң қай-қайсысына тән тағдыр.

Жәкең екi елдiң мәдениетiн тел емген өнер иесi. Оның сондай өзiмен тұстас басқа тұлғалардан ерекшелiгi – ұлттық негiзiнен таймағандыңында, маргиналданып, өзгенiң сойылын соқпағандығында. Жазушы “Менiң құбылам” атты эссесiнде жат жұртта тәрбиеленiп, жат тiлде бiлiм алса да, ұлттық рухының асқақ болғандығын айтады. Жырым-жырымы шығып, түтелене оқылған, қызыл матаға түйiлген “Абай жолы” романын сарсыла жүрiп iздеп тауып, оны аударып, моңғол оқырмандарына жеткiзгенше, тағат таппағандығын жазады. Ал, Жәкеңнiң өте-мөте қазақшылдығы ондағы коммунистерге де ұнай қоймаған екен. Бұнысы үшiн қуғындалып, партиялық сөгiс алған кезi де болыпты. Алайда, Жәкең “ұлтшыл” деген айдардан ыға қоймайды. Керiсiнше, ызыттанып, Iлияс Есенберлиннiң “Көшпендiлер” трилогиясын аударуға кiрiседi. Жәкең партиялық кедергiлерге мойымайды, қазақтың ұлттық қаны сорғалап тұрған шығармаларын бiрiнен кейiн бiрiн аудара бередi. Моңғол тiлiне Жұбан Молдағалиевтiң “Мен – қазақпын” поэмасын аударуы арқылы, өзге ұлттың алдында “Мен – қазақпын” деп асқақ үн қата бiлген едi.

Рухыңыз жаннатта, топырағыңыз торқа болсын, Жәке! Өзiңiз құбылаға теңеген атажұртыңызда жайлы тыныстай берiңiз.

Есенгүл Кәпқызы