Жаңалықтар

БҰЛ — АТТЫҢ ШАПҚАНЫ МА, БАҚТЫҢ ШАПҚАНЫ МА?

ашық дереккөзі

БҰЛ — АТТЫҢ ШАПҚАНЫ МА, БАҚТЫҢ ШАПҚАНЫ МА?

Дағдарыстың арқасында байығандар бар

Кездейсоқ кедейдi немесе байды кездестiре қалғанда, санамда жиi жаңғыратын бiр сөз бар: “Егер ақылды болсаң, неге кедейсiң?”. Бiлуiмше, америкалықтар үшiн қанатты сөзге айналған. Бәлкiм, талғамға талас жүрмейтiнi сияқты бұл ақылдың мүмкiндiктерiн бiржақты саралау шығар. Бiрақ маған ақылды адамдар мiндеттi түрде бай болуы керек сияқты көрiнедi. Ондайлар тiптi, дағдарыстың өзiн өз пайдасына шешедi екен.

Әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен қаншама елдiң экономикасы рецессияға ұшырап, қаншама алпауыт компаниялар банкрот болды. “Қалтасы тесiк” байлардың қатары көбейдi, жұмыссыздар саны артты, сiңiрi шыққан кедейлердiң қатары көбейдi. Алайда, бұл дағдарыстың көлеңкелi беткейi. Күнгейiне көз салсаңыз, бәрi керiсiнше. Мысалы, “The Times” журналының деректерiне қарағанда, дағдарыстың арқасында пайдаға шаш-етектен кенелгендер көп. Мысалы,

1. Калифорниялық хедж-қордың менеджерi Эндрю Лэхди өзiнiң меншiгiндегi Lahde Capital компаниясы жылжымайтын мүлiк пен ипотека нарығында америкалық активтерге қарсы ойнағанда 888 пайыз пайда тапқан. Бiр жылдың iшiнде байып кеткенi соншалық, 2008 жылдың қыркүйегiнде қорын жауып, отставкаға кеткен.

2. Нью-Йорктегi хедж-қордың менеджерi Джон Полсон жылжымайтын мүлiк нарығындағы құнды қағаздарға қарсы ойынның арқасында 2 млрд. доллар пайда тапқан.

3. Түрлi қымбат мейрамханалар мен ойын-сауық орындарынан ақшаларын үнемдеу үшiн бас тартқандар Рональд Макдональд ашқан фаст-фудтарға (жедел дайындалатын тамақтар) ағылғандар саны биыл 2 млн.-ға артқан. Осының арқасында “Макдональдс” мейрамханаларының жұлдызы жанған. “Макдональдықтар” тiптi, келесi жылы 4000 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырған көрiнедi.

4. Бұған дейiн дүкен сөрелерiнде шаң басқан Карл Маркстiң еңбектерiнiң әлемдiк дағдарыстың арқасында “бағы жанды”. Берлиндегi кiтап дүкендерiнiң алдында кезекке тұрған қарақұрым халық Карл Маркстiң “Капиталын” жарыса сатып алуда. Мәлiметтерге сенсек, “Капиталға” деген сұраныс 300 пайызға артқан. “Аузы күйген үрiп iшедiнiң” керiн келтiргендер Маркстың арқасында жаны мен малын сақтап қалуға жанталасуда.

5. JP Morgan Chase банкiнiң атқарушы директоры Джейми Даймон АҚШ қаржы министрi Генри Полсонның орнын басуы бек мүмкiн. Бейресми деректерге сүйенсек, Даймонға жаңа президент Обаманың өзi уәде берген көрiнедi. Құрама Штаттардағы 900 млрд. долларлық депозитке ие аса iрi банк дағдарыстың арқасында 1,5 млрд. бонус қанжығаға байлаған.

6. Дағдарыста “қайықтары” суға кеткендер талға қармап әуре боп жатқанда әлемнiң ең бай адамы — Баффет америкалық компаниялардың құнсызданған акциялары мен активтерiн сатып алуға көшкен. Дауылдан кейiн Күннiң көзi күлiмдеп ашылатыны секiлдi, дағдарыстан кейiн жаймашуақ күндер қайта келiп, компаниялардың акциялары қайта көтерiле бастайды. Сонда ақылды да iскер Уоррен Баффеттiң мерейi тағы үстем болмақ. “Суық хабарлар — инвестордың ең жақын досы. Өйткенi, олар АҚШ келешегiнiң бiр бөлегiн арзанға сатып алуға жағдай жасайды” деп ағынан жарылған Баффеттiң басы жақсы жұмыс iстейдi. Демек, қазақтардың да қол қусырып қарап отыруға құқы жоқ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ