“АСТАНА-ФИНАНСТЫҢ” АСТАНАДАҒЫ ФИЛИАЛЫ
“АСТАНА-ФИНАНСТЫҢ” АСТАНАДАҒЫ ФИЛИАЛЫ
Тұсаукесер рәсiмiн осыдан үш ай бұрын өткiзген жас қаржылық құрылым — “Астана-Финанс” Банкi” АҚ алдымен Алматы қаласынан, сосын Астанадан филиалын ашты.
Жаңа банк үшiн Елордадан ашылған жаңа бөлiмше аса маңызды. Өйткенi, жоспар бойынша, стратегиялық даму қарқыны Астанада шоғырланған клиенттердi қамту арқылы жүзеге асырылмақ. Оның үстiне, банктiң бас ғимараты — “Астана-финанс” АҚ” холдингi Астанада орналасқан. Нарықтағы қаржылық және инвестициялық қызметiн 1997 жылы бастаған “Астана-финанс” холдингiнiң еншiлес компаниясы болып табылатын жаңа банктiң активi 2008 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткiштер бойынша, 3 371 457 мың теңге; оның iшiнде, несиелiк қоржыны — 906 093 мың теңге, провизиялары — 22 629 мың. Мiндеттерi — 1 444 442 мың теңге; оның iшiнде, ағымдық есепшоттары — 629 506 мың теңге, депозиттерi — 617 450 мың теңге. Капиталы — 1 927 015 мың теңге, оның iшiнде, былтырғы түскен пайда — 72 928 мың теңге.
Жаңа банктiң құрылтайшыларына 10 жылдан берi сенiм артып келе жатқан астаналықтар Елордадан филиал ашылғанына дән риза. “Астана-финанс” Банкi” АҚ Басқарма төрағасы Жомарт Есентүгелов банктiң клиенттерге қызмет көрсетуге 100 пайыз дайын екендiгiн мәлiмдедi. Ресми деректерге сүйенсек, бүгiнгi таңда банк филиалы депозиттер ашады, есептiк-кассалық қызмет көрсету бойынша, ағымдық есепшоттар ашу, ақша аудару, “Интернет-банкинг” жүйесiнiң көмегi арқылы қызмет көрсету, жеке тұлғалар мен заңдық тұлғаларға несие беру т.б. қызмет көрсетедi. Банктiң алғашқы аяқалысы да жаман емес, жарты айдың iшiнде салымшылар тарапынан 46 миллион теңге көлемiнде қаражат түссе, 555 млн. теңгеге ағымдық есепшоттар ашылған. Үстiмiздегi жылдың 5 желтоқсанында банк заңды тұлғаға алғаш рет 300 млн. теңге көлемiндегi iрi несиесiн бөлiптi. Қыркүйекте ашылған алматылық филиалда бiр ай iшiнде несиелiк қоржын — 450 млн. теңге, ағымдық есепшот — 152 млн. теңге, депозиттер — 218 млн. теңгенi құрады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ