Жаңалықтар

ҒЫЛЫМҒА ДА, КӘСIПОРЫНҒА ДА ҚАЖЕТТI МАҢЫЗДЫ БАЙЛАНЫС

ашық дереккөзі

ҒЫЛЫМҒА ДА, КӘСIПОРЫНҒА ДА ҚАЖЕТТI МАҢЫЗДЫ БАЙЛАНЫС

Жақында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi мен “Кентау трансформатор зауыты” акционерлiк қоғамы арасында келiсiм-шарт түзiлдi. Қуаттылығы мол трансформаторлар мен жинақы трансформаторлар қосалқы станциясын шығарумен айналысатын бiрден-бiр қазақстандық кәсiпорынмен оқу орны арасында нендей байланыс болуы мүмкiн деген заңды сұрақ туындауы даусыз.

Келiсiм-шарт түзудегi мақсат – екi жақты әлеуметтiк ынтымақтастық негiзiнде электроэнергетика мамандығы бойынша сапалы мамандарды дайындау және оларды еңбекпен қамту болып табылады. Сондай-ақ, оқу орны зауытпен бiрлесе отырып, әлемдiк сұранысқа ие трансформаторлар жасау бағыты бойынша “Трансформатор” ғылыми-зерттеу лабораториясын (орталығын) ашып, оны республикалық ғылыми-зерттеу институтына айналдыру. Университетте 2004-2005 оқу жылынан бастап Электроэнергетика мамандығы бойынша мамандар даярланып келедi. Бұл мамандықты бiтiрген түлектердiң дерлiгi осы трансформатор зауытына жұмысқа тартылды. Келешекте студенттер зауыттың бас ғимаратында практикалық сабақтарды өте алатын болады, зауыттың меншiгiндегi ғимаратты оқу корпусы ретiнде пайдаланады. Сондай-ақ, студенттер өндiрiстiк тәжiрибеден өткендерi үшiн 40 мың теңге көлемiнде айлық жалақы алатын болады. Келешекте зауыт пен университетке ортақ “Трансформатор” ғылыми-зерттеу лабораториясында ғылыми жаңалық ашқан ғалымға, ашылымының маңыздылығына байланысты айына 1000 АҚШ доллары мөлшерiнде жалақы тағайындауға, университет қабырғасынан зауытқа жұмысқа орналасқан жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мiндеттендi. Бұл сұранысқа ие мамандарға деген зауыттың ыстық ықыласын бiлдiредi. Сонымен бiрге өндiрiс ошағы 9600000 (тоғыз миллион алты жүз мың) мың теңгеге университетке қажеттi құрал-жабдықтар, яғни электроэнергетика мамандығын даярлауға қажеттi лабораторияны жабдықтауға жұмсайтын қаржы беретiн болды.

Ә.БIЛДЕБЕКОВА