Әшiрбек СЫҒАЙ: ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ АБЫЗЫ

Әшiрбек СЫҒАЙ: ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ АБЫЗЫ

Әшiрбек СЫҒАЙ: ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ АБЫЗЫ
ашық дереккөзі

Бiр кездерi Қазақстан Жазушылар Одағына кiрген бетте тұлғалар тобына таңдай қағыса, жарыса қарасушы едiк. Қадiрлерiн бiлдiк пе, бiлмедiк пе, ой тезiне ендi салып жатқанымыз жасырын емес қой. Әрқайсысы жеке шоқы, әрқайсысы бөлек таулар емес пе едi? Әлде өзiмiз жасырақ болдық па? Әйтеуiр, олардың әрқайсысы алыптардай көрiнетiн көзiмiзге. Айбынды-тын олар.

Сырбаз сөйлеп, кербез басатын ұлы Ғабең… Гүж ете қалғанда, кез келген кiсiнi селк еткiзер Бауыржан ата… Күндей күркiреген Сырбай мен Тахауи, сатира мен юмордың, кемерiнен асып төгiлген күлкiнiң кендерi Садықбек пен Қалтай ағалар… Қайсыбiрiн айтып, түгесерсiз. Төрт көздерi түгел кездер екен-ау. Иә, айналасы он-он бес, жиырма жылда… талай бiр асылдарымыздан айырылдық. Аяулыларымыздан алыстай түсiппiз. Ұлыларымыздан көз жазыппыз. Тек айтқандары, жазғандары ғана жанға дауа бұл күнде. Солардың iшiнде Қал-ағаңның қалжыңдары қандай едi, шiркiн! Жазбалары жайлы сөз басқа, айтқыштығын айтсаңыздаршы! Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов жанындағы жас шамасы сексеннен асып қалған Ұлы Отан соғысының ардагерi айналасындағыларға таныстыра келiп: “Бұл кiсiңiз соғысқа бастан-аяқ қатысып, Гитлердiң қырқын өткiзiп қайтқан,” — деп көсiлдi бiр отырыста. Қалтай Мұхамеджанов ағамыз асықпайтын, өзiне тән мiнезiмен ақырын ғана аяңдап, “Көк базардан” шығып келе жатқаны сол екен, өзiн өлердей сыйлайтын әрiптес iнiлерiнiң бiрi табан астынан кездесе кетедi. — Ойбай, Қал-аға, мұнда неғып жүрсiз, базар-ошарда көре бермейтiн едiк, — деп, жiк-жапар болады ғой баяғы. — Ой, жолбарысым-ай, беталды базар кезiп, басымның iскенi не. Үйдегi жеңгең немерелерiңе бiрер килә алма ала қайтарсың деген соң осында соға қойып ем, сөйтсем, онысын кiм бiлген, бiр килә алма алу үшiн екi килә ақша керек екен. Алма мен ақшаның арасы алыстап кетiптi ғой, өзi, —дептi таңғала тiл қатқан қайран Қал-ағаң. Иә, осылайша Қал-ағаң айтты деген қалжың сөздер қазақ арасында молынан ұшырасады. Ол әдебиетке күлкiмен ендi. Драматургияға комедиямен келдi. Оның жүзiндегi мәңгi тарқамас күлкi мен қалжың iздерi, көңiлдi қуаныш белгiлерi ғана драматург бейнесiн көзге жылы ұшырата түсерi бек рас. Өткен ғасырдың 60-70-шi жылдарында жазылған Қалтай Мұхамеджанов комедияларының қазақ сахналарын бiрден жаулап алғандары көпшiлiкке жақсы мәлiм. “Бөлтiрiк бөрiк астында”, “Құдағи келiптi”, “Қуырдақ дайын”, “Өзiмiзге де сол керек” атты ащы сатиралық жанрда қағазға түскен юмордан да құр емес тоғышарларды, алаяқ-алдамшыларды, дүмше космополиттердi сынап-мiнейтiн түйреуiк комедиялардың қазақ драма өнерiнiң шоқтығын көтерiп кеткенi баршамызға аян. Аталған туындылар, әсiресе, аса зәрулiктерiмен, тақырыптарының қоғамға аса қажеттiлiктерiмен айшықталды. Кейiпкерлерiнiң көбi өз ортамыздан табылады. Олар өмiрге етенелiгiмен жұрт көңiлiн баурады. Сол сәттерi Қалтайды бiреулер көкке көтерiп құптап жатса, екiншiлерi қасақана тырнақ астынан кiр iздеп, “ойы орта, тұзы жеңiл” дүниелер деп әлгi комедияларды сынап та жатты. Екi жастың айтысып, тартысуы заңды да едi. Өйткенi, бұған дейiн эпостық фольклордан бастап, сол кездергi колхоз-совхоз басшылары, өндiрiс озаттары, партия қызметкерлерi, ауыл зиялылары турасындағы қилы тақырыптардағы таптаурын пьесалармен жыға таныс қазақ көрермендерi үшiн студент жастар өмiрiндегi қайсыбiр шалыс қадамдар мен шынайы көрiнiстер күтпеген жағдайлар едi. Осы жерде ойлана сөйлеуге тура келедi. Мұхамеджанов комедиялары театр сахналарында күнi бүгiнге дейiн неге үздiксiз жүрiп жатыр? Материалдың мықтылығы ма, жоқ әлде автор ұсынған проблемалардың өмiршеңдiгi ме? Комедия көрушiлерiн несiмен риза етiп келедi? Мұхамеджанов қандай соны құбылыс, тың тәсiлдер әкелдi? Оның өзiне тән ерекшелiгi қайсы? Әрине, драматургтың бiрiншi табысы — оның сахнаға өз проблемалық тақырыбымен көтерiлуi. Әйтпесе, Қал-ағаңнан кейiн де комедия жазған қаламгерлер аз ба? Амал не, олардың көбi сахнада бiрер маусымнан артық тұрақтап қала алмады. Мұхамеджанов табысының тағы да бiр себебi, ол мамандығы бойынша театр зерттеушiсi. Алғашқыда Тәшкеннiң А.Островский атындағы театр және сурет өнерi институтын зерттеушi мамандығы бойынша бiтiрiп шықты. Қысқасы, хат танығалы айналдырған кәсiбi — театр. Драматург Мұхамеджанов комедиялары ерекшелiгiнiң өзi оның өткiншi, алданыш күлкiлерге емес, керiсiнше, ойлы, жiгерлi тоғышарлар әлемiн әшкерелейтiн сипатқа құрылатынында. Жанр мүмкiндiктерiн орнымен пайдаланып, орайы келген моменттердi қалт жiбермей, қоғам өмiр талаптарына жедел үн қатып отыру — сиректеу, шабандау жазса-дағы — әйгiлi драматург шығармашылығының ең басты жетiстiгi болады. Ар мен Адам. Өтiрiк пен Шындық. Отан мен Өмiр. Қал-ағаң шығармаларының көбi осы төңiректе талай құбылыстардың бетiн ашты. Қал-ағаң бiрде былай деп ағынан жарылғаны бар: —”Күлкi де көңiл-күйден туады. Шiркiн, жастықтың өзi тұнып тұрған күлкi емес пе? Сауық-сайран, мереке-думан сол күндерде молырақ екен де. Уақыт өз дегенiне көндiредi. Жас ұлғайған сайын күшенiп күлетiндi шығардық. Баяғы тасып-төгiлген жастық күлкiлерiн өзiм де сағына, ашына аңсаймын. “Жат елде” атты пьесам қыруар уақытымды алды. Мүлдем жабық жатқан тақырып едi ғой ол. Шет жұрттарда шашылып, қаңғып қалған қандастарымды сахнаға шығару жолында қаншама уайым шектiм. Қазiр ғой, заманның өзгерiп, өмiр ұстанымдарының шуақ себе бастағаны. Анау Асан, Құрбан сияқты адасқан ұлдарымыздың Мюнхен көшелерiнде сандалып жүргендерi кеше ғана емес пе едi?” Иә, “Жат елде” драмасы деректi оқиғаларға құрылған едi. Осынау үш бөлiмдi туынды 1966-шы жылы сахналық шығармалардың жабық бәйгесiнде арнайы жүлде алған-тын. Оны алғаш рет қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасына қойған мәскеулiк режиссер, РСФР-ның еңбек сiңiрген артисi М.М. Новохожин болды. Бұл қойылымға аға, орта, кiшi буын артистерiмiздiң ең таланттылары қатысқан болатын. 1950-шi жылдардың аяқ шенiнде Германияның Мюнхен қаласында тағдырлары тәлкекке түсiп, iлгерi басқан қадамдары керi кетiп, әрi-сәрi берекесiз күй кешкен қорғансыз жандардың шалыс әрекеттерiн Ы.Ноғайбаев, А.Әшiмов, К. Қармысов сынды артистерiмiз ғажап көрсеттi. Сол сияқты, “Бiз перiште емеспiз” деп аталатын пьесаның да өмiрбаяны өте күрделi болды. Алғашқы нұсқасы “Менiң дертiм” деп аталған 1962-шi жылы жазылып, сол жылдың он үшiншi желтоқсанында Қазақстан Жазушылар одағынынң драматургия секциясында қызу талқыланып, Ғ.Мүсiрепов, Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейiсов, Қ.Сатыбалдин, I.Жарылғапов, С.Шәймерденов, С.Адамбеков сынды қаламгерлер оған оң пiкiр бiлдiрген-тiн. Сол жатқаннан мол жатқан осы пьеса ширек ғасырдан кейiн барып сахнадан жарық көрдi. Оның себебi белгiлi. Ақ пен қараны ажыратып айтуды уақыт көтермедi. Ол кездерi мұрағат бiткен, соның iшiнде, отыз жетiншi жылдар төңiрегi мүлдем жабық-тын. Қал-ағаңмен өткен сұхбат кiшiгiрiм академияның ғылыми дәрiстерiне бергiсiз едi. Кезiнде, “Халық жауының” баласы атанып, Тәшкенде де, Мәскеуде де аса бiр мейiрiмге ие бола алмаған Қалтай Мұхамеджанов ғұмыры оңай қалыптаспағаны театр төңiрегiнде жүрген жандарға түгелдей мәлiм. Өзi бiтiрген оқу орнында ұстаздық қызметте қалып, оның аспирантурасында оқи бастаған талантты кiсiнiң шалғайынан тартқылаған сыпсың сөз бен қатерлi әрекеттер оны тезiрек елге оралуға мәжбүр еттi. “Өзi бiр байқағаным, кiсi жоқ-жұқаналау, “қалтасы семiңкiреп” жүрген шақтарында еңбекқор бола ма деймiн. Алматыдан алыста жүрсем де, елде болып жатқан театр процестерiн қалт жiбермеуге тырысып бағатынмын. Ащылығы шымбайға батарлықтай, бiрде-екiлi проблемалық мақалаларым жарық көрiп жататын. Елуiншi жылдардың үстiнде оқырман қолына тиген Н.И.Львовтың “Қазақтың академиялық драма театры” деген кiтабына жата жармасып, өткiр сын айтқан мақалам республикалық мерзiмдi баспасөзге шығысымен есiмiмдi iлтипатпен айта бастаған ағаларым табыла бастады. Солардың бiрi — сол тұстағы Қазақстанның мәдениет министрi Қайырғали Байғалиев едi. Ол Мәскеуге келген бiр сапарында ерiнбей-жалықпай менi iздестiрiп, жатақханадан тауып алып, елге қайтуға үгiттедi, қызметке орналасуыма көмек беретiнiн бiлдiрдi. “Аға айтса, iнi тыңдайтын” жақсы салтымыз бар, соның да салдары болар, Алматыға оралдым. Сөйтiп, мәдениет министрлiгiнiң орталық аппаратында жап-жас Қалтай бас редакторлық қызметiне кiрiсiп-ақ кеткен едi”. Бұл да бiр Қал-ағаң айтқан сырлар едi. Аз да болса, ағалармен тiлдесiп, титтей де болса, солармен сөйлесiп қалғаным қандай ғанибет едi. Көптеген айғақтарға көз жеттi; көптеген мағлұматтар жадымызда жаңғырды; тәжiрибемiз ұлғайды; бiлiмiмiз молықты. Олардан iздене түсудi үйрендiк. Шындыққа шекеден қарамай, ақиқатқа ақырына дейiн зерделеудi олжаладық. Үлкен қаламгердiң тағы да бiр әңгiменiң үстiнде айтқан мынадай бiр лебiзiне назарларыңызды аудара кетейiн. — “Қырғыз Шыңғыс Айтматов екеумiздiң достығымызға дәнекер болған тек екеумiздiң ұғысқан жүрегiмiз ғана. Кейде мен қазақтың кең жерiне сыймағандай, астаң-кестең күй кешер бiр сәттерiмде аядай ғана қырғыз елiн, қырғыз жерiн әлемнiң төрт бұрышына түгел танытып отырған Шыңғыстың бiрауыз сөзiнен толас табамын, рахатқа кенелемiн. Дос көңiлi, пейiлi осы болар, бәлкiм?! Сол достық тек сырттай ғана өрнектелiп, құрғақ қана суреттелмей, “Көктөбедегi кездесу” атты психологиялық драманың өмiрге келуiне себепшi болды. Ол әлемнiң он тоғыз театрын шарлап шықты. Вашингтон, Лондон, Мадрид, Мәскеу, Стокгольм, Хельсинки, Ыстамбұл, Токио, Варшава, Будапешт, Калькутта тұрғындары пьесаның қажеттiлiгiне, дiлгiрлiгiне тегiс куә болды. Солар сарапшылық жасады”. Иә, қаламгер сөзiнiң тiнi мықты. Ғалым бол, ұлы бол, агроном бол, ат айдаушы бол, ең бастысы — Адам бол. Шындықта туған жоқ. Ол қашанда шалыс бастың-ақ — бетiңе шiркеу, жүзiңе салық. “Көктөбедегi кездесу” ойға, өреге, санаға құрылған философиялық материал. Ол адамгершiлiк пен арамзалықтың ара салмағын айқын саралайтын әдiлет таразысы iспеттi. Өмiр — адамзат туралы шын мәнiндегi философиялық толғау. Пьесаны оқып не көрiп отырып, өзiңнiң мiнез-құлқыңды, ар-ұжданыңды, хал-харекетiңдi ой тезiнен, ой елегiнен өткiзе бастайсың. Шығарманың рухани әсерiнiң де, идеялық мазмұнының да бар күшi осында. Осындай сүбелi туындыда бақ сынаудан қазақ сахнагерлерi де шет қалған жоқ. Иә, Қалтай Мұхамеджанов — көрермен қауымды күлкiмен көмкерген көрнектi комедиограф ғана емес, “мың бiр түн” сынды әлемдiк шедеврдi де өз тiлiне тәржiмелеген шебер қаламгер. Сол сияқты, өзге ұлт тiлдерiнен аударылған бiрнеше кiтаптардың авторы да. “Күлкi өмiрдi ұзартады” деген тәмсiлдiң терiс шыққаны ма деп өкiнетiнiмiз де рас кейде. Қайтемiз? Ортамызда оның өзi жоқ болғанымен күлкiсi қалды құлағымызда. Сүйкiмдi бейнесi көз алдымыздан кетер емес. Сол ойлы жымиыс, сол өткiр тiл, сол уытты сатира, зiлсiз қалжың… Өмiр заңдылығы емес пе, қайсымыздың болса да, аптай, ай аралатпай, “Кеңсайға” барып тұрарымыз табиғи көрiнiске айналды. Барған сайын өз басым Қал-ағаң зиратының басына орнатылған оның ескерткiшiне көз салуды ұмытпай, iштей дұғамды оқып, бет сипаймын. Бар тұлабойымен түгелдей төгiле күлген қазақ комедиографының нұр шашқан жарқын пiшiнi қаралы “Кеңсайға” имандылық шуағын шашып тұрғандай. Инабатты ұрпағыңа риясыз күлкiң медеу бола бергей, ұлы да ұлағатты ұстаз, қазақ дрматургиясының ардагер абызы, қайран Қал-аға! Ел-жұртыңыз тыныш, Фарида жеңгемiз бас боп отырған өтенiңiз амандықта болсын! Ендеше, өзiңiз өндiре айтатын қалжың-күлкiлерiңiзбен доғарайын сағыныш сөздерiмдi: Мәскеуде бас қоса қалған бiр топ қазақ зиялылары түскi асқа барады. Астанаға келу құрметiне бiрер жүз грамм тәуiр коньяктан дәм татпау ыңғайсыз да ғой. Манадан үнсiз отырған Қал-ағаң өзiнен жастары кiшiлеу iнiлерiне қарап: — Әй, бiздiң үйдегi Фарида жеңгелерiң де “гений” ғой: “Қалтайжан, аман болсаң, ауыз тимей қоймайсың ғой” деп едi. Мiне, айтқаны айдай келдi,— дептi рахаттана өзi де күлiп, өзгенi де көңiлдендiрiп.