Жаңалықтар

Ермек ӨМIРБАЙҰЛЫ: АУЫЛ – АЛТЫН БЕСIК

ашық дереккөзі

Ермек ӨМIРБАЙҰЛЫ: АУЫЛ – АЛТЫН БЕСIК

Киелi бесiк тербелмей, коғам iлгерiлемейдi

Оңтүстiк өңiрдегi асқар таулары мен нулы жерлерi мол, сайын даланың төсi тұнған дәулет аймақтың бiрi – Жамбыл облысы. Облыс экономикасы жыл сайын қарқындап дамып, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы облыс басшылығының еңселi еңбектерi өзiнiң оң нәтижелерiн беруде.

Халықаралық “Түркiстан” саяси апталығының меншiктi тiлшiсi журналистiк сапармен Жамбыл облысында болып, ондағы бүгiнгi әлеуметтiк, экономикалық жағдаймен етене танысу мақсатында облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Үсенбаев Ермек Өмiрбайұлымен кеңiнен әңгiмелескен едi.

Ермек Өмiрбайұлы түйiндi мәселелердi жан-жақты шешуде қымбат уақытын аямайтын жан екен. Облыстағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айта келiп, әсiресе ауыл шаруашылығы,таза ауыз су мәселелерi туралы кеңiнен тоқталып, мәселелердiң ауқымды жақтарына назар аударды.

– Үстiмiздегi жыл ауыл шаруашылығы үшiн бiршама қиын жыл болды. Судың тапшылығын көп көрдiк.Сондай-ақ егiстiк жерлерiмiзге судың жетiспеушiлiгiне байланысты егiншiлiгiмiз де бiршама қиыншылықтарға тап болды. Осы қиыншылықтардың алдын алу мақсатында Қытай мен Түркияның тамшылатып суару технологиясын кеңiнен зерттеп, меңгердiк. Осыны негiзге ала отырып, облыстың агроөнеркәсiп кешенi саласында тамшылатып суару технологиясын қолдану жұмыстары қарқынды ұйымдастырылып, бүгiнгi таңда облыс бойынша 303 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы қолданылды. Нақты айтқанда осы озық тәжiрибенiң алғашқы бастамасын Жуалы және Меркi аудандарында пайдаландық. Нәтиже жаман емес. Алдымыздағы 2009 жылы 3 мың гектар жерде жаңа әдiспен жұмыс жүргiзiлiп әрi қарай, жаппай егiншiлiк алқаптарды тамшылатып суару жүйесiне өткiзудi жоспарлап отырмыз. Осы уақытқа дейiн бiз судың 80 пайызын Қырғызстаннан алатын едiк. Соңғы жылдары, өкiнiшке қарай қырғыздың суы бiз түгiлi өздерiне де жетпей жатыр. Сондықтан келешекте бiреуге тәуелдi болудан бас тартып, өзiмiзге ыңғайлы әрi тиiмдi тамшылатып суару әдiсiн кеңiнен қолдануымыздың арқасында бұл күрделi мәселенi шешемiз деп түйгенбiз.

– Қазiргi кезде ел экономикасының жаңаша даму кезеңi және бүкiл әлемде орын алып отырған экономикалық дағдарыс агроөнеркәсiп кешенi алдына қыруар әрi күрделi талаптар қойып отыр. Облыстағы бұл саланың жай-күйi қалай?

Ауыл шаруашылық саласына көрсетiлiп отырған мемлекеттiк қолдаулардың өзi жылдан жылға артып, оның пайдасы да нәтижелi болуда. Агроөнеркәсiп кешенi саласын қолдауға 2008 жылға барлық көздерден 5 млрд.теңгеден астам қаржы бөлiндi. Оның iшiнде республикалық бюджеттен тiкелей трансферттер ретiнде 1,8 млрд.теңге субсидия бөлiндi, мұны өткен жылмен таразылап қарайтын болсақ, 2,4 есеге артып отыр.

“Қазагро” ұлттық холдингiсiмен “Азық-түлiк келiсiм-шарт ұлттық компаниясы” акционерлiк қоғамдары арқылы 1,7 млрд.теңгеден астам қаржы әр түрлi несиелер мен лизингтер түрiнде саланың дамуына бағытталады.

Сонымен қатар “Оңтүстiк әлеуметтiк корпорациясы” облысымыздың Қордай, Меркi, Шу аудандарынан бiр-бiрден сервистiк дайындау орталықтарын құруды қолға алды.

Облыстық бюджеттен де аталмыш саланың даму жобаларын дайындауға, яғни облыстың инновациялық қоры арқылы жалпы құны 63 млн.теңгеге 4 инновациялық жоба қаржыландырылды. Жергiлiктi бюджеттен алғаш рет масақты, дәндi дақылдардың 1-2-3-шi репродукциялы тұқымдарын субсидиялауға 148 млн.теңге қаржы бөлiндi.

Осындай мемлекеттiк түрлi деңгейдегi қолдаулардың нәтижесiнде облыста майлы дақылдар, жемiс-жидек,көкөнiс, мал азығы сияқты дақылдарды егу ауқымы да ұлғайып келедi.

Уақтылы жүргiзiлген агротехникалық iс-шаралардың арқасында, биыл масақты дәндi дақылдар мен қант қызылшасынан, басқа да дақылдардан жақсы өнiм алуға кiрiстiк. Ұйымшылдықпен жүргiзген жұмыстар нәтижесiнде 1 мың гектардан астам жемiс бағы егiлiп, оны қолдау шараларына республикалық бюджеттен 508 млн. теңге субсидия бөлiнiсе, бүгiнгi күнге дейiн оның 489,4 млн.теңгесi игерiлдi. Биыл 2002 жылдан берiалғаш рет 5 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егуге қол жеткiздiк. Облыс халқын өзiмiз өндiрген өсiмдiк майымен қамтамасыз етудi жақсарту мақсатында үстiмiздегi жылы Тараз қаласында сапалы өсiмдiк майын шығаратын екi зауыт iске қосылып, өз өнiмдерiн бере бастады. Бұл зауыттар тәулiгiне 225 тоннаға дейiн дайын өнiм шығаруға және облыстың өсiмдiк майына деген қажеттiлiгiнiң 50 пайызын толық қамтамасыз етуге қабiлеттi.

ЖЫЛЫЖАЙЛАР АУЫЛ ШАУРАШЫЛЫҒЫН ЖЫЛДАМ ДАМЫТАТЫН ҚҰРЫЛЫМ.

– Дамыған озық елдерде жылыжайларға баса көңiл бөлiнедi. Тiптi, Голландияда атықты раушан гүлдерi, жылыжайларда жайқалады. Сiздер бұған көңiл бөлесiздер ме?– Ауылшаруашылығы өндiрiсiн шапшан дамытуға ғылыми жетiстiктерiмiздi пайдалана отырып, өндiрiске қажеттi ресурстарды сақтау, атап айтқанда тұрғындарымызды ерте көктем мен қыс айларында жаңа пiскен көкөнiс өнiмдерiмен қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ ел дастарханында кез келген мезгiлде қалаған жемiс-жидек, көкөнiс түрлерiн жеткiзiп беруде, өнiмдердiң бағасын халық үшiн тиiмдi етiп ұстап тұруда өте тиiмдi жылыжай мәселесi де белсендi түрде шешiлiп, оны жүзеге асыру басталып кеттi. Биыл қолға алынған 158 жылыжай жобасының 46-сы осы жылы iске қосылды. Қазiргi қыс айларында сол жылыжайларда тұтынушылардың сұраныстарына орай көкөнiстермен қамтамасыз етiп келедi.Үстiмiздегi жылдан бастап, облыс кәсiпкерлерi өз тараптарынан қызығушылық танытып, Қытай технологиясы бойынша ондаған жылыжай құрылыстарын жүргiзудi қолға алды. Бұл орайда, “Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлiк қоғамы тарапынан 15 жылыжай құрылысына 30 млн. теңге көмек көрсетiлдi. Мысалы ретiнде айтатын болсақ Байзақ ауданы Ынтымақ ауылдық округiнде “Жасұлан және К” ЖШС әртүрлi гүлдер өсiретiн 35 жылыжай шаруашылығын жүргiзуде. Сондай-ақ, Тараз қаласында осы мақсатта өнiмдердi сақтаумен екi кәсiпорын айналысуда. Олардың бiрi “Табиғат-сервис-д” ЖШС-ында 19 тоңазытқыш камералары бар 3 сақтау қоймасы жұмыс жасап жатыр. Олар жалпы көлемi 10 мың тоннадан аса жемiс– жидек,көкөнiс, ет, сүт және балық өнiмдерiн сақтауға арналған. Осы сияқты мысалдарды көптеп келтiруге болады.

Ағымдағы жылдың 11 айында облыс бойынша барлығы 838 млн.теңгеге 221 ауылшаруашылығы техникалары сатып алынды. Бұл көрсеткiш өткен осы кезеңмен салыстырғанда үш есеге көп. Замануи техникалар диханның оң қолы, қанаты. Сол үшiн де субсидия арқылы болсын, немесе өз қаржыларына болса да өздерi қажеттi деп санайтын техникаларды жеткiзудi бiз де жақсы жолға қойып отырмыз. Бұл маңызды мәселенi облыс әкiмi Бөрiбай Биқожаұлы Жексенбин әр уақытта жiтi назарында ұстап келедi.

МАЛСЫЗ ҚАЗАҚТЫҢ КҮНI ЖОҚ

– Ауылшаруашылығының тағы бiр маңызды саласы ол мал шаруашылығы. Жалпы төрт түлiк мал мен оның өнiмдерiнiң экспорттық әлеуетi әрдайым жоғары, оларға деген сұраныс та қашанда үлкен. Осы себептi облыста мал шаруашылығының сандық көрсеткiштерiмен қатар, сапалық дамуына да ерекше көңiл бөлiне ме?

– Биылғы жылдың 9 айының көрсеткiшiн өткен жылдың тиiстi мерзiмiмен салыстырғанда, облыста iрi қара мал 5144 басқа (2%), қой-ешкi – 56,3 мың басқа (2%), жылқы – 1820 басқа (2%), түйе – 306 басқа (2%) артты. Осы салыстырмалы кезең iшiнде ет өндiру 4 пайызға, сүт 2 пайызға, жұмыртқа 2 пайызға, жүн өндiру 2 пайызға жоғарылады.

Мысалы ретiнде айтсам, “Данегүл” ЖШС-i тәулiгiне 120 тонна сүт өңдей алатын қуаты бар замануи технологиялармен жабдықталған сүт өңдейтiн зауытты iске қосты. Сүт мол уақытта сүттен құрғақ сүт өнiмдерiн жасайды, ал сүт азайғанда сүт өнiмдерiнiң барлық түрлерiн өңдеп шығаратын күшке ие. Қазiргi кезде облысымызда үлкендi-кiшiлi 11 сүт зауыты жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, ет өндiру саласын айта кетуiмiз керек. Соңғы 11 айдың iшiнде 67 мың тонна ет өндiрiлген. Өндiрiлген осы еттiң 21 пайызы қайта өңдеуден өткiзiлiп, қазiргi кезде ет өнiмдерiнiң бiрнеше түрлерiн iстеп шығаруда. Бәсекеге қабiлеттi, экспорттық әлеуетi бар өнiм шығарылатын бiрнеше инвестициялық жобалар дайындалып, iске асырылуда. Осы орайда “Меркi ет” ЖШС-i өткен жылы Германиядан алынған құны 120 млн.теңге болатын құрал-жабдықтары орнатылған ет өңдейтiн зауытты iске қосты. Сондай-ақ Шу ауданында “КМК” шаруа қожалығында бiр мезетте 5 мың iрi қара, 15 мың қой бордақылайтын зауыт салу жұмысы жүрiп жатыр.

Мал шаруашылығын дамытудың сапалық жағына келсек, мұндағы басты мақсат – асыл тұқымды мал шаруашылықтарын көбейту арқылы облыстағы жалпы мал саны iшiндегi асыл тұқымды малдың үлес салмағын арттыруға бағытталып отыр.

Соның нәтижесiнде 2001 жылы облыс бойынша 17 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс iстесе, 2008 жылы олардың саны 67-ге жетiп отыр.

Бүгiнгi күнi облысымызда осы асыл тұқымды мал шаруашылықтарында 18 түрлi асыл тұқымды мал өсiрiледi. Үстiмiздегi жыл басындағы есеп бойынша облыстағы жалпы мал басының iшiнде асыл тұқымды малдардың үлес салмағы артқан. Мүйiздi iрi қара бойынша – 6,2 пайыз, қой-ешкi бойынша – 10,6 пайыз, жылқыдан – 11,0 пайыз, түйе – 34,6 және шошқадан – 17,4 пайызды құрады. Бiз асыл тұқымды малдардың жалпы мал iшiндегi үлес салмағы жөнiнен республика көлемiнде түйеден – 1-шi орында, ал, мүйiздi iрi қара, қой, жылқы, шошқа сияқты басқа түлiк түрлерiнен 2-шi орында тұрмыз.

2008 жылы 25 қыркүйек күнi өткiзiлген облыс әкiмиятының мәжiлiсiнде облыстағы мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының мәселелерi мен нәтижелерi қаралып, оны жақсартудың шаралары белгiлендi.Бүгiнде осы iс-шараларды жүзеге асырып келемiз.

– Аграрлық саланы дамытудың қазiргi таңдағы таңдаулы жолы – орта және iрi тауарлы мамандандырылған шаруашылықтар мен аудандық тауар өндiрушiлер бiрлестiгiн құрып, бiрлесiп жұмыс iстеу. Олардың бiрлескен одағынан iрi өндiрiстiк бiрлестiктер мен ассоциациялар және т.б. салиқалы құрылымдар шығару қолға алынып жатқан шығар. Оның үстiне ауылды айтпай кете алмаймыз…

– Облыста 2008 жылдың 1 қазанына ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу бағытында жұмыс iстейтiн 433 кәсiпорындар мен цехтар және өндiрiстiк желiлер тiркелген. Оларда барлығы 9740 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. 2007 жылдың қазiргi кезеңiмен салыстырғанда облыстағы қайта өңдеу кәсiпорындары 6 бiрлiкке немесе 1,4 пайызға, оларда жұмыс iстейтiндер саны 91 адамға немесе 2 пайызға көбейiп отыр.

2008 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу кәсiпорындарында өндiрiлген өнiмдер, азық-түлiк өнiмдерi мен сусындарды қазiргi кезеңмен салыстырғанда 8,9 пайызға артық.

Агроөнеркәсiп кешенi саласында қазiргi кезде жалпы құны 12,1 млрд. теңге көлемiнде 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстiнде. Бүгiнгi күнге бұлардың iшiнде жалпы құны 11 млрд.теңгенi құрайтын 6 жобасы толық iске қосылды, ал қалған 15 жоба жүзеге асырылу үстiнде, бұлар бойынша үстiмiздегi жылы 3 млрд. 272 млн.теңге игерiлдi.

Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында өткен жылы әрбiр ауыл тұрғынына шаққандағы бөлiнген қаржы 5,3 мың теңгенiң құрап, жалпы республикалық орташа көрсеткiштен 3 есе төмен болған болса, бұл көрсеткiш үстiмiздегi жылы жалпы республикалық орташа көрсеткiштен 17 мың теңгеге дейiн жоғарылап отыр. Осының нәтижесiнде облыста ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi дұрыс шешiмiн табуда. Қазiргi болжам бойынша, бiлiм беру, денсаулық сақтау нысандары мен ауыл жолдарын жақсартуға қатысты мәселелер бағдарлама аясындағы 3 жыл iшiнде толығымен шешiлмек. Әлемдiк қаржы дағдарысына қарамастан, облыс экономикасы даму қарқын бәсеңдеткен жоқ. Үстiмiздегi жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аймақтың әлеуметтiк экономикалық жағдайы тек оң даму үрдiсiнен көрiндi. Өнеркәсiп саласындағы өсiм өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға артып, 118,2 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Фосфор шикiзатын, табиғи газ, газ конденсаты, барит кенi мен концентраттарын өндiру көлемi арттыру жаппай қолға алынды. Елбасы Қазақстан халқына жолдауында ел экономикасының дамуында шағын және кәсiпкерлiктердiң маңызы жоғары екенiн атап көрсеткен болатын. Аймақта аталмыш сала субьектiлерiнiң саны қазiр 39 мыңнан асады. Қызметкерлер саны өткен жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға артып, 135,1 мың адамды құрады. Өнеркәсiппен кәсiпорындардың арту арқасында өңiрде жұмыс орындары көбейiп, жұмыссыздар санын төмендетуге өз ықпалын тигiзуде.

– Республикамызда, ең бастысы, ауылдық жерлерде таза ауыз су жағдайы ұзақ жылдардан берi шешiлмей келе жатқан күрделi мәселенiң бiрi. Тiптi, бұған халықаралық аса беделдi ұйым – Бiрiккен Ұлттар Ұйымының назар аударуы да бекерден бекер емес. Таза ауыз су – әлеуметтiк мәселе ғана емес, ұлтымыздың бүгiнi мен болашағына, халқымыздың тән саулығына да үлкен әсерiн тигiзерiне күмән жоқ…

– Иә, қазақ жерiнiң ежелден келе жатқан түйiндi мәселесi – осы су, оның iшiнде таза ауыз су екенi аян. “Сулы жер – нулы жер” екенiн айтпаған күннiң өзiнде, ауылдық елдi мекендердi, ондағы адамдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бiр күнде шешiле қалатын оңай жаңғақ емес. Оған зор күш-қуат, орасан зор қаржы жұмсау қажет. Бүгiнгi адамдар ғана емес, болашақ ұрпақтарымызды ойласақ бұл күрделi мәселенi таяу жылдарда шұғыл шешуiмiз керек. “Ауыз су” кешендi бағдарламасы бойынша 2003-2010 жылдар аралығында облысымызда бюджеттiк және бюджеттен тыс 4396,7 млн.теңге бөлу қарастырылса, 2008 жылдың 1 желтоқсанында соның 4117,4 млн.теңгесi игерiлдi. Бұл қиын да күрделi iстiң сырт көзге байқала бермейтiн қиындығы, есеп-қисабы көп-ақ. Сондықтан әр тармағын тарқатып, оқырмандарымызды жалықтырып алмайық. Дегенмен, жалпы қадау-қадау жайттарды айтқанымыз жөн. Соңғы жылдары 36 ауылдық елдi мекендерде су құбыры салынып, толық пайдалануға берiлдi, 298 км құбырлары тартылды. Осының нәтижесiнде облыстағы 591 мыңннан астам ауыл еңбеккерлерiнiң 160 мыңдайы таңдайды тiлiп, өңештi ашытатын сапасыз су емес, таза су iшiп отыр. Бұл – 27 пайыз халықты құрайды.

Қазiргi уақытта Жамбыл облысындағы 381 ауылдық елдi мекеннiң 144 орталықтандырылған су жүйесiмен қамтамасыз етiлген. Яғни, жалпы ауыл тұрғындарының 58 пайызын құрап отырған 343 мың адам өзiнiң, балаларының денсаулығына, болашағына алаңдамайды деген сөз. 229 ауылдық елдi мекендердегi 240,3 мың адам орталықтандырылмаған су жүйесiнiң көмегiне иек артса, 8,2 мың тұрғыны бар 8 елдi мекенде су алыстан тасылып iшiледi.

Әлi де алдымызда атқарылатын қыруар iстер бар. Халық атқарылып жатқан жақсы iстердi, оң өзгерiстерге деген ұмтылыстарды қашанда назарда ұстайды. Ел-жұртымыздың шын ризашылығын туғызып отырған да осы ауыз су мәселесiнде атқарып жатқан жұмыстарымыз. Оның iшiнде адамдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшiн жұмсалатын қаржының көлемi жылдан жылға ұлғайып келе жатқаны да елге қуаныш.

Осыншалық қомақты қаржыны шашау шығармай аса тиiмдi игерудiң өзi оңайға түсе қоятын шаруа емес. 2008 жылы 43 мың тұрғынды қамтамасыз ететiн 20 нысанды салу немесе қайта жөндеуден өткiзу, сондай-ақ 20 мың адамды таза ауыз сумен қамтамасыз ететiн 12 нысанды толықтай пайдалануға беру көзделсе, сол қиын мiндеттiң басым бөлiгi өз мерзiмiнде және сапалы түрде жүзеге асырылды деп мақтанышпен айта аламын. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, бұл қиын мiндеттi жүзеге асыруда талай қиындықтар алдан шығып отыр. Жамбыл облысындағы ауылдық су құбырлары жүйесiнiң 70 пайыздан астамы ескiрген. Пайдалануға жарамсыз екендiгi айқындалды. Шынын айту керек, бұл бұрыннан қалыптасқан ахуал, ежелден келе жатқан сырқат. Тiптен кеңестiк кезеңнiң өзiнде де ауыл еңбеккерлерiне, олардың тұрмыс тiршiлiгiне жiтi көңiл бөлiнбегендiгiнiң сорақы көрiнiсi.

Ал ауылдық жерлердегi тұрмыстық қызмет көрсететiн кәсiпорындардың техникамен нашар әрi жетiмсiз жарақтандырылуы қиындықты одан әрi үстемелеп отыр. Осы ретте бұл түйiндi тарқатудың бiрнеше амалдары бар сияқты:

– Сумен қамтамасыз ету жүйесiнiң құрылысына жобаланған қаржыға қажеттi техникамен құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалатын шығынды да қоса есептеу;

– сумен қамтамасыз ету және канализация қызметтерiнiң тарифын қайта қарау;

– тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы арнайы мамандарды дайындау және қайта дайындау керек. Сондай-ақ салынып бiткен нысандарды пайдалану арнайы ұйымдарды құру қажеттiгiн көрсетiп отыр.

Ауыл – алтын бесiк дейдi. Ендеше сол киелi бесiк тербелмей, қоғам iлгерiлемейдi. Ауылдың жағдайын дамыту елiмiздiң өркениетiне үлкен ықпалын тигiзетiнi анық.

– Бiлiм саласының жай-күйiн бүгiнгi дамудан бөлiп қарай алмаймыз. Жаңа мектеп құрылысына қазiр назар аударылуда. Жер-жерде бұған қатысты түйткiлдер аз емес…

– Үстiмiздегi жылы облыстың елдi мекендерiнде 11 мектептiң құрылысы жүргiзiлуде, оның бесеуi жаңа құрылыс , алтауы жылдан-жылға жалғаспалы құрылыс. Бұлардан бөлек, биыл 44 мектеп күрделi жөндеуден өтiп, олардың материалдық базасын нығайтуға 434 млн.теңге қаржы бөлiндi. Жергiлiктi бюджеттен 1 мектептiң қайта жабдықтау құрылысына 15,9 млн.теңге бөлiндi.

Облыс бойынша 33 денсаулық сақтау нысанын салуға 2,1 млрд.теңге бөлiндi. 83 денсаулық сақтау нысанын күрделi жөндеуден өткiзуге 278 млн.теңге қаржы бөлiнiп игерiлуде. Жергiлiктi бюджет есебiнен 5 ауылдық дәрiгерлiк амбулатория мен 25 медициналық пункттiң және Т.Рысқұлов ауданындағы өкпе аурулары диспансерiнiң құрылысы сапалы жүргiзiлуде.

Мәдениет саласында 10 нысанның күрделi жөндеу және жобалық сметалық құжат дайындау жұмыстарына 273,7 млн.теңге қаралған, 2008 жылдың 1 қазанына оның 70,5 млн.теңгесi игерiлдi, сонымен қатар мәдениет обьектiлерiнiң материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағдарламада 43 млн.теңге қаралып, 27 млн.теңгесi игерiлдi.

Үстiмiздегi жылы республикалық бюджеттен Жуалы ауданының 8 елдi-мекенiн газдандыру жұмыстарына 200 млн.теңге бөлiнсе, бүгiнгi күнге бұл қаржы толығымен игерiлдi.

Сарысу ауданының Көкдала-1 ауылдық елдi мекенiнде электрлендiру жұмыстары басталды, бұл мақсатқа жергiлiктi бюджет есебiнен 30 млн.теңге бөлiнiп, оның 3 млн.теңгесi жобалық-сметалық құжаттар дайындауға жұмсалды.

“Қазақтелеком” акционерлiк қоғамы бағдарламада қаралған 221,2 млн.теңге өз қаржылары есебiнен облыстың 24 елдi-мекеннiң телефон жүйелерiн кеңейтiп, модернизациялау үстiнде.

Қорыта айтқанда, жалпы алғандағы аграрлық сала алдына қойылған мiндеттер мен мақсаттарды атқаруда келелi мәселелер қолға алынып, айшықты адымдар жасалынуда.

Ендi осы орайда айтып өтетiн бiр жайт – қазiр жастарымыз еңбектен қашып,қалаға көптеп ауысуда. Көбiсi өмiрлерiн босқа өткiзiп, дайын тауар алып сатуға бейiм болып өсуде. Қазiржас мамандар ақшаны ауылдан да көптеп таба алатын жағдай қалыптасып отыр, өйткенi ауылдық жерде маман аз, тракторшы, дәнекерлеушi, тағы басқа техникалық мамандар жетiспей отыр.

Бүгiн ауыл жастарына күнiне 1500 теңге беремiн десеңiз әсте жұмысқа шықпайды. Жалқаулық көптеген жастардың өмiрiнiң мәнi боп барады, оңай жерден нан тапқысы келедi. Осы орайда жастарымызды тәрбиелеуде бәрiмiз ата-ана, мектеп болып бiрiгiп, айқын жол көрсетуге мiндеттiмiз деп бiлем. Жас мамандарды көптеп даярлау мақсатында облысымыздағы 20-дан астам колледж оқу орындарына қосымша және екi кәсiптiк училище ашқалы отырмыз. 600 орындық бiрi Тараз қаласынан,900 орындық екiншi кәсiптiк бiлiм ошағы болашақта Талас ауданынан ауылшаруашылығына қажеттi мамандарды даярламақшы. Бұның пайдасын болашақта көретiнiмiзге сенiмiм мол. Биылғы жылдан бастап ауылға жұмыс iстеу үшiн келген жастарға үй беру, яғни тұрғын үймен қамтамасыз етуге 150 млн. теңге қаржы бөлiнiп отыр. Ауылда жетiспейтiн мамандықтар, соның iшiнде ел үшiн аса қажеттi дәрiгер, мұғалiм т.б. мамандықтары бойынша келген жастарды тұрақтандыруда бұл ұстаным өзiнiң оң нәтижесiн бере бастады. Алдағы уақытта бұл iс басты назарымызда болады. Қазiр облысымызда жекеменшiгiнде 4-5 мың қой-ешкiсi бар қазақ бауырларымыз бар. Бұл қуантарлық жағдай, әрине. Сол азаматтардың бiразы елдiмекендерде балабақша, жол салуға көмек көрсетiп, қолдан келгенше демеушiлiк жасап бағуда. Ауыл бай болса, қала бай болатыны еш дәлелдi қажетсiнбейтiн ақиқат. Ауылдың жағдайы жақсы болса қала тұрғындары үшiн қажеттi өнiмдердiң барлығы дер кезiнде қамтамасыз етiледi. Бәрiмiз сол берекелi де, киелi ауылдан шыққанбыз. Сондықтан ауылдың жайын бiр сәт те ұмытуға қақымыз жоқ. Жемiстi көшеттердi егудi де қолға алдық, ауыл, көше бойларына ағаш егу, оны мәпелеп өсiру бәрiмiздiң борышымыз деп бiлем

– Қазақстан Республикасының президентi Н.Ә.Назарбаевтың “100 аурухана мен 100 мектеп” бағдарламасына сәйкес облыстардағы салынып жатқан 5 мектеп пен 7 аурухана нысандарының құрлысының қарқынсыздығы жиi сөз етiлiп жүр. Мәселенiң анық-қанығына нақты бiлетiн адамның өз аузынан естiгенге не жетсiн. Осы құрлыс нысандары жөнiнде не айтар едiңiз?

Жергiлiк атқарушы органдар тарапынан “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасында белгiленген жоспар өз деңгейiнде орындалуда деп нақты айта аламын. Аталмыш бағдарлама аясында облыс көлемiнде салынуы көзделген 3114 орындық 5 мектеп құрылысына 2008 жылы республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге қарастырылған болатын. Бүгiнгi күнге бұл қаржының 1,65 млрд. теңгесi игерiлiп, 95,3 пайызға орындалып отыр.

11 айдың қорытындысы бойынша 1134 орындық екi мектеп пайдалануға берiлдi. Олар Жамбыл ауданы Жалпақ төбе ауылдық округiне қарасты 834 орындық және Меркi ауданы Сыпатай ауылындағы 300 орындық мектептер. Жамбыл ауданы Шөлдала ауылындағы 600 орындық, Жуалы ауданы Дүйсенбай ауылындағы 180 орындық және Тараз қаласының Бурыл алқабындағы 1200 орындық мектептердiң құрылысын жыл аяғына дейiн аяқтау көзделiп отыр.

Ал мемлекеттiк бағдарламадағы денсаулық сақтау нысандарына келсек, үстiмiздегi жылы 7 нысанның жобалау жұмыстары мен құрылысын бастау көзделген. Бұл жұмыстарға 642 млн. теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың 11 айында 482,7 млн. теңге бөлiнiп, оның 379,8 млн. теңгесi игерiлдi.

Аталған 7 нысанның төртеуiнiң құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Ал қалған үшеуiнiң (Тараз қаласындағы 300 орындық көп салалық аурухана және екi 200 орындық көп салалы балалар емханасы) типтiк жобалау жұмыстары аяқталып Денсаулық сақтау министрлiгiне өткiзiлдi.

Бiр сөзбен айтқанда, аталған мемлекеттiк жобаға қарастырылған қаржы толығымен игерiлдi деп еш шүбәсiз айта аламын. Дегенмен жоғарыда салынып жатқан 5 мектеп пен 4 медицина нысандарының бiршама уақытқа кешiгуi жоғарыдан келетiн құрылыстың типтiк жобасының бiзге кештетiп келгенiне де болып отыр, яғни терiс әсерiн тигiзген жағдайы бар. Облысымыздағы тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2008-2010 жылдар аралығында жүзеге асырылатын бағдарлама бойынша “Бәйтерек” мөлтек ауданы құрылысы басталды, оған қажеттi инженерлiк инфрақұрылым, жол жүйелерi қатар жүрiп жатыр. 9 мың шаршы метр жерге үй соғу жоспарымызда бар. Атап кететiн жайт, тұрғын үй бағдарламасын межеге жеткiзуде аянбай қызмет етiп жүрген маңдайалды iрi құрылыс қомпаниялары “Жамбыл жол құрылысы”, “Бином” ЖШС-i, сондай-ақ “Алматықұрылыс” компаниясы да облысымыздағы құрылыс салаларына еңселi қызмет етiп жатыр.

– Ұшқан ұя және өзiңiз жайлы айтып өтсеңiз?

– Адамға бiр уақыт демалыс та керек. Демалыста атқа мiнiп серуендегендi жақсы көремiн. Жуалы ауданында аяулы анам тұрады, бiздер – балаларының бәрi сонда жиналамыз. Анамның атында егiстiк жерi бар. Оған алма ектiк, картоп өндiрiп, оны сақтайтын арнайы орнымыз бар. Әкемнiң көзi тiрiсiнде жиi қайталайтын “тал ек” деген сөзiн үнемi есiмiзде сақтап, анамның иелiк жерiне алуан түрлi ағаш ектiк. Оның iшiнде қайың, шырша және басқа да жиi кездесе бермейтiн ағаш түрлерi де бар. Қолым қалт етсе ағаш егем, көктем шыға ауыл адамдарына асар жасап, ауылдан қозы көш жерге барып ағаш отырғызып қайтамыз.

Ауламызда екi тоған бар, оның iшiнде әсем балықтар жүзiп, кешкiлiк шоршып ойнақ салғанда ерекше демалғандай боласыз.

Шешем 70-ке келсе де, жоғарыда айтқанымдай, жеке шаруа қожалығы бар, үлкен-кiшiмiздiң бәрi сол кiсiге аянбай қызмет iстеймiз. Анасын, жанындағы жұбайын сыйлаған адам мәңгi бақытқа ие болады. “Жұмақ аналар аяғының астында” деген сөз текке айтылмаған ғой. Үш қызым, бiр ұлым бар, барлығы да жоғарғы бiлiм алып, шет тiлдерiн жетiк меңгерген.

Қазақстан бәсекеге қабiлеттi ел болуы үшiн, әлеуетi қуатты, төрт құбыласы тең, аса дамыған ел болуы керек, өзге елдердiң алдындағы абыройымыз асқақтатуы үшiн үздiк оқыған iскер, тәжiрибелi азаматтардың қатары көп болуы керек. Осындай ел қашанда даму үстiнде болатынына ешқандай күмән жоқ. Марқұм әкем балаға дауыс көтерiп, бiреуiмiздiң де бетiмiзден қаққан емес. Сонда да көз қарасынан ойындағысын айтқызбай ұғатынбыз. Сыйлы да қасиеттi күйiнде әкем өмiрiнен өттi.

Анам қой аузынан шөп алмайтын жуас кiсi, қолындағысын қонағының аузына тосуға асығатын қолы ашық жан. Ел-жұрт Анар апай деп құрметтейдi,тiк тұрып сыйлайды.

Анамның ауыл баларына деген мейiр-шапағаты соншалықты ыстық болғандықтан ол кiсiнiң ұсынысымен ауылда 50 орындық “Анар апа” балабақшасын салдық. Халқымыз “жұмақ ананың алақанында” дейдi емес пе, қазақ қанша iс iстесе де туған анасының алдындағы парызын өтей алмайды.

– Ереке, мазмұнды сұхбатыңыз үшiн рахмет!

– Мен де облыс басшылығы атынан халықаралық «Түркiстан» газетiнiң ұжымына мол шығармашылық табыстар тiлеймiн. Осы сәттi пайдаланып, бүкiл Қазақстан халқын жаңа – 2009 жылымен құттықтаймын. Елiмiздiң өркениетi үшiн қажымай еңбек етейiк, ағайын!

Қуанышбек БОТАБЕКОВ