Жаңалықтар

ЕТ ЖЕМЕЙ ӨЛГЕН АЗАМАТ

ашық дереккөзі

ЕТ ЖЕМЕЙ ӨЛГЕН АЗАМАТ

ТАМАҚ САЯСАТ ТӨРIНЕ ШЫҚТЫ

Жаңа жиырма бiрiншi ғасыр өткен дәуiрмен салыстырғанда, азық-түлiк мәселесiн алдыңғы шепке шығарды. Бұрын құлаққа естiле бермейтiн “азық-түлiк қауiпсiздiгi” атты тың ұғым мен түсiнiк пайда болды. Ендi азық-түлiктен, дәлiрек айтсақ, дәндi дақылдардан жанар-жағармай да алуға болады.

Тиiмдi әрi экологиялық жағынан таза. Бұл жағынан Қазақстан өзiне қолайлы мүмкiндiгi мол мемлекеттердiң қатарынан саналады. Аллаһқа шүкiр, бiздiң облысымыз да азық-түлiк қауiпсiздiгi жөнiнен өзге өңiрлерден көш iлгерi. Ең бастысы — нанымыз бар. Көкөнiс және жемiс өнiмдерiнен де құр алақан емеспiз. Облыс орталығына таяу жерден май өндiретiн зауыт салынса, күнбағыс майымен өзiмiздi өзiмiз қамтамасыз етерiмiзге сенiм нық.

Мұны тәптiштеп айтуымыз да бекер емес. Тарихтан мәлiм, азық-түлiктiң жетiспеуiнен талай “күрiш”, “нан”, “тұз” бүлiктерi болған. Осыдан санаулы айлар бұрын Мысыр, Ауғанстан, Боливия сияқты елдерде болып өткен халық толқулары кейде азық-түлiктiң саясат ұранына айналып кететiнiнен де хабардар етедi.

Биолог-ғалымдардың айтуынша, азық-түлiк тегiне қарай: жануар тектес және өсiмдiк тектес, табиғи және жасанды болып бөлiнедi. Мәселен, мал, құс, балық етi, сүт және сүт өнiмдерi, жұмыртқа жануар тектеске жатса, қалғаны — бүкiл наннан бастап саңырауқұлаққа дейiнгi өсiмдiктен алынған азық-түлiк түрлерi болып табылады. Табиғиы — атынан көрiнiп тұрғанындай, бiрден тұтынуға болатын немесе өңдеуден кейiн пайдаланылатын азық-түлiк түрлерi. Жасандысы — қолдан өсiрiлген (мәселен, окорочка) және түрi өзгертiлген (модификациялық), генетикалық-мутациялық (тағам құрамына протеиндар қосылатын) тағам түрлерi, олардың көбiне Батыстан әкелiнген өнiмдер екенiн айту қажет. Бұрын соңғы аталған тамақ түрлерi бiзде некен-саяқ едi. Тек нарық күшiне енген соң барып, елiмiздiң сөрелерiне сұғына кiрiп, қазiр базарлар мен дүкендердi, дүңгiршектердi толығымен жайлап алды…

ӨЗ ТОПЫРАҒЫМЫЗДАН ӨНГЕНI АРТЫҚ…

Жайық өңiрiндегi өндiрiлетiн және әкелiнетiн азық-түлiктi үш түрге бөлген жөн. Туған топырағымыздан өнген, Ресей мен Өзбекстаннан әкелiнген, Қытай, Үндiстан, Батыстан жеткiзiлген дейтiн пiкiрге сүйенсек, ағзамызға ең сiңiмдiсi де, пайдалысы да — өзiмiзде өсiп-өнген және өңделген нәпақамыз көрiнедi. “Ойбай, Қарашығанақтың экологиялық зияны бар!” десек те, сол тамақ өнiмдерi онша қатерлi емес сыңайлы. Солтүстiктегi көршiлерiмiз бен оңтүстiктегi ала тақиялы ағайындардың қолынан шыққан азық-түлiкке де аса бiр шүбәланудың қажетi шамалы.

Бар мәселе Батыс, Қытай немесе Үндiстаннан, өзге де алыс шетелден әкелiнген тауарлардың iшiнде “сырты-жылтыр, iшi — бұлыңғыр” өнiмдер аз емес. Оларға ұзақ сақталуы, тауарлық күйiн жоймауы үшiн және басқа себептерге орай түрлi бояу қосылғыштары, протеин немесе өзге де заттар көп қосылатын болса керек. Бiр жақсысы — сол алыс шетелден келген шоколад немесе тағы басқа тағам түрiнiң сыртқы қорапшасында “Е-230”, “Е-214”, тағы басқа сынды заттардың тамақ құрамына қосылғандығы туралы тайға таңба басылғандай ақпарат берiледi. Ал жоғарыда санмен көрсетiлген атаулардың астарында не бауырға, не бүйрекке немесе өзге да ағза мүшелерiне залалды заттар тұрғанын ендi бiлiп жатқан жәйiмiз бар. Мақаламыздың басында көрсетiлген түрi өзгертiлген немесе генетикалық-мутациялық азық-түлiк өнiмдерiнiң қаншалықты ағзаға қауiптiлiгi жөнiнде айрықша айтудың қажетi бола қоймас.

АҒЗАҢ ҚАЛАСА, АСА!

Расында да әркiм ағзаның тұтынуы бойынша тамақтанады. Әрине, үнемi шектен тыс iшiп-жеу мешкейлiкке, семiздiкке соқтырады. Негiзi адам қай жерде өмiр сүрсе және сол елдегi ғасырлар бойы қалыптасқан өзiнiң ұлттық мәзiрiндегi азық-түлiктi пайдаланғаны орынды да қалыпты. Өйткенi ағза соған орай қалыптасқан және атадан балаға берiлетiн табиғи дағды солай…

— Ет жеу — қазақтың ықылым заманнан келе жатқан ұлттық қалпы. Егер ол жүйелi түрде ет жемесе, қанының құрамындағы гемоглобин азайып кетедi, ағзасы оттегiмен байымайды, нәтижесiнде көңiл-күйi болмайды, — дейдi. М.Өтемiсов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң доцентi, биология ғылымдарының кандидаты Жасқайыр Қарағойшин. — Бiр замандасымыздың сөзi есiмде қалыпты. Ол: “Күйеуiмдi ет жеуден айырдым. Оны сатып алуға көп ақша кетедi ғой. Қазiр жақсы, отбасымыздың шығыны азайды” деп мақтанған едi. Сонан кейiн не болды?! Жұбайы соның кесiрiнен жүдеп-жадап, арада көп уақыт өтпей, өмiрден озды. Кiмге — күлкi, кiмге — түрпi?!.

Ғалымның сөзiнiң жаны бар. Ұзақ ашығу, қытай (олар сүттағамдарын мүлдем пайдаланбайды) немесе үндi диетасын (өмiр бойы ет жемеу) ұстағандар өз ағзаларына қаншалықты қиянат жасайтынын бiле ме?! Сөз жоқ, мұның қасиеттi ораза тұту iсiне қатысы болуы мүмкiн емес. Адам онда күнiне екi рет тамақ жейдi ғой. Вегетариандық деген де қазаққа үйлеспейтiн ерсiлiк. Демек, қазақ болсаң, тәбетiң тартса, ет же, сүт iш, бауырсаққа ұмтыл! Мал етi, соның iшiнде жылқының жал мен жаясы “жаман” болса, жәнiбектiк жерлесiмiз, ұлты орыс Ю.Сафонов баяғыда: “Казы — это хорошо!” демес едi…

АРАҚ-ШАРАП, ТЕМЕКI…

Кеңес өкiметiнiң тұсында арақ-шарап, сыра, темекi еш қалтқысыз тағам өнiмдерiне “жатқызылып”, азық-түлiк дүкендерiнiң адамдар ең көп баратын бөлiмiне айналған-ды. Сiрә, бұл адамды мас қылатын iшiмдiктерге оң көзiмен қарайтын солтүстiктегi көршiлердiң ықпалынан болса керек. Қасиеттi ислам дiнi және адами тұрғыдан қарағанда, жоғарыда аталған өнiмдер азық-түлiктiң қатарына жатқызылмауы тиiс. Олардың арнаулы дүкендер немесе химиялық өнiм тауарлары сатылатын орындарда болғаны жөн. Өйткенi, екеуiнiң де химиялық заттар екенi айдан анық.

Бiздiң парламенттiң темекi өнiмдерiне салынар салықты көбейтiп, оның бағасын күрт өсiру жөнiндегi талпынысы құптарлық. Егер әр шылым қорабы кемiнде 500-700 теңге тұрса, оған құмартушылардың бiртiндеп азаяры сөзсiз. Өзiңiз ойлап қараңызшы: темекi керек пе, ет керек пе?! Сонымен қатар, арақ-шараптың да күрт қымбаттағанын қалар едiк. Мәселен, оның әр шишасы кемiнде 800-1000 теңгеге жетсе, талайлардың әуселесi басылар ма едi, кiм бiлген?!.

Бiздiң қоғамдағы тағы бiр кереғар көрiнiс: жұмыртқа немесе жылқы етi, шұбат немесе талқан сынды халал тамақтардың жарқыраған жарнамасын емге таба алмайсыз, ал темекi мен сыра, арақ-шараптың күнi-түнi жағы талмайтын “жағымды” уағызынан құлағың сарсиды. Тiптi қойылған аттарының өзiн айтыңызшы! “Нұреке”, “Бибiгүл”, “Қазақстан”, тағы басқа…

Мәселен, бiз жоғарыдағы харам өнiмдерге мынадай атауларды ұсынар едiк.. арақ-шарап үшiн “Ажал” немесе “Тажал”, “Бозөкпе” дегендей… Осы атаулар берiлсе, мүлдем спирттi iшiмдiк пайдаланылмай, темекi тартылмай қала ма? Рас, кейбiреулердiң атынан шошып, жаман дағдыдан бас тартуы мүмкiн. Алайда уытқа әбден бой алдырғандар бас ұра қоймас, “Ауру қалса да, әдет қалмайды” ғой…

Бiздегi түрлi деңгейдегi санитарлық қадағалау қызметтерiне осындағы және сырттан әкелiнетiн азық-түлiк өнiмдерiнiң бактериологиялық және химиялық сапасын бақылау және анықтау құқықтары берiлген. Мiне, сол саланың маманы не дейдi? — Күнделiктi жұмысымызда, — дейдi облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы тамақтану гигиенасы бөлiмiнң бастығы Алтын Оранғалиева. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылы 19 ақпанда қабылданған №165 “Сырттан әкелiнетiн азық-түлiк түрлерiн мемлекеттiк тiркеуден өткiзу” және 25 наурыздағы “Қазақстан Республикасындағы тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi” қаулыларын басшылаққа алып отырмыз. Әзiрге пәлендей өрескел заң бұзушылық байқалмай отыр. Дегенмен, олқылықтардың барын жасыруға болмайды, Мәселен, тоғыз айдың iшiнде дүкен және базар сөрелерiндегi, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы 314 кг азық-түлiк “жарамсыз” деп табылып, айналымнан шығарылды. Соның 223 килограмы өз өлкемiзде өндiрiлген тауарлар. Осы мерзiм iшiнде 595 адамға айыппұл салынып, сотқа 26 iс жiберiлдi. 15 дүкен, қоғамдық тамақтандыру нысаны мен кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған. Прокуратура орындарына 591 үйғарым бағытталды. Осының бәрi-өңiрiмiздегi азық-түлiк өнiмдерiнiң облыс тұрғындары үшiн, химиялық және бактериологиялық тұрғыдан қауiпсiз болуы мақсатында атқарылып жатқан шаралар…

Биылғы тышқан жылына ешкiмнiң де өкпесi бола қоймас, Әдетте тықырлатып, бәрiн жеп құртатын “ол” еншiсiне тиген жылында бидайды мол “берiп” тастады. Бәрәңгi мен күнбағыстан да жиналған өнiм жылдағыдан көп. Мал да қазiр мейлiнше қоңды. Әйтеуiр, неде болса, ризығымыз таусылмасын, ағайын!

ГЕРАҒАҢ АЙТЫПТЫ…

Қазақтың “сары” баласы, белгiлi немiс жазушысы Герольд Бельгер, өзiмiздiң Герағаң баспасөзге берген бiр сұхбатында былай: — Менi балаларым да, таныстарым да Германияға қайта-қайта шақырып жүр. Бiрден бас тарттым және сондағы немiстерге мынаны айттым: “Ау шырақтарым, сендердiң “шұжық” (колбаса) деп жеп жүргендерiң тек 12 пайызы ғана — ет, қалғаны — кiлең химия. Онда барсам, “аштан” өлемiн ғой. Қазақтың қазысы дастарханымда тұрмаса, қалғаны ас деп есептемеймiн…”, — дегенiн айтқан болатын.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ