Жаңалықтар

Жанұзақ ӘКIМ: ҚАЗАҚСТАН — БАТЫС ТҮРКI ҚАҒАНАТЫНЫҢ МҰРАГЕРI

ашық дереккөзі

Жанұзақ ӘКIМ: ҚАЗАҚСТАН — БАТЫС ТҮРКI ҚАҒАНАТЫНЫҢ МҰРАГЕРI

Жақында Астана қаласында Президент Мәдениет орталығының ұйымдастыруымен “Қазақстан: өткенi, бүгiнгiсi және болашағы — Еуразия мәдени мұрасындағы Батыс Түрiк қағанаты” атты халықаралық ғылыми конференция болып өттi. Конференцияға әлемнiң 18 елiнен түркiтанушы ғалымдар келiп қатысып, Түркi әлемiнiң өткенi, бүгiнi және болашағы жайында ой қозғады. Ғылыми-әлеуметтiк маңызы зор осы бiр конференция жайында Президент Мәдениет орталығы басшысының орынбасары Жанұзақ Әкiм бiзбен ой бөлiскен едi.

— Жанұзақ аға, бұл конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат не едi? Яғни, конференция нелiктен Батыс Түркi қағанатына арналды?

— VI-VIII ғасырлардағы Батыс Түркi (Түркi терминi көне түркiлер және барлық түркi халықтарына байланысты (мысалы Түркiстан, Түркiмен т.б.), ал түрiк— ол Осман түрiктерi, немесе Түрiк мемлекетiне байланысты қолданылады) қағанаты туралы соңғы кезде археологиялық, лингвистикалық т.б. жиналған көптеген материалдар осы мемлекеттiң құрылымы, экономикасы, iшкi және сыртқы саясаты туралы тұжырымдама жасауға мүмкiндiк бердi. Конференцияның Батыс Түркi қағанатына арналуының себебi, бiрiншiден Батыс Түркi қағанатының негiзгi территориясы қазiргi Қазақстан жерiнде, астанасы Қаратаудың бойында болса, екiншiден “екi дүниенiң есiгiне айналған” Түркiстан, яғни “мәңгi түркi елi” идеясы, түркiлiк рух пен дүниетаным осы кезде қалыптасып, Түркiстан қаласы осы кезде салынды, үшiншiден түркiлер Ұлы Түркi қағанаты, Шығыс Түркi қағанаты және Батыс Түркi қағанаты сияқты ұлы мемлекеттер құрып әлемдiк тарих аренасына шықты. Түркi қағанаттарынан бұрын да түркiнiң қаңлы, кидарит, үйсiн, ғұн т.б. тайпаларының мың жылдай жеке мемлекеттер мен империяларды билеп Еуразияда өз үстемдiктерiн жүргiзгенi белгiлi. Осы ұлы мемлекеттi бiрiктiрген Құтлұғ қаған (Елтерушi), Бiлге қаған, Күлтегiн және Тоныкөктер болды. Күлтегiнге орнатылған ескерткiште түркiлердiң ұлылығын былай сипаттайды: “Жоғарыда көк Аспан және төменде бурыл жер пайда болғанда, олардың ортасында адам баласы дүниеге келдi. Адам баласын менiң бабаларым Бумын қаған мен Истеми қағандар биледi. Олар таққа отырғанда империяны қолдап оны құрды және Түркi халықтарының заңдарын шығарды. Әлемнiң төрт бұрышында да олардың жаулары көп болды. Олар жан-жақтағы көптеген халықтарды өздерiне бағындырып тыныштандырды. Басқалар түркiлердiң алдында бастарын иiп, тiзелерiн бүктi. Көк Түркiлер шығыста Хинган тауы мен батыста Трансоксианаға дейiнгi жерлердiң арасында билiк жүргiздi. Олардың барлық iстерi адал, барлық халыққа әдiл, дана және айбынды болды”. Түркiлер өздерiн жер бетiндегi бiрден-бiр елмiз деген сенiмдi қалыптастырып басқаларды соған сендiре бiлдi. Себебi ол кезде түркiлер тiзесi барды бүктiрiп, басы барды идiрiп Қытай мен Византия сияқты iрi мемлекеттер оларға салық төлеп тұрған заман едi. Сондықтан да конференцияның негiзгi мiндетi сол кездегi түркiлердiң дүниетанымы, рухы, мемлекеттiлiгiн түсiну едi.

— Жалпы, түркiтанудағы негiзгi проблемалар не деп ойлайсыз?

— Түркiтанудың негiзгi проблемалары — ол алдымен көне дәуiрден бастап қазiргi кезге дейiнгi түркiнiң тарихы әлемдiк тарих контексiнде жазылып, түркiлердiң әлем өркениеттерi тарихындағы рөлi анықталған жоқ. Түркiлер және көшпендi мемлекеттер Тойнби мен Шпенглерлер жазған өркениеттердiң классификацияларына да кiрмей қалған. Тарихқа тереңiрек үңiлiп қарайтын болсақ онда б.д.д. 2614 жылдары көне түркiлердiң астанасы Ордос арқылы дамыған Ганьсу, Шеньси сияқты 5 қалада дамып Қытай өркениетiнiң негiзiн салғанын, одан кейiнгi қытайдың “Соғысқыш мемлекет” (Воюющее государство) өркениетiндегi құмыралардың өрнектерiне дейiн түркiлерден алынғанын Т.де Шарден бастаған француз ғалымдары, жапон және фин ғалымдары 1920-1930 жылдары дәлелдедi. Ал, Үндiстандағы шашырап жатқан ұсақ тайпаларды бiрiктiрiп үлкен мемлекет жасауда түркiлердiң шешушi рөл атқарғанын Дж.Неру дәлелдесе, Еуропадағы батырлық эпостар дәстүрi, бейнелеу өнерi (фон Габен) түркiлерден келгенi дәлелденген. Мұрат Аджидiң “Еуропа халықтарының қанының 50 пайызы түркiлердiкi” дегенiнiң жаны бар. Ресей мемлекетiнiң дворяндарының 70 пайыздайы түркiлер әулетiнен болғаны және олардың осы мемлекеттi құруда негiзгi рөл атқарғаны белгiлi. Түркiлер Еуразиядағы мемлекеттердi екi мың жылдай оқтын-оқтын жаулап алып, түркiден шыққан елуден астам әулет осы құрлықтың дамуында шешушi рөл атқарды. Ал, бiздiң тарих әлi күнге XVIII ғасырда қалыптасқан евроцентризм мен Ресейдiң империялық бұғауынан арыла алмай келедi. Тәуелсiз Түркiстанның тарихы әлi жазылған жоқ және Түркi қағанаттары кезiнде қалыптасып барлық түркi халықтарын бiрiктiретiн “Мәңгi түркi елi” идеясын жандандыра алмай отырмыз. “Түркi мемлекетiнiң құрылуы — бүкiл адамзат тарихының бетбұрыс кезеңi. …Түркiлердiң қоғамдық өмiрi мен әлеуметтiк институттарының күрделi түрлерi қайран қалдырады: ел, меншiктiң сатылық жүйесi, шендер иерархиясы, әскери тәртiп, елшiлiк дәстүрi, сондай — ақ, көршi отырған елдердiң идеологиялық жүйелерiне қарсы қоятын, мұқият әзiрленген дүниетанымның болғандығы таңқалдырады” дейдi Л.Гумилев. Бұл да түркi мемлекетiнiң бiр феноменi. Қазiргi түркiтанудың мiндеттерi осы мәселелердi шешу.

— Сiздiңше, түркологияға түркiлерден гөрi өзге елдiң ғалымдарының көбiрек еңбек сiңiруiнiң себебi неде?

— Түркологияға түркiлерден гөрi өзге елдердiң ғалымдарының көбiрек еңбек сiңiруiнiң себебi — ол кезiнде “пантюркизм”, “панисламизм” деген сияқты түркiтану мен исламға қарсы жасалған терiс саясаттың салдарынан түркi республикаларындағы ғалымдар репрессияға ұшырап, оларда түркiтануды зерттейтiн ғалымдар қалған жоқ және ғылыми мектептер қалыптаспады. Бұл салада жақсы еңбек етiп келе жатқан Санкт-Петербор университетiнiң шығыстану факультетi мен Мәскеудегi шығыстану институттары. Сонымен қатар соңғы кезде түркiтану тақырыбына АҚШ, Жапония, Финляндия, Венгрия, Болгария, Украина сияқты елдерде қызығушылық көп. Ол жақсы үрдiс. Түркi мемлекеттерi де төл тарихын зерттеуге тиiстi қаржы бөлiп осы жақсы бастамаларды қолдауы тиiс. Өткен жылы Қытайдың Үрiмшi қаласында Қабден Қадырұлы және Ахметұлының редакциясымен қытай жазбаларына сүйенiп жазылған “Ұлы Түрiк қағанаты” деген монография шықты.

— Әлемдегi түркологтардың өзара байланысы қандай деңгейде?

— Әлемдегi түркологтардың өзара байланысы әзiрге жүйелi арнаға түсе қойған жоқ. Түркi халықтарына ортақ ТҮРКСОИ деген халықаралық ұйым құрылған. Бiрақ осы ұйымның ауқымды iстерiн көре алмадық. Қаржысы жоқ па, әлде ұйымдастру жағы нашар ма, әйтеуiр аты бар да заты жоқтың қасы. Осы ТҮРКСОИ-дың аясында түркi халықтарына ортақ телеарна ашып, жыл сайын әлемдегi түркi халықтарының тiлi, мәдениетi, дәстүрi, өнерi, тарихы т.б. фестивальдарын дәстүрлi өткiзу қажет.

Орта Азия республикалары мен Әзiрбайжанның тәуелсiздiк алғанына да 17 жылдан болды. Ендi етек-жеңдi жиып “түбi бiр түркiнiң” бiрiгетiн кезi келдi. Сұлтан Бейбарыс бастаған Египеттегi мәмлүктер мен Алтын орда хандары 250 жылда екi жүзден астам дипломатиялық қатынас жасап аралары қырық күндiк жердi жақын етсе, бүгiнгi iргелес жатқан түркi мемлекеттерiнiң арасында қарым-қатынас орта ғасырдағыдан да нашар. Биыл ЮНЕСКО-ның аясында ғұлама ғалым Махмуд Қашқаридың 1000 жылдығы және Қыз-Жiбек эпосының 500 жылдығы атап өтiлуде. Бiрақ, осы шараларды түркi елдерiнiң барлығы қолдаған жоқ.

— Кейбiр қазақ ғалымдары Орхон-Енисей жазуларының транскрипциясында қателер мол деген пiкiрдi ұстанады. Бұған көзқарасыңыз?

— Бұл салада соңғы кезде iргелi жұмыстар iстелуде. Олардың бiрегейi профессор М.Жолдасбековтiң (филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлымен бiрге — Е. К.) “Орхон ескерткiштерiнiң Атласы” атты энциклопедиялық еңбектiң шығуы. Осы еңбекте Радлов, Малов, Сперанскийлер жiберген қателiктер түзелген. Орхон-Енисей руникасы — ол Ұлы Түркi қағанаты кезiнде пайда болып шығысы Тынық мұхиттан батысы Днепрге дейiнгi ұланғайыр аймаққа тараған ұлы жазу әлi толық жүйеленiп болған жоқ. Оны толық зерттеу де түркологияның негiзгi мiндеттерiнiң бiрi.

— Аталған конференцияның түркiтануға қосар үлесi не деп бiлесiз?

— Осы конференция түркiтануға белгiлi деңгейде өз үлесiн қосты деп айта аламыз. Оған Түркия, Монғолия, Ресей, Қазақстан, Жапония, Әзiрбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Финляндия, АҚШ, Венгрия, Израиль, Украина, Болгария сияқты елдерден келген ғалымдар барлығы 53 баяндама жасады. Осы баяндамалардың географиясына қарап-ақ түркiтанудың халықаралық деңгейде тиiстi орнын алғанын көремiз. Бұл конференциядағы баяндамалардың негiзi Батыс Түрк қағанатына арналғанымен, онда жалпы түркiтанудағы бұрын жiберiлген кемшiлiктер — ол Л.Гумилевтiң түркiлердiң шығу тегi туралы (“Хунну”, 3 томдықта), Еуропалық ғұндар хундардың ұрпағы емес дегендерi, Бартольд т.б. ғалымдардың Орта Азия, Қазақстан жерiнде және Алтайды көне дәуiрде түркiлер емес, үндi-ирандықтар мекендеген, немесе көне дәуiрде түркiлер европеид болған деген негiзсiз тұжырымдар қайталанған жоқ. Бiрақ, бiр конференция аясында түркiтанудың барлық мәселелерiн шешу де мүмкiн емес. Түркiтану да египеттану, шумертану, үндiеуропалықтарды тану сияқты тамыры тереңде жатқан күрделi ғылым.

— Кейбiр ғалымдар бұл бас қосудан саяси астар да iздеу керек деген ой айтады? Сiз не дер едiңiз?

— Бұл конференцияда ешқандай саяси астар жоқ. Жалпы бiз түркiнiң тарихымен мақтануымыз керек. Себебi, түркiлер тарихта басқа халықтарға қаншама билiк жүргiзгенiмен, олар ешқашан да испан канкистадорлары немесе америкадағы ағылшын колонизаторлары сияқты ешбiр халықты нәсiлiне бөлiп, геноцид жасамаған. Өзара қырқысқан Еуропаның жабайы тайпаларын әдiл жазалағаны үшiн Аттиланың өзiн “Құдайдың қамшысы” деп атады емес пе.

Орта Азияда түркiлерден шыққан Тәңiр (тенгриан) күнтiзбесi мүшел Египеттен бастап Тынық мұхиты аймағына дейiн тарап осы құрлықтағы халықтардың дүниетанымдық негiзiне айналды емес пе? Конфуцианство мен даосизм, және Қытай мемлекетiнiң билiк жүйесiде осы Тәңiрге негiзделген. Бұл жай сөз емес, ол ғылымда дәлелденген. Түркiтану — ол адамзат өркениетi тарихына мол үлес қосатын ұлы ғылым. Оның болашағы алда.

— Кезiнде Сталинннiң үрiккенi секiлдi, қазiр де Түркi дүниесiнiң бас қосуынан сескенетiндер бар көрiнедi? Сiздiңше, Елбасы Орта Азия елдерi одағы жайлы идеясы түркiдүниесiнiң бiрлiгiн аңсаудан туындап отыр ма? Бұның тиiмдiлiгi қаншалықты?

— Шынында сол кезде “пантюркизм”, “панисламизм” сияқты саяси терминдермен бүркемеленген саяси науқан жалпы түрiкшiлдiкке қарсы болды, түркi әлемiн жоқ қып жiберуге бағытталды. Құдайға шүкiр, ол қысымнан аман өттiк. Қазiр елбасымыздың Орта Азия елдерi одағы идеясы осы түркi мемлекеттерiн бiрiктiрудегi iс деп ойлаймын. Үлкен идея қалай болғанда да iске асады деп ойлаймыз. Себебi, ол тек қана мемлекеттiк емес, геосаясат тұрғысынан қараса да, Орта Азия қазiр бiр жағынан Қытайдың, бiр жағынан Ресейдiң, үшiншi жағынан Америка сияқты алып мемлекеттердiң көзiн алартып отырған табиғи қоры бай орталық. Алайда, бұлардың бастары бiрiкпей отыр. Осы бас бiрiкпеудiң кесiрiнен кезiнде Шыңғыс хан бүкiл Орта Азияны жаулағанда, Хорезм шахтың әскерi Шыңғыс ханның әскерiнен 2,5-3 есеге дейiн көп едi. Бiрақ, осылардың басы бiрiкпегендiктен олар жеңiлiс тапты. Мұндай мысалдар тарихта көп. Бiзге осы тарих сабақтарынан үйренетiн кез жеттi. Бұл тек қана Орта Азия ғана емес, жалпы түркi мемлекеттерi — Әзiрбайжан, Түркия барлығы бас қосып бiр үлкен одақ болуы керек. Сонда ғана бұл елдер дами алады. Бұл туралы кезiнде Мұстафа Шоқай да, Ататүрiк те, басқа да ұлы ғұламалар айтып кеткен болатын. Соны iске асыратын кез ендi туды.

— Неге Түркi мемлекеттерi бас қосуға құлықсыз деп ойлайсыз?

— Түркi елдерiн бiрiктiру идеясын 90-шы жылдардың басында алғаш рет С.Ниязов ұсынған едi. Бiрақ, негiзiнен Ресейдiң қабағына қараған көпшiлiк оны қолдамағасын Түркiменстан бейтарап саясат ұстануда. Соңынан И.Каримовтың жасаған осындай ұсынысы да қолдаусыз қалды. Ендi Елбасының Орта Азия елдерi одағы идеясын Өзбекстаннан басқалары негiзiнен қолдап отыр. Түркiменстан бұл одаққа кiретiн болса, онда бейтарап саясатынан айнуға тура келедi. Сондықтан, түркi мемлекеттерiнiң одағын құрып жұмысты бастай берген дұрыс сияқты. Себебi, ШОС, ЕвраЗЭС т.б. ұйымдар да жүре-бара қалыптасты ғой. Түркия НАТО-ға мүше ел, Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанғанымен Орта Азия республикаларымен бiрге негiзiнен Ресейдiң ықпалында. Түркi халықтарын ортақ тiл, тарих, дiн, қан, дәстүр бiрiктiргенiмен олар әртүрлi алфавитпен жазғандықтан тiлдерi алшақтап барады. Қытай мен Ресейде гагауз, чуваш, тохалар, хакастар т.б. ондаған түркi халықтары сол елдердегi аз халықтардың қатарында өз тiлдерiн жоғалтуда. Бұл да үлкен мәселе.

Салынып жатқан Баку-Тбилиси-Жайхан мұнай құбыры мен Баку-Тбилиси-Эрзурум газ құбырларын Ақтау мен Түркiменбашыға дейiн ұзарту — ол түркi елдерiн қосатын экономикалық көпiр және олардағы көмiрсутегiн әлемдiк нарыққа тiкелей шығаратын мүмкiндiк болмақ. Осы мүмкiндiктi тиiмдi пайдалану керек. Сонымен қатар Еуропа-Кавказ-Орта Азия (ТРАСЕКА) арқылы Еуропамен шекаралас жатқан Қазақстан, Түркiменстан, Түркия және Әзербайжанның Еуроодаққа кiруге мүмкiндiктерi бар. Еуроодаққа кiру — ол түркi елдерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етумен қатар олардың өркениеттi елдердiң қатарына қосылуына мүмкiндiк бередi.

Орта Азиядағы республикалар, мысалы Қазақстан-Өзбекстан шекарасында мақта өңдейтiн, Түркiменстан-Қазақстан шекарасында мұнай-газ өңдейтiн, Қырғызстан-Қазақстан-Өзбекстан шекараларында ауылшаруашылығы тауарларын өңдейтiн және Сырдарияны ортақ пайдаланатын еркiн экономикалық аймақтар ашып, Орта Азияға ортақ Мерв-Хиуа-Хорезм-Самарқан-Бұхара-Түркiстан және Ыстықкөл-Медеу-Шымбұлақ-Бурабай сияқты туристiк кластерлер ашса олардың барлығына тиiмдi болар едi. Бұл осы республикалардың экономикасын, туризмiн, ауылшаруашылығын дамытудағы және қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жол болмақ.

— Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ