Жаңалықтар

Нұрғали ӘШIМОВ: ӨРЕСI ТАР АДАМНАН БIЛIКТI МАМАН ШЫҚПАЙДЫ

ашық дереккөзі

Нұрғали ӘШIМОВ: ӨРЕСI ТАР АДАМНАН БIЛIКТI МАМАН ШЫҚПАЙДЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысының басшылығында көптеген азаматтар iстедi. Соңғы әкiмшiлiк жүйеде қызмет iстеген азаматтарға бұл облысты басқару оңайға соққан жоқ. Жасыратыны жоқ, бұл жақта әкiмдердiң аяғынан шалып, жұмыс iстетпеу әдетке айналған.

Бiр жылға жетер-жетпестей уақыт өткенде Өмiрзақ Шөкеев вице-премьерлiкке тағайындалып, Астанаға аттанғаннан кейiн Оңтүстiк жұрты жетiншi әкiмiн қарсы алды. Облыс әкiмi болып Нұрғали Әшiмов тағайындалды. Бастапқыда бұл әкiмнiң тағдыры қалай болар екен деп алаңдаушылық бiлдiргендер де болды. Бiрақ, Нұрғали Сәдуақасұлы бұл жақтың “ауа-райына” үйренген азамат, өзiнiң саяси билiгiнде дипломатиялық әдiс-айлаларды көбiрек ұстанады. Кез келген даулы мәселенi мүмкiндiгiне қарай бiтiмгершiлiк жолмен шешiп келедi. Оңтүстiктiң әртүрлi саяси бағытты ұстанған басылымдары да оған жоқ жерден шүйлiккеннен гөрi әкiмдi қолдайтынын бiлдiрiп жатыр. Жалпы, қай әкiм болмасын, оның iсi мен ел алдындағы беделiн баспасөз беттерiнен-ақ аңғаруға болады.

Нұрғали Сәдуақасұлы алғаш рет Қазақстанда әкiмшiлiк жүйе орнағанда осы облыстан табылған. Оңтүстiктiң алғашқы әкiмi Марс Үркiмбаевтың кеңесшiсi болған. Марс Фазылұлы сынды Әшiмов та ғылыммен айналысқан азамат. Оның ғалымға тән биязы мiнезi, қарапайым қасиетi саяси интриг жасауға бейiм еместiгi елге бiр табан жақындатып тұратындай. Жуырда Оңтүстiктiң жетiншi әкiмiмен еркiн әңгiмелесудiң сәтi түскен едi.

– Нұрғали Сәдуақасұлы, таяуда ғана Оңтүстiк өлкесiне Елбасымыздың өзi келiп, көптеген мәселелерге назар аударды. Осы iссапар барысында Президент сiзге қандай тапсырмалар бердi?

– Ең негiзгi тапсырма – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды қарқынды жүргiзу. Әлемдегi орын алып отырған қаржы дағдарысы жағдайында қарапайым халық барынша қолдауды қажет етедi. Ол қолдаудың бастамасын Президенттiң өзi бастап, Үкiметке арнайы тапсырма берiп, Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлдiрiп отырғанын өздерiңiз жақсы бiлесiздер.

Осы тұрғыда бiздер жергiлiктi жерлерде қандай да болмасын мүмкiндiктердiң барлығын халықтың жағдайын жақсартуға пайдалануға тиiспiз.

Қазiрдiң өзiнде әлемдегi қаржы дағдарысы жағдайы, оған байланысты Президентiмiз бен Үкiметiмiздiң жүргiзiп отырған саясаты мен атқарылып жатқан жұмыстар, ел болып, халық болып осы дағдарыстан зардапсыз, аз шығынмен шығу жолдары туралы жергiлiктi тұрғындар арасында кең көлемде түсiндiрме жұмыстары жүргiзiлуде. Арнайы құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық топтар жұмыс жасауда. Олардың негiзгi мақсаты – елдiң еңсесiн биiк ұстауына, қандай да қиыншылық болмасын жеңе бiлуiне, болашаққа деген сенiмiн арттыруға ықпал жасау.

Облысқа iс-сапар кезiнде Елбасының басты назары халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстарға аударылды. Өзiнiң тапсырмасы бойынша жаңадан салынған бiрқатар медициналық мекемелердi аралап көрдi.

Президенттiң төрағалық етуiмен қарашаның 7-сiнде Оңтүстiк Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында медицина саласы қызметкерлерiнiң республикалық жиналысы өттi. Оған елдегi медицина мекемелерiнiң басшылары мен осы салаға жауапты облыс әкiмдерiнiң орынбасарлары қатысты. Жиналыста Елбасы атқарылған оңды жұмыстармен қатар денсаулық сақтау саласына, мамандарға, медициналық құрал-жабдықтар сапасына қатысты бiрқатар өткiр сындар да айтты. Жаңадан ашылған Қан орталығы мен ТМД-да жоқ медициналық құралдарды залалсыздандыру орталығындағы және басқа да денсаулық мекемелерiндегi құрал-жабдықтардың сапасын тексерудi тапсырды. Сонымен қатар мамандардың бiлiктiлiгiн жоғарылату және әлеуметтiк жағынан елеулi ауруларға ерекше мән берудi тапсырды.

Қазiргi жағдайда сатып алынған медициналық құрал-жабдықтардың сапасын тексеру үшiн бiлiктi мамандардан арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасауда.

– Медицина саласында жетiстiктерiмiз бар болғанымен кемшiлiктерiмiз де жеткiлiктi. Әсiресе Президент тарапынан қатты сынға ұшыраған кадр саласында. Оны түзету үшiн қандай iс-шаралар атқарылмақ?

– Елбасы халықтың денсаулығын нығайту үшiн заманауи медициналық мекемелер салу қажеттiгi мен мамандардың шет мемлекеттерде бiлiмдерiн жетiлдiрiп, бiлiктiлiгiн жоғарылату керектiгiн баса айтқан болатын. Осы мақсатта облыста бiрқатар оңды жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылдың 9 айында 1007 дәрiгер мен 3887 орта буынды медицина қызметкерлерi бiлiмi мен бiлiктiлiгiн жетiлдiру үшiн оқуға жiберiлдi, 43 адам менеджмент, 49 адам жалпы тәжiрибе дәрiгерi мамандықтары бойынша дайындықтан өттi. Жергiлiктi бюджет есебiнен 141 маман шет елдерге оқуға аттанды. Ал 2009 жылы 1503 дәрiгер мен 3500 орта буын медицина қызметкерлерi бiлiктiлiктерiн жоғарылататын болады. Олардың денi ана мен бала өмiрiн қорғау мамандары.

– Көксарай мәселесi бiр уақыт дау-дамай болғанымен оның жұмысы да қарқынды басталып кеттi. “Ойшылдың ойы бiткенше, тәуекелдiң iсi бiтедi” деген рас та шығар…

– Көксарай мәселесiн дау-дамай деуге келiңкiремейтiн болар. Кезiнде Көксарай жөнiндегi келiспеушiлiк пiкiрлер оның жұмысын дұрыс түсiнбеуден туған едi.

Мемлекет басшысы 11 қарашада Көксарай құрылысының барысын бақылап қайтқаннан кейiнгi екi аптадан соң Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов бастаған делегация келдi. Делегация Көксарай су реттегiшiнiң құрылысын аралап көрiп, нысанның жай-жапсарымен кеңiнен танысты. Құрамында су мамандары мен облыстық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкiлдерi бар көршiлес ел өкiлдерi Елбасының жобасын қолдап, бүкiл Қазақстанға ортақ проблема – Аралдың келешегiне үмiтпен қарап, ризашылықтарын, қуаныштарын бiлдiрдi. Ақсақалдар батасын бердi.

Жалпы көлемi 466 миллиард шаршы метрдi құрайтын Көксарай су реттегiшiнiң жобалық құны 52,2 миллиард теңгеге бағаланған. Қазiр гидроқұрылыстың алғашқы кезегiн жүзеге асыруға дайындық жұмыстары жоспарлы жүргiзiлiп келедi. Бұл жұмысқа 2 мың адам мен 700 техниканың күшi жұмылдырылған. Болашақта жобаның шешушi кезеңiндегi жұмыстарды атқаруға 10 мыңға жуық адам тартылады деп күтiлуде.

Жыл сайын көктемгi ағын суды Шардараға сыйғыза алмай, өзiмiзге өте қажет байлықты Өзбекстанға, яғни Арнасайға жiберетiнiмiз ешкiмге де жасырын емес. Тек 1991 жылдан бергi уақытта көршi елге 39 миилиард текше метр суды тегiн “сыйлай” салған екенбiз. Бұл дегенiңiз 10 Шардара қоймасын толтыруға жететiн су.

Мемлекет басшысы айтқандай, 3 миллиард текше метрдей су жиналатын Көксарай су реттегiшiнiң алғашқы кезеңi 2010 жылдың басында пайдалануға берiлiп, су қабылдау, реттеу мүмкiндiгi 1 миллиард текше метрге жеткiзiлмек. Ал жоба бiтетiн 2012 жылы су реттегiшке қабылданатын 3 миллиард судың 2,5 миллиард текше метрi Сырдарияға қайта жiберiледi. Қалған 500 миллион текше метр суды дұрыс пайдалансақ, сол маңдағы аудандар мен ауылдарды, көршi облысты ағын сумен қамтамасыз етуге молынан жетедi.

Су жиналған жердiң шөбi де бiтiк шығады. Демек, Көксарайдың табаны да пайдалы болмақ, әрi малға азық.

– “Оңтүстiк Қазақстан облысының болашағын ауыл шаруашылығын дамытумен байланыстыру керек” депсiз, бiр сұхбатыңызда. Бұл ауыл адамдары үшiн қуанарлық жайт. Дегенмен, қазiргi ауылдардың жайы жетiсiп жатпағандай. “Жоғарыдан бөлiнген қаржы ауыл-ауылға жетпей жатыр” деп диқандар қауымы шырылдайды да жатады…

– Иә, Оңтүстiк өңiрi ауыл шаруашылығы, оның iшiнде диқаншылық үшiн таптырмас мекен. Бұл салада бiз биыл бiраз жетiстiктерге қол жеткiздiк. Iрi қара мал саны Кеңестер Одағы кезiндегiден де асып түстi.

Оңтүстiк Қазақстан облысын айтпағанда, елiмiздiң басым бөлiгiне көкөнiс Өзбекстаннан жеткiзiлетiнi ешкiмге де құпия емес. Дәл осы диқаншылықты өзiмiзде дамытуға, сөйтiп Қазақстанның өзге де өңiрлерiн көкөнiспен қамтамасыз етуге неге болмайды? Бiздiң де жыл бойына өнiм алуға және Қазақстан азаматтарын қысы-жазы көкөнiспен қамтасыз етуге мүмкiндiгiмiз бар. Осы орайда Оңтүстiк Қазақстанда жылыжай шаруашылығын дамытуға айрықша көңiл бөлудемiз. Бұл бiздiң үлкен жобамыздың бiрi. Оның нәтижесi де жаман емес. Биыл жылыжай алаңдарының көлемi 90 гектарға жетсе, 2009 жылы 150, 2010 жылы – 200 гектарға дейiн ұлғайту көзделуде. Үкiмет тарапынан жылыжай шаруашылығын дамытуға қолдау болған соң, онымен айналысатын кәсiпкерлердiң саны да күннен күнге артып келедi.

Екiншi жобамыз – тамшылатып суғару тәсiлi. Бұл технологиямен суды, тыңайтқышты, техника жұмыстары мен оған жұмсалатын жанар-жағармайды да екi есеге үнемдеуге болады. Есесiне екi-үш есеге көп өнiм ала аламыз. Бұл дәлелденген нәрсе. Биыл осындай әдiспен суғару алқабының көлемiн 1010 гектарға жеткiздiк.

Ауылшаруашылығына бөлiнген қаражат мәселесiне келсек, тек биылдың өзiнде ауыл еңбеккерлерi субсидия ретiнде 4 млрд. 169 млн. теңге қаржы алды, 48 техниканы лизинг жолымен иемдендi, одан бөлек 8 млрд. 163 млн. теңге қаржыны несие ретiнде пайдаланды. Бұл аз қаржы емес. Басқа елдiң бiреуiнде де бұндай көмек берiлiп жатқан жоқ. Өкiнiшке орай, сiз айтқандай келеңсiздiктер де жоқ емес. Жерi болмаса да жалған құжаттар әзiрлеп, миллиондап көмек алып, кейiннен қылмысқа айналған әрекеттер де болған. Олардың барлығына заңдылықтарға сәйкес тосқауыл қойылуда.

Жуырда ғана Елбасы Астанада өткен “Алтын сапа” көрме-байқауында ауыл шаруашылығын дамытуға Ұлттық қордан жыл сайын 1 миллиардтан, үш жылда 3 мииллиард теңге бөлiнетiнiн айтты. Өте үлкен көмек! Бұрын соңды бұл салаға мұндай қаржы қарастырылмаған. Бұл дегенiмiз Елбасы тапсырмасымен ауылшаруашылығын өрiстетуге берiлiп отырған үлкен мүмкiндiк.

– Оңтүстiкте мектеп құрылыстарын салу қарқынды жүргiзiлгенмен проблемалар да жеткiлiктi. Жалпы облыста мектептердiң қысқа дайындығы ойдағыдай ма?

– Алғашқыда аудандар мен ауылдардағы жағдай былай тұрсын, облыс орталығындағы мектептердiң қысқа дайындығы да көңiлге күдiк ұялатқан едi. Сондықтан облыс әкiмi орынбасарының төрағалығымен арнайы комиссия құрылып, барлық мектептердiң қысқа дайындығына тексеру жүргiзiлдi. Нәтижесi бойынша тиiстi тапсырмалар берiлiп, олардың орындалуына комиссия тарапынан қайта тексерулер болды. Бүгiнде облыстың барлық мектептерi қысқы мерзiмге толық дайын.

– Оңтүстiк Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық қылмысы өршiп, үстiмiздегi жылдың жетi айында 46,5 пайызға көбейiптi. Бұл келеңсiз жағдайдан қандай ой түйдiңiз?

– Қазақта “ауруын жасырған өледi” деген мақал бар ғой. Сондықтан шындықты ешуақытта жасыруға болмайды. Бәрiбiр бiр күнi ол шығады. Екiншiден, кiмде-кiм заң бұзушылыққа жол берiп жатса, оны ел бiлуi тиiс. Заң алдында iстеген қылмыстық әрекетi үшiн жауап берсiн. Сiз айтқандай, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 50 пайызға жуық артқаны өкiнiштi-ақ. Облыс көлемiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қарқынды жүруде. Бұған қоғамдық ұйымдар, “Нұр Отан” Халықтық-демократиялық партиясы, т.б. құрылымдар атсалысып, құқық қорғау органдарына көмекшi болуда. Көрсеткiштiң көбеюiне бұл да өз әсерiн тигiзуде. Олардың ешқайсысы да заң алдындағы жауапкершiлiктен құтылып кете алмайды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық та не болып жатқанынан хабардар. Менiңше, пара алатындар – пара берiп үйренгендер. Адамдардың осындай әрекеттерге саналы түрде баратындары қынжылтады. Бiрақ олардың барлығын қылмыскер деп айыптауға менiң қақым жоқ. Бәрiн де құқық қорғау органдары анықтайды, сот бағасын бередi.

– Саябақтарды мемлекет меншiгiне қайтару мәселесi өте көкейкестi мәселеге айналды. Мұнымен өзiңiз тiкелей табанды түрде күрестiңiз. Нәтижесi қандай?

– Шымкенттегi 57,8 гектарды құрайтын 6 саябақтың жерлерi түгелге жуық жекешеленiп кеткен едi. Ол жерлердiң көбiнде нысандар тұрғызылып, сыраханалар мен кәуапханаларға, қала бердi тойханаларға айналып кеткен. Мемлекет иелiгiнен шығып кеткен құрылыс нысандары мен жер телiмдерiнiң саны – 158. Оларға қожалық етiп келгендердiң 20-сы жекеменшiк иесi болса, 57-сi уақытша жер пайдаланушылар. Тiптi саябақтан үй салу үшiн жер бөлiп, заңдастырып алғандар да табылды. Бiрақ мен олардың бәрiн кiнәлi деуден аулақпын. Өйткенi оларға жердi бөлiп берген лауазымды адамдар да бар ғой. Саябақтарда жерлерi бар адамдарды үш санатқа бөлiп қарау керек. Бiрiншiсi – заңды түрде алған азаматтар. Екiншiсi – саябақтағы сауда орындарын сатып алған кәсiпкерлер. Егер бұлардың ешбiрi де заңға, талапқа қайшы әрекеттерге бармаған болса, ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бiрақ, саябақтың бастапқы бағытын өзгерткiсi келетiндерге жол бермеуiмiз керек. Үшiншi санатқа жердi заңсыз сатып алғанымен қоймай, заңсыз ғимарат салғандар жатады. Олардың тiзiмi жасалып, заңсыз алған жерлерiн мемлекетке қайтарумен жер комитетi, олардың құзыры жүрмесе прокуратура айналысып, сот арқылы мемлекет меншiгiне қайтару жұмыстарын жүргiздi.

Саябақ дегенiңiз халық демалатын, жұрт бала-шағасымен таза ауамен тыныстап серуендейтiн қоғамдық орын болуы тиiс. Олай болмаған жағдайда жергiлiктi тұрғындар не iстеуi керек, қайда барып серуендейдi, қалай демалады? Саябақтарды талапқа сай қалпына келтiрмек болғанымызды ашынған халық та қолдады. Кәсiпкерлердiң көбi бiздiң әрекетiмiзге түсiнiстiкпен қарап, өз ерiктерiмен саябақтағы жер телiмдерiн қайтарып бердi. Тiптi “халықтыкiн халыққа қайтарып берейiк” деп бiр-бiрiне үлгi көрсеткен азаматтар да болды.

Шектен шығып, қайтаруға көнбей қарсылық көрсеткендер де жоқ емес. Бiз бәрiн заңды жолмен ретке келтiруге талпындық. Ешкiмге қысым жасаған жоқпыз. «Қырамыз-жоямыз» деген әңгiме де айтқан емеспiз.

Қазақстан Республикасы – құқықтық мемлекет. Сондықтан заңсыз әрекеттердiң барлығы заң арқылы реттеледi.

– Автожолдарды жөндеу жұмыстары қалай атқарылып жатыр?

– Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша жалпы пайдаланымдағы жолдардың ұзындығы 5208,8 шақырымды құрайды. Оның 4422,8 шақырымы, яғни, 85 пайызы облыстық маңызы бар жолдар. Асфальт-бетонды жол – 700,4 шақырым. Жалпы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуға бюджеттен 5125,4 миллион теңге бөлiнген. Бүгiнге дейiнгi 10 айдың есебi бойынша жөндеу жұмыстары 98,3 пайызға орындалған. Оның iшiнде бұзылған жолдармен қатар жаңадан салынған жолдар да бар.

– Әкiм бос уақытын қалай өткiзедi?

– Мен бәрiне үлгеруге тырысамын. Бiрақ, өмiрде жоспарыңдағының бәрi бiрдей жүзеге аса бермейдi ғой. Футбол, теннис ойнап көңiл сергiтемiн. Атқа мiнiп серуендегендi жақсы көремiн. Садақ атудан да хабарым бар. Гольф пен дартсты да бiр кiсiдей меңгерген сияқтымын. Қандай спорт болмасын, үйренiп алғым-ақ келiп тұрады. Бiрақ, бәрiне уақыт жете бермейдi. Оның үстiне балаларым да өсiп қалды.

– Үй қожасы ретiнде балалар тәрбиесiмен айналысуға уақыт табасыз ба?

– Кез-келген ата-ана балаларының тәрбиесiмен айналысуы тиiс. Бiзде көп адамдар осыны ұмытып кетiп жүрген сияқты. Бизнеспен айналысып, “көйлегiн көк, тамағын тоқ қылсам, ешнәрсеге мұқтаж болмаса” деп ойлайтын әкелердiң бар екенiн жоққа шығара алмаймыз. Тәрбие iсiмен анасы, немесе мектеп айналысуы тиiс деп ойлайтындар да жоқ емес. Ондай отбасынан шыққан бала өз бiлгенiн iстеуi мүмкiн. Әкенiң дұрыс тәрбиесiн көрмеген бала сабақты да оқып жарытпайды. “Тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы” деп Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтқан. Мен осы қағиданы ұстанамын.

– Құпия болмаса, әкiмнiң жалақысы қанша?

– 250 мың теңге шамасында айлық аламын.

– Кадрларды қандай қасиетiне қарап бағалайсыз?

– Ең алдымен адами қасиетiне назар аударамын, сосын дүниетанымына. Бiлiмдi, өзiне сенiмдi және өз iсiне жауапты маманды кiм де болса жанына жақын тартқысы келедi емес пе? Бiрақ қанша бiлiмдi болса да өресi тар адамнан бiлiктi маман шықпайды.

– Ағайын-туыс, жора-жолдастардың өтiнiштерiн қызмет барысында қалай шешесiз?

– Мен мемлекеттiк қызметiмдi пайдаланып, туыстар мен достардың мәселесiн шешу үшiн әкiмдiкте отырғаным жоқ. Әрi бұл қызмет ата-бабадан мирас болып қалған менiң меншiгiм емес. Сондықтан жақын адамдарымның өтiнiштерiн жұмыспен араластырмаймын.

– Сынға қалай қарайсыз?

– Сын дұрыс болса да, бұрыс болса да қабылдай аламын. Қорыта бiлген адамға сын дегенiңiз үлкен сабақ. Өз қателiгiңiздi түзеуге септiгi тиедi және оны қайталамауға талпынасыз. Тiптi орынсыз сынаған адамның ой-пiкiрлерiн де ой сүзгiсiнен бiр рет болса да өткiзiп тұрған артықтық етпейдi. Жаман сөз айтатын адамнан бiреу де болса жақсы сөз шықпайды деп ешкiм де айта алмайды. Тым болмағанда сол адамның қателiгiн жасамаудың амалдарын қарастырып көргенiңiз өзiңiзге болашақта көп көмек бола алады.

– Халық билiктiң үстiнен қандай мәселелер барысында көп арыз-шағымдар айтады?

– Қоғамда ешқашан бiтпеген бiр дау бар. Ол, әрине, жер дауы. Бұрын халық жер ала алмай жүргенi үшiн шағымданатын. Қазiр де олардың қатары сиреген жоқ. Келген тұрғындарды дұрыс қабылдамау, әуре-сарсаңға салу, мәселесiн уақытылы шешпеу сияқты кемшiлiктер де жеткiлiктi. Баспана алу мәселелерi де жиi көтерiледi. Әрине, бұлардың барлығы да заң шеңберiнде шешiлуi тиiс. Бұл бағытта бiраз шаралар да көрiлетiн болады.

Әнгiмелескен Балтабек ТҮЙЕТАЕВ