Жаңалықтар

ТЫШҚАННЫҢ АБЫРОЙЫ НЕМЕСЕ ҚАРА ҚАЗАНДА НЕ БАР?

ашық дереккөзі

ТЫШҚАННЫҢ АБЫРОЙЫ НЕМЕСЕ ҚАРА ҚАЗАНДА НЕ БАР?

Жылдар жылжып… ай озып… күн кiрпiк қаққанша iлгерiлеп… Уақыт зымырап барады. Тоқтаусыз сырғиды. Баяғының адамдары “ақырзаман жақындағанда, уақыт зымырайды” дейдi екен. Зымыран-уақыттың жылдамдығы адамдардың пейiл-ниетiне де әсер ете ме деймiн, қайда көз тастасаң да, асып-сасқан, асыққан, абдыраған, абыржыған адамдар. Дүниенi шарпыған экономикалық дағдарыс пейiлi тарларға оңай сылтау болды: жер-жерде жұмыстан қысқарту көбейдi. Аптыққан адамдардың абыржуы арта түстi.

Былай қарағанда, 2008 жыл жоспарланғанда жаман жыл болған жоқ. Жөргекақы екi жарым есе өсiп, әлеуметтiк төлемдер көбейтiлдi, Астананың 10 жылдығы шетелдiк қонақтардың алдында абыройды сақтап, дүркiреп тойланды, Мәсiмовтiң Кабинетi қаңқу сөздерге қарамастан, қызмет орындарын сақтап қалды… (Жеке бастары үшiн болса да игiлiк қой…).

Тышқан тапқанын iнiне таситын мақұлық қой, тәп-тәуiр қамданғандай көрiнген…

Бiрақ… осы жылы көп қазақты қара қазан, сары баланың қамы мен баспананың мұңы қатты ойлантты…

2008 келмей тұрғанда республиканың iрi қалаларында, әсiресе, Алматы мен Астанада тәуелсiздiк орнағалы берi бұрын-соңды болмаған ауқымды құрылыс жұмыстары жүргiзiлiп, елде баспанасыз жан қалмайтындай көрiнген. Ал тышқан жылы көптеген құрылыс алаңдарында жүк көтеретiн крандар мойындарын көкке созған күйi қимылсыз тұрып қалды.

“Тышқан … белiне қалжуыр байлаптының” керi келдi…

Жыл басталмай тұрып, Үкiмет басшысынан министрлерге дейiн “бiзде дағдарыс жоқ, қаржы саласында белгiлi бiр реттеу жүрiп жатыр деген дұрыс болады” деуден танбаған. Бiрақ ақпанның сүйектен өткен сары аязы болмысты қабылдап, шындықты айтуға мәжбүр еттi. Осы кезден бастап баспасөз беттерiнде, теледидар мен радиода әлемдiк экономикалық дағдарыс және оның Қазақстан экономикасына әсерi туралы ашық айтыла-жазыла бастады.

Тышқан түйеқұсқа ұқсап, шындықтан қорқыпты…

Үкiмет дағдарысты мойындаса да, мойыған жоқ. Экономика саласын қолдауға бағытталған қадау-қадау бағдарламалар қабылдап, алдағы үш жылға ортақ бюджет жобасын бекiттi. Әлемдiк ақпарат көздерi “Абрамович экономикалық дағдарыстың салдарынан үйлену тойын кейiнге шегеруге мәжбүр болыпты” деп дабырласып жатқанда, бiз асып-таспай Астананың онжылдығын өткiздiк. Шүкiр, абыройлы болдық. Тек осы тойдан соң кейбiр ведомство қызметкерлерiнiң айлығы екi-үш айға кешiктiрiлiптi деген хабар қынжылтты. Естiген құлақта жазық жоқ…

Тышқан қыс азығын жаз тауыса жаздады…

Ақыры, Үкiмет мұнай сатудан түскен мол қаржыны Шетел банктерiнен шығарып, қаржы саласына құюды жөн көрдi. Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары бөлiндi. 4 млрд. доллар қаржы саласын тұрақтандыру үшiн, 3 млрд. доллар тұрғын үй саласын тұрақтандыру үшiн, 1 млрд.-ы орта және шағын кәсiпкерлiктi қолдау үшiн, 1 млрд.-ы ауылшаруашылық өнеркәсiбiн дамыту үшiн, 1 млрд.-ы инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды жүзеге асыру үшiн жұмсалмақ.

Тышқан тыққанын шығара бастады…

Тышқан жылы 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй бағдарламасының бастауы болды. Оның жаңалығы — өткен бағдарлама аясында құжаттары дайын болып, кезекке iлiнсе де, үй алғандар санатына енбей қалғандар ендiгi үш жылдық бағдарламадан да үмiттi болды. Бiрақ кезекке жаңадан тұрып жатқандарды бұл жаңалық қуанта қоймас, сiрә.

Үлескерлердi де Үкiмет үйсiз қалдырмайды. Тоқтап қалған құрылысқа жан бiтiру үшiн 95 млрд. теңге көлемiнде “қан” құю жоспарланған. Оның 48,8 млрд.-ы Астанадағы мен 46,2 млрд.-ы Алматы қалаларындағы құрылыстарды аяқтауға жұмсалмақ. Бұған қосымша Астана қаласының әкiмшiлiгiне үлескерлердiң бiтпей қалған үйлерiн сатып алу үшiн қосымша 41 млрд. теңге бөлiнгелi отыр.

Жалға беретiн үйлердiң құрылысына қосымша 15 млрд. теңге бөлiндi. Бұл 3000 пәтер деген сөз. Ал жалпы жалға берiлетiн үйлердiң саны 8900-ге жетпек.

Үкiмет баспана кезегiнде тұрғандардың 12 пайызы осы жалға берiлетiн үйлерден iрге тебедi деген жоспарын да жайып салды.

“Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша тұрғын үй салуға 6,3 млрд. теңге бөлiнбек

Алматы қаласында бiрiншi Тұрғын үй бағдарламасы бойынша әлi иесiз тұрған пәтерлер бар. Әдетте, бұл қаланың шалғай аудандарында орналасқан үйлер. Кезек бойынша табысталған баспанадан бас тартқан азаматтардiкi қанағатсыздық па, басқа ма? Әйтеуiр, ұзынқұлақ олардың баспанасыз емес екендiктерiн растайды. Ал қағаз бойынша иесi табылса да, иесiз қалған пәтерлердi жергiлiктi әкiмшiлiк ендi аукцион арқылы коммерциялық бағаға сатуға құқылы. Шын мұқтаждар шалғай ауданнан болса да, қалалық атанып, баспаналы болғанына қуанса керек-тi.

Тышқан тойғанын да бiлмей қала ма, өзi…

Желтоқсанның басында 2009-2011 жылдарға арналған мемлекеттiк бюджет туралы заң жобасы бекiтiлдi. Бұдан былай Үкiмет кiрiс-шығыс кiтабын үш жылдық мерзiм өлшемiмен жүргiзбек. Әрбiр жаңа iстiң ақыры қайырлы болуын тiлеймiз-ау, дегенмен, осы тышқан жылғы бюджеттiң жыл ортасында қайта есептеуге түсiп, әлеуметтiк бағдарламаларға бағытталған қаржының “қысқарып” кете жаздағанын ұмыта қойған жоқпыз. Жалпы, бiздiң Үкiметтiң бюджеттi жоспарлауы мен орындауының арасындағы айырма мен алшақтық жойылмай келедi. “Үйдегi көңiлдi базардағы баға бұзады” демекшi, жыл басталып кеткен соң, жарты жыл бұрын қабылдаған заңды қайта қарап, миллиондаған, миллиардтаған ақшаны бiр кестенiң бойымен бiресе мына бағанаға, бiресе ана бағанаға “қуып”, әуре-сарсаңға түсiп жатқаны. Ал шенеунiктер қағаздағы ақшаны есептеп қара терге түсiп отырғанда, ол ақшаның тiкелей иегерлерi — экономиканың қозғаушы күштерi мен әлеуметтiк сала аузын ашып қарап отырғаны. Осыдан болуы керек, биыл Үкiмет экономикалық кеңесшiлер кеңесiн құрды. Жыл басында бiз “Үкiметтiң экономикалық қамыты” атты мақала жазған едiк. Каримовтың Кабинетi сырттан көмек сұрауына қарағанда, ол қамыт әлi шешiлмеген сыңайлы.

Тышқан топтаса қимылдағанды жақсы көретiнiн аңдатты…

Жыл басында дағдарысты ресми түрде мойындағысы келмеген Үкiмет жыл соңына қарай әлемдiк дағдарыстың салдарынан отандық экономиканы қорғау үшiн дағдарысқа қарсы бiрнеше бағдарламалар қабылдады. Негiзгi түсiм көзi — мұнай болғандықтан, 2009 жылы қара алтынның бағасы 25 долларға дейiн құлдырап, ал одан кейiнгi жылдары 40 доллар шамасында бағалануы мүмкiн деп жоспарлап отыр.

“Дағдарыс жоқ” дейтiн кездегiдей емес, Каримовтың Кабинетi ендi дағдарыс салдарларымен күрестi ашық жариялады. Осы мәселенi талқылаған үкiметтiк мәжiлiстер, қабылданып, қол қойылып жатқан бағдарламалар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жан-жақты насихатталды. Тiптi кейбiр телеарналардың жаңалықтарын тыңдап отырсаңыз, әлемдiк дағдарыс Қазақстан экономикасына зәредей салқынын тигiзе алмаған сияқты. Құдды өзге әлем — бөлек, бiз бөлек аралда тұрып жатқандай. Өкiнiштi-ақ, қарапайым адамдар өмiрiнен алынған хабарлар жұмысынан “қысқарту” арқылы шығарылып, дағдарғандардың, ойға алған жоспарларын орындай алмай “қолы қысқа кедейдiң” кебiн кешiп жатқандардың саны арта түскенiнен құлағдар етедi. Осыдан екi-үш жыл бұрын несие алып баласын үйлендiрiп, несие алып немересiнiң “Тiлашар” тойын жасап, мәз-мейрам болғандар ендiгi үнсiз. “Несие-тойдың” күнi өткен.

Тышқан тәубешiлдiктi еске түсiрдi.

Санамалап өткен кейбiр кемшiлiктерге қарамастан, тышқан жылы абыройсыз емес сияқты…

…Шүкiрiмiзден айрылмаған халықпыз ғой, шүкiр…

Десе де, алдымыздан тек жақсылық күтемiз.

Гүлбиғаш Омарова