Жаңалықтар

МОЙНЫ ЖЫРАҚ МОЙЫНҚҰМ – МҰҢЫҢДЫ КIМГЕ ШАҒАЙЫН ?..

ашық дереккөзі

МОЙНЫ ЖЫРАҚ МОЙЫНҚҰМ – МҰҢЫҢДЫ КIМГЕ ШАҒАЙЫН ?..

Қазақ тарихында өзiндiк орны бар Мойынқұм дегенде, көңiлге әртүрлi ой келдi. Бұл аудан Жамбыл облысындағы ұлан-байтақ, ұшы қиыры шексiз елдi мекен. Жалпы аумағы 5939 шаршы километр. Шекара ұзындығының өзi 1285 километрге созылады. Шығысынан батысына дейiн 330, оңтүстiгiнен солтүстiгiне дейiн 275 километр. Солтүстiгi Жезқазғанмен, шығысы Балқашпен, оңтүстiк шығысы Алматы облысының жерiмен, қалған бөлiгi облыстың көршiлес аудандары Шу, Рысқұлов, Меркi, Талас, Сарысу аудандарымен шектеседi.Осыншалықты қыруар аймаққа Белгия, Израиль, Ливан секiлдi бiрнеше мемлекеттер сыйып кететiнiн көз алдыңызға елестете берiңiз…

Осынша жердiң 1 миллион 46 мың гектары даланың сәукелелi сұлуы, жиi де қалың өскен, кербез көрiнiстi сексеуiлдi аймақ. Сексеуiл мен құмды бөле қарауға болмайды. Бұлар қазақ жерi үшiн бiрiн-бiрi толықтырып тұратын жарасымды жаратылыс. Құм да бұл ауданның абыройы. Сол абыройға бөлеп отырған – Мойынқұм құмы. Бұл құм Шу өзенiнiң солтүстiк жағалауынан Талас өзенiнiң төменгi сағасына дейiн созылып жатыр. Жота-жота болып созылып жатқан құмдардың жалпы ұзындығы жүз километрден асса, кей тұстары 300 километрден асып жығылады. Кезiнде Жер ұйығын iздеген Асанқайғы бабамыздың; Ей, Мойынқұм, Құмдарың бұйрат-бұйрат таудай екен, Құлының тайдай екен. Тайың айғырдай екен, Жетi жыл қатарынан жұт болса да, Тұяқты мал қалса Сенiң бауырыңда қалады екен, – деген аңыз әңгiмесi осы құмның қадiрi мен қасиетiне берiлген төрелi баға. Дана бабамыздың осы сөзiне ден қойған аудан еңбекшiлерi Ұлы Отан соғысынан кейiнгi қырық жыл көлемiнде мал шаруашылығы, оның iшiнде қой шаруашылығымен түбегейлi айналысып, республикадағы үлкен мектепке айналды. Киелi жер қашанда өзiнiң атын шығаратын киелi де қасиетi мол ұрпағын өмiрге әкеледi. Сондай киелi де атптал азаматтың бiрi, қарапайым ғана қойшы, қазақ тарихына Шопан Ата атымен қалған Жазылбек Қуанышбаев атамыз. Қазiр жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кiндiк қаны осы Мойынқұмның Жамбыл тауында екенiн бiреу бiлсе, бiреу бiле бермейдi. Жазекең осы Жамбыл ауылында туылған. Алғаш “Кеңес” колхозында, кейiннен “Көктерек” совхозы мен осы совхоздан бөлiнiп шыққан “Айдарлы” совхозында отыз жыл қой бақты. Қаракөл қойын өсрудi Мойынқұм өңiрiнде бiрiншi болып қолға алған Жазекең одан жыл сайын жоғары өнiм алды. Өзi қой баққан отыз жыл iшiнде өз отарынан 17,5 мың төл алып, 8548 қозы өргiздi, 9046 қаракөл елтiрiсiн, 548 центнер жүн мемлекетке өткiздi. 5317 центнер қосымша ет өндiрдi. Мал басын 98,3 пайызға аман сақтады. Қаракөл елтiрiсiнiң бiрiншi сорттылығын 85 пайызға жеткiзiп, мал басын сақтап, төл алуда жоғары көрсеткiшке жеткенi үшiн оған 1948 жылы Социалистiк Енбек Ерi атағы берiлдi. Елу жаста Ер атанған Жазылбек Қуанышбаев қол жеткен табысқа тоқмейiлсiген жоқ, қайта малдың өнiмдiлiгiн одан әрi арттыра түстi. 1958 жылы қой шаруашылығын дамытудағы қол жеткiзген жоғары көрсеткiштерi үшiн атамызға екiншi рет Социалистiк Еңбек Ерi атағы берiлдi. Жазакең зейнетке шыққаннан кейiн де қол қусырып отырып қалмады. Ол 1966-1967 жылдары қой шаруашылығына қайта оралып, тағы да зор табыс биiгiнен көрiндi. Қарапайым қойшылықтан мемлекет қайраткерi дәрежесiне дейiн көтерiлдi. Жазекеңнiң ел алдындағы осындай қарапайым да қажырлы еңбегi жоғары бағаланды. Ол екi мәрте Социалистiк Енбек Ерi атанумен қатар сол кездегi ең жоғары награда Ленин, Халықтар достығы ордендерiмен марапатталды. Екi рет Қазақ ССР Жоғары Кеңесiне депутат болып сайланды, СОКП-ның ХХП сьезiне, колхозшылардың Бүкiлодақтық III сьезiне, Қазақстан Компартиясы ХI сьезiне делегат болып қатысты. Жамбыл облысының бiр өзiнде ғана екi жүзге тарта “Жазылбекшiлер мектебi” жұмыс жасады. …Кешегi шөл жерге қарашы, Бас идi Бетпақтың даласы. Шу бойын қайнатты, жайнатты Кешегi малшының баласы… Кезiнде ауданның бiрiншi хатшысы Айтбай Назарбеков: “Жазекендi Жаратушым Мойынқұмның бағы үшiн жаратқан. Мойынқұмға қажеттi шешiлмей жатқан мәселелердi талай рет, осы кiсiнi алға салып жүрiп шештiк. Бiз кiре алмайтын есiкке, бiз жолыға алмайтын басшыларға, бұл кiсiге әрқашан да жол ашық болды. Жазекеңнiң кеудесiндегi қос жұлдыз осы ауданның өсiп-өркендеуiне негiз болды. Аудан, облыс, республика шеше алмаған мәселенi Мәскеуге, тiптi Сiбiрге барып шешiп келдi…” деп отыратын. Осындай естiген әңгiмелерден соң, Жазекендi бiз де осы Мойынқұмның қасиеттi киесiндей көретiнбiз. Қазiр, екi бетiнiң ұшынан қаны төгiлген, үнемi маңдай терiн сүрткiштеумен жүретiн сол Жазекен де жоқ… Орталықтан мойны жырақ елдi мекен болған соң, кешегi өтпелi кезенде, көпшiлiк тұрғындары қара басының қамымен үлкен қалаларды сауғалап кеткенде, ауданның шаруасы шатқаяқтап кеткенi де жасырын емес. Құм iшiнде Жазекендердiң, соның жолын қуған жас малшылардың, аудан еңбекшiлерiнiң, Айтбай сияқты қабiлеттi аудан басшыларының арқасында қаладай болып бой көтерген аудан орталығындағы қабат-қабат үйлер мен мәдениет орындары қаңырап бос қалған. Ауданға келушiлердiң аяғы сиреген. Осылайша тағдыры мұңға оранған Мойынқұмның, соңғы төрт-бес жыл көлемiнде тамырына қайта қан жүре бастағанын сырттай естiп, соның баяндылығын тiлеп жүрген жағдай бар-ды… “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” демекшi, өткен жылы ауданға Төлеухан Оспанбеков деген жiгерлi азамат әкiм болып келген. Жiгерлi жан болса өзiмен бiрге елге үлкен қимыл ала келедi. Келген жаңа әкiм аудандағы негiзгi проблема – тұрғындарды үймен қамтамасыз ету екенiне көзi жеткен соң, қолындағы өз билiгiн пайдаланып, жоқтан бар жасауға батыл қадам жасайды. “Байтал түгiл бас қайғы болған” кешегi өтпелi он-он бес жыл көлемiнде, аудан орталығында ақ кiрпiштен қаланған қаншама үйлердiң қаңырап бос қалып, бiршамасы бұзылып, бiразының орнына дейiн тегiстелiп кеткенiн байқайды. Олардың қаншасы “ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеткенiн” анықтайды. Содан ауылдың қақ ортасында сорайып, аз-кем қимыл болса басып қалардай елдiң зәресiн алып, көзге қораш болып көрiнiп тұрған көп қабатты үйлердiң жоғарғы қабаттарын бұзып, содан алынған құрылыс материалдары есебiнен төменгi екi қабатын жөндеп, үйсiз-күйсiз жүргендердi пәтерлi етудi алдына мақсат тұтады. Осы орайда бұрынғы екi , төрт және бес қабатты үйлердi тұрғын үйге қайта бейiмдеп, салынып бiткен үйден алғаш кезекте тұрған жағдайы ауыр 28 адамға пәтер де бередi. Өзi бастаған осы екпiндi құрылысты одан әрi жалғастырмақ болған әкiм, бес қабатты үйдi қайта жөндеп, екi қабатқа айналдырып, сол үйден, кезекте тұрған 48 жанұя пәтер аламыз деп үмiттенiп жүрген кезде, өз мiнезiнен өзi опық жеп, аяқ астынан қызметiнен босап, бiреулер қолы ендi жеткелi тұрған пәтерiн, екiншi бiр топ, өздерiн үмiттендiрiп қойған сол әкiмдi өгейсiп iздеп, үлкен дүрбелең басталады ғой. Осы кезде аудан орталығында тұратын тұрғындардың ауыр әлеуметтiк жағдайлары алға шығып, жедел шешiмiн таба қоймаған олқылықтар, тұрғындардың жоғары орындарға арыз-шағым жазуына әкелiп соғады. Содан күнде тексеру, күнде қиқу… Қолымыздағы арыз бойынша, аудандық сот төрағасы Орынбасар Абуев пен аудан прокуроры Жанболат Айдапкеловтың бас қосуымен аудандық әкiмшiлiк үйiнде шағым иелерiмен кездесу ұйымдастырдық. Өзiмiз зерттеп келген шағымымыз аздай, арыз бойынша келгенiмiздi естiген аудан орталығындағы бiраз азаматтар, тағы да қосымша шағымдар түсiрдi. Тыңдап отырсақ, бәрiнiң саяр жерi аудан орталығының қазiргi ақуалы, жетiмсiз тұрғын үй. Жаңа әкiмнiң келуiмен уақытша тоқтатылған тұрғын үй құрылысы. Жұмыстың кiдiруiмен жалақысыз қалған құрылысшылар. Журналистiк зерттеу барысында бiздiң байқағанымыз, қызметiнен кеткен әкiм Т.Оспанбеков мырза өз кезiнде нақтылы iс-шаралар жасап бекiтiп,аудан бюджетiнен тыс, ауданның игiлiгi үшiн деп, тұрғын үй және де басқа құрылысты бастауда батыл қадам жасаумен қабат, көзсiз “ерлiктерге” барып, заңсыздықтарға жол берген сияқты. Соның ең бастысы – бұзылған үйлердiң заң шеңберiнде кiмнiң меншiгiне жататындығы, заңды құжаттарының бар-жоқтығы анықталмай жатып жұмысты бастап кетуi… Қазiр сол бұзылған үйлердiң иелерi көбейiп, алды сот жағалай бастаған көрiнедi. Мысалы, Мойынқұмдағы екi және бес қабатты көп пәтерлi үйдi Шу қаласының тұрғыны жеке кәсiпкер Болат Сексенбаев деген азамат “Ауыл су” коммуналдық кәсiпорынынан үш миллион теңгеге жуық қаржыға сатып алған екен. Ал “Ауыл су” мекемесiнiң сол кездегi басшысы Т.Әмiрбеков болса өзi жетекшiлiк жасайтын мекеменi банкротқа ұшыратпау үшiн осындай қадамға барғанын, соның арқасында осы мекемеге тиесiлi қыруар мүлiктi аудан халқының игiлiгi үшiн аман сақтап қалғанын айтып отыр. Сондықтан, келген арызымыздың негiзi өзегi осы құрылыстар болғанмен бiз бұл iске терең бармай, заңсыздықтардың заңдылығын анықтауды заң орындарының құзырына қалдырып, осы орайда қазiргi әкiм М.Мұсаевтың тарапынан жасалып жатқан нақтылы жұмыстар мен ауданның үлкен проблемаларына аударғанды мақұл көрiп отырмыз. Бұрынғы әкiмнiң жұмыс ұйымдастыруда жiберген кемшiлiктерiнен өзiне сабақ алған жаңа әкiм, өз жұмысын барлық заңдылықтарды алға тарта отырып, жаңаша бастаған. Ең алдымен “Амангелдi көшесiндегi екi,төрт және бес қабатты үйге реконструкция жасау туралы” бұрынғы әкiм кезiнде қабылданған үш бiрдей қаулының күшiн жою туралы қаулы шығарып, құрылыс жұмысын тиiстi құжаттарын дайындап алғанша, уақытша тоқтата тұруға Өкiм шығарады. Осы аралықта бұл жағдайды Шу аудан аралық қаржы полициясы тексеруден өткiзiп “Ақбұлақ”, “Сымбат”, “Ауыл су”, “Мөлдiр су”мемлекеттiк коммуналдық шаруашылықтарын құру мен оларды қабылдау – өткiзу комиссиясын құруда жiберген заңсыздықтардың бетiн ашып, кезiнде осы мекемелердi ашу үшiн қабылданған қаулылар да өз күшiн жояды. Заң орындары осы тексерiс барысында Мойынқұм ауылдық әкiмiне қарасты Абылайхан көшесiндегi туберкулез ауруханасының ғимараты мен “Мирный ГРЭ-21” де тұрған мектеп ғимаратының да талан-таражға түскенiн анықтап отыр. Қазiр жаңа оқу жылы басталды. Аудан әкiмдiгi жыл басында бiлiм бөлiмiне қарасты 11орта мектептiң жылу жүйелерiн жөндеу жұмыстарынан өткiзу мақсатында жергiлiктi бюджеттен 28 568 000 теңге қаржы бөлiп, мердiгерлермен келiсiм шарт жасалынған. Қазiр осы жөндеу жұмыстарын толық аяқтау үшiн әлi де 6 861 000 теңге қосымша қаржы қажет болып отыр. Соңғы есеп бойынша “Алтынсарин”, “Байтұрсынов” мектебiне – 800 000, “Төлепбергенов” мектебiне – 2 млн. 400 000, “Жамбыл” мектебiне -4 млн. “Т.Рысқұлов” мектебiне – 4млн. “Абай” мектебiне – 322 000, “Момышұлы” мектебiне – 800 000, “Молдағұлова” мектебiне – 800 000, “Қ.Рысқұлбеков” мектебiне – 4 млн. “Жандосов” мектебiнiң шатырына – 5 млн. жылу жүйесiне 800 000, “Қасымов” мектебiне – 1млн. 500 000 теңге қаржы нақтылы жетпейтiнi анықталған. Сонда аудан бойынша биылғы жылғы мектеп құрылысына 24 млн. 422 000 теңге қажет деген сөз. “Қазақ темiр жолының” демеушiлiгiмен жөнделуге тиiстi “Шығанақ” орта мектебi мен “Ағыбай батыр” орта мекетебi 69 млн. теңге қаржы таппағандықтан жөндеу жұмысын келесi жылға қалдырған. Осы деректердi алға тарта отырып, басталған iстi аяқтау үшiн аудан әкiмi 39 001 000 теңге қаржыны облыстық бюджеттен босату туралы облыс маслихатына өтiнiш жасаған. Бұған құрылысы тоқтап тұрған аудан орталығындағы шулы тұрғын үй құрылысына қажеттi 15 млн. жұмысшылардың екi айлық жалақысына қажет 5 млн. 650 000, бiлiм бөлiмiнiң әкiмшiлiк үйiн сатып алуға 3,5 млн. “Ауыл су” мекемесi қарызын жабуға 6 млн. теңге ауадай қажет болып отырғанын тағы да есептей қойыңыз. Қазiр ауданда “Шапағат” және “Биназар” қорлары жұмыс жасайды. Биылғы жылы “Шапағат” қорына көкек айынан берi 3 млн. 255 600, “Биназар” қорына 4 млн. 620 400 теңге демеушiлiк қаржы түскен. Осы қаржылармен халықтың әлеуметтiк экономикалық жағдайын көтеру барысында бiраз жұмыстар атқарылған. “Шапағат” қорына түскен қаржы есебiнен Мойынқұм ауылындағы аз қамтылған отбасыларға үй салу жұмысына 1млн. 240 000, “Мөлдiр” мемлекеттiк мекемесiне су құбырларын жөндеуге 730 000, Шығанақ кентiнiң су құбырларын жөндеуге 100 000, Астана қаласының он жылдығына 390 000, жас дәрiгерлер от басына 250 000, “Құмөзек” ауылындағы балалар бақшасын жөндеуге 100 000 теңге бөлiнсе, “Биназар” қорына түскен қаржыдан тоғыз шаруа қожалығына тұқым алу үшiн қайтарымды негiзде 1 млн. 650 000, аудан орталығындағы халықтық құрылысқа 2 млн. 470 000, Шығанақ кентiнiң ауыз су құбырын ағымды жөндеуiне 175 000, Ә.Төлепбергенов атындағы мектептiң жөндеу жұмысына 1 млн. 161 000 теңге бөлiнiп, аудандық мешiтке қайырымдылық көмек ретiнде 200 000 теңге қаржы аударылған. Мұның бәрi ауданда бiршама жұмыстың нақтылы атқарылып жатқандығын көрсетсе керек. Мойынқұм осыдан он жыл бұрын-ақ өнеркәсiп өнiмiн өндiруден облыста Жамбыл, Жаңатас, Қаратау қалаларынан кейiнгi төртiншi орынға шыққан. Сол кезде аудан өзiн-өзi қаржыландыруға толық негiз де қалаған. Қазiр кейiнгi жылдары кiдiрiп қалған өнеркәсiптегi осы екпiнге, қайта бетбұрыс жасалуда. Соңғы екi жылда индустриялық инновациялық даму бағдарламасына жетi жоба енгiзiлiп, олар бойынша “Ақбақай КБК” АҚ құны 250 млн. “Сiлтiлендiру жобасы” бойынша 47,7 млн. теңге қаржы игерiлдi және бұл бағытта қажеттi жердi дайындау жұмыстары аяқталды. Құны 893,6 млн. теңге “Сверенское” кен орнын игеру жобасы бойынша “Алтын аламас” АҚ тарапынан барлық рұқсат құжаттар рәсiмделдi. Ал, “Кенжем” кен орынын игеру жобасының келiсiм шарты қазiр Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiнiң қарауында. “Оргстрой” ЖШС жалпы құны 28 млн. теңгелiк үш жобаны өндiрiске енгiзудi жоспарлап отыр. Өткен жылы “Шығыс кен басқармасы” ЖШС жылына 300 000 тонна барит концентратын шығаратын жаңа байыту фабрикасын iске қосты. Бұл аудан көлемiндегi соңғы жылдардағы ең үлкен оқиға. Бұл жерде атап көрсетер ең басты мәселе – өндiрiлетiн өнiмнiң өзiндiк құнының кемуi. Яғни, бұрын барит кенi алдымен Шығанаққа, содан соң Қияқтыға, одан Құрманғазы темiр жол бекетi арқылы Ақсүйекке жеткiзiлетiн. Ол жерден түсiрiлiп, ескi фабрикаға апарылатын. Бұған қаншама шығын жұмсалатын. Ендi өндiрiлетiн бариттiң өзiндiк құны арзандап, оны сатып алушылар көбеюде. Ауданда екi цемент зауытының құрылысы басталды. Қазiр олардың келешек инфрақұрылымдары дайындалуда. Мысалы, мердiгерлiк темiр жол тұйығы мен карьерге жол салынуда. 31 км. электр желiсi тартылып, үлкен подстанция орыны дайындалуда. Бiрiншi зауыт келер жылдың ақпан айында iске қосылып, жылына бiр миллион тонна цемент өндiретiн болса, Хантау кентi маңындағы зауыт келер жылы маусым айында iске қосылмақ. Бұл зауыттың құрылысы үш кезеннен тұрады. Алдымен жылына 500 000 тонна цемент өндiрсе, кейiннен өндiрiс қуаты 1,5 млн. тоннаға дейiн өседi. Аудан өнеркәсiбiнiң келешегi мұнан да зор. Аудан саф алтынның үстiнде отыр. Өткен алты айда 180 кг. алтын өндiрiлдi. “Байқатын күмбезiнен” Байғара тауына қарай “Арапбайдың ақ шиенi”, “Тұрлыбектiң сайы”,”Алтын тас”, “Кенгiр”, Балатеңiздi жағалай Сарыбұлақтың үстiмен “Үшбұлақты” баса отырып, Хантауының етегiмен “Сұңқар” биiгiне дейiн орналасқан ауданда 50- 60 алтын көздерi бар. Бұрын бұл жерлерге iздестiру жұмыстары жүргiзiлсе, ендi нақтылы барлау жұмыстары жүргiзiлуде. Келешекте тағы да екi-үш рудник, фабрика, зауыт салынады деп күтiлуде. Мұнымен қабат Ақбақайда “Бескемпiр”, “Ақсақал” кен орындары, Клиренская, Загодная сияқты тағы басқа да алтын көздерi аудан абыройы. Бұл жерлерден де екi-үш сiлтiлендiру бөлiмшесiн ашып, жылына 400-500 кг. алтын өндiруге болады.Қазiр Қылышпай ауылы маңында тағы да 300 га. жерге жоспарлы барлау жүргiзiлуде. Мұнда да алтынның мол көзi бар деген қорытынды жасалған. Бұл алтын өндiру жөнiндегi мәлiмет болса, көмiр кенiнiң болашағы мұнан да зор болып отыр. Ауданда Қылышбай, Құмөзектен “102”– ге қарай солтүстiк батысында Бетпақдалаға қарай жалпы қоры 15 млрд. тоннадан асатын көмiр жатыр. Мұны да жақсылап қайта тексеруден өткiзу керек. Өйткенi, әлемдiк тәжiрибеде осы көмiр көзiн игерудiң жаңа әдiсi пайда болып отыр. Бұл әдiс әр жерден скважина қазып, оны көмiр кенiне тiкелей тiреп, от қою. Сонда одан кәдiмгiдей пайдаланатын газ алынады. Осы газды пайдаланып Бетпақдаланың қақ ортасынан, табиғатқұа зияны жоқ, қуаты мол электростанциясын салуға әбден болады. Қазiр Мойынқұм ауданына 4,5 меговат, Шу ауданына 5 меговат электр қуаты қажет екен. Мәселен, ауданнан ең шағын дегенде 50 мегаваттық станса салынса, облыстың жарты аумағын электр қуатымен қамтамасыз етуге болар едi. Газ дегеннен шығады, қазiр Амангелдi газ орынының осы ауданда тоғыз скважинасы жұмыс iстер тұр.Алдағы уақытта тағы да 19 скважина қазылуы мүмкiн. Ондай жағдай болса газды Ұланбелге тартып, одан ауданның барлық елдi мекендерiн қамти отырып, Шуға апарып, үлкен газ трассасына қосуға болады. Екi аралық бар жоғы 300 шақырым. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшiн ең алдымен қаржы мәселесi айқындалып, мемлекет жоспарына енуi қажет. Аудандағы құрылыс материалдарын өндiруге байланысты да жақсы жаңалықтар айтуға болады. Таяуда “Аль басар” ЖШС Қияқты станциясында I және II кезектерден тұратын гранит өңдеп шығаратын цех құрылысын iске қосады. Жалпы құны 615 млн. теңгеге бағаланған бұл өндiрiс орны жылына 4 900 метр квадрат гранит өңдейтiн болады. Қазiр зауыт құрылысының бiрiншi кезегiне қажеттi құрылыс жабдықтары Қытай мемлекетiнен сатып әкелiндi. Бұған қосымша Қызылту және Құшаман ауылдары маңында кiрпiшке жарамды топырақ қоры табылып отырғанын да айта кету ләзiм. Ұзамай кiрпiш зауыты да салынып қалуы ғажап емес. Өйткенi аудан қажеттiлiгiнен тыс, жоғарыдағы өндiрiс орындарын iске қосу үшiн де, жақын маңнан дайындалатын осы кiрпiштердiң қажеттiлiгi алға шығып отыр. Аудан келешегi туралы айтқанда жоспарға ену кезегiн күтiп отырған жалпы құны 298 млн. теңге Радай өзегiне және Биназар-Байбарақ каналдарының басына да су реттегiш плотинасын соғу мәселесi жедел қолға алуды қажет етiп отыр. Осы плотиналар соғылған жағдайда ауданда суармалы жердiң көлемi өсiп, шабындық пен жайылымдық жерлер ұлғаймақ. Жердiң тұздану, сорлануы тоқталады. Су тасқыны қаупi азаяды. Балық шаруашылығын ашып, жаз айларында балықтың қырылып қалуына жол берiлмейдi. Мiне, бiз үстiнен ғана шолып өткен, жобадағы осы шаралар iске асса ауданның экономикалық-әлеуметтiк жағдайының тұрақтануына, жұмыссыздықтың жойылуына, халықтың әл ауқатының жақсаруына жағдай жасалумен бiрге, Мойынқұм республикадағы ең бай және келешегi мол ауданның қатарына енер едi. Бұл мәселенi шешуге облыс әкиматының мүмкiндiгi жете бермейдi, мұны ең алдымен республика Үкiметi дәрежесiнде қолға алу қажет. Үкiмет қолға алса бүгiндерi жеке дара келiп жатқан ивистиция көздерi шоғырланып, өнiм өндiруде ортақ күрделi мәселелердi ынтымақтастықпен жедел шешуге негiз қаланар едi. Бұл мәселе шешiлiп жатса, бүгiнде бар-жоғы тоғыз милиард теңге табылмай, ешқандай бағдарламаға енбей отырған Бiрлiк – Мойынқұм – Ұланбел жолы да жөндеуден өтiп, ауданда бiрнеше шағын тас уататын, асфальт шығаратын зауыттар салынар едi. Бұл орайда барлық құжаттарды жинастырып, ауданға Үкiметтен үлкен комиссия шақырту баяғыда пiсiп жетiлген мәселе. Егер мұндай құзырлы комиссия келiп жұмыс жасайтын болса, ауданның ғана емес, облыстың, республиканың қоржынын қомақтандырар жаңа резерв көздерi ашылар едi. Осы жерде облыс басшыларының дәрменсiздiгi туралы да айта кетсек артық емес сияқты. Облыстық әкиматтың тiкелей осы мәселелермен айналысып, аудандық әкиматтан не құрылыс, не өнеркәсiп бөлiмiн ашуға дәрменi жетедi ғой. Күнi бүгiнге дейiн осы мәселенi де шешпей отыр. Егер арнайы бөлiм жұмыс жасаса, бiз бүгiн әңгiмемiзге өзек еткен, нақтылы мәселелердi көтеруде, аталған бөлiм тиянақты жұмыстар тындырып отырған болар едi ғой. Сапарымыздың соңғы күнiнде мақаламыздың басында әңгiмемiзге өзек болған, Мойынқұмның ғана емес, исi қазақтың мақтанышына айналған, ен даланың академигi, Екi Мәрте Социалитiк Еңбек Ерi, Жаз-Атамыз, Жазылбек Қуанышбаевтың мұражайына соқтық. Тұнған шежiре. Мойынқұмды бiлгiң келсе, Жазылбектi бiлуiң керек, Жазылбектi бiлгiң келсе Мойынқұмды бiлуiң керек. Солай бола тұра, ауданда, не облыста, тiптi республикада осы атамыздың жанашыр жоқтаушысының болмауы менi қатты ойландырды. Аудан орталығының, не ауданның атын осы кiсiнiң атымен атауға болар едi ғой. 2000 жылы екiншi шақырылған аудандық мәслихат, әкиматпен бiрiгiп “Мойынқұм ауылы” атын “Жазылбек ауылы” атау жөнiнде шешiм қабылдаған.Бiрақ сол шешiмнiң орындалуын iздеушi жанашыр жан болмай қалған. Жанашыр жан болса, Мойынқұм ғана емес, Алматы мен Астана қаласы көшелерiнiң бiрiне де, қадiрмендi қарттың есiмiн беруге болар едi ғой. “…Мойыны үлкен жолдан жырақ Мойынқұм, өзiңде болған кезiмде, кешегi өткен көңiлдi де қуанышқа толы жайдары күндерiңдi сағынып жүргенiңдi сезiндiм. Мұңыңды кiмге шағайын?…”   Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,   Алматы-Мойынқұм-Алматы